Жүректегі иман білектегі күшке таразы

Жүректегі иман білектегі күшке таразы
Жетігеннің жеті ішегінен жеті түрлі әуен естіледі. Жеті қабат жердің үстінде жеті атасына дейін қыз алыспай, тектілігінің тамырын тереңге салып, жігітіне жеті өнердің аз екенін ескерткен елдің сан ғасырлық тағдыры да, қуанышы һәм зар мұңы да осы жеті ішекке байланып тұрғандай. Жетігеннің шанағынан күмбірлей шыққан әуен аспан түстес Көк байрағына Күн ұялатып, Қыран қонақтатқан қырағы жұрттың ұлттық рухын жеті қат зеңгір көкке әуелетіп әкететіндей. Енді бірде күніне қырық құбылған қым-қуыт қоғамның аласапыран күйін күңірентетіндей. Шанағынан бірде шаттық, бірде мұң асып-тасып жатқан ЖЕТІГЕННІҢ үнін адам баласының кеудесіне құйып кеп жіберсе қалай болар еді? Ұлы Дала иесі екені мерейін тасытып, Мәңгілік Ел болу жолындағы асыл мұраты асқақтатқан немесе ұлттық құндылықтар құлдырап бара жатқанын сезініп, құлазыған көкіректен қандай сөз шығар еді?! Оқып көріңіз, оқырман! «JETIGEN» айдарының бүгінгі қонағы грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ.

– БІРІНШІ ІШЕК – ЖҮРЕК СӨЗІ: «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды», – депті данышпан Абай атамыз. Сөз шындықтан бұзылмайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Ендеше сіз де ағынан жарылыңыз, жүрегіңізді тыңдап көрейік, қадірменді қонақ!

– Абай атамыздан қалған асыл сөзден тек ғибрат алуға болады. Ендеше мен де жүрегімдегі сөзімді бүкпесіз айтып көрейін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір хадисінде: «Шынында, адамның денесінде бір тілім ет бар, ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады. Ал жарамсыз болса, онда бүкіл денені бүлдіреді. Расында да, бұл – жүрек», – деген. Пайғамбар мен дана бабамыз айтып отырған сөзден мен де аттап өте алмаспын. Жалпы өтіріктің өрге баспайтыны туралы бабаларымыздан қалған аманат аз емес. Бала кезімізде оқыған Абай атамыздың өлеңінде де адам баласына үлкен зиян әкелетін бес дұшпанының ішінде өтірік айтпауды насихаттайды. Бастауыш сыныпта жаттаған осы шумақты әлі күнге санамда сақтап келемін. Бабамыздан қалған бес асыл іске кім жауапкершілікпен қараса, онда ол адамның өмірі тек жақсылыққа толы болады. Ал бес дұшпанмен дос болса, оның өмірінің текке өткені деп ойлаймын. Соның бірі «өтірік» емес пе? Өтірік айту ол – әр пенденің бойынан табылатын кемшілік. Ал оны әдетке айналдыру – күллі жамандыққа ашылған жол деп есептеймін. Ұлттық тәрбиемізде де, шариғатымызда да өтірікке жол берілмейді. Құдайға шүкір, бүгінге дейін өтірікті кәсібіме айналдырып, нәсіп тауып көрмеппін. Дінімізге жүгінсек, жауласқан екі елді бір мәмілеге келтіру жолында немесе дұшпаныңнан айлаңды асыру кезінде, араздасқан ағайынды татуластыру мақсатында, ажырасуға аз қалған екі жасты қайта табыстыру үшін өтірік айтуға рұқсат берілген. Қазақы тәрбиемізде де солай. Біреуді арқаландырып, алға жылжыту үшін, сағы сынып тұрғанда ары қарай тұңғиыққа түсіп кетпеуі үшін айтуға болатын шығар, бірақ аталарымыз «өтірік өрге баспайды», деп жан дүниемізге де, өмірімізге де зиянды кеселден сақтандырып кеткен ғой. Жалпы өтірік айтудың ең басты індеті уәдеде тұрмауға әкеп соғады. Тарихқа жүгінсек, бабаларымыз қандай еді? «Уәде – құдай сөзі», – дегенді де бекер айтпаған шығар. Сол уәдесіне берік аталарымыз айтқан жеріне барған, тұратын жерінде тұрған. Қазіргі қоғамда жасыратыны жоқ, көп жағдайда сөз бен істің арасында алшақтық басым. Сананы тұрмыс билегеннің салдары ма, жаһанданудың жаман жағын бойымызға сіңіріп жатырмыз ба, әйтеуір бір кем дүниенің бары рас.

– ЕКІНШІ ІШЕК – КӨҢІЛ ТАРАЗЫ: Әлем елшісіне айналған бекзат өнердің бірі спортпен Азия мен Еуропаны біраз шарладыңыз. Үкілі Ыбырай атамызша «Аралап талай жердің дәмін таттым», – десеңіз де болады. Көңіл таразыңызға салғанда көші ілгері елдердің біріне көшіп кеткіңіз келмей ме?

– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», – деген қанатты сөз бар емес пе? Әрине, ел аралап, жер көрген жақсы. Өркениетті елдің өрлеп бара жатқанын көргенде қызығатынымыз рас. Оның жақсы көрсеткіштеріне, өздерінің құндылықтарын дәріптеуіне, ұлт ретінде өздерін жоғары бағалайтыны байқалады. Дегенмен бір елдің жақсы нәрсесіне құмарту – сол жаққа көшіп кету сезімін туғызбаса керек. Шетелде біраз күн жүріп қалсақ, ауылға аңсарымыз ауып тұрады. Адамзатқа ортақ ауа болса да, қазақ даласының самалын сағынасың. Олардың дастарқанының сәні болған ұлттық тағамының дәмі бізді сүйсіндіре бермейді. Біздің қазы-қартамыз, қымыз, шұбатымыз нағыз спортшының тағамы ғой. Ауруға шипа, бойымызға күштің бәрі осында. «Өзге жердің гүлінен, өз жеріңнің тікені артық», демей ме? Бүкіл әлемді көңіл таразысының бір жағына қойып, екінші жағына өз атамекенімді қойсам, туған жеріме деген махаббатым басып кететініне күмәнім жоқ. Өйткені бұл далада ата-бабамыздың қаны сіңген. Ақ самай аналарымыздың көз жасы тамған. Құдайға шүкір, біз де қазір көштен қалып келе жатқан жоқпыз. Керісінше басқа ел бізге қызықсын. Жер бетінде қандай сұлу табиғат тамашасы бар, соның бәрі қазақтың топырағынан табылады. Ендеше мұндай елде өмір сүрудің өзі бір бақыт болса, ал сол елдің Көк байрағын әлем көгінде көтеру мың бақыт. Тек спортшылар ғана емес, әркім өз саласы бойынша қазақты танытуға талпынып, адал еңбекпен алға жылжыса, талай биікті бағындарытынымызға сенімдімін. Ол үшін әр қазақ бардың бағасын біліп, бар қазақ бір қазақ болуға ұмтылғаны дұрыс.

– ҮШІНШІ ІШЕК – ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІ: «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзге мөлтілдеп жас келеді», – деген әнді тыңдасаңыз ұлтымыздың басына оранған қара бұлтты дәуірдің қасіретін бірден аңғарасыз. Небір қилы заман, қиын кезеңді өткерген халықпыз. Ғасырлар керуенін көз алдыңыздан өткізіп көріңізші. 

– Рас айтасыз небір қанды ғасырды бастан өткерген елміз ғой. Бабаларымыздың бойындағы қайсарлықтың арқасында осындай ұланғайыр жердің иесі атандық. Сіз мысалға келтіріп отырған «Елім-ай» әні «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дәуірінің қасіреті. Шекара асып, шетелді паналап, тарыдай шашылып кеткен кезеңнің сұрқай көрінісі көз алдыңызға келеді. Өзімнің жерлесім, Дәнеш атамыздың «Жан-жақтағы бауырлар» деген әніндегі «Пана болған бөтен ел, ана болмас бауырлар», деген сөзден де көп нәрсені білуге болады.  Одан бері де ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен осы даланы қорғап қалды бабаларымыз. Негізі ат үстінде шоқпар ойнатып, садақ тартып, жекпе-жекке шығып соғысқан нағыз ерлік қой. Осы ерліктің барлығы батырларымыздың бойынан табылды. Отанын қорғап құрбан болғандарды шейіт дейді ғой. Қанды жылдарды өткерсе де, сол кездегі аталарымыз нағыз қаһармандық көрсетіп кетті өмірден. Ғасырлар керуенін көз алдымнан өткізгенде менің жанымды ауыртатыны ашаршылық жылдары мен репрессия уақыты. Қолдан жасалған қызыл қоғамның сұрқия саясаты екі-үш жылдың ішінде үш миллиондай қазақты қырып жіберген. Ол аз десеңіз ұлт көсемдерін бірінен кейін бірін «Халық жауы» деп қара күйе жағып, итжеккенге айдады, атты. Тағы да жазықсыз қазақ ұлтым деген ұлдарынан айырылды. Олардың ұрпақтары қуғынға ұшырады. Дәл сол солақай саясаттың кесірі болмағанда біз қазір алпыс-жетпіс миллион болар ма едік? Санымыз көп болса, сапамыздың да өсетіні белгілі. «Көп қорқытады, терең батырады», деген бар ғой. Сондай көп болсақ, тіліміз де шұбарланбай, ұлттық құндылықтарымыз да құлдырамай, алты құрлыққа атымыз бұдан да асқақ шығар ма еді? Дегенмен, осы күнімізге де шүкір. Жұбан атамыз айтқандай: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген». Ендігі арманым тәуелсіздігіміз ғұмырлы болып, ел іргесі бүтін болса, алар асуымыз әлі де алда. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам», – деген Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыздың аманатын арқалайтын жастарымыз көп болсын. 

