Қоныстойларын тойлады

Қоныстойларын тойлады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінде Балқаш ауданының  орталығы Бақанас ауылында 20 жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.

Осыған орай,  Балқаш ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген жалгерлік тұрғын үйлердің ашылу салтанаты болып өтті. 
50 құрылысшы мен бір арнайы техника жұмылдырылған тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын мердігерлік ұйым – «Асан М» компаниясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді (директоры Жақсылық Мақұлов). Осы үйлердің коммуникациялық жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 293 млн. теңге қаражат жұмсалды. Құрылыс жұмыстары 5 айға созылды. Осы орайда жаздың аптап ыстығына қарамай тынымсыз еңбек еткен құрылысшылардың еңбегі ерен екендігін атап өтуге болады. Құрылыс материалдары 100 пайыз отандық өнім болып табылады. Үйлердің сапасы өте жақсы. 20 үйдің 8-і Достық  көшесі бойынан, ал 12-сі Ж. Жабаев көшесі бойынан салынған болатын. 
Ауыл көркіне көрік қосқан баспаналардың көпшілігі тұрғын үйге мұқтаж жандарға берілді. Атап айтар болсақ, Ұлы Отан соғысының ардагеріне, бала тәрбиелеуші отбасына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға, жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ, тұрғын үй кезегі бойынша кезекте тұрған мемлекеттік, бюджеттік мекеме, ұйым қызметкерлеріне берілді. 
Тұрғын үйлердің кілтін тұрғындарға арнайы табыстаған Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов өз сөзінде баспаналы болған аудан тұрғындарын құттықтай келе, бүгінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында елімізде, оның ішінде ауданымызда көптеген игі істердің атқарылып, жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Соның бір дәлелі ретінде мұқтаж жандарға берілген тұрғын үйлерді атап өтті.  

Алтынай СЕЙТКЕН. 
Балқаш ауданы.

Оқи отырыңыз