Халқының қалаулысы

Халқының қалаулысы

Ауылына, ел-жұртына адал қызмет етті.  Жас кезінен  табандылығымен көзге түсті.  Еш қиындықтан  қашпады, қорықпады. Ешкімді алдамады, арбамады. Соның нәтижесінде ел-жұртының алдында абырой, беделге ие болды.  Жанатбек  Құрмашев бүгінде пайғамбар жасы 63-ке келді.  Үлкен-кішінің алдында  жүзі жарық, мерейі үстем.  

Еңбектегі баспалдағы «Өркен» комсомол  жастар бригадасынан бастау алыпты.  Жалындаған жастар мал басын көбейту үшін арнайы құрылған бригадада еңбек етті.  Болайын деген баланың маңдайы қай ортада да жарқырап тұрады. Молдабайдың Жанатбегі көпшіліктің назарына  еңбекқорлығы және  малсақтығымен ілікті.  Малдың баққанға бітетінін түйсініп, жайына қаныға бастады. Төрт түлік қоңды болғанда өседі.  Күйі келіспесе көтеремге айналады.  Саулығы арық болса, сызда жатса іш тастайды. Ендеше, қой қоңды  болу үшін  өрісі отты, қорасы жылы болуы шарт.  Жұқпалы ауруларға қарсы екпе де уақытында жасалуы тиіс.  
Жас жігіт мал мамандарының қасынан қалмай жүріп Шопаната түлігін өсірудің осындай қыр-сырына қанықты. Бір байқағаны, арнайы білім алмаса, еріп жүріп үйренген тәлім аздық етеді екен. Осылайша ол Талдықорғандағы зоотехникалық-малдәрігерлік  техникумына түсті.  Білім шаңырағынан «Зоотехник-ұйымдастырушы» мамандығын меңгерді  деген жазуы бар диплом алып шықты.  Енді ол басқалармен терезесі тең маман. Ойын айтуға, ұсынысын бүкпесіз жеткізуге құқылы. Осыны түсінген жас маман  ауыл басшыларына қылшық жүнді қойдың орнына  биязы жүнді мал өсірудің тиімділігін жеткізіп, сөзін нақты мысалдармен дәлелдеді. Басшылар орынды ұсынысты құп көрді. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой» демекші, жас маманның  ұсынысы, тың пікірі  ауылшаруашылық мамандарын ойландырды.  Әрқайсысының санасына  «болатын бала» деген ой ұялады.  
Жас маман комсомол-жастардың бригадасын ұршықша иіріп басқарды. «Жас келсе – іске» дегендей, шаруа шалқып шыға келді.  Аудан басшылары да жігерлі жас жайлы естіп, білді.  Ұйымдастырушылық қасиеті мен күш-жігері  үйлесіп тұрған  маманға бұдан да  жауапты міндетті сеніп тапсыруға болатынын байқады.  Осылайша, Жанатбек Құрмашев Көкжиде ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынылып, бұл орайдағы міндетін де мінсіз атқарды.  Бірақ, осы кезде мал маманы тапшылық етті. Сондықтан Жәкеңді басшылар қайтадан мал шаруашылығын басқаруға жұмсады.   
Тоқсаныншы жылдары одақ ыдырап, шаруашылықтар  қараусыз қала бастады. Тоқырау басталып,  кеңшарлар мен ұжымшарлардың күйі кетті. Осы кезде аудан басшылары кооперативтерді сақтап қалуға күш салды.  
Өңірдегі  ірі шаруашылықтың бірі – «Мұқан Төлебаев» өндірістік кооперативі. Онда техниканың бірнеше түрі бар. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан шаруашылыққа мықты басшы тағайындау қажет болды. Бәрі бірауыздан  Жанатбек  Молдабайұлын   ұсынды.  
Кооперативте барлығы 130 адам тіркелген.  Солардың барлығын  еңбекпен қамту үшін 400 қой мен 150 сиырдан басқа балық шаруашылығымен де шұғылдануына тура келді.  Бұл бастамалары дұрыс болып шықты. Балық аулап, сатудан түскен қаржы айлық еңбек  ақыны төлеуге септік етті.   Бұл ауыл азаматтарының сын сағатты бастан өткерген шағы болатын. Бала-шағаға қарайласпаса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдеспесе болмайды. Әсіресе, ас-су мен  қыстық отын жағы қиындық тудырды. Сол кезде  Жанатбек сынды азаматтар жылағанға демеу, сүрінгенге сүйеу бола білді.  