Темірқазық

Темірқазық

«Ер – туған жеріне» деген халық даналығы адамның іңгәлап дүние есігін ашқанынан өмірінің соңына дейін санасынан өшпеуі тиіс. Иә, кіндік қаның тамып, ержеткен өлкең қашанда ыстық. Осы тұрғыда Отаннан асқан ұлы ұғым жоқ. Ал мемлекеттің дамуына үлес қосып, жатса да, тұрса да еңбек ету барлығымыздың ортақ борышымыз. Осы міндетін адал атқарып, ел ағасына айналғандардың қатарында Рахымжан Наурызбаевтың есімі ерекше аталады.

Техника ғылымдарының докторы, машинатану мамандығы бойынша профессор Рахымжан Қажыкеұлы 1955 жылдың 22 наурызында Ескелді ауданы, Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылда өмірге келді. Қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда күн кешіп, қарапайым отбасында ержетті. Әкесі Қажыке Наурызбаев пен анасы Нұрила Жидебаеваның тәрбиесінде өсіп, бала кезінен зерек, оқуға бейім болып дағдыланды. Кішкентайынан адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірді. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, қайтып келген соң елінің оңалуы үшін еңбек етті. Мектеп директоры, ұлағатты ұстаз болып, ұрпақ тәрбиеледі. Ортада өзін ұстау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді қағидалармен баптады әкесі. «Қандай дәрежеге көтеріліп, жетістікке жетсем ол әкемнің ықпалы. Тазалық сақтайтыны соншалықты, киіміне кір жуытпайтын және онысын әрдайым қайталап айтып отырып, бізден де талап ететін», – деп еске алады Рахымжан әкесін. Ал анасы болса Социалистік Еңбек Ері. Өз кезінде өңірдің шаруашылығын дамытуға ықпал етіп қана қоймай отбасына да үлкен мән беріп, бала-шағасының өсіп-жетілуін жіті қадағалаған абзал жан.
«Тегіне тартпай ұл тумас» демекші, Рахымжанның арғы бабасы – Ескелді Жылгелдіұлы. Қазақтың атақты батыры, ел бастаған көсемі әрі қара қылды қақ жарған би-шешені. 12 ата Жалайыр, оның ішінде Сиыршы атасынан тараған Ескелді би Төле бидің қызы Ұланбикеден туады. Сондықтан да болар, одан тараған ұрпақ қай салада да топ жарып, көш бастады. Рахымжан Наурызбаев та текті жерден тамыр жайғанын мақтан тұтады әрі жер жаннаты Жетісудың бұлағынан су ішіп, қырында тай-құлындай тебісіп өскенін Алланың берген өлшеусіз сыйы деп ұғады.
Рахымжан Қажыкеұлы 1972 жылы Матай Байысов атындағы орта мектепті жақсы көрсеткішпен бітіріп, келешекте техникалық салаға бет бұруды жөн санайды. Онысына «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ата-анасы ақ батасын береді. 1973 жылы арман қуып Алматы қаласына аттанады. Ол кезде оқуға түсу оңайға соқпайды. Талап жоғары, білімділер ғана сүттің бетіне шыққан қаймақтай оза шабатын. Бағын сынаған ол Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына тапсырып, тірнектеп жинаған білімінің арқасында айы оңынан туып, студент атанады. 1978 жылы  «Ауылшаруашылығын механикаландыру» факультетін үздік тамамдайды. Ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп, ғұмырлық азығы ете алды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абайдың сөзін құлағына құйған жас маман шәкірт тәрбиелеу жолын таңдайды. Өзі білім алып, қанатын қатайтқан қара шаңырақта еңбек жолын бастап, өзгелерге үлгі бола білді. Оқуын тамамдаған жылы басшылық еш қарсылықсыз қағылез шәкіртін «Машина бөлшектері» кафедрасының ассистенті қызметіне алады. Сонда еңбек етіп жүріп, 1983 жылы техника ғылымдарының кандидаты, 1986 жылы доценті атақтарын алып, ғылыми жұмыспен айналысты. Ғылымға енгізген жаңалықтары мен тың жобалары бағаланып, мерейін өсірді. Зерттеулері халық көңілінен шығып, шәкірттеріне жол сілтей білді. 