– ТӨРТІНШІ ІШЕК – ҚАЙНАЙДЫ ҚАНЫҢ. Баяғыда сексенге жасы келіп, бойынан әл, бетінен әр кеткен бір ақсақал «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді?», – деп налыған екен. Бұл жеке адамның басындағы тағдыры ғой. Ал ұлт ретінде көңілімізге көлеңке түсіріп тұрған жайлар да аз емес. Тәуелсіздігімізге тәу етіп, Тәңірімізге тәуба деген осы тұста ашуыңызды келтіретін, қаныңызды қайнататын кереғар көріністерге бей-жай қарамайтын ұлдың бірісіз деп ойлаймын. 

– Бізде бәрі керемет деп қоғамда болып жатқан кейбір жағдайларға көз жұма қарауға болмайтын шығар. «Ауруын жасырған өледі», – дегенді ұмытпауымыз керек. Бір қоғамда күн кешіп жатқан соң кемшіліксіз пенде жоқ. Пендеміз ғой деп жайбарақаттық таныту да үлкен кемшілік. Ұлдан ұят, қыздан қылық кетсе, ұлттың тамырына балта шабылады. Менмен деген небір құрыш білек жігіттердің ұсақ-түйек шаруамен айналысып, әлсізді басынғанын ерлік санап, бір қазақты жабыла соғып, соны мақтан көретіні ашуымды келтіреді. Қазақтың қаракөз қызына қарындасым деп қарай алмай, ойына келгенін істегісі келетіні ердің емес, ездің ісі. Мықтысың ба, күшіңді ұлтың үшін жұмса. Бойыңа сыймай бара ма, кілемге шық. Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыздай алысқаныңды алып ұр да ұлтыңды асқақтат. Жақында ғана Еңбек Ері атанған Жақсылық ағамыздай еліңе жақсылық жаса, абыройға бөлен. Былғары қолғап ки де рингке көтеріл. Миллиардтардың ішінен топ жарып шығып, туған топырағына оралып, Көк байрағын әлем аспанында қалықтатып жүрген Қанатқа елікте. Абай атамыз: «Болмасаң да, ұқсап бақ», – деген ғой. Ұқсаймын десең ұлға да қызға да үлгі боларлық аға-әпкелеріміз аз емес. Кейбір ұлдарымыздың бойындағы жігіттік намысы аяққа тапталып, құлағына сырға тағып, киім-киіс, жүріс-тұрысы қызға ұқсап бара жатқаны ұят енді. Ертең олар елге қайтып қорған болады, қандай ұрпақ тәрбиелейді. Жаңалық деп жаһандық кеселдерді қабылдай берсек не боламыз. Қыздарымыз да қымсынбайтын болды. Езуінде шылым, қолында сыра, көпшілік жүретін жердің өзінде жігіттің құшағында оғаш қылық көрсетіп отырады. «Қызға қырық үйден тыйым» ұлттық тәрбиеміз емес пе? Тарихымызды білмей, тілімізді сүймей, дәстүрімізді дәріптемей ертеңіміз керемет болмайды. Ащы да болса шындық бұл. Бір алаңдататын нәрсе осы жағы.

– БЕСІНШІ ІШЕК – АШИДЫ ЖАНЫҢ. «Менің жаным ашиды мына өмірді, өтпейтіндей көретін адамдарға», – депті Мұқағали ағамыз. Жалғанға алданып, қу дүниесін малданып, байлығына мастанып, құдайымен ісі жоқ кісі көп кезеңде тұрмыз. Қоғамдағы осындай көріністерді жүрегіңізге салсаңыз қандай күй кешесіз?

