Таңғажайып тағдыр

Таңғажайып тағдыр
Биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған Қазақстанның Халық ақыны Жамбылов Әлімқұл Тоққұлұлы (09.05.1927 - 14.11.2015) Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында Жамбыл ата әулетінде дүниеге келген. Ол – шығысы Үшқоңыр, батысы Суықтөбе аралығында, асқар Алатаудың бөктерінде орналасқан киелі Жамбыл елі. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады, біреуіне болмаса, біреуіне жұғады» дегендей, бұл бақ қонып, қыдыр дарыған өлке Батырлар мен ақындар ауылы деп, аталады. Кейінгі кезде оған Ғалымдар ауылы деген атау да қосылып жүр.
Ол бүгінгі таңда халық мақтанышына айналған қаншама дарынды ақын-жазушы, өнер иелері, білікті заңгер, жұлдызды генералдардың, ғылымның шыңына шыққан профессорлар мен академиктердің, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің кіші Отаны. Бір емес екі бірдей перзенті (Нұртай Әбіқаев, Қайрат Мәми) жаңа заманның, жаңаша құрылымы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы лауазымына дейін көтеріліп, жауапты қызметтер атқарып, халқына баға жетпес еңбек сіңіруде. Өңірден шыққан, ел таныған майталмандарын тізе берсең, соңы көрінбестей! Олардың әрқайсысы жеке-жеке дастан... Айталық, Жамбыл атасын пір тұтып, ауылдың барлық жақсылықтарының қақ ортасында жүретін айтулы азамат, халқының қалаулысы Серік Үмбетовтің, кіндігі Жамбыл еліне байланған ұшқыш-ғарышкер, Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевтың орындары да ерекше.  
Студенттік кезім. Ол кезде ҚазМУ-де (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) әртүрлі мамандықтар бойынша оқитын мыңдаған студенттер ішіндегі оқу озаттарының ең маңдайалдысына аса көтеріңкі шәкіртақы ретінде небәрі екі Лениндік стипендия тағайындалатын. Оның біреуі маған,  физика, ал екіншісі Арықбай Ағыбаевқа, заң факультетінің студенттеріне бұйырыпты. Лениндік стипендиат болу студенттер үшін «Еңбек Ері» болумен пара-пар саналатын. Ең қызығы, екеуміз де Жамбыл ата ауылының балалары екенбіз. Қазір ҚазҰУ-де үздіктер үшін 100 (жүз!) Президенттік стипендия қарастырылған... Сол кездегі студент, осы ауылдың баласы, белгілі журналист, қаламы қарымды жазушы, ақын, ҚР мәдениет қайраткері Орысбай Әбділдаұлы «Майтөбе» атты өлеңінде:                                 
Әлемге аты жайылған,
Аққуды әнмен қайырған.
Жебеп жүрген киесі,
Ақпа жырдың иесі,
Көк жайлаудың төресі –
Сүйінбай – Жамбыл жері осы!
– деп жырлайды. Оған жерлесіміз композитор Жолдасхан Құрамысов ән жазып, ол «Өлең қуған қазақтың бір қызымын» деп жүрген ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлованың орындауында хитқа айналды. Осындайда Әлімқұл Жамбыловтың баласындай болып кеткен інісі, төгіліп тұрған тума ақын Есенқұл Жақыпбековтің: «Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі...» деген өлең жолдары еріксіз жадыңа келеді.
Ұлы Дала елі тарихында, арнасы, этномәдени және елтаным тұрғысынан, терең тамыр тартып, бастау алып, фонтан болып атқылап, дария болып ағылып, нұр болып жауып жатқан Сүйінбай-Жамбыл жыр әлемі ерекше дүние, теңдесі жоқ құбылыс. Аттары аңызға айналған айтулы ақиық ақын бабаларымыз  бүкіл халқын жырмен жылытып, өлеңмен өсіріп, рухына нәр беріп, үзілмес үміт отын ұялатып, тамыры терең, өзегі өлең, болашағы зор қасиетті ел болып дамуына айшықты үлес қосқан ғұламалар. Ел аузында Жамбыл Жабаев ХХ ғасырдың Гомері атанса, Сүйінбай Аронұлы қазақ қоғамының Менделеевы аталып жүр. Сүйекең белгілі қырғыз ақыны Қатағанмен тарихи айтысында қазақтың тоқсан екі руының әрқайсысына, Д.Менделеевтің атомдар периодтық жүйесі секілді, жеке-жеке өзіне тән ерекше сипаттама беріп, рулар быт-шыт болып ыдырамай, (атом бірігіп зат түзгендей) біріккенде ғана болашағы жарқын ырысты ел бола алатынын өмірбақи уағыздап, жырлап өткен. 
