Қас-қағым сәттің құпиясы

Қас-қағым сәттің құпиясы

Уақыт шіркіннің қаншалықты қымбат екенін кейде сарғайған көне фотоларға көз тігіп білесің. Мына тіршілік үнемі қозғалыста тұратын алып дөңгелектерімен адамның әрбір адымын тарих қойнауына қарай лақтырып, қызыққа толы тәтті өмірін өткен шақтың еншісіне ендіргісі келеді. Адамзаттың бүкіл өмірі осы бір тіршілік-тұғырдың шиыршығына шақталып қойғандай. Шыр айналған уақыттың сіз бен бізді күтпейтінін кеш байқайтынымыз өкінішті. Тек мұндай механизмнің жұмысын бір сәтке жарқ еткен шап-шағын фотоаппарат қана тоқтатады. ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі фототілші Жақсылық ТҰРЛЫБЕКОВПЕН бүгінгі өмірді, қазіргі қоғамды келешекке қаз-қалпында жеткізетін суреттер жайлы сыр шертіскенде осылай ойладық. Сөйтсек, фототілшілік өзіңді өзге үшін құрбан етумен пара-пар ауыр да жауапкершілігі зор жұмыстың бірі болып шықты.

Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Қарсы алдымда 71 жасты алқымдаса да, фотоаппаратын арқалаған ақсақал отыр. Сөзі жүйелі, жүрісі ширақ. Құдды бір қырықтағы қылшылдаған жігіт ағасы дерсің. Расында да солай. Қарттыққа әбден бас иген, қара шаңырағынан аттап шығу мұңға айналған әдеттегі шал емес. Кәдімгі ел аралаған ел ағасы. Бізге жүздескен бойда фотоөнердің сан қырлы құпиясын ашып, ақтарыла сөйлеп кетті. Тосырқау яки кеуде соғып, астамсып сөйлеу Жақсылықта атымен жоқ. Үлкен-кішімен тез тіл табысады. Ағалық ақылы да, жиі айтатын әзіл-қалжыңы да өзіне жарасымды.
– Біз қоғамда елене бермейміз ғой, – деп бастады әдепкі әңгімесін фототілші. – Көбіне кадрдан тыс қаламыз. Фотоаппараттың кадрынан тыс қалу – тарихтан тыс қалумен тең. Өйткені, фото – өткен өмірдің айшығы, келешекке үн қату. Бір сөзбен айтқанда, біз өзгенің өмірін тарихта қалдырумен шұғылданамыз. Халық суреттегі адамдарға қарайды. Суреттегі бейнелерге қарап сол ортаны, сол дәуірді таниды. Алайда оны кім қалай түсірді, қандай детальді басшылыққа алды, оған мән бермейтініміз өкінішті. Біздің қолдан келетіні – фотокөрме ұйымдастыру. Сол арқылы өз өнерімізді елге жеткіземіз.
Жаны бар сөз. Қаламгер бар күшін сөзге салады. Суретші мың сан бояуға баса көңіл бөледі. Түсірілім топтары бейнекамерамен бар қимылды көрсетуге талпынады. Актер өмірді сахнаға алып шығады. Әрине, әр саланың жауапкершілігі, өзіне тән қиындығы бар. Бірақ бұлардың ішінде ең ауыры – аядай суретке бүкіл тіршілік тынысын кіргізу. Сондықтан, фототілшілер қандай іс-шара болмасын, бірінші кезекте оның ортақ нүктесіне ден қояды. Жақсылық Тұрлыбековтың тіршілік нүктесін тауып, боямасыз өмірді түсіруге талпынған алғашқы кезі – жеті жасы. Қаршадай бала мектеп қабырғасын аттаған сәттен бейнелеу өнеріне қызыққан.