1993 жылы  «Анализ, синтез и разработка самоустанавливающихся шарнирностержневых механизмов с гибкими звеньями» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы сынды игілікті істері үшін 1994 жылы техника ғылымдарының докторы дәрежесі беріліп, 41 жасында, яғни 1996 жылы машинатану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын иеленді. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқытушы, бөлім және кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, деканның орынбасары, декан, оқу ғылыми-өндірістік-инженерлік кешенінің бірінші басшысы сынды үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметті абыроймен атқарды. Әріптестері мен шәкірттерінің ортасында беделді болды. Қарапайым болмысынан таймай, кез келген мәселені шешуде қолынан келгенін аянып қалмады. 
«Бір жылдығыңды ойласаң егін ек, он жылдығыңды ойласаң тал отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң шәкірт тәрбиеле» ұстанымымен күн кешіп, барлық күш-жігерін шәкірттерінің тәлім-тәрбие, білім алуына жұмсады. Осы күнге дейін 2 техника ғылымдарының докторы мен 4 кандидат баптап ұшырып, алғыс арқалаған жайы бар. Аталмыш университет қабырғасында 40 жылдай еңбек етті. Қазір де осы білім ордасының инженерлік факультеті, механика және ауылшаруашылығы техникасын құрылымдау кафедрасында ұстаздық қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда 517 ғылыми еңбектің авторы атанып, әлі де болса ізденіп келеді. «Современная прикладная механика», «Развитие механики машин», «Теория самоустанавливающихся кинематических цепей пространственных исполнительных механизмов», «Новые самоустанавливающиеся пространственные Ассуровые и Неассуровые кулачковые механизмы» сынды, тағы басқа оқулықтар мен монографиялардың авторы. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, әрбір шәкірті Рахымжан Қажыкеұлын әкесіндей сыйлап, өмірлік жол сілтер темірқазығына айналдыруда. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрсе де ат ізін салып, арнайы іздеп келіп, ақ алғыстарын ақтарып қайтады. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» дегендей, олардың жеткен жетістіктеріне балаша шаттанып, шынайы қуанады. Өзі жетпеген белестерді солардың бағындыруын құдайдан үздіксіз сұрайды.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?». Адал әрі абыроймен атқарған қызметі еленіп, елінен қолдау тапты. Мемлекет тарапынан да алған марапаттары аз емес. Бүгінде     Рахымжан Наурызбаев Американдық Механикалық Инженерлер Қоғамдастығының мүшесі. «Еңбек ардагері» медалі, «День Советской Науки» алтын медалі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және тағы басқа Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттардың иегері. Берілген баға жігеріне жігер, ынтасына ынта қосып, одан бетер еңбектенуіне жол ашты. Ешқашан да болдым, толдым демей, үздіксіз ізденісін тоқтатпады. Зейнет жасына жетсе де шәкірттерімен бірге жаңалық ашып, ауылшаруашылығын механикаландыруды шындап қолға алды. Осындай ғалымдардың арқасында Республикамыз қарыштап дамып, алпауыт мемлекеттермен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жетті. Соған титтей де болса үлес қосқанына Рахымжан Қажыкеұлы бек қуанышты.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ұяда көргенін ұшқанда ілді. Жеке өміріне де мән беріп, жары София екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Айдын, Әлібек, Аида есімді балаларынан жеті немере сүйіп, солардың бал қылығына балбырап отыр. Ендігі кезекті шөбере, шөпшектің қызығын көру бақытына жетпек ниетте. Қазыналы қартқа айналған Рахымжан Наурызбаевқа біз де ғұмыр жасының ұзақ болуын тілейміз. «Ұстаз шәкіртімен мың жасайды» дегендей, әлі де болса талай ізбасарларына жөн сілтеп, еліне еңбегі сіңе берері сөзсіз.

Мәулен Әнербай

Оқи отырыңыз