Елбасы, ҚР Президенті        Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында дамудың негізгі жолы ұлттық кодымызды сақтап, уақытқа сай рухани жаңғыру деп атап көрсетті. Сүйінбай-Жамбыл образын жаңғыртып, жаңа түлету ортамыздан суырылып шыққан осы Әлімқұл ағаның талайына бұйырса керек. Жаны жайдары, мінезі қарапайым, қағылез, үлкен-кішіге әлдекімдердей өктемдік жүргізіп, орынсыз ақыл айтып ешкімді мазаламайтын, ешкімге ешқашан өкпелемейтін, еш уақытта жоқ демейтін. Көңілі дарқан, ойын жақсылық, тұла бойын өнер кернеген ерекше жаратылған жан еді. Халықтың қошеметіне кенелді. Ел алдында Жамбыл тәтесінің бүгінгі таңдағы бейне-елесіне айналды. 
Қазақ халқында ықылым заманнан қалыптасып келе жатқан салт-дәстүрлер бар. Бүгінгі таңда олардың қайсыбірі жабайы болып та көрінеді. Айталық, әмеңгерлік! Бұл – үлкен құбылыс. Ол қоғамда жесір әйел, жетім бала дегендер құбылыс ретінде болмауының кепілі тәрізді. Немесе баланы әртүрлі себептермен нағашы жұрты, туған-туыстары бауырына басқан дегендей. Бұл да ұрпақ қамы болса керек. Ол ағайын-туыстың тату-тәтті өмір сүріп, қоғамның орнықты дамуының кепілі деп есептелінген. Тіпті сәбилер дүниеге келе салып, оларды атастырып қоюдың да себебі болса керек. «Жерді жермен шым жалғайды, елді елмен қыз жалғайды» деп жатпайды ма?! Осының бәрін не үшін тізіп отырмын? Ол кезде бұл қағидалар әлі де болса күшін жоя қоймаған еді. Жамбыл атамыз (1930 жылдар болса керек) ашаршылық жылдары тарыдай шашылып, тарап кеткен ағайын-туыс, ел-жұртын жинайды. Бір тұяғы сол кездегі Қаракастек ауылындағы балалар үйіне (детдомға) түскен екен. Басқа жаққа алып кетейін деп жатқан жерінде 90-ды алқымдап қалған Жамбыл тәтесі үстінен түсіп, 6-7 жасар бала Әлімқұлды ауылға алып қайтады да Сатыш деген бауырының қолына тапсырады. Әлекең өз үйіріне қосылған тайдай асыр салады, құнарлы жерге көшірілген талдай бұралып бүршік атып, гүл жарады. Тағдыр деген қандай?.. Ал егер атасы іздеп бармағанда Әлекеңнің өмірі мүмкін мүлдем өзгеше болатын ба еді, кім білсін... Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Жамбыл атамыздың іс-қимылы өлең сөздерінің, ал өлең сөздері іс-қимылының айнымас шағылысындай қауышып тұратыны ақиқат.
 Дос-жаранға, кемтарға,
Қайырлы бол делінген.
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден.
Дәулетіңнен не пайда,
Таусылмастай көрінген.
Жалғыз мұраң сол болар,
Қол қайырың берілген.
Барлық дүние бірі де,
Көмілмейді кебінмен.
                    (Жамбыл).
Жамбыл атамыздың ұрпақтарына деген мейірімі төгіліп тұрады екен. Кімнің болса да басынан сипап «Бақытты бол, балам» дейді екен. Бір күні бір топ бала, ішінде Әлекең де болса керек, «Бақытты болу үшін сонда біз кімге ұқсап өмір сүруіміз керек?» деп сұрапты. «Нағашыбекті қараңызшы, атпен бір ай жүретін жерге машинамен бір-ақ күнде жетеді. Қандай бақытты?! Сонда біз бәріміз шофер болуымыз керек пе? Немесе малшы болайық па, әлде бақытты болу үшін мұғалім болу керек пе?» депті. Сонда Жәкең: «Дүниеге кім келіп, кім кетпеген. Арманына кім жетіп, кім жетпеген.... Сен адам болып жаралдың, бақыттысың. Бақыт деген табаныңнан кіреді. Егер сен ол бақытты ұстай алсаң, бақытың тізеңе дейін көтеріледі. Ол бақытты ұстай алсаң, бақытың ішіңе дейін көтеріледі, оны ұстай алсаң бақытың кеудеңе дейін көтеріледі. Кеудеге көтерілген бақыт ауыр бақыт, ол кеудеңді жарып кетуі де мүмкін. Ал егер сен ол бақытты ұстай алсаң, бақытың басыңа шығады. Маңдай теріңмен тамшылап, ел-жұртыңа, үрім-бұтағыңа тарайды. Бастарыңа бақ қонсын, өрендерім!» деген екен. 
