Отызында орда бұзған

Отызында орда бұзған
Жер жаннаты Жетісудың ең бір ғажайып аймақтарының бірі, көрген жанның көз жауын алатын, айдынында ақ шағала қалықтаған Алакөл бұл күндері талайға таңдай қақтыратын мекенге айналды. Сол өңірде Екпінді деген шағын ауыл бар. Осы бір алақандай ауылдан арман жолына түскендердің қадамы қашанда жаман болмаған. Екпіндіде ержеткен Мұхтар Байбатшанов та ауылдың тірлігі мен тынысын терең білетін азамат болып есейді. Мектептен кейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығын меңгеруге жүрек қалауымен бет бұрған. Бұл оқуды қазақ тобында бірінші болып қызыл дипломмен тамамдады. 
Мақаланы бірден осылай бастаудың да өзіндік себебі бар. Расында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұрт нарықтық экономикаға көшіп, өндіріс тоқырап, шаруашылық күйреп жатқанда адамдардың арман-мұраты да үлкен өзгерістерге ұшырады. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында ғылымда жүрген талай адам күнкөрістің қамымен ғылыми жұмыстарын тастап, саудаға бет бұрды. Соның кесірінен қазақтың ғылымы орны толмас зардап шекті. Дей тұрғанмен, алған беті мен таңдаған жолынан айнымаған жанкешті азаматтар да болды. Сол қатарда Мұхтар Қасенұлы да білімін одан ары шыңдап, биікке өрлей түсті. Ұстаздары Тілектес Есполов пен Болатхан Махатовтың жетекшілігімен құс шаруашылығы, соның ішінде қарапайым бөдене жайында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, бөдене өсірудің қыры мен сырын меңгеруге талпынды. Осы арқылы бөдене өсіруге бет бұрған шаруашылықтардың көбеюіне өзіндік үлесін қосты. Қазақстанда ең алғаш бөденені кәсіби тұрғыдан зерттеген Мұхтар Қасенұлы әлі күнге Қазақстандағы құс шаруашылығын өркендету үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектеніп жүр.
Мұхтар Қасенұлының қызметтік баспалдақтары да осы оқу орнының табалдырығынан бастау алды. Осындағы физиология және морфология кафедрасында ассистент болып жүрген кезінде келешегінің кемелді екенін танытты. Сөйтіп, білімін одан әрі жетілдіру мақсатымен үшжылдық аспирантураны оқып бітіреді. Білім мен ғылымның шеті мен шегі жоқ екендігін жақсы түсінген ол «Жергілікті бөдене популяциясының өнімділік қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, алдындағыларын аз көріп, үш жылдық күндізгі бөлімнің PhD докторантурасын бітіріп алады. Осы жылдар аралығында «Аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының, «Мал және балық шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедраларының ассистенттігін абыроймен атқарады. Оны ғылымда өзіне лайық сара жол салуды бекем ұстаным етіп алған жаңашылдығы бар ғалым деп айтуға әбден болады. 
 Оған дәлел ретінде мына деректі айта кетуге болады. Мұхтар қат-қабат ұстаздық жұмыс пен ғылыми ізденудің арасында уақыт тауып,  70-тен аса ғылыми еңбек жазумен қатар «Бөдене өсіру ерекшеліктері», «Перепеловодство», «Биология разведение перепелов», «Птицеводство», екі томдық «Қой және ешкі өнімдерін өндіру технологиясы», «Каракулеводство», «Ара шаруашылығы», «Общая зоотехния», «Частная зоотехния», «Қоян шаруашылығы», «Нетрадиционное птицеводство Казахстана» атты оқулықтар мен оқу құралдарын және бірнеше әдістемелік нұсқаулықтарды жазуға атсалысты. Орда бұзар отыз жасында осындай биіктіктерді бағындыруының өзі жастық жігері мен қайратының тасқындап тұрғанын көрсетті.   
