Көк шыбық (әңгіме)

Көк шыбық (әңгіме)
– Ұрмаңызшы, енді қайталанбайды, – деген үннің жаңғырығы даладан талып естілді. Бірте-бірте жақындай түсіп, әне-міне дегенше үйдің іші азан-қазан болды да кетті. Екі жүгермек жан- ұшыра әжесінің арқасына тығылды. «Әже, әже, айтыңызшы, ұрмасын», – деп солқылдап жылайды келіп. Осындай көрініс бұл шаңырақта күнде қайталанады.
Терезенің саңылауынан сығалай қараған күн дала қызығына шақыратын сыңайлы. «Ұйқыдан тұрыңдар» дегендей, торғай үні де сырнайдай сайрайды. Қораздың «кукарикуы» да бірімен-бірі таласа жалғасып, ауылдың ана басы мен мына басын әдемі әуезге бөлейді. Түн салқынымен көк шөпті бір сәтке аққа айналдырып қатқан қырау сәулеге шағылысады. Бірер уақыттан соң мейірімге малшынған шөптің басынан төмен қарай тамшылар жүйіткиді. Қапастан құтылған тұтқындай шөп те көкке еміреніп, Жаратқан иесіне сансыз шүкір айтқан болады. Тек бұл ғана емес, түні бойы жемтік іздеп, тышқан қуған қасқыр, түлкі де, осқырынған құлын-тай да, қаңғыбас ит-күшікке дейін күн шапағатына мейілінше жақындай түсіп, жылылыққа жан семіртеді. Осындай әдемі көрініске куә болмақ ниетпен әжесінің шөберелері ерте тұрып, таңғы ас даяр болғанша ойын қууды үлгеріп қууды ойлайды.
Сыбырласа сыртқа шығып, құдды бір маңызды операцияны іске асырмақ болып, үнсіз ұғысады. Сондағы не дейсіз ғой? Үлкендеуі тығылып барып, ат арба дөңгелегінің желін шығарса, кішісі тауық қораның есігін ашып тауықтарды қуа жөнеледі. Осылайша бірнеше бүлдіргі жасап жүріп, көк шыбықтың дәмін тататындары естерінен шығып кетеді. Үйреншікті әдетке айналған бұл қылықтарына анасы кейде кешіріммен ештеңе демейді. Оған қуанған бұлар одан бетер есіреді. «Қоя ғой, қазір тағы таяқ жейсіңдер ғой», – деген әже дауысы да әсер ете алмайды. Бұзықтардың жалғыз жасқанаты – әкелері. Ақ сары жүзді, көбіне жүзінен ызғар сезіліп тұратын әкеден биік, одан сыйлы ешкім жоқтай. Аналарының: «Осыдан әкелерің келсін, айтып бір сабатып алмасам», – дейтін назы денелерін тітіркендіріп, суық су құйып жібергендей әсер етеді. Жылдам қаймығып, бірер сәттен соң қайта бұзақылыққа көшеді.
Үй жанындағы жолдан әрі бірер қадам аттаса, сайдың салқын суына кезігеді. Суығынан сай-сүйегің қалтырайды. Жарықтық жазда да бір жылымайды-ау. Ойынның нақ қызығы сонда-тұғын. Алдымен олар су түбіндегі балшықты ырғап, лайлайды, тас лақтырып, жапырақ ағызады, сөйтіп жүріп, бас-аяғымен бірге қалай кіріп кеткендерін білмей қалады. Ол аз болса, тастармен бітеп, судың жиналғанын күтеді. Киімдерін шешіп тастап, күмп-күмп етіп, бірнеше рет секіріп те алады. Тоңғаннан тісі-тісіне тимей үйге қарай зыр жүгіреді. Су толған аяқкиімдерінен жылқы желісіне ұқсас дыбыс шығады. Есіктен енген бойда, аяқ ұштарымен білдірмей жүріп келе жатқанда үстінен аналары түсіп, тағы да ұрыстың астына алады. Арашаға қарт әже түсіп, қорғап әлекке түседі. «Бала болған соң ойнайды, қой енді», – деп қиылады. Солқ-солқ жылаған екеуі мұрындарын қайта-қайта тартып, біраз уақытқа дейін «әжеме айтамға» басады.