Жамбыл атаның шапағаты кімге тимеді. Әлекең шашылған «тас» ішіндегі жақұты болып шықты, Жамбыл атасының мейіріміне шомылып, өсиет-өлеңдерін санасына сіңіріп, алма бағында сайрандап, домбыра шертіп, өлең айтып балалық шақтың бал дауренін өткізіп ержетті. Алдында Сатышев болып жүріп, есейіп есі кіргенде Жамбылов Әлімқұл Тоққұлұлы болып сабасына түсті. Басына бақ қонды. Халық алдында Жамбыл атасының өзіндей болмаса да көзіндей боп шыға келді.
Мен Сатыш атаны білетінмін. Жамбылдың Тәйті деген ағасының баласы. Біз көрші тұрдық. Үйлері музейдің қақ алдында еді. Өздері көпке дейін баласыз болды. Сатыш ата мен бәйбішесі Сатиха апамыз екеуінің қолдарында жүрген Әлімқұл үйлерін қуанышқа толтырды. Сатыш ата кейіннен Қантай атты екінші әйел алып, балалы-шағалы болды. Тілепалды деген бізден ересектеу ұлы бар еді. Алма Қыраубаева деген дарынды жас қыз: «Жамбыл атаның ұрпағынан тұқым аламын деп cонау алыстағы Қызылорда өңірінен арнайы іздеп келдім», – деп қалжың-шынын араластырып, онымен басын қосты. Әулеттің Алма келіні кейіннен белгілі ғалым, әдебиеттанушы, ғылым докторы, профессор болды, сәби көріп, мәпелеп өсіріп мерейі артты. «Келіннің аяғынан» демекші, атасының ұмытылған ән-термелерін жинақтап, өз орындауында Қазақ радиосының алтын қорына жаздырды. «Жамбыл салған ән еді» жинағын құрастырды. Жәкеңнің атын жаңғыртуға баға жетпес үлес қосты, өрісін кеңейтті, алысын жақындатты. Аяулы ардағымыз биыл  70-ке толатын еді. Өзі қызмет жасаған ҚазҰУ-де арнайы халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылып, «Өнегелі өмір» сериясы бойынша «Қазақ университеті» баспаханасынан Алма Қыраубаеваға арналған естелік кітап шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мен редколлегия мүшесімін. 
Менің есімнен кетпейтін тағы бір оқиға. Мектепте оқимын. Ойламаған жерден жолдама алдым. Қара теңіздің жағалауында орналасқан Бүкілодақтық пионерлер лагері «Артекке» 1960 жылы барған 20 қазақстандық оқу озатының ішінде мен де болдым. Республика бойынша қазақ мектептерінен жалғыз екенмін. Үйден алысқа шығуым бірінші рет, оның үстіне екі айға кетіп бара жаттық. Той жасап, бүкіл ауыл-аимақ болып, космосқа аттандырғандай шығарып салды. Жолыңа деп ағайын-туған, жора-жолдастар тиын-тебен әкеліп жатты. Араларында достарым, Жамбыл атаның ұрпақтары Жамбылов Жеңісхан, Қожашев Мәулен (қазіргі музей директоры), Алғадаев Қуаныш, Тұрапов Қанат, тағы басқалар да болды. Әлекең ертіп келген Сатыш ата дамбалының ышқырына тығып жүрген, сап-сары болып кеткен         1 сом ақшасын берді. «Оны не істейсің, ештеңеге жарата алмайсың ғой, алма, тастап кет» дегендер болды. Мен тыңдамадым. Аруақты атаның бергенін ырым қылып қалтама салып алдым. Ақшаның қажеттігі де болмады. Жүрген-тұрғанымыздың бәрі тегін. Бала кезім ғой, ақшамды сақтап қалған Сатыш атамның бір сомы шығар деп әжептәуір толғанып жүрдім... Атомның құрылымды бөлшек екенін ашқан, сөйтіп адамзатты өркениеттің келесі жоғары сатысына көтерген атақты физик, Нобель сыйлығының лауреаты Э. Резерфорд есігінің маңдайшасына аттың тағасын іліп қойған екен. Бұл сәттілік әкеледі деген ұғым бар. Келген қонақтары: «Мұныңыз қалай, сонда сіз ғұлама ғалым бола тұрып, осындай ырым-сырымға сенгеніңіз бе?», – деп сұрапты. Сонда ол: «Мен ондайға сенбеймін. Бірақ ол менің сенген-сенбегеніме байланыссыз әсер етуі мүмкін ғой», – деп жымиған екен. 