Атам қазақ «жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған ғой. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовтың қолдауымен 2003 жылы жарық көрген «Мен қонақпын» деген өлеңдер жинағы оның осындай да бір қырын айғақтайды. Сол жылы «Мәңгілікке тілейтін тілегім бар» атты жыр кеші де өтті. Он шақты әні де бар. Туындыларын елімізге танымал әншілер орындап жүр. Оның тағы да бір қыры бар. Яғни, спортты Мұхтардың сенімді серігі десе де болады. Содан кейін де ол спорттың қайсы түрінен болсын алдына жан салмайды. Шып-шымыр болып жүргені де соның арқасы. 
Мұхтар елімізге бөдене өсіруді зерттеуші ғалым ретінде танымал. Расында, бөдене шаруашылығы Қытай мен Үндістанда, Жапонияда керемет дамыған. Тіпті ол елдерде бөдене зерттеумен айналысатын  арнайы ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар құрылған. 1966 жылы Киевте құс шаруашылығы бойынша бүкіләлемдік конгресс өткізілгеннен кейін Кеңес одағында да бұл сала дами бастады. Бөдене жұмыртқалары диетатерапияда кеңінен қолданылады. Оның емдік қасиеттері адам баласына ертеден-ақ белгілі болған. Бөдене медицина саласында демікпе, созылмалы өкпе ауруын, туберкулезді, созылмалы гастрит, асқазан ауруын, өт іркілетін қалта ауруы мен өт жолдарын, жүрек-қантамырларының жетіспеушілігін, бронхит, қаназдық және сәуле ауруларын емдеуде қолданылады. Оның жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында ең қат өнім саналады. Оның адам терісін жақсартуда зор пайдасы бар. Шетелдік биоөндіріс саласында бөдене жұмыртқасының негізінде әртүрлі бетперделер мен кремдер шығарылады. Табиғатта ешқашан бұзылған бөдене жұмыртқалары болмайды. Себебі оларда микрофлораның дамуына кедергі болатын аса құнды амин қышқылы – лизоцим бар. Иә, осы бір жұдырықтай құстың өнебойы толған дәрумен екені таңдандырады. Сол қасиеттерді қаракөздеріміздің арасында алғашқылардың бірі болып зерттеген жас ғалымның еңбегі осы сала мамандарының қолдауына ие болды. Мұхтар бөдене өсіруді насихаттаушы ғалым ретінде биік мінберлерде ойымен бөлісіп, басқалардың жаңа жол ашуына түрткі болды. Нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде бөдене өсірумен айналысатын шаруашылықтардың қатары күн  өткен сайын көбейіп келеді. Демек, осы жетістікке жетуге Мұхтар Қасенұлының үлкен ықпалы болғанын атап айтуымыз керек. 
Мұхтар өзінің кіндік қаны тамған Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылына жиі ат ізін салып тұрады. 2015 жылы Мұхаң мектеп бітіргеніне 20 жыл толған кезде Алматыдағы тәлімбақтардан 25 көшетті апарып, өзі білім алған мектебінің ауласына отырғызған еді. 2016 жылы Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толған мерейтойы кезінде де қарап қалған жоқ. Мектеп пен балабақшаның іргесінде желкілдеп өсіп келе жатқан алма ағаштарының қасына тағы да 100 түп көшет әкеліп отырғызды. Осы бір игілікті істі әдетке айналдырған азамат биыл тағы да 200 түп жеміс ағашының көшетін отырғызғанда Екпіндісін мәуелі Иран бағына айналдыруға толықтай бекінгенін байқағандай болдым. Өз кезегінде ауыл жастары да абзал ағаларының игілікті ісін іліп әкетіп, Байбатшанов отырғызған бауды барынша күтіп, баптап келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жас болса да жалынды істерімен жұртшылық ықыласына бөленіп жүрген жас ғалым Мұхтар Байбатшановты бүгінде жерлестері мақтан етеді. Ал ғылым жолына жаңа қадам басқан жастар үлгі тұтады. Аға буын ғалымдар дарынды ізбасар ретінде бағалайды. Қысқасы, ел мен жұрт құрметтеген жігіттің алдағы жетістіктерінің де аз болмайтыны анық.
 
Қажет АНДАС
 

Оқи отырыңыз