Уақыттың құпиясын тапқан адам

Адамның өмірге құштарлығы маңдайының терімен өлшенсе керек. Еңбекте де солай. Біз кейде тұлғаның шынайы болмысын шырайлы сөзбен әспеттеу үшін жалған тіркестерге ұрынып жатамыз. Немесе әсіре мақтанға салып, оқырманды жалықтырып алатынымыз бар. Бұл жолғы кейіпкеріміздің жөні бөлек, жолы үлкен. Көптің алғысына бөленген кеңпейіл азамат. Оның өмірбаяны қызыл да жасыл бояуларды қажет етпейді. Себебі, онсыз да көңіліңе көктем, мінезі маусым түндеріне ұқсас. Бұл біздің ғана пікір емес, көзкөрген жандардың да ақжарма ойы.

Қазақ судың да сіңетін жерін есептейді ғой. Сол сияқты сөздің де айтар орны, барар жері болады. Мұны бабамыз «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» деп мақалдаған. Иә, бүгін біз айтқалы отырған мақаламыздың кейіпкері жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Бірақ ол кісі сөздің емес, істің адамы. Бізді де тәнті қылғаны осы. Оған оның өмір тарихын оқып отырғанда көз жеткіздік.  
Иә, біз бүгін «Қазақстан Фермерлер одағы» филиалының менеджері Сейілхан Нұрашұлы жайында айтпақпыз. Ол 1948 жылы Қаратал ауданына қарасты, Қарашеңгел ауылында дүниеге келген. Ағайынды алты ұлдың бесіншісі. Жасынан зерек болып өскен ұл өзінің туған топырағында бой көтерген мектепте 4-сыныпқа дейін оқиды. Одан кейін Кәлпе орта мектебіне ауысып, 1966 жылы аталмыш білім ордасынан түлеп ұшады. Мектеп бітірген жылы жоғары оқуға тапсыруға ыңғайы келмей, ата-анасына көмектесіп, ауылда қалып қояды. Бірақ асқақ арманына сатқындық жасамайды. Үздіксіз дайындалып  бір жылдан соң, сол кездегі зоотехникалық –малдәрігі институтына түседі. Оны жоғары дәрежеде тамамдаған соң, өзінің кіндік қаны тамған жеріне баруға бел байлайды. Ондағы мақсат – ауылдың еңсесін көтеру, қолынан келгенше халыққа қолғабыс беру. Ақыры не керек, Қаратал ауданының «Новый мир» қой кеңшарына ферма зоотехнигі болып жұмысқа ауысады.  Онда жұмыс істеп жүргенде көзге түсіп, 1975 жылы «Бірлік» тауарлы-сүт кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалады. Өзі оны былайша еске алады.
– Бұл кеңшарда құс етін өндіретін үлкен құс фермасы бар. Сонымен қатар 9 мыңдай қой, 800 жылқы өсірілетін және 1000 бас сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы болды. Кейінірек барлық сауын сиыр бір жерге жиналып үлкен сүт өндіретін комплекс салынды. Негізгі бағытымыз ғылыми тұрғыда өндірісті дамыту болды. Еділбай қойы қазақтың жайылымға бейімделген ең төзімді малы. Бірақ та негізінен жалқы табатын түлік. Алматыдағы эксперименталды биология институтының ғалымдарының басшылығымен академик Шайхы Амарбаев осы жалқы табатын Еділбай саулықтарын екі қозыдан төлдетуге жұмыс жүргізілді. Бұл жұмысқа екі отардағы саулықтардың, әрқайсысынан 200 бастан іріктеліп, «СЖК» және «Эстрафан» егілді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Көктемде осы саулықтардың 80 пайызы егізден, 10 пайызы  үштен тапты. Осындай жұмысты 2-3 жыл күйлемей жылда қысыр қалатын сиырларға да жүргізілді.  Тоғыз айдан кейін сиырларда бұзаулады. Кейбір аналық бастар екіден туды. Осы «Бірлік» кеңшарында академик            Ш. Амарбаевтың басшылығымен сиырды ұрықтандыратын пункт лабораториясының ішінде «эмбрионды» бір сиырдан екінші сиырға ауыстыру жұмыстары жүргізілді, – дейді өткен күндеріне оралып.
Осы істелген жұмыстардың әсері болуы керек, 3 жылдан кейін аудандық ауылшаруашылығы басқармасына бас зоотехник және басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалады. Бұл қай уақытта да қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарағанынан болар. Тіпті, әріптестері де сонысымен құрметінің артқанының, ортасына сыйлы болғанын жасырмайды. Осы орайда тағы бір байырқалата тұрып, Сейілхан ағамыздың әңгімесін жалғастырсақ.
– «Бірлік» кеңшарында ғалымдардың басшылығымен істелген жұмыстар аудан деңгейінде де жүргізілді. 1980 жылдары болуы керек «Правда газеті» атындағы кеңшарының 1000 бас сауын сиыры түгел туберкулезге ұшырап, сүт комплексі бос қалды. Соған орай жаз бойы облыс аудандарынан құнажындар сатып алынып, күзде «Бастөбе» деген жерде осы құнажындарды биостимулятордың көмегімен күйлетіп, ұрықтандырдық. Не керек, қуанышымызға орай 9 айдан кейін құнажындар күніне 15-20 бастан туа бастады. Осындай ізгі істердің нәтижесінде бір жылдан кейін сүт комплексі қайта орнына келді. Осы жұмысты менің қасымда жүріп ұйымдастырған және сол құнажындарды ұрықтандырған Қазбек Тыналинді ерекше айтқым келеді. Ол қазір ауданның аймақтық басқармасында маман болып жұмыс істейді. 