– Бала кезімде нағашы ағам Ержікен Оспанұлының қолында өстім. Ұлы Отан соғысына қатысқан, полковник шеніндегі әскери адам еді. Сол кісінің көне фотоаппараты болды. Жеті жасар менің көзіме әлгі таңсық техника оттай басылды. Күнде қызықтап қарайтынмын. Фотоға түсіремін. Фотоөнерге деген құлшынысым сол күннен басталды, – дейді кейіпкеріміз әңгімесін ары қарай жалғап. Жақсылық талай ақынның жырына арқау болған, талай қаламгердің прозасына пейзаж ретінде кірген әйгілі Баянауылдың баурайында қанатын қатайтты. Есіңізде болса, бұл өңірден ғасырлар қойнауында жатқан аңыз адам – Қоңыр әулие, Абылай ханның кеңесшісі, дауылпаз Бұқар жырау, хақ дініміздің насихатшысы, ақын, көкірек көзі нұрға толы Мәшһүр Жүсіп, Алаштың арда ұлы Сұлтанмахмұт, академик Қаныш Сәтпаев, киножұлдыз Шәкен Айманов шықты. Ал табиғаты өз алдына таусылмайтын бөлек әңгіме.
Демек, табиғаты тамаша ұлылардың мекені Жақсылықтың да келешек арманына жол сілтеп, оң ықпалын тигізді. Баянауылдың баурайында есейе тұрып, табиғатпен тілдеспеу үлкен күнә іспетті. Содан да шығар, бала Жақсылық мектеп жасынан қолына қылқалам алып, Баянауылдың жасыл құрақты өлкесін ақ қағазға түсірді. Фототілшінің арманы қоршаған ортасын бар әлемге жар салу, туған жеріне қызмет ету секілді ізгі мақсатпен ұштасып жатты. Сол арманның жетегінде Алатаудың ару қаласы Алматыға аттанды. Өзінің жанына жақын, бейнелеу өнерімен қиысатын Кинотехникумның табалдырығын аттайды. Білімі мен біліктілігін шыңдап, фотозертхана меңгерушісі болып жұмысын бастайды. Ізденімпаз фотожурналистке қай жерде де сұраныс жоғары. Жас Жақсылықты әйгілі «Достық» қоғамы қызметке шақырады. Халықаралық дәрежедегі аталмыш қоғам арқылы Мемлекет басшылары кездесулер өткізетін. Мұнда ол шетелмен орнаған мәдени байланыс шараларын фотоға түсірді. Ел мен ел арасындағы тарихи оқиғаларды бір ғана суретпен сөйлету шеберлігімен көзге түсті.
– Менің өмірімдегі ең сәулелі сәттер – қазақтың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Қонаевпен қоян-қолтық араласуым. Шын мәнінде, ол кісі ұлт мақтанышы еді. Ақжарқын, алып азамат болды. Қашан кезіксек те, ел мүддесі тұрғысынан әңгіме тиегін ағытып жататын. Дастарқан басында да, қызмет үстінде де жиі жүздесетінбіз. Дәмдес-тұздас, тіпті бауыр болып кеттік. Аңыз адаммен қол алысқан күндерімді ең бақытты шағым деп есептеймін. Неге дейсіз ғой? Мен, міне, 71 жастан асып отырмын, алайда дәл Дінмұхамед Қонаевтай таза адам әлі күнге көрген емеспін. Ондай таза да қарапайым жанды қалай ұмытайын? – дейді қас-қағым сәттің шебері тебіреніп.
Жақсылық Тұрлыбеков – тек Дінмұхамед Қонаевтың ғана емес, Елбасының да әр адымын фотошежіреге айналдырған кәсіпқой маман. Президенттің өңірлерге жасаған іссапары, іс-шараларда мінберге көтерілгені, халықпен кездесіп, ақсақалдармен амандасқаны – бәрі-бәрі Жақсылықтың жеке фотомұрағаттарында сары майдай сақтаулы. «Мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін керек. Мен Димекеңнің де фотосуреттерін жинақтаушымын. Бүгінде қай өңірге барсақ та, Дінмұхамед Қонаевтың қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Баршаңызға мәлім, ол кісі өте қарапайым өмір сүрді. Елбасы екеуі қазақтың маңдайына біткен бақ. Мұндай асыл адамдардың бейнесін тарих бетінде қалдыру мен үшін бақыт», – дейді ол.
