Атқа отырудың алғышарты

Атқа отырудың алғышарты

Жетісу жерінде елімізге танымал фотограф, қолөнер шебері Жеңіс Ысқабайдың қолынан шыққан «Жорғатай» және «Qua-qua» ойыншықтарының тұсаукесері аясында футбол ұйымдастырылды. Дарынды фотограф үшін бұл дос-жарандары мен әріптестері тарапынан жасалған үлкен тосынсый болды.

Жеңіс Ысқабай – қазақ даласының дарқандығындай кең, ашық мінезді, аңқылдаған ақ көңіл азамат. Мақтағандық емес, лайықты берген бағамыз. Қай ортаға бармасын сыйлы, құрметті. Бұл оның кісілігі мен кішілігін көрсетіп қоймайды, сонымен бірге, жасаған еңбегінің де жемісі.
«Жусан» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Жеңіс Ысқабай фотографиямен қатар қолөнерді де құстың қос қанатындай бірге алып жүр. Осыған дейін қазақы нақыштағы, басы қайқы ағаш төсектердің бірнешеуін әзірлеп, көңілі түскен жандарға сыйға тартты.
«Жорғатай» және «Qua-qua» тербетпелі ағаш ойыншықтары бүгінгі балаларды смартфоннан, оның ішінде ғаламтордан бір сәтке болса да алшақтатып, көңілін аулау мақсатында жасалды. Оның үстіне деннің саулығы да басты назарда. Бұлшық еттер тербетпелі ойыншықта үнемі қозғалыста болады. Ойыншық құрастыру идеясының туындануына ұлы Сафидың дүниеге келуі де үлкен себеп.
Балғындарға арналған ерекше ойыншық 150 келіге дейінгі салмақты көтереді. Әзірге облыс көлемінде ғана үлестіруде. Алдағы уақытта Қазақстанның алыс өңірлерінен келген ұсыныстарға жауап беріп, жасағандарын еліміздің басқа да жерлеріне тасымалдау жоспарланған.
«Әке көрген оқ жонар». Ұлы Марғұлан балабақшаға баратын жасқа толмаса да кей сәтте өздігінен әкесіне көмек қолын созып, тербетпелі ойыншықтардың арасын тегістеп, бояп отырады. Көрген көз сүйсінеді. Алманың ағашынан алыс түспейтіні туралы айтылған орынды мысал бар. Рас-ау! Сақбай ақсақал соғыс көрген, одан кейін қырық жыл ұжымшардың жылқысын бақты. Тоғызыншы мамырда дүниеге келген немересіне өзі «Жеңіс» деген есім берді.
Ес білгелі атамның мал терісін сүтпен бүркіп илеп, жіңішке етіп қайыс тіліп отыратынын көретінмін. Ол кісіге қырықөрім қамшы өру, ер-тұрманын өзі шауып жасау деген сөз емес еді, – дейді Жеңіс аға. Атадан келген қасиет, бойға сіңген дарын. Әр істің сапалы болуына баса назар аударатын фотограф әрі қолөнер шеберінің жомарттығы жөнінде, азаматтығы туралы кез келген танысынан сұрай қалсаңыз, таңды-таңға ұрып айтып беруге дайын.  
Каратэден әлем чемпионы, Жеңіс ағаның інісі Мерей Сүйіновтің ұйытқы болуымен Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайының жанында орналасқан футбол алаңында ала доптан үлкен турнир ұйымдастырылды. Бұл бастаманы ағасы, «Жетісу» газетінің қызметкері Ришад Тұрғанбай және інілері грек-рим күресінен Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен Азия чемпионы Ербол Қоңыратов, еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері Дәурен Жұмағазиев қолдап, турнирдің қасынан табылды. Жарысқа Алматыдан, Жаркенттен арнайы командалар келіп қатысты. Бірінші орынды қарсыластар қақпасына әр ойын сайын екі голдан артық салған «Номад» алса, екінші орынға «Авия База» командасы лайықты болды. Жүлделі үшінші орынды Жаркенттен келген «Орбұлақ» құрамасы алды. Жүлдегер мен жеңімпаздарға ақшалай сыйлық және Жеңіс аға өзі жасаған «Жорғатайларды» «тайынан дөненіне» қарай үлестіріп берді.
Тербетпелі ағаш ойыншықтар – қала балалары үшін атқа отырудың алғышарты тәріздес әрі болашақ ұрпаққа ұлттық көзқарас қалыптастыратын тәрбие құралы.

Серік Қантай

Оқи отырыңыз