Әлімқұл ағаны танымайтын адам бірен-саран ғана болған шығар. Керек кезінде іздетпей-ақ әр жанның қасынан өзі табылатын. Біздің де отбасының барлық жақсылықтарының басы-қасында жүретін. Әкем Әбдісағиды аға деп, анам Қаншайымды әпке деп сыйлап өтті. Өздері замандас еді. Менің де 50, 60 жылдық мерейтойларымда туған ауылымнан қатысқан делегацияға бас болып келіп, ортасында отырды. Ұлым Рахат-Бидің сүндет тойында да бата беріп, жыр айтты, домбыра шертті. Анам Қаншайым асылдың тұяғы деп Әлімқұл ағаның иығына шапан жауып, әртүрлі ырым-сырымдарын жасап жүретін. 
Әлімқұл аға Жамбыл тәтесінің 150 жылдығында домбырасын көтеріп, қазақстандық ресми делегация құрамында Мәскеуге де барып, ойын-сауық құрып, мерейтойлық іс-шараларға қатысып қайтты. 1936 жылы Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің декадасы кезінде орталарынан суырылып шығып, жаһанға аты жайылған ұлы Жамбылдың бейнесін елестетті. Кішілігі Әлекең Жамбыл тәтесіне қатты ұқсаушы еді ғой, әсіресе ақшақардай сақал-мұрты, бет келбеті аумайтын. Ресми орындарда, дастарқан басында көрген елдің бәрі «Джамбул. Как живой Джамбул» деп құшақтап, қызылшырайлы бетінен сүйіп, төгіліп тұрған сақалын таласып сипаған екен. Аруақ қолдады деген осындай-ақ болатын шығар. Тағы бір мысал. Санкт-Петербург қаласының 300 жылдық мерейтойына барған қазақстандық делегацияның құрамында Әлекең екеуміз де болдық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры қызметіндемін. Делегацияда басқа да бірқатар лауазымды тұлғалар бар. Мен кезінде сол қалада (ол кезде Ленинград) аспирантурада оқығанмын. Бізден «вьетнамсыңдар ма?» деп сұрайтын. Қазақ деген халықты аса біле бермейтін. Жамбыл десең, кім болса да «Джамбул, Джамбул» деп жанарлары жалт ете қалатын. Ғұлама ойшыл, ақиық ақын Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» атты өлеңі Ұлы Отан соғысы кезінде қаланың әрбір көшесінде блокададағы ленинградтықтарға рух беріп ілулі тұрған. Жамбылды білмейтін бірде-бір ленинградтық жоқ еді. Ол жерде, қаланың қақ ортасында, Үлкен драма театрына тірелетін кішігірім Жамбыл атындағы көше де бар. Заман өзгергенмен қаланың мәні мен сәнін кіргізіп тұрған тарихи ғимараттары сол қалпында. Мәңгілік құндылықтар. Даналық пен ағалықтың символына айналған «дедушка Джамбулды» ешкім де ұмытпаған, атын қайта жаңғыртуда екен. Жамбыл көшесінің бойында жаңа орнатылған Жамбыл баба ескерткішісінің ашылу рәсіміне арнайы қатыстық. Қолында домбырасы, ескерткіштің етегінде өзен ағып жатыр, су астындағы баспалдақтарға ойып жазылған «Ленинградтық өренімнің» сөздері дельфиндерше билеп, жалт-жұлт етіп, керемет көрініс беріп тұр. Қайырылып бас бұрмай ешкім қасынан өте алмайды. Ең қызығы, жиылған халық бір адамдай түгел Әлекеңе қарай ұмтылды. Жамбылдың өзін кездестіргендей болды. Қолы жеткендері оны құшақтап, жібермей аймалап жатты. Қандай сиқырлы құбылыс! Біз, делегацияның басқа мүшелері, айдалада қалғандай күй кештік. Халықтың ұлы Жамбылға деген сүйспеншілігі мен ризашылығының, қошеметінің шапағатына Әлекең армансыз шомылып, бақытқа бөленді. Біз де мәз-мейрам болдық. 
