Үздік жыл психологі атанды

Үздік жыл психологі атанды

Психолог – адамның сырласы, әрдайым баланың қабілет-дарынын көруге, ашуға ынтызар. Сондай-ақ,  өз еңбегінің нәтижесін көрсете білетін, отбасы мен қоғам оған ең қымбаттысын – өз елінің болашағын табыс ете алатын адам. Бұл мамандық туындайтын міндеттердің алуан түрлілігімен, әлеуметтік мәнділігімен, үнемі жаңалық ашу мүмкіндігімен, шыңдалуымен, әсерлерге толы болуымен тартымды.

Міне, осындай құнды мамандық иелерінің тәжірибесін шыңдау, кәсіптік деңгейін көтеру, отандық білім берудің бәсекелестігін насихаттау, талантты, шығармашылықпен жұмыс  істейтін, кәсіптік біліктілігін көрсете алатын психологтарды анықтау мақсатында аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік жыл психологі – 2016» байқауында өз ісінің шебер маманы екенін танытып, облысқа жолдама алған Әлия Қалкенқызы Ескелді ауданы, Н. Алдабергенов атындағы орта мектепте өткен байқаудан да оза шауып, республикалық байқауға жолдама алды. Әлия Қалкенқызының алған асуының сәтті өтуіне,  байқау алдындағы дайындығына кәсіби тұрғыда қолдау көрсете білген  облыстық  әдістемелік кабинеті болатын. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Алтын Қарғалы» шипажай базасында республикалық «Үздік жыл психологі» байқауының  қорытынды кезеңі өтті.
Сайыс «Мен және менің мамандығым», «Психология – болашақтың мамандығы» тақырыбындағы эссе құжаттарды сырттай алдын ала зерделеп,  7 жылдан астам еңбек өтілі бар психологтарға арналған тапсырмаларды орындаудан басталды.  Бірінші кезекте психолог портфолиосының тұсаукесері қорғалса, келесіде байқауға қатысушылармен тәжірибелік іс-шара (дамыту-түзету тапсырмалары, шебер сынып, психологиялық тренинг) ұйымдастырылып өткізілді. Байқау соңында үміткерлер «Психологтің ғажайып әлемі» бойынша креативтілігімен, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігімен  монолог түрінде сынға түсті.
Жарыстың аты жарыс. Үздіктердің үздігі жиналған додада «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» ғана озады. Әділқазылар шешімімен барлық сыннан сүрінбей өткен Балқаш ауданы, Ақдала орта мектебінің  психологі Әлия Ойшиева жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді.
Республикалық байқауда облыс атынан бақ сынап, топты жарған әріптесіміз Әлия Қалкенқызын мақтан тұтамыз. Ғылым деген шалқар мұхит болса, соған тамшыдай үлес қосуды арман еткен ұстаз тілегі қашанда өз үлесін тауып отырса нұр үстіне нұр. 


Роза РЫСБАЕВА,

мұғалім. 
Ақдала ауылы,
Балқаш ауданы. 

 

Оқи отырыңыз