Табиғатпен төл өскен

Табиғатпен төл өскен

Табиғатынан тынымсыз, талантты, алғыр адамдар болады. Олардың  тәрбие,  тағылымының қоғамға, өмір  сүрген  ортасына  тигізер  пайдасы  орасан. Еліне сіңірген еңбегін жалпы жұрт білетін сондай азаматтың бірі, бізге  етене  таныс бір  жан  туралы көргеніміз бен  естігенімізді, кітаптардан, баспасөзден оқығандарымызды ортаға  салудың  орайы  келіп  тұр.

Бұл  жолғы  әңгіме   сексеннің  сеңгіріне  шыққан  ардақты  ағамыз, Алматы  облысының,  Панфилов,  Ақсу,  Көксу  аудандарының  Құрметті  азаматы, Октябрь  революциясы,  Еңбек  Қызыл  Ту және «Құрмет  белгісі»  ордендерінің,  көптеген  медальдар  мен  төсбелгілердің  иегері, жер  жаннаты  Жетісудың  бірнеше  өңірлерінде  ілкімді  ізі  бар  Ғалым  Тұрғанбаев  туралы  болмақ.
Ғалым  Тұрғанбайұлын  өз  басым  бала  кезден  жақсы  білемін. Жаңылмасам,  1971  жылдың  жазында  ол  біздің  ауылға  отбасымен  көшіп  келіп, сол  кезде  өндірісі  өрге  басып,  атағы  Кеңестер  одағына  таныла  бастаған  Еңбек  Қызыл  Ту  орденді  Киров  атындағы ұжымдық  шаруашылығының  партия  ұйымының  хатшысы  болып  тағайындалды. Алматыдағы  жоғарғы  партия  мектебін  және мал  мамандарын  дайындайтын  институтты үздік  тамамдап  келген  Ғалым  Тұрғанбаевқа  сол  кездегі  атақты,   екі  шаруашылықтың  (Еңбек  Ері  Н. Головацкий  басқаратын  Октябрьдің  40  жылдығы атындағы  және Ы. Қожахметов  жетекшілік  ететін  С. Киров  атындағы кеңшар) бірін  таңдауға  ерік  берілгенде,  ол  осы  біздің  ауылды қалаған  екен.
Ғалекең  ауылымызға  келісімен  елді мекен  ерекше  түрленіп  кетті. Ауыл  мәдениеті  жанданып,  қоғамдық-саяси  жұмыстар  өрледі. Дала  қостары  мен  қырмандарда, ауылдардың мәдениет  ошақтарында  қызықты іс-шаралар  ұйымдастырылып, еңбеккерлердің  жұмысқа  деген  құлшынысы  артты. Ғалекеңнің  жары  Баян  тәтеміз біз  білім  алатын  Алты үй  ауылындағы  орта  мектепте  орыс  тілі  пәнінен  сабақ  беретін. Әсем  тұлғалы, жаны  жайсаң  Баян  Қуандыққызы мектебіміздің  қоғамдық  істерін дөңгелентіп  жібергеніне  сол  кезде  оқушы бала  болсақ  та  таң  қаламыз. Алдымен  мектеп  мұғалімдерінен ұлттық  өнер  ансамблін  құрып, ауыл  сахнасында  өзі  бастап  қазақ  билерін  билеп шығып, өнерпаздарға  халық  әндерін  шырқатқаны  әлі  күнге  дейін  көз  алдымызда.  
Ауыл  тіршілігіне  жарқын  леп  әкелген  Ғалекең  аудан  шетіндегі Басши  шаруашылығына  басшылыққа  жіберіліп,  отбасы  басқа  ауылға  көшетін  болғанда бір  жыл  ауқымында  бауыр  басып,  етене  жақын болып  қалған  ел қимай  шығарып  салған.