Ауыл-аймақта Әлекең өшіп барып қайта жаңғырған ақындар айтысын жаңғыртуға үлес қосты. Бір топ ізбасар жас ақындарды бастап барып, өзі де айтысқа түсіп жүрді. Жеңсе қуанып, жеңілсе қамығып қалатынбыз. Әлімқұл ағаның бойына туа біткен ерекше асыл қасиеті – анау-мынау шарттылықтардың түгіне қарамай Жамбыл тәтесінің рухын өмір бойы жаңғыртумен болды. Кейіннен, Жамбыл атаға деген ел ілтипатының барлығы дерлік Әлекеңді айналып өте алмады, бұйырғанынша оған тиіп жатты. Той-томалақтарда ат-шапанның астында қалатын. Мұндай сиқырлы құбылысты кім, қалай түсіндіре алады?!
Әлекең 1944 жылы Жамбыл ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы киноактерлер мектебіне оқуға түседі. 1948 – 1951 жылдары атты әскер қатарында болып Түрікменстанда, Өзбекстанда азаматтық борышын абыроймен атқарады. Ол Ашхабад қаласындағы 1948 жылғы жер сілкінісінен кейін қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына әскери құрылысшы ретінде атсалысқан бірден-бір қазақ баласы. 
Әскерден қайтып келген соң Жамбыл аудандық «Сталин жолы» газетінде баспагер, корректор, тілші болып жұмысын бастайды. 1952 жылы үйленіп, отбасын құрып, балалы-шағалы болып, өніп-өсті, өмірі жалғасты.
Ең бастысы, Әлімқұл Тоққұлұлы 1953 жылдан бастап кітапханашы, қызыл отау, автоклуб меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін, жарты ғасырдан аса мәдениет саласында қызмет атқарып, малды ауылдарды аралап, кітап таратып, кино қойып, домбыра шертіп, жыр жырлап өнер көрсетті. Жаз жайлауда, қыс қыстауда малшылар мен сауыншылардың, егіншілер мен диқандардың ортасында күн-түн демей аянбай еңбек етті. Тіпті, қатынасы қиын алыс ауылдарға қант-шайларына дейін жеткізіп беріп жүрді. Елімізде болып жатқан мәдени іс-шаралардың бәріне дерлік белсене атсалысып, батыр бабаларының ерліктері мен Сүйінбай, Жамбыл, Кенен аталарының өлең-жырларын өмір бойы дәріптеп, халық арасында насихаттап, рухтарын жаңғыртып өтті. Жамбыл Жабаев мұражайына тәу етіп республикадан және алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтарға домбырасын ту қылып көтеріп, әрдайым қызмет жасап жүрді. Елбасы, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың да жүгіріп алдынан шығып, құшағын жая қарсы алып, киелі домбырасын қолға алып, халқының Нұрағаға деген ыстық ықыласы мен зор сенімін жеткізе білді. Жамбылға, Кененге, Үмбетәліге, Тұрмағамбетке де арнаған толғаулары бар. «Қызыл сырлы домбыра» жыр жинағы, тағы да басқа туындылары жарық көрген.
Кең пейілімен, жарқын жүзімен еліне ерінбей-жалықпай жасаған адал еңбегі Әлекеңді Қазақстанның Халық ақыны дәрежесіне көтерді. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, атағымен тағы басқа да көптеген медаль-грамоталармен марапатталды. Әлімқұл Тоққұлұлы ағамыз, аруақ қолдап, домбырасын құшақтап жүріп, бойына біткен ерекше табиғи дарындылығының арқасында Жамбыл әулетінің сәулелі көрінісіне, орысша айтқанда, «визитная карточкасына» айнала білді. Бақытты, салиқалы, мәнді де сәнді, маңызды өмір сүрді. Әлекеңе ел-жұрты, ұрпақтары дән риза. Елінің баласы да, ағасы да, панасы да, данасы да бола білген Әлімқұл Жамбыловтың өмір жолы осындай өзгеше өнегеге толы.
 
Төлеген ҚОЖАМҚҰЛОВ,
Қазақстандық физикалық қоғамның президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері

Оқи отырыңыз