АНАЛАР БЕЙНЕСІНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

АНАЛАР БЕЙНЕСІНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

    Алмағайып заманда алға ұмтылған, сәтсіздіктер жолықса кеудесін тік көтеріп, қатыгездікке қасқайып қарсы тұрған абзал ана, аяулы жар, өнер саңлағы Бикен Римованың туғанына – 95 жыл! Атаулы күннің әлқиссасы Бикен Римованың есімі берілген қасиетті қара шаңырақтан басталды. 


Болмыс

    Облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының есігін ашып кіргеннен бастап мерекелік леп сезілді. Кітаптардан тізілген көрмеге әр жылдары театр сахнасында ойнаған Бикен апаның суреттері қойылған. Ол жерден Бикен Римованың өзі жазған 1997 жылы «Білім» баспасынан шыққан «Өнердегі өнегелі өмірлер» және 2003 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Өмір белестері» кітаптарын, Зәмзәгүл Әмірғалиеваның «Жетісу – өнер ордасы» сияқты естелік жинақтарды көруге болады. Қоңырқай тартқан құнды суреттерден М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңліктің, «Қарагөздегі» Маржанның, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-анасындағы» Жер-ананың, «Ақ кемедегі» кемпірдің, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майраның, Мольердің «Сараңдығындағы» Элизаның, Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкинаның, Шаяхмет Құсайыновтың «Алдаркөсесіндегі» Меңсұлудың, «Сырымбет саласындағы» Зылиқаның, Иоселианидің «Арбаң аман болсындағы» Касарияның, Әлжаппар Әбішевтің «Достық пен махаббатындағы» Сәуленің, Әбіш Кекілбаевтың «Абылай ханындағы» Батагөйдің, Болат Атабаевтың «Кебенек киген аруларындағы» Гүлжамалдың, арнайы жазылған Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланындағы» Қорланның және өзі жазған «Қос мұңлықтағы» Күнзипа кемпірдің образдарын көруге болады.
     Өнер шаңырағында алдымен «Сахна саңлағы – Бикен Римова» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Кездесуді ҚР Мәдениет қайраткері Жұматай Әміреев жүргізді. Бірінші болып сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: «Бикен апамыз да алдындағы аға-әпкелері сияқты өнер жолына  тума дарынымен келді. Кешегі қазақ театрының іргетасын қалаған Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыровтар ешқандай оқу орнын бітірмеді, олар туабітті талант болатын. Солай өмірге келген. Қазақтың бүкіл болмысын, қалпын бойына сіңіріп, сол арқылы өнерге келген адамдар еді. Ешқандай кәсіби білім алмаса да қазақ театр өнерінде өзіндік бейнелерін, өзіндік орындарын асыл арна қылып салып кеткен. Міне, солардың бір жалғасы ретінде Бикен Римованың театр өнеріне келуі заңдылық», – деді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі Қазақстандағы жалғыз әйел есімі берілген театр Жетісуда екенін айтып, конференция, бейнефильм болмаса «Қос мұңлықпен» шектеліп қалмай Бикен Римова атындағы көркемөнерпаздар оқуын, театр күнін атап өтуді ұсынды.  
    Үлкен тебіреніс үстінде: «Кейде сахна өнеріндегі ұлттық болмыс, ұлттық нақыш, ұлттық кеңдік, ұлттық дарқандық осы Бикен апамдармен бірге кетіп қалмады ма деп ойлаймын», – деп күрсінді Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова. Бикен апамыздың ізін жалғаған асыл анамыздың көзіне келіп тығылған бір түйір тамшы жасты байқамау мүмкін емес еді.       Баспасөз мәслихатының соңын кеш жүргізушісі Жұматай Оспанұлы :
             Тексізі шексіз көбейіп тұрған қоғамда,
             Театр керек маған да, саған, оған да.
             Қалмасын десең рухың мынау боданда,
             Өнерге өмір тілейік біздер одан да, –
деп түйіндеді.