Бұл ағамыз айтқан әңгіменің бір бөлігі ғана. Ескі күндердің есті оқиғалары санада қашанда болса жаңғырып тұрары анық. Оны әңгімесінен-ақ байқауға болады. Иә, «Еңбек – бәрін жеңбек» деген осы болса керек.
Одан әрі 1985 жылы сол кездегі Бөрлітөбе ауданының «Егінсу» қой кеңшарына директор қызметіне ауысады. Бұл кеңшар суармалы жерден кенде екен. Тек 3000-гектар тәлімді жерге  арпа себіледі. Сондай-ақ, 15-мың гектар шабындығы бар. Сол уақыттағы мал шаруашылығына жетіспейтін кадр мәселесі бұл совхозда да өз әсерін тигізеді. Жағдайдан шығудың бір жолы мал бордақылайтын алаң ашып, мектеп бітіруші жастарды жұмысқа тарту еді. Мал бордақылау алаңын ашу үшін силос (сүрлем) қажет. Ал ол үшін суармалы жердің керек екені бесенеден белгілі. Сол кезде Бөрлітөбе ауданының бірінші хатшысы Баймерден Әмірханов болады.
«Егінсу» кеңшарының Шатырбай деген жерінде 400-500 гектардай теп-тегіс жер бар екен. Сейілхан Нұрашұлы осы маңға жер асты суын пайдаланып суармалы жерашу туралы ойлайды. Сосын оны ауданның бірінші хатшысына жеткізеді.
– Ол кісі менің ойымды қолдап, облыстың бірінші басшысын осы жерді көруге шақырды. Облыстың бірінші басшысы Әубәкір Тыныбаев   суармалы жер ашуға болатындығын айтып мекеме басшыларына тапсырма берді. Бір айдың ішінде техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, 9 скважина қазылды. Жерасты суын жылыту үшін 2 резервуар салынды. Бір жаздың ішінде 300 гектар суармалы жер ашылса, келесі жылы 7-8 мың тоннадай жүгері сүрлемі дайындалды. Мал азығы дайын болғанша мың бас ірі қараға және 5 мың қой бордақылайтын алаңын салу жұмысы да біткен болатын, – дейді ағамыз өз сөзінде. 
Осы мал бордақылау алаңына жастарды тартып жетпейтін кадр мәселесін шешуге атсалысады. Әр жылда бес мың бас қойды алты жүз бас ірі қара малын «Үштөбе» ет-комбинатына жоғары қоңдылықпен өткізеді. Соның нәтижесінде, кеңшардың экономикасы көтеріліп, миллиондаған табыс кірді. Осы істелген жұмыстардың арқасында аудандық, облыстық кеңестің депутаты атанып, обком партияның пленумының мүшелігіне кіреді. 
Кеңшарға мектеп, балабақша, ауылдық амбулатория, су құбырлары, жолдары және көптеген үйлер салынады. Сол кездегі қиын аймақ саналатын Қызылорда облысының Арал ауданынан жұмысшылар отбасыларымен көшіп келіп, жұмысқа тартылады. Олардың көбі негізінен құрылыста істесе, кейбіреулері механизатор болады. 
1992 жылы Талдықорған облысы ауылшаруашылығы басқарма төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып қызмет істейді. Арада біраз уақыт өткен соң «Ескелді» өндірістік кооперативіне төраға болып сайланады. Бұл кооперативте 2 жыл жұмыс атқарады. Сол кездегі атағы шығып тұрған ұжымшардың қойшылары жайлауға «Ақкезең» деген асу арқылы атпен, түйемен көшіріледі екен. Сырқаттанып қалған жағдайда сол асу арқылы атпен қатынайды. Жалпы ұжымшардың басшылығы егін шаруашылығына көп көңіл бөлгенімен, малшыларға толықтай жағдай жасай алмайды. Сейілхан Нұрашұлы осы кооперативке төраға болып сайланған жылдың жазында Шажа өзені бойындағы жартастарды жарып жайлауға жол салады. Бұл келелі іске Текелі руднигінің бас директоры Ертай Берікболанов та барынша жәрдемдеседі. Ол жартасты жарып шығатын жарылғыштарын береді. Кооперативтің 2 бульдозері тастарды тазалап тұрады. Осындай тыңғылықты жұмыстың арқасында жайлауға жол салынады. Көлік жүретін күре жолға қолы жеткен малшылардың қуанышында шек болмайды. 
Бертін келе Талдықорған қаласының әкімшілігінде бас маман болса, артынан Өтенай ауылына әкім болып сайланады. Облыс орталығы Талдықорған қаласына ауыстырылған жылы ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы, кейіннен бөлім басшысына дейін көтеріледі. Сонымен ұзақ қызметтен соң 2011 жылы еңбек демалысына шығады.
Бүгінде облыстық «Қазақстан Фермерлер одағы» филиалында менеджер және төрағаның орынбасары қызметін атқарып жүр. 
Иә, «Еңбекпен тапқан нәсібің» деген осы болар. Кез келген адамға өмірден мықты ұстаз жоқ. Қашанда жүрген жолыңды, басқан ізіңді артыңдағы ұрпақ бағдарлап отырады. Сол арқылы уақыт өте келе бағаңды береді. Сонда адал істеген еңбегіңнің еш кетпегенін байқайсың. Сол сияқты Сейілхан Нұрышұлы да қызы мен ұлына ұстаз бола білген жан. Олардың жақсы әкесі, өмір жолындағы бағдаршамы іспетті. Соңынан ерген немерелеріне де солай. Үнемі ақылын айтып отырады. Мұндай бейнеттің зейнетін көрген ағамызды «Уақыттың құпиясын тапқан адам» деп айтуға болатын шығар.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз