Ширек ғасыр біргемін

Жалпы, адам өмірінің қаншалықты сәтті немесе сәтсіз болуы көп ретте мамандық таңдаумен байланысты ма деймін. Олай дейтінім, жаның қалаған жұмыспен айналыссаң өмірің де белгілі бір мән-мағынаға ие болады. Ал мағыналы ғұмыр дегеніміз өзіміз айта беретін биік мақсат пен мұраттың ауылына бастап баратын даңғыл жол емес пе? 

Мектеп бітірген кезде, тіпті мектеп бітірмей тұрып та менің алдымда қай оқуға барсам екен дегендей таңдау тұрған емес. Содан кейін де шығар, жоғары оқу орнына мектеп бітіргеннен кейін бес жыл өткеннен кейін барып түссем де оған дейін «конкурсы аз екен, мына бір оқуға түсе салайыншы...» деген ой басыма да кіріп шықпапты. 
Рас, бірер жыл басқа жұмыстың басын шалуға да тура келді. Бірақ сол кездің өзінде көңілде «бұл іс журналистика саласына барар алдындағы дайындық, соған бастайтын баспалдақ қана» дегендей ой болды. Табысы мол, бос уақыты да бар басқа бір жұмысты еш қиналмай атқарып жүріп те алғашқы жасалынған ұсыныс бойынша аудандық газеттегі тілшілік жұмысқа тартып кеткенім де сондықтан шығар. Оған еш өкінбеймін. Ең бастысы, сол кезден бері жұмысыма қуанып барамын, жұмыс уақыты аяқталған кезде үйіме көңілім толып қайтамын. Бақыт дегенің де, мүмкін, осы шығар...
Осы уақытқа дейін екі аудандық, бір облыстық газетте журналистік қызмет атқарыппын. Естен кетпейтін сол бір жылдары қаншама жақсы адамдармен жолдас, әріптес болдым, қаншама жарқын күндер бастан өтті десеңізші?! Бәрін тізбектеп айтып, жазып шығу оңай емес, тіпті мүмкін де емес. Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінің ұжымы қалтаң басқан қадамымды қатайтып, көңіліме қанат бітіріп қара жолға салса, Күрті аудандық «Шұғыла» газетінің журналистері қаламымды ұштап, шабытымды шарықтата түсті. Ширек ғасыр бойы еңбек етіп келе жатқан «Жетісу» газеті жайлы әңгіме өз алдына бір бөлек.   
Ойлап отырсаң әрбір адамның тағдыры алдын ала жазылып, белгіленіп қояды деген тұжырым негізсіз де емес сияқты. Сол қисынға сүйенсек, менің тағдырым да осы бір қасиетті қара шаңыраққа о бастан берік байланып қойылған тәрізді. Қалай десек те нақ 1993 жылы облыстың екі ауданынан ғана «Жетісудың» екі штаты ашылып, мен Күрті, Балқаш аудандарына, Нұрданбек Тоққожаев деген ағамыз Кеген мен Нарынқол аудандарына меншікті тілші болып тағайындалдық. Өміріме күрт өзгеріс енгізген осы оқиға болмағанда арманды әлдилеумен ғана күн кешіп жүре берер ме едік, кім білген?..
Уақыт өткен сайын меншікті тілшілердің қатары да көбейе түсті. Облыс орталығы көшкен кезде солардың арасынан мен Талдықорған қаласына қызметке шақырылдым. Оны қарапайым еңбегімнің бағаланғаны деп есептеймін. Мақтанғаным емес, меншікті тілші болып жүріп ешқашан редакция тарапынан берілген тапсырманы орындаумен шектеліп қалған емеспін. Ара-арасында өмірі өзгеше адамдарды іздеп тауып, қызықты етіп жазуға тырыстым,  аудан көлемінде ұйымдастырылған түрлі рейдтерге қатысып, өзекті деген мәселелерді көтеріп жүрдім. Реті келгенде әңгіме, өлең, сықақтарымды да жіберіп қоятынмын. Әріптестерімнің «Сенің жазғандарың жайында лездемеде жақсы пікір айтылды» деген жалғыз ауыз сөзі құлағыма шалынғанда көңіліме қанат бітіп, құлшынысым ұштала түсетін. 
Бақытыма қарай, дәйім жақсы басшылармен қызметтес болыппын. «Жетісуға» қызметке қабылдаған Байағамның – Баймолда Мұсаның әкемдей қамқор болғанын ойласам, тебіреніп кетемін. Ақылын айтумен қатар: «Бүгін жалақы беріліп жатыр, ертең қаламақы болады, мөлшері мынадай, қалай алып кетесіңдер?» деп бас редактор басымен ауылға, қарапайым тілшіге телефон шалып, жік-жапар болатын еді-ау қайран ағам. 
Редакция облыстың жаңа орталығына қоныс ауыстырар кезде сол кездегі бас редактор Жақыпжан Нұрғожаев телефон шалып, Талдықорғанға көшуді ұсынды. «Бақанасқа біршама орнығып қалған кезде тағы көшкенім қалай болар екен?..» – деп ол кезде де екіұдай күй кештім. Толқулы күйімді аңдады ма, Алматыға бір барғанымда Жақаң қолыма Талдықорғандағы үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатты. Жайшылықта да жылы қабақ танытып жүретін бас редакторым одан кейінгі жерде де қамқорлығын аямай, қызмет бабында өсуіме тікелей ықпал етті. 
Бүгінгі бас редакторымыз, жасымыз қатар болса да өмірлік тәжірибесі, білім, біліктілігі жағынан көп ретте өзіме ұстаз, аға санайтын Әміре Әрін турасындағы пікірім де өте жоғары. 
Осыдан біраз уақыт бұрын әріптестеріме сұхбат берген кезімде «Жетістігім үшін «Жетісуға» қарыздармын» деген ойды айтып қалған едім. Расында мына өмірде белгілі бір жетістіктерге жеткен болсам, көпшіліктің арасында журналист, ақын атым шығып жатса, ол, ең алдымен, өзімнің сүйікті газетімнің арқасы деп білемін. 
Бақыт дегенің қол жетпейтін дүниелердің немесе орындалмайтын армандардың жиынтығынан ғана тұрмайды. Бағалай білсек, өміріміздегі өзгеше қуаныштардың өзі де сол бір армандай көрінетін дүниенің бір бөлігі емес пе? Сондай бөліктерден құрала келіп Бақыт деген үлкен бір ұғым көрініс береді. Мен сондай қуаныштардың қатарына газетіміздің 100 жылдық мерейтойын да қосқан болар едім. Сондай айрықша күннің аталып өтіп, мерей жастың тойлануы біздің ұрпақтың, «Жетісуда» қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген журналистер толқынының маңдайына жазылыпты. Ендеше қуанышымыз құтты болсын, құрметті әріптестер!

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Оқи отырыңыз