    Содан  кейінгі  өмір  жолы, қызметі  Жетісу  жұртына  жақсы  таныс. Көп  ұзамай  жасы  отызға  да  толмаған  алғыр  азамат  Панфилов  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы қызметіне  жоғарылатылды. Ол  Жаркент  өңірі  халқын  басқарған  жылдарда  ауданның  ауылшаруашылық  өндірісі  одақ  көлемінде биік  нәтижелерге  қол  жеткізіп, жыл  сайын жарыс  жеңімпазы  атанып,  мақтаулы  аудандар  қатарынан  берік  орын  алды. Өңір  елді  мекендерінде  жаңа  типті тұрғын үйлер  мен мәдени-әлеуметтік  нысандар құрылысы  қарқындады. Аудан  орталығында  жаңа  Мәдениет  үйінің  ғимараты пайдалануға  берілді. Көп қабатты  тұрғын үйлер  бой көтеріп, аудан  әкімшілігінің  төрт  қабатты  кеңсесінің  құрылысы  тамамдалды.
Тағы  бір  айта  кететін жемісті  жеңісі – ХІХ  ғасырда  сәулет  өнерінің  ерекше  үлгісімен  салынған  мешіт  кешенін  Қазақстан  басшысы  Дінмұхамед  Қонаевқа көрсетіп,   ғажайып  ғимараттың  ел  игілігіне  қайта  ұсынылуына ықпал  етті. 
Ғалекеңнің  қызметі  1976  жылы  Мәскеудің  пәрменімен  Ақсу  ауданының басшылығына  ауыстырылды. Бұл  аудан  сол  кезде  Талдықорған  аймағындағы  өндірісі  туралап  тұрған өңірлердің  бірі болатын. Жаңа  келген  аудан  басшысы  жергілікті  халыққа  егін баптаудың  қыр-сырын  үйретті. Бірінші  хатшымын  деп  шіренбей аяғына  резенке  етік  киіп,  қолына  кетпенін  ұстап, егістік  басында  диқандарға  егін  суаруды  үйреткені  кейіннен  бүкіл  аймақ  жұртына  аңыз  болып  таралды. Алдында  кім  тұрса  да  ақиқатты  айтудан  тайсалмайтын  ол сол  кездегі  облыс  басшысына  күздік  бидайды  орып  алған  соң  орынына  тары  егіп,  бір жазда  егістіктен  екі  өнім  жинаймыз  деген  «тапқыр»  бастамасының  оғаштық  екенін  айтып, «тақсырдың»  тырнағынан  мамандарын  арашалап  қалғаны  да  шындық. Іскер басшының  он  жылдан  астам  өмірі  осы  Ақсу  өңірінде  өтті. Бойда  қаны,  ойда  парасат  пәрмені  тасыған  қырық  жастың  қайратын  қасиетті  Ақсу  жұртының жан-жақты  өсіп-өркендеуіне  жұмсады. Осы  өңірде  жұмыс  істеп  жүргенде  қапияда  келген  сұм  ажалдың  тырнағына  іліккен аяулы  жары  Баянынан  айырылды. Одан  кейін қазіргі  Көксу  ауданында  бірер  жыл  бірінші  хатшы  болып  жұмыс  істеген  Ғалым  Тұрғанбаев  елге  оралып,  өзі  бұрын  басшылық  еткен  «Басши»  кеңшарын  қайта  қолға  алды. Осы  ауылда 1989  жылы  Алтынемел  мемлекеттік  ұлттық  табиғи  қорығын  құрды.
Ғалекеңнің  жасы  сексенге  толған  мерейлі  сәтінде  ол туралы  айтылар  жақсылықтар  аз  емес. Алайда  оның  Алтынемел  мемлекеттік  ұлттық  табиғи  қорығын қалай  құрғанына  ерекше  тоқталу  жөн  деп  таптым. Той  қарсаңындағы  кездесуімізде  де Ғалекеңнің  әңгімесі   қорықтың  құрылу  жайына орала  берді...
1989 жылы Гвардия ауданының орталығы Қоғалы ауылында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат Ұзақбай Қарамановпен кездесу өтті. Бұл кездесуге Кербұлақ ауданынан жүзден артық сайлаушылар қатысты. Ұ. Қараманов сайлаушыларды өзінің бағдарламасымен таныстырып болғаннан кейін сөйлеушілерге кезек  берілгенде «Басши» совхозының директоры Ғалым Тұрғанбаев: 
– Ұзақбай Қараманұлы,  Іле өзенінің бойындағы тоғайлар иесіздік  пен  икемсіздіктің  салдарынан өртеніп, ондағы  сирек кездесетін өсімдіктер, әсіресе «Қызыл кітапқа» енгізілген тораңғы, сексеуіл ағаштары отқа оранып, сонымен бірге  жабайы жануарлар мен құстарға орны толмас зиян келтірілуде. Өртті өшіріп жатқан ешкім жоқ. Сонымен бірге мен басқарып отырған шаруашылықтың жерінде, сондай-ақ  25 мың гектар жерді алып жатқан көршілес «Қапшағай аң қорығында» қазақ жерінде қазір сирек кездесетін аңдар, қарақұйрық,  арқар, тауешкі және басқа жыртқыштар  мен құстар сақталып қалған. Соңғы кезде осы аңдарды браконьерлер  күндіз-түні атып, аяусыз қырғынға  ұшыратуда. Егерде дереу шара қолданылмаса тау-тас, даламыз тірі жәндіксіз құлазып қалатынына көзіміз жетіп отыр. Ата-бабамыздан қалған табиғат байлықтарын сақтап, қорғап  келер ұрпақтарымызға қалдырмасақ онда кім болғанымыз? Туған  табиғатқа  сүйспеншілік сезімнен жұрдаймыз ба? Ал, егер де осы табиғат сақтау ісін бізге,  жергілікті тұрғындарға тапсырсаңыздар,  тоғайларды, сай-саланы жалмап  жатқан өртті қол астымдағы халықты, техникаларды жұмылдырып бірер күнде өшірер  едік. Сонымен бірге  тау-тасында, даласында күндіз-түні мал бағып жүрген шаруаларды табиғатты сақтау, аң қорғау ісіне тартсақ. Сондықтан мен басқарып жүрген шаруашылықтың және төңіректегі  көршілес шаруашылықтардың жерінен құрастырып, Ұлттық табиғат қорығын құрудың кезегі  келгенін сіздің  алдыңызға  шұғыл  шешімін  күткен мәселе  ретінде  қоймақпын, – деген  ұсыныс  айтқан. 
– Ғалым Тұрғанбайұлы,  2–3 күннен кейін Үкімет үйіне келіп маған жолығыңыз. Көтеріп отырған мәселеңіз  өте орынды әрі күрделі, бәрімізге, халқымызға қажетті тың бастама  екендігі  айдан  анық, – деп Үкімет  басшысы кеңшар  директорын қолдады. 
Айтылған  уақытта Ғалым Тұрғанбаев Үкімет үйіне барды. Министрлер  Кеңесінің  төрағасы  оны бірден қабылдап, бөлім басшыларымен кеңесіп, Ұлттық паркті құру үшін қандай құжаттар дайындау керектігін анықтап, қорыққа  қамтылатын жер мәселесін жергілікті халықтың келісімімен шешу жөн екендігін түсіндірді. Содан кейін Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағымбек Тұрсыновқа  телефон  арқылы «Басши»  совхозының  директоры өте маңызды мәселе көтеріп отырғанын айтып, қорықты  құруға  қажет құжаттар дайындауға  көмектесуді  тапсырды. Ұлттық табиғи  қорық құру үшін Ғалым академиясы мен Экология және биоресурстар министрлігінің келісімі қажеттігін  де ескертті. 
