ТЕАТР ТАТАРСТАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

ТЕАТР ТАТАРСТАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

    Шабыт қысқан уақытта қарындашын екі сағаттан астам уақыт ұштайтын, сонан  соң барып ақ қағазға сырбаздықпен сөз өрнектейтін Ғабит Мүсіреповтің ғибратты толғамдары мен ғажайып баламалары кімді де болса тәнті етері анық. Неге екені белгісіз, өнер жайлы, әсіресе театр туралы ойланғанда классик жазушының: «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»  деген теңеуі тілге оралады. Қаламгер айтқан мөлдірлікпен жетісулықтарды баурап, рухани сусындатып жүрген Бикен Римова атындағы облыстық драма театры. Татарстан Республикасының Буа қаласында өтетін «БУА: Диалог кеңістігі» II халықаралық театр фестиваліне қатысу мақсатында жолға шықты.

 

   Осыған орай, облыстың зиялы қауымы Б. Римова атындағы драма театры алдында өңіріміздің өнер майталмандарын салтанатты түрде сапарға шығарып салды.
   Салтанатты шара барысында «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлімен еліне етене таныс Әлімғазы Райымбеков театр ұжымына ақ батасын беріп, қасиетті Рамазан айындағы сапарларының оң болуын тіледі. Одан кейін облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт бастаған бірқатар зиялы қауым сөз алып, жеңіс туын желбіретіп қайтуларына тілекші екендіктерін жеткізді.
   Татарстанда өтетін халықаралық фестивальде Швейцария, Әзірбайжан, Ресей өнерпаздары мен біздің жүйріктер өзара бақ сынаспақ. Фестивальде жерлестеріміз әлемдік классик У. Шекспирдің әйгілі «Ромео – Джульетта» трагедиясын сахналайды. Драматург Уильям Шекспирдің бұл трагедиясында өзара дұшпан екі әулетте дүниеге келіп, кездейсоқ бір-біріне ұшырасып, ақырында ғашықтық дертке шалдыққан Ромео мен Джульеттаның қайғылы тағдыры баяндалады. Екі ғашықтың іңкәр сезімдеріне ежелден жау Монтекки мен Капулетти атты қос әке қарсылық білдіреді. Осылайша жұп құруға талпынған Ромео мен Джульеттаның тағдыры қыршынынан қиылып, қасіретпен аяқталады. Осы сарында әлем халықтарының көзайымына айналған атақты драманың басты рөлдерін театрдың талантты жас әртістері Шалқар Мүкен мен Әсем Жетпісова сомдайды деп күтілуде. Ал халықаралық байқау ұйымдастырушыларының берген мәліметі бойынша, фестивальдің соңғы күні Ресейдің атақты театр және кино актері, режиссер, продюсер Сергей Безруков «Маленький принц» моноспектаклінде өнер көрсетпек.
   Ақ батамен ақ жолға шығарып салған игі шара барысында өнерсүйер еліне деген алғысын жеткізген театр директоры Ғалия Темербаева:
– Фестивальге шақырту түскеніне қуаныштымыз. Бұл біз үшін мәртебе. Соңғы рет халықаралық фестивальге 2003 жылы Түркияның Анталия қаласына шыққанбыз. Араға біраз уақыт салып,   шетелге тағы да жол түсті. Осы орайда облыстық әкімдікке, мәдениет саласының басшылығына алғысымызды білдіреміз. Актерлік құрамды Алмахан Кенжебекова сынды халық әртісі бастап барады. Сапарға шыққан ұжымның басым көпшілігін жастар құрайды. Сондықтан біздің ең әуелгі мақсатымыз қандай да бір жүлдеге ие болу емес, жастар өзге өнер ордаларын көріп, өзара тәжірибе алмасу. Бұйырса, Қасиетті Рамазан айы бізге күш-қуат береді деген сенімдеміз, – деп өздеріне жүктелген жауапкершіліктің мол екендігін атап өтті. Сонымен қатар, жетісулықтардың үмітін ақтауды өздеріне парыз санайтындықтарын да жеткізуді ұмыт қалдырған жоқ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.

Оқи отырыңыз