Домбыра

    Конференция аяқталысымен көрермендерге он минуттық қысқа фильм көрсетілді. «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасы қызметкерлері әзірлеген бейнекөрсетілімде санаулы уақыт ішінде Бикен Римованың театр сахнасында, кино әлемінде ойнаған рөлдері туралы айтылып, өмірі жан-жақты қамтылды. Фильмде Қазақстанның Халық әртістері Сәбит Оразбаев, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева Бикен Римованы естеріне алып, естеліктерімен бөлісті. Екі ішекті домбырасын құшақтап отырып сұхбат берген актриса Күнсұлу Шаяхметова: «Қолымдағы домбыраны Бикен апам көзі тірісінде көңілің тарыққанда, жаның жүдегенде, адамдарға қапалы болғаныңда шабытыңды шақыратын шаттығың болсын деп берген еді», – деп тебірене есіне алды. Ал Есмұхан Обаев болса:  «Театр әлемінде өзін-өзі ұйымдастыра білетін, сахнада өзін-өзі жігерлендіре білетін, өзін-өзі қамшылай білетін және өзін-өзі дәріптей білетін «статусный» әртіс», – деген өз бағасын берді.
      Бикен Римованың фильмдегі образдары – кимешек киген, ақ жаулық оранған, тау сілемдеріндей қатпарланған әжімдері өмір іздеріндей көрінетін, кеудесі тола білім-ілім болған аяулы Ана бейнесі. «Менің атым Қожада» Қожаның анасы Миллат, Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірікте» Алтын апа, Ардақ Әмірқұловтың «Абайында» Абайдың әжесі Зере, «Ай астындағы үйде» Шырайдың, «Ұлдың қайта оралуында» Рәбиға ананың образдарын сомдады. 1995 жылы «Абай» фильмі түсіріліп жатқанда Бикен Римованың туған баласы Хасан дүниеден өтті. Басына түскен қиын жағдайға қарамастан түсірлім алаңын тастап кетпей, шыдамдылық пен төзімділік танытқанына сол фильмнің айналасында жүргендер әлі күнге дейін үлкен толғаныспен айтып жүр.  1998 жылы үздік деп танылған Ермек Шынарбековтың 465 сериалы «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясындағы Гүлбибі апаның образы Б. Римованың соңғы рөлі болды. Батылдық пен өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты бойына сіңірген өнер анасының жүріп өткен жолы бүгінде жас ұрпаққа жарқын үлгі әрі үлкен мектеп.
      Б. Римова театрда, кинода қалай жарқырай танылса, отбасында да бәріне үлгеретін қарапайым ана еді. Бұл турасында ұлы Көбей Шахметұлы: «Бәріне үлгеретін еді. Әкеміз кең, жұмсақтау адам болды. Ол кісіден қорықпағанымызбен анамыздан қатты қорқатын едік», – дейді. Қыз балаға ине ұстап, тігін тігуді, саналы адам болып қалыптасуды үйрететін. Ісімерлігі әрі әр нәрсені сәтімен орайластырып жіберетіні туралы Бикен апаның қызы Меруерт-Сағи Шахметқызы: «Бір минут бос отырғанын көрмеппін. Ас әзірлейді, болмаса сүйікті ісі – тігін тігеді. Сахналық қойылымдардағы рөлдеріне байланысты көйлектерін өзі тігіп, бисермен сәндеп, әрлеп отыратын», – деп бала көңіл тебіренеді.
     Бикен Римова – аналар бейнесінің алтын діңгегі. Оған дәлел, фильмдегі ана образдары, өзі жазған «Қос мұңлық» пен «Абай –Әйгерім» пьесаларындағы кейіпкерлер және құрсағынан шыққан үш баланың екеуі айтқан әңгіме. 

Ескірмейтін қойылым

    Алматы облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасынан тоғыз жыл бойы түспей келе жатқан қойылым, апамыздың қаламынан туған – «Қос мұңлық» туындысы. Драманы өзінше, өзгеше жандандырған қоюшы режиссер – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Бикен апамыз бұл драманы 1991 жылы жазды. Драмадағы оқиғалар, көріністер, іс-әрекеттер бүгінде өзінің мәнін, мағынасын жоғалтқан жоқ. Тәлім-тәрбиеге үйретіп, надандықтан жирентетін, жеңіл өмір сүруді мақсат тұтқандарға ой салатын астары мол қойылым.
     Жасы жетіп, жалғыз ұлы Алданның (сомдаушы – Абай Нұғыманов) қызығын көретін шақта, құрсақтан шыққан бауыр етінің ақылсыздығынан қарттар үйін паналауға мәжбүр болған ана. Басты себеп, көреген ананың ұлы үйіне алып келген қыздарын ұнатпауы. Шылымды құшырлана сорып, түтінін аузынан будақ-будақ шығарған Самалдың (Жаңыл Мерсимова) айтқанынан шыға алмай, басы айналып қалған Алдан қолдағы қуыршақтай қимылдайды. Нашақор, дүниеқоңыз қыздың айтуымен Алдан анасына өз қолымен қарттар үйіне жолдама алып береді. Алданның анасы Күнзипа – бір мұңлық. Ал оның көршісі, балаларына сыймаған тіпті, біреуі «өлдіге» санап көзіне де ілмеген, барар жер, басар тауы қалмаған Гүлбарам (сомдаушы – Мәкен Нұрмұханбетова) – екінші мұңлық. Бикен Римова театрымен бірге жасап келе жатқан, кешегі апамыздың ізбасары, жалғасы болған Алмахан Кенжебекова апайымыз Күнзипаның рөлін сәтті алып шықты.
    Сахна үстінен көрерменнің үздіксіз соққан қол шапалақтарын, ризашылықтан әртістерге ұсынған алқызыл гүлдерді үлкен әсермен қабылдап тұрдық.
    Бикен апам оралғандай...

Түйін: Тазарғың келсе театрға бар деген тәмсіл бар емес пе? Бикен Римованың тоқсан бес жылдығы жеке тұлғаның емес, тұтас Алаштың атаулы күні. Ғабит Мүсірепов айтпақшы, хас сұлудың көз жасындай киелі өнер әлемінде құлаштай жүзіп, исі қазақтың құрметіне бөленген нәзік жан бүгінде аналар образының жиынтығы, бүгінгі бойжеткендерге бойтұмар, ізбасарларына темірқазық болып қала береді.

Серік ҚАНТАЙ.

 

Оқи отырыңыз