Сонымен Үкімет басшысы жаңадан құрылатын мемлекеттік Ұлттық табиғат паркінің негізін қалайтын техникалық-экономикалық құжаттарын дайындауды Талдықорған облыстық атқару комитеті мен  «Басши» совхозының дирекциясына жүктеді. Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы    С. Тұрсынов Ұлттық табиғат паркін құру, ұйымдастырудың күрделі жұмыс екенін, оның жеңіл жолмен  шешілмейтінін  айта  келіп: «Өз қызметімді пайдаланып аудан, шаруашылық басшыларына жаңа  құрылатын Ұлттық табиғи  қорыққа жер бөліп беріңдер деп  тапсырма бере аламын, қорыққа  қажетті жерді бөліп беру үшін сондағы тұрғындардың, шаруашылық, аудан басшыларының келісімі керек. Бәрі  ойлағанымыздай  болып,  жер  мәселесі  оң  шешімін  тауып  жатса бөлінген жерлерді заңдастыруды облыстық жер комитетіне тапсырамын. Сонымен бірге жаңадан  құрылатын Ұлттық парктің ережесін, шекарасын белгілеу, атауын нақтылау өзіңізге жүктеледі», – деді.
Осыдан кейін Ғ. Тұрғанбаев күндіз-түні шапқылап жүріп іргелес  Панфилов,  Кербұлақ  аудандарының болашақ  қорыққа  жері  енетін  бес шаруашылығындағы халықты үгіттеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға қорық  құрудың маңызын  жетесіне  жеткізе  айтып, «Ата-бабаларымыздан бізге  мұра  болып  қалған табиғат  байлықтары мен ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпағымызға қалдыру біздің азаматтық борышымыз емес пе» дегеннен кейін жергілікті тұрғындардың көпшілігі бұл  бастаманы қолдап,  келісімдерін берді. Бұл мәселенің аса  күрделенбей жеңіл шешілгені  алдымен  Ғалым  Тұрғанбаевтың  адалдығы  мен  іскерлігіне деген ел  сенімінің  жемісі болғаны  даусыз. Сонымен  қатар іргелес екі ауданды басқарып жүрген адамдардың Ғ. Тұрғанбаевпен бұрыннан жақын, сырлас болып жүргені  де  игі  ықпалын  жасады. Шаруашылықтардың басшылары да Ғалекеңді  риясыз  сыйлайтын.
Сонымен болашақ Ұлттық қорықтың  жалпы көлемі 460 мың гектар болып белгіленді. Оған Панфилов ауданынан 145 мың гектар жер  берілді. Осы ауданның Нұрсейіт  Сауранбаев  басқаратын «Гвардия» совхозынан 66 мың гектар, Сүлеймен  Көшкінов  жетекшілік  ететін «Октябрь» асыл  тұқымды  қой совхозынан 79 мың гектар,  сол  кезде Тілеужан  Сарықұлов  басқаратын  Кербұлақ  ауданынан  жалпы  290 мың гектар жер  берілді. Соның ішінде Сағатбек  Кертаев  басқаратын «Қарашоқы» совхозынан 16 мың гектар, Халық  Байәділов  жетекшілік  ететін Амангелді атындағы колхоздан 37 мың гектар, Төленді  Сарыбаев  басқаратын Шоқан колхозынан 15000 гектар, Ғалекең  өзі  басқаратын «Басши» совхозынан 220 мың гектар, Қапшағай мемлекеттік  аңшылық-қорық  шаруашылығынан 25 мың  гектар  жер бөлінген  болатын. Бұл  істің  өрістеуіне  кейін  Панфилов  ауданының  алғашқы  әкімі  болып  тағайындалған марқұм  Әділшайық  Ыбраймолдаев та  айтарлықтай  қолғабыс  жасады.