Әлеуметтік нысандарды ұстап тұруға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбей қалған кезде ауыл мектебін жылумен қамту үшін жаңа пеш салу керек болды. Сол кезде  ел ағасы Жанатбек Молдабайұлы ойланбастан кооператив қаржысына үш жаңа пеш салғызды. Осылайша, балалар бір күн болсын  оқудан қол үзбеді. Заман өзгергеннен кейін кооперативтің жекеменшікке өтіп кетуіне байланысты Жанатбек Молдабайұлы төрағалықтан босады. Дегенмен көпшілікке сыйлы азамат жұмыссыз қалған жоқ. Сол жылдары жеке адамдардың жауапсыздығынан Лепсі өзенінің бойындағы орман алқабы бірнеше рет өртке оранған болатын. Сонда Жәкең бастаған ауыл азаматтары елдің басын біріктіріп, табиғат байлығын аман алып қалды.  Басшылар енді табиғат жанашырын «Бөрлітөбе» орман шаруашылығының бас аңшысы қызметіне тағайындады. Кейіннен Сарқан аудандық орман шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары міндетін атқарды. Бүгінде ағамыз сол бөлімнің басшысы.  
Балқаш көлінің жағасындағы  86 мың гектар орман алқабы мен 4 мың гектар сексеуілді аймақты қору үлкен жауапкершілікті талап етеді.  Сонымен қатар, мұнда сирек кездесетін өсімдіктер – тораңғы, жиде, шеңгел өседі.  Бірқазан, қырғауыл, үйрек, қаз секілді құс түрлері  табиғаттың сәнін келтіруде. 
Бір жылдары сексеуілді оңды-солды отап, түбірімен қопарып, жинап әкету белең алды.  Соның салдарынан сексеуіл алқабының көлемі  қысқарды. Бүгінде Жанатбек  Молдабайұлы бағалы өсімдікті қорғауға, оны көбейтуге көңіл бөлуде. Нәтижесінде алқап көлемі ұлғайды. Осынша алқапты күтіп-баптау үшін штаттағы 3 адам  аздық етті.  Табиғат байлығын кейінгі ұрпаққа қалдыру үшін көп жұмыс атқару керек. Жәкең мұның барлығын жоғары жаққа жеткізіп, дәлелдей білді. Нәтижесінде бүгінде шаруашылықты қалпына келтіріп, сақтауға 49 адам жұмылдырылуда.  
Халық көкейде жүрген ой-арманын билік басындағыларға депутаттар арқылы жеткізеді.  Сондықтан, депутат шын  мәнінде елдің арасынан шығуы тиіс.  Жерлестерінің жағдайын ойлайтын, жаны ашитын адам халықтың да қалаулысы атанады. Аудан тұрғындарының депутаттыққа  Жанатбек Молдабайұлын ұсынуының да сыры оның үлкен адамгершілігінде жатыр. Ол көптің жағдайын әрдайым ойлап жүреді. Қиын-қыстау жылдары жайлы жер іздеп кеткен жоқ. «Ұлы тойды»  ел-жұртымен бірге көрді. Жыртығын жамасты. 
Адамның бойындағы жақсы қасиет әкенің қаны, ананың сүтімен берілетіні сөзсіз.   Әкесі Молдабай қырық жылдан аса  мал бағып, шаруашылық  байлығын тасқындатқаны үшін атақ-абыройға бөленген.   Еңбек Қызыл Ту және  «Құрмет» ордендерінің иегері атанған жан. 
Бәзила ана екеуі өсірген балалар  ата-ана үмітін ақтап, егеменді елдің қабырғасына бір-бір кірпіш болып қаланды.  Әуесбегі – дәрігер, Кеңесбегі – экономист, ал Болатбегі  еліміздің ауылшаруашылық саласына еңбек сіңірген жауапты маман.  Болатбек  Еңбек даңқы орденінің иегері. Әулет мақтанышы. Өзінен кейінгілерге сүйеу болып келе жатқан асқар тау.   
Кезінде ауылдастары Бәзилә апаны көпке айтатын тілеуіне орай  «Май жауғыр» деп атап кеткен екен. Алтын құрсақ ана шынымен де соңына май жаудырды.  Ұрпағы аман-есен. Үбірлі-шүбірлі. Көпке үлгі. Бақуатты өмір кешуде. 
Біздің кейіпкеріміз Жанатбек Құрмашев Сарқан ауданының Құрметті азаматы. Жары Қарлығаш екеуі  ұлағатты ұрпақ өсірді.  Ауыл-аймаққа сыйлы жан мәнді ғұмыр кешуде.  Ендеше,  елімен біте-қайнасқан ерлі-зайыптының көрер қызығы алдағы уақытта да  көп болсын деп тілейік. 
 

Гүлжан ТҰРСЫН

Оқи отырыңыз