Қасқыр соққан қария

Қасқыр соққан қария

Сарыжаз ауылында тұратын Қонысбай ата биыл сексен жасқа келді. Әлі де ширақ әрі сергек қарияның жуырда қасқыр соғып алғанын телефон арқылы өз аузынан естігенбіз. Жақында Сарыжаз ауылына жолымыз түсіп, Қонысбай атаның шаңырағына әдейілеп ат басын бұрдық. 

– Ұстаған түлкіде есеп жоқ. Ал жалпы 4 қасқыр ұстадым. Екеуін бүркітім алды. Екеуін жүйрік атыммен қуалап жүріп соғып алдым. Күн ашық. Ауа райы қолайлы мінез танытып тұрған еді. Әрдайым жараулы күйінде тұратын Қаракер жорғаммен қыстаудағы үйге бет алғам. Мына бір орайы келген сәтті қараңыз, ауылдасым Қуатбек Өскенбаевтың құнанын жайратып, қарындарын тоқтап алған үш қасқырға кезіктім. Екі қасқыр Қарасаз өңіріне қарай қашты. Біреуі тауға қарай Баяусайға қарай тартты. Тауға тартқанын бәйгеторыммен қуалап соңына түстім. Бастырмалата қуып жетіп, Кеген өзенінің бойына қарай қайта қайырдым. Сөйтіп, сойылыммен соғып алдым. Ең бастысы, қасқырдың тоқтығы қолайлы әсер етті. Мен қуған сайын ол кесек-кесек етті құсып отырды. Бастан 3-4 рет ұрып құлаттым. Қасқырдың арланы екен. «Абыройлы жігітке ажалды аң кезігеді», «Ер жолдысынан ат жолдысы» деген. Сөйтіп, олжалы болдым, қарағым, – дейді Қонысбай ата болған жайды әңгімелеп. 
Қонысбай ата ақ батаның неше түрін төгілтіп, елді риза ететін жан. Шежіреге де қанық. Қазақтың қанатты сөздерін, мақал-мәтелдерін де бірінен кейін бірін айтқанда көңіліңіз көтеріліп сала береді. Бұл да жастар үлгі алар Жаратушымыздың бойына берген жақсы қасиеттерінің бірі. Жиған-тергені. Атбегілігімен аудан жұртшылығына танымал. Жыл он екі ай баптайтынын айтпағанда Мұқағалидың 80 жылдығында, Райымбектей батыр бабамыздың 300 жылдығында жүлделі орындардан көрінді. Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтың мерейтойында бәйгеге қосқан жүйрігі қанжығасына «Жигули» көлігін байлап қайтты. Жалпы, атаның баптаған жүйрік аттары қара шаңырағына төрт көлік әкелді. Бір күнде үш бәйгелі болған кездері қалай ұмытылар?! Ат әбзелдеріне де өте әуес жан. Сол күні бізге қаракер жорғасына салып қойған екі ғасырлық тарихы бар ат әбзелдерін көрсетті. Таза күмістен қалыңдау әрі көрнекілеу жасалған жүген, құйысқан, тартпа мен үзеңгінің жалпы салмағы жиырма килограмнан кем емес болып шықты. Таңданбай қарай алмайсың. Сонау ата-бабаларынан сақталып қолына тиген дүниені саф алтындай сақтап келеді.
Ұлы даламызды сан ғасырдан мекендеп келе жатқан халқымыздың атбегілік әрі құсбегілік өнерін серік етіп келе жатқан Қонысбай атамыз төрт кітапқа арқау болыпты. Дәл осы Сарыжаздан шыққан қаламгер Нұртан Төлепбергенұлы атамыздың тамаша өнері жайлы «Бапкер» атты кітабын жазған. Жазушы Данияр Әлбозымның «Қазақтың саңлақ бүркітшілері» атты туындысы негізінен Монғолия, Қырғызстан, Қазақстан және Қытайда тұратын қазақ бүркітшілеріне арналған. Дәл осы кітапта Сарыжаз ауылында тұратын үздік бүркітші Қонысбай Рамазанов туралы сыр шертіледі. Бұл да өмірі өнегеге, ғұмыры тағылымға толы қарттың жиған-тергеніне, еткен еңбегіне, бойына біткен қастерлі өнеріне көрсетілген құрмет іспетті. Сол еңбегі, ат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін  Қонысбай ата өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі тұсында Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Халқы қуанды. Көптің көңілі жұбанды. Атамыздан 5 қыз, 5 ұлы қанаттанған. Бәрі де бір-бір шаңырақ иелері. Қонысбай ата ұрпағымен өсіп-өркендеп, жиырмадан аса немересін, оннан аса шөбересін сүйіп отырған бақытты қария. 
Атамыз бүгін де ерте оянған. Күндегі әдеті. Ерінбей, жалықпай, асықпай жүріп, жеті қазынамыздың бірінен саналатын жорғасын, жүйріктерін баптайды. Шөбін салады. Уақытысымен суарады. Жарамды аттары да кісі қызығарлық. Туған жерінің ойы-қырын аралап, таза ауада демалып қайтқанды жаны қалайды. Жорғасы да шаршатқан емес. Ең бастысы, күнделікті сүйікті істерімен айналысатын қарияның көңілі көтеріңкі. Әр күнгі қимыл мен қозғалыс еңбекқор қартты ширатып, жанын жасарта түсетіндей. Оған сөз жоқ. Ұлтымыздың атбегілік, құсбегілік өнерімен сексен жасының үзеңгісіне аяқ салған қарияға ұзақ ғұмыр тілейміз. 

     Қанат БІРЖАНСАЛ
 Райымбек ауданы

Оқи отырыңыз