Қандай  да  тың  бастама оңай  жолмен  шешілмейді. Соған  бір  мысал  айта  кетсек, Ғылым академиясы мен Экология және биоресурстар министрлігінен Ұлттық парк құруға келісім алу оңайға түскен жоқ. Олар «Ешқашан шаруашылық басшысы Ұлттық табиғат паркін құрған емес, бұл мәселе тек қана Үкіметтің құзырында шешіледі», – деп маңайларына жолатқысы келмеді. Олардың әрқайсысының  басшыларына жеке-жеке кіріп, «Табиғат қорғау ісіне жергілікті халықты жұмылдырсақ, айлап өртеніп жатқан сай-сала, тоғайлар көптің күшімен өшіріледі. Тау-таста малын бағып жүрген адамдарды жануарлар әлемін сақтауға тартсақ, қасақана аң атушылыққа тосқауыл қоюға болады. Сол адамдар менің, совхоз директорының қол астында тіршілік жасап жүр, сіздер неге қарсы боласыздар? Мен сол жерге жеке басыма шаруашылық құрғалы жүргенім жоқ. Мен өзіме  үлкен жұмысты арқалағалы отырмын. «Мемлекеттік ұлттық қорығын  құрып, жылдан жылға жойылып бара жатқан табиғат құндылықтарын  ұрпаққа, оның ішінде сіздердің де бала-шағаларыңызға тарту  етсек, олар табиғат  тамашасын көріп өз жерінің  байлығымен мақтанбас па  еді», – деп Ғылым  академиясына 4 рет, Экобиоресурстар министрлігіне 5 рет кіріп әрең келісімдерін алған. Егерде Ғ. Тұрғанбаев 1990 жылы Жоғарғы  Кеңестің депутаты болып сайланбаса бұл  келісімдерді ала алмауы да мүмкін еді...
Сонымен құрылатын Ұлттық парктің ережесі жасалып, жер жөніндегі құжаттар заңға сәйкестендіріліп, Ғылым академиясы мен Экобиоресурстар министрлігінің «Ұлттық парктің» құрылуына берген келісімдерін қосып, 1990 жылы желтоқсан айында Үкіметке тапсырылды.
Үкімет басшысы Ұ. Қарамановтың тапсырмасымен, Талдықорған облыстық атқару комитетінің шешімімен Ғалым Тұрғанбаев «Алтынемел Ұлттық табиғи қорығының» уақытша дирекциясының басшысы болып тағайындалды. Сонымен Ғ. Тұрғанбаев 1991-жылдан 1996 жылға дейін бірден «Басши» совхозының директоры және Алтынемел Ұлттық табиғи  қорығының алғашқы бас директоры қызметтерін атқарып келді.
«Алтынемел мемлекеттік Ұлттық табиғат паркінің» уақытша дирекциясы құрылғандығы жөнінде 1991 жылғы 10 сәуірде Үкімет басшысының     № 59 өкімі шығарылды. Яғни, бұл парктің құрылған мерзімі  1991 жылдың 10  сәуірі.
Бүгінгі таңда қорық  туралы  жазылған  кітаптар  мен альбомдарда «Алтынемел мемлекеттік Ұлттық табиғат паркінің құрылғаны 10 сәуір 1996 жыл» деп көрсетіліп, еш жерде оны құрған Ғалым Тұрғанбаевтың аты аталмайтын  көрінеді. Осыны көріп, естіп жүрген көршілес  екі  өңірдің  тұрғындары келеңсіздікке өз нараздылығын білдіріп, мұндай қиянатқа жол бермеу керек екенін ашық айтып жүр. 
Өмірі  әділдік  жолында  күреспен  өтіп  келе  жатқан  абыз  ағамыздың  өкпесі  орынды. Өткенсіз  келешек  жоқ, алдындағы  ағасының  еңбегін  мойындап,  оған  лайықты  бағасын  беру жаны  адал  азаматтардың  абыройлы парызы. Талдықорған облысын басқарған Серік Ақымбеков 1995 жылы орталық теледидарға берген сұхбатында «Ғалым Тұрғанбаев алдына қойған мақсатына табиғатқа деген  сүйіспеншілігі, батылдығы, қайсарлығының арқасында жетті. Ғалым Тұрғанбаев болмаса  Алтынемел мемлекеттік  ұлттық табиғи қорығы болмас еді. Шырайлы Жетісудың бір алқабындағы  өте құнды табиғат байлықтарын жоғалтып алар едік», – депті.
Міне, бүгінгі  таңда 80 жасқа толып отырған ақсақалдың еңбегі осылай бағаланғаны  жөн. 1995 жылы Ғ. Тұрғанбаевтың үстінен түскен шағымды тексеруге  Елбасының тапсырмасымен Үкімет басшысының орынбасары Ғалым Әбілсеитов бастаған  салиқалы  комиссия  қорыққа арнайы  келген. Мұндағы  жүзеге  асырылып  жатқан  жұмыстардан  кінәрат  таппай, табиғат  аясын  тексергенде тау ішінде бір жерде бөгде адамдардан  үркіп,  қашпай жайылып  жүрген 400-ге жуық тауешкіні көркенде «Ұлттық  қорықтың  директоры Ғалым  Тұрғанбаев  достарын алып келіп, жабайы аңдарды атып, жойып жатыр», – деп  жазылған  шағымның  жала  екендігіне арнайы  құрылған комиссияның  да  көзі  жеткен. 
Бүгінгі таңда «Алтынемел»  мемлекеттік ұлттық табиғи  қорығы еліміздегі  ең  ірі  қорықтардың  бірі  болып  табылады. Мұнда соңғы  санақ  бойынша 3000-нан артық құлан, 4000-ға  жуық қарақұйрық, 3000-нан артық тауешкі және басқа да аң бар. Жылда 1000-нан астам шетелдік туристер келіп-кетеді. Мұнда жергілікті тұрғындардан 150 адам жұмыспен қамтылған.
«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи  қорығының қазіргі жалпы аумағы 520 мың гектардан астам. Қорық жыл өткен сайын жер көлемін кеңітіп, қызмет ауқымын да сан салада дамытып келеді. Қорықтың инфрақұрылымын заман талабына сай дамытудың бас жоспары жасалған. Соған сәйкес оның жалпы аумағы қорықшылардың тұрақты күзетіндегі 4 аймаққа бөлінген. Оның алғашқысы 54 мың гектардан астам аумақты алып жатқан жануарлар мен өсімдіктерді ерекше ереже бойынша қорғайтын аймақ. Екіншісі экологияалық қалпына келтіру аймағы, оның да белгіленген жер көлемі алдыңғысына жетеқабыл.  Үшіншісі – туристік қызметті өркендетуге бағытталған өңір, бұған 12 мың гектардан астам аумақтағы табиғи, тарихи ескерткіштер бар жерлер енгізілген. Ал соңғысы 141 мың гектар жердегі шектеулі шаруашылыққа пайдаланылатын жерлер. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен «Алтынемел» ұлтық қорығының құрамына Балқаш көлінің жағалауындағы жалпы көлемі 509,4 мың гектарды қамтитын мемлекеттік тапсырыстағы аймақ енгізілген. Бұл аймақ та қорықшы инспекторлардың тұрақты бақылауына алынған. 
Қорықта жабайы табиғатты қорғау мен туризм сәтті үйлестірілген. Сонымен қатар қорықтың аң, құстарды азықпен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылығы, жабайы табиғатты ғылыми жүйеде зерттеп, дамыту бағытындағы  сараптау, зерттеу  орталығы  жұмыс  жасайды.
Міне,  осындай  туған  жер  табиғатының  мәйекті  бір  бұрышын  сұқ  қолдардан  сақтап,  қордалы  қорық  құрып, ел  игілігіне  айналдыруға  бастамашы  болған,  аймақ  жұртының  ардақтысы  Ғалым  ағамыз  осы  ақпан  айының  басында  сексен  жастың  сеңгіріне  көтерілді. Қадірлі  ағамызды осынау  қуанышымен  шын  жүректен  құттықтап, отбасына  амандық, бақыт,  өзіне  ұзақ  ғұмыр  тілейміз.

Мырзағали  Нұрсейіт,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Оқи отырыңыз