– Дін саласының адамы болмасам да, Құдайын таныған жандардың қатарындамын. Қасиетті Құран кәрімде мал, дүние, бала-шаға барлығы мына дүниенің қызығы екенін айтып, оған алданып қалмауымызды ескертеді. Мына өмір сынақ әлемі. Әйтеуір, малым көбейсе болды деп соның соңынан кетіп, қызығын не өзіміз көрмесек, не ағайын туысқа бермесек зиян шегетініміз рас. Оған тарихымыздағы Қарабай мен Шығайбайлардың өмірі дәлел. 
Тәрбие тал бесіктен басталады. Ұрпағымызды тал-шыбық кезінен дұрыс өсірмесек, есейгенде қисық теректей қыңыр болса, сөйтіп айналаға зиянын тигізсе, оған ата-ана жауапты. Жалпы, жайлы өмір сүрудің жолы ата дәстүріміз бен дінімізде көрсетіліп қойған. Аталарымыз «Отан – отбасынан басталады», десе дінімізде «Отанды сүю иманнан», дейді. Иманды ұл, ибалы қыз ғана ұлт болашағы бола алады. 
Сіз айтып отырған Мұқағали ақынның сөзіне келсем, мына өмірді өтпестей көретін адамдар да жоқ емес. Бұл байлықтың буына масайраған пенделерге айтылса керек. Бар екенмін, бай екенмін демей, қолынан келсе мұқтаж жандардың қолтығынан демеп тұрса, оның сауабы екі дүниесіне де жететін еді. Қолында бол тұра қайырымдылыққа қайырылып қарамайтын адамдарға жаным ашиды. Керісінше атымтай жомарттық танытып, аталарымызша айтсам, астындағы жалғыз атын сойып беретін мәрттік ер жігітке жарасып тұрмай ма? Бізде ондай жігіттер аз емес. Осы орайда өзінің жомарттығымен аты шыққан Бауыржан Оспанов ағамызды айтуға болады. Туған жерін түлеткен ағамыз еліміздің де өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Мұндай азаматтардың қатары көбейе берсін. Өйткені қайырымдылық пен жомарттық  қанымызда бар қасиет.

– АЛТЫНШЫ ІШЕК – АРАЙЛЫ ТАҢЫМ. «Арайлап таңым асқақтап тауым, Ән ойнап көгім күй тартты елім. Қол жетті, міне, аңсаған күнге, Жасай бер, жаса, Қазағым менің». Бұл өлеңнен бабаларымыздың ұзақ жылғы асыл арманының жемісін көреміз. Сол тәуелсіздік дейтін мәуелі ағаштың жемісін жеу біздің маңдайымызға бұйырыпты. Әрбір істің соңы жақсы болса екен дейтін ниеттегі ел емеспіз бе?

– Әрине, «Жақсы сөз – жарым ырыс». Өткенімізден сабақ алып, бүгінімізді дұрыс таразылай білсек, ертеңіміз шынымен де нұрлы болары сөзсіз. Әңгімемізде аз дүние айтылған жоқ. Көргенім мен көңілге түйгенімді шамам келгенше айттым ғой деп ойлаймын. Сынақ өмір болған соң жеке адамдардан бастап, жалпы ұлттың өзіне небір сын сағаттар келіп тұрады. Содан сүрінбей өтуді нәсіп етсін. Ол үшін қазақтың қазаққа қамқор болып, қолдау көрсеткені керек. Бабаларымыз сан ғасыр армандаған тәуелсіздікке біз жеттік. Өз басым осындай елде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Қазақтың пейіліндегі кеңдік пен жүрегіндегі мейірім өшпесе, ешкім де аштан өліп, көштен қалмайды. Тарихи жері, көтеретін Туы, шырқайтын Әнұраны бар Отанда өмір сүрудің өзі бақыт. Осы елде отбасы жылуын сезініп, шаңырақ шаттығына бөленіп келе жатқан жайым бар. Қызылорданың қызын Жетісуға келін етіп, ұл-қыз сүйіп отырған әкемін. Өз салам бойынша ұлтыма қызмет көрсетуді азаматтық парызым деп білемін. Отанымыздың болашағы әрбір отбасында өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесінде. Сондықтан тал бесіктен басталатын тәрбиемізге сызат түсіріп алмайық. Алла баршымыздың жүрегімізге қуатты иман берсін. 

 

ЖЕТІНШІ ІШЕК – ЖЕТІ НОТА.

– Керемет көңіл күйге бөленетін кезіңіз?
– Спорттық жарыстарда Көк байрағымыздың көтерілгенін көргенде және жұмыстан үйге келгенде екі құлыншағымның жүгіріп келіп мойныма асылған сәті.
– Қазақ жігітінің бойынан көргіңіз келетін қасиет?
– Уәдеге берік болу. 
– Кекшілсіз бе?
– Кекшілдік шайтанның сипатынан. Адамға сәжде қылмай Алламен  кектесемін деп жаннаттан қуылған. 
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Отбасыммен бірге болу, достарыммен бас қосу, табиғат аясында қыдыру.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Қазақты сүю, тегіме тіл тигізбеу, әкем мен анамның тәрбиесін ұрпағыма үйрету.
  Атағыңызға арқа сүйеп, әлімжеттілік көрсеткен кезіңіз болды ма?
– Ол ақымақтың істейтін шаруасы. Жүрегімдегі иман – білегімдегі күшіме таразы.
– Байлығыңыз?
– Тәуелсіз елдің әрбір таңын тыныш әрі он екі мүшем сау, отбасы-ошақ қасымда қарсы алу!

 

Жұматай ӘМІРЕЕВ.

Оқи отырыңыз