Жақсылық осы күнге дейін екі мәрте Елбасына арнап көрме ұйымдастырды. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деп аталған көрме Жақсылықтың жеке басына емес, ең қымбат құндылығымыз – Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық шежіресінен сыр шертті. Астанада және Алматыда өткен көрмеге Жақсылықтың өнерін жоғары бағалайтын жұртшылық көп келді. Бұған дейін суретшінің Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың және Дінмұхамед Қонаевтың фотоальбомдарын жарыққа шығарып, қалың елдің ықыласына бөленгені есімізде. Жетпісінші белесінен асқан ел ағасы сүйікті қызметін әлі тастаған жоқ. Керісінше, өңір-өңірлерге сапарларға шығып, ел мақтаныштарын фотоға түсіреді. Сол өңірдің тынысынан, тарихынан жинақтар шығарып келеді. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты Алматы облысының 16 ауданы мен 3 қаласын аралап, экономикалық-әлеуметтік жетістіктерін паш ететін фотоальбомдар құрастырды. Әр ауданда қазақтың таудай тарихы жатыр. Ел үшін еңбек сіңірген перзенттері бар. Оларды келешекке жеткізуді Жақсылық өз міндеті санайды. Бұл – болашақ ұрпақ үшін керек дүние. Сол үшін де фотограф құнды фотолары жинақталған альбомдарын бірден музейлерге өткізіп жүр.
Фототілші өнер мен мәдениетке көп еңбек сіңірді. Қазақтың маңдайалды әншілері «Дос-Мұқасан» тобы мен «Тамаша» әзіл-сықақ отауының өнерін суретте сөйлетті. Бұдан бөлек, Жақсылық әдебиет пен мәдениет майталмандарының мерейтойларын қалт жібермейді. Мәселен, Жамбылдың, Абайдың, Құрманғазы мен Махамбеттің, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ЮНЕСКО көлеміндегі мерейтойларынан шұғылалы сәттерді түсірді. «Фототілші тек аппаратты шырт еткізіп баса салатын адам емес, – дейді Жақсылық Тұрлыбеков. – Ол түсіретін нысанының мазмұнын, қандай бағытта екенін жақсы білуі тиіс. Онсыз сурет сәтті шықпайды. Бұрын бұл өнермен тек өзге ұлт өкілдері, әсіресе, орыстар айналысатын. Фототілшілікте қазақтардың жоқтығы жанға бататын. Мен Қарағандыда қызметте жүргенімде қазақтан жалғыз өзім едім. Қазақ ұлтының да фотоға түсіруге шеберлігі бар екен көрсетуге тырысатынмын».
Фототілшінің сәулелі сәттерінің бірі – Франция сапары. Еуропаның ең әсем қаласы Париж төрінде М. Әуезовтің 100 жылдығы халықаралық дәрежеде аталып өтеді. Заңғар жазушының жерлестерін мәдениет жанашыры Иманғали Тасмағамбетов бастап барады. Айтулы шараға мәдениет пен өнердің бір топ майталмандары – Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Қаршыға Ахмедияров, Сәкен Жүнісов, Айман Мұсаходжаева, Мұрат Әуезов сынды тұлғалар қатысты. Жақсылық осы сапарда Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде тұңғыш рет фоторепортаж жасады.
Бүгінде Жақсылық Тұрлыбековтың есімі елге таныс. Әсіресе, фотоөнердің айналасында жүрген қауым ағаны ерекше ардақтайды. Жол көрсетер ұстазы санайды. Жиын-тойларға шыққан сайын жас фототілшілер Жақсылықтың маңайында жүреді. Ел ағасы кімді қай жерден алу керектігін оларға көрсетеді. Мұндай мәртебеге ие болғанына Жақсылық ақсақал қуанбаса ренжіген емес. Сөз арасында бізге біліктілігінен, фотоға түсіру машығынан аз-кем әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, объектив нысанасына алатын аймақтың нүктесін табу оңай емес. Көп нәрсе сол нүктеге байланысты көрінеді.
– Ең бірінші кімді түсіру керектігін жақсы білу керек. Сосын оның сөзіне, сөйлеу мимикасына мән берген дұрыс. Одан кейін адамның қозғалысы суреттің мазмұндылығына тікелей әсер етеді. Егер қимыл-қозғалысты өз сәтінде ұстай алмасаң, фото жүйесіз, жансыз шығады. Одан кейінгі мәселе, адамның кескін-келбетімен байланысты. Адамның түрі, жаратылысы сол екен деп сол қалпы түсіре салу әбестік. Әрбір адам тарих бетінде, суретте жақсы қырымен қалғысы келеді. Сондықтан, бұл жерде тағы да фототілшіге екі есе жұмыс істеуге тура келеді. Мысалға алсақ, мұрны ұзын адамды тура алдынан, ал қысқа адамды сәл төбесінен аламыз. Ал қасқа бас болса, мүмкіндігінше, төменгі жағынан түсіруге тырысқан жөн. Қысқаша айтқанда, адамның кемістігін жасырып, жарқыратып көрсету – үлкен шеберліктің бір көрінісі, – дейді Жақсылық Зейноллаұлы.
Елбасының ұстазы Сейітхан қария Исаев, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев танымал фототілші туралы өз жылы лебіздерін қалдырған. «Жақсылық Тұрлыбеков – ұзақ жыл халқымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың жанында жүріп, ол кісінің тарихи сәттерін таспалаған көрнекті фототілші. Өзінің кәсіби білімі мен ұзақ жылдарғы тәжірибесінің арқасында шеберліктің биігіне жеткен. Оның сол кездерде түсірген фотосуреттері бүгінде тарихымызға айналды. Зейнеткерлікке шықса да, өзінің кәсібімен айналысып келе жатқан Жақсылық ініміз Д. Қонаевтың басқа да суреттерін жинақтап, қайта өңдеп, жарыққа шығарумен келеді», – дейді Кеңес Аухадиев замандасы туралы ақтарыла жазған ыстық лебізінде.
Елбасымен ел көлеміндегі іс-шараларда үнемі бірге жүрген Жақсылық Зейноллаұлы туралы Сейітхан қария былай деп сыр ақтарады. «Жақсылық ініммен барлық ЮНЕСКО көлеміндегі тойларда, Абай, Жамбыл, М. Әуезовтің мерейтойлары мен Түркістанның 1500 жылдығы секілді атаулы күндерді бірге өткізіп келеміз. Жуырда өткен Қазақ хандығының 550 жылдығында Жақсылық інім фотоальбом шығарып, музейлерге сыйға тартты. Жақсылық ініме ұзақ ғұмыр, отбасына бақыт, ырыс тілеймін. Немерелерің ержетіп, сіздерді қызық пен қуанышқа бөлесін!» – дейді Елбасының ұстазы Сейітхан Ахметұлы.
Жақсылық Зейноллаұлы мамандығын еліміздің заң шығарушы органы Парламентте де жалғастырды. Бұрынғы Жоғары кеңесте, кейінгі Алматыдағы Парламентте фототілші бола жүріп, ұлт зиялыларымен етене араласты. Бүгінде әрқайсысы Жақсылық туралы жылы лебіз білдіреді. Көптің алғысына бөленген жан бес бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Серік әкесінің ізін жалғап, фотоөнер саласын кәсіпкерлікпен қоса алып жүр. Екінші перзенті Нұрлан заң саласында. Аялап өсірген екі қызын құтты орнына қондырды. Кенжесі Мағжан Қазақ-түрік лицейінде 9-сыныпта оқиды. Ақсақалға болашақта қазақ фототарихының қорын ұлғайта беріңіз дегіміз келеді.

Жақсылық Тұрлыбеков өз ұлтының тарихын құрметтейді. Тілін сүйеді. Қолы қалт етсе, тарихи және әдеби кітаптар оқуға әуес. Бәлкім, екінші жоғары білімін Павлодардағы институттың филология факультетімен жалғастыруы соның айғағы шығар. Ел ағасының пайымынша, фотоға түсіру – үлкен өнер. Әсіресе, қазіргідей жаңа технология қарыштап дамып, барлық сала сандық жүйеге көшкен ақпараттық заманда фотоөнерге сұраныс арта түспесе кемімейді. Сондықтан, фотоаппараттың көзмергені көп жылғы түйгенін жастарға үйретуден жалықпайды. Ешкім елей бермейтін бұл мамандықты игере білудің өзі бір бақыт екені айтпаса да түсінікті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Оқи отырыңыз