Шекені тершітіп, көлеңке іздетер күннің соңғы шапағы тауларға ғана сезілетін секілді. Шың басын алтын түске бояп, шуағын шашады. Көрдіңдер ме дегендей, тау да көркемделе түсіп, бойын мақтаныш кернейтін сықылды. Көлеңкесімен барлық жерді жаулап алып, ақыр соңында алып шыңдар ғана сәулеге малынады. Бірер сәттен соң, олар да қараңғыға бой ұсынып, амалсыз қалғи түседі. Күннің өзі де көзден ғайып болып, тек сарғыш түсі ғана қимай қол созып, бұлттарға жармаса береді. Барлық тіршілік иелерін келешекке жетелер – жалғыз үміт, жалғыз күдік осы күн сияқты. Адамдар қайта атар таңға сенім білдіріп, тіршіліктен әлі дәмелі екендерін сездіреді. Бірақ жақсы, жаманым демейтін бұл күн де біреу үшін бірінші рет атса, біреу үшін соңғы рет батып жатқаны көпшіліктің басына кіріп шықпайды. Кейде өмірдің өзі осы күннің батып, атар аралығымен өлшенетін сыңайлы.
– Дәурен, қара күн батты, – деген Нұрбол үні не қуанышқа, не қорқынышқа ұқсамай бір түрлі шықты. Қуаныш дейтіні – күні бойы ашыққан асқазанға ыстық тамақтың түсіп, айызын қандырары. Қорқынышы – дегбірсіздене іздеп: «Қашан келіп қалар екен, бір нәрсеге ұшырап қалмады ма, тағы кімнен таяқ жеп қайтады?» деп бір сәтте бірнеше оймен уайым кешкен анасы. Есік пен көшеге қарай-қарай көзі талған ананың амалсыз қолына көк шыбық ұстап, іздеп шығуы қорқыныш емей не? Жаңағы Нұрболдың дауысынан соң Дәурен де ағаштан жасалған «трактордан» қызық таба алмай қалады. Нұрбол да «КаМАЗ-ын» сүйретіп, үйге қарай басын салбыратып, үнсіз жүріп келеді. Олар жеткенше қараңғылық та қатты қоюланып, аяқ астындағы тасты да тығатындай. Екеуі кейде шалынып та кетеді. Әрбір шыққан дыбыстан қорқыныш іздеп, бір-біріне тығылады. Сонадайдан қарауытқан кісінің пішіні байқалады. Қателеспесе, қарауытқан кісі өз аналары. Ой жаңылдырмады, жақындай түскен жаңағы сұлба: «Әй, жүгермектер, сендерді ме? Қазір көрсетейін, түс, алға, бол, үйге жеткен соң сазайларыңды тарттырамын», – деп қуа түседі. «Болды, енді қаңғырмаймыз, шын айтам, ұрмаңызшы, иә, соқпайсыз ғой», – деген екеуі жан ұшыра үйге қарай асығады. Жасқанып, арттарына қараса аналарының жүзі әлі де суық, таяқ дәмін таттырмай қоймайтын кескіні көрінеді. Олардың тек бір ғана жұбанышы бар,  ол – әжесінің арқасы. Соған тезірек жетсе болды, бар бәледен құтылатындай. Алайда төрдегі әжесіне тығылғанша арттарынан көк шыбық бірнеше рет тиіп үлгереді.
Естері кіргенше қос жүгермек бұл қылықтарын қоймады. Кейде ағынды өзенді бойлап, балық аулаймыз деп алысқа ұзап кетеді. Бір қараса, Көксу мен Кескентерек өзенінің қосылар жеріне  жетіп тоқтайды. Осындайда қайтар жол мүлдем бітпей, керісінше, алыстай береді. Ауыл шетіне іліккенше түн ортасы да болып қалады. Жыңғыл мен тобылғыға тырналған денелері сыздап ашиды. Ол аз болса, өзенге аққан аяқ киімі жандарын жегідей жеп әлек. Жалаң аяқтарына кірген тікен мен батқан тас жүрістерін баяулатпаса тездетпейді. Бұлар жеткенше анасы көз жасын бір сығып алып, қорқыныштан ашуға мінеді. Әр күн осылай өтіп, уақыт сырғи берді. 
Қазір Дәурен мен Нұрбол 26 жасқа толды. Бірі Талдықорған, екіншісі Қапшағай қаласында қызметте. Жағдайлары жаман емес. Қолдары қалт етсе, тартып отырып ауылға барады. Қоғалыдан 30 шақырымдай қашықтықтағы Көктал ауылы балалықтың мызғымас бесігіндей. Бірақ бұрынғыдай көшеде шаң-шаң болып, шулаған бала көзге ілікпейді. Олар үй-үйлерінде не компьютерден ойын ойнап, не ұялы телефондағы ғаламтор қызығынан шыға алмай жатқандығы айдан анық. Осылайша, дала мен көше қызығынан құр қалып отырған соларға жандары аши қарайды. Сөйтеді де көк шыбықтың дәмін сағынып, бір сағатқа болса да бала кейіпке енгісі келеді. 
Көк шыбық – балалықтың мызғымас бөлшегі. Сол бір ұсқынсыз, жек көретін таяқты бұлар қазір жанынан артық жақсы көреді. Дәлірек айтсақ, сағынады. 
 
Мәулен Әнербай.
 

Оқи отырыңыз