Білікті басшы, абзал азамат

Білікті басшы, абзал азамат

Егемен еліміздің қазіргіден де қарыштап дамуына кімдердің үлесі жетіспейді деп ойлайсыздар? Өз басым ар-ожданы таза, жеке басының мүддесінен елінің елдігін, болашағын бірінші кезекке қоятын нағыз мемлекетшіл тұлғалар жетіспейді дер едім. Сондай отаншыл басшылардың бірі өзінің біліктілігімен, адал қызметімен елді сүйсіндірген, заманының дара тұлғасы болған мемлекеттік қызметкер, Кеңестер одағының тілімен айтсақ, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған Серғазы Құрмашұлы Беспаев. Серғазы ағамыз, тірі болса, биыл 85 жылдығын тойлар еді. Алайда, тағдырдың жазуы басқа болды. Ол 2012 жылы 80 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Көзі кеткенмен артында өлмейтін ісі қалған аяулы азаматты халқы еш уақытта ұмытқан емес. Биыл 85 жылдығы қарсаңында Панфилов аудандық мәслихатының шешімімен марқұмның қызмет қылған, еңбегі сіңген Жаркент қаласында  Серғазы Беспаевтың есімімен көше аталып, үлкен ас берілмекші. Осыған орай біз де Серғазы Беспаевтың өмір жолына үңіліп, оның болашақ ұрпаққа үлгі болар ерекше тұстарын қайта жаңғыртуды жөн санадық.
Басшы болып істеген адамның атқарған қызметіне баға беретін халық пен уақыт. Одан асқан сыншы жоқ. Ел-жұрт кімнің кім екенін жақсы таниды.  «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтіні де содан. Өзі қызмет істеген кезеңде мойнына жүктелген міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен,  еліне жасаған жақсылығымен танылып, уақыт сынынан сүрінбей өткендерді жұртшылық аңыз-әңгіме ретінде айтып жүретіні де анық. Адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етуі арқылы бүкіл ғұмырын халқының мүддесімен ұштастыра білген басшы ғана ел есінде ұзақ уақыт сақталады. Осындай білікті де білгір басшының бірі әрі бірегейі Серғазы Құрмашұлы Беспаев еді.
Тұла бойына парасаттылық қасиетті берік қалыптастырған, халқына барынша адал қызмет еткен  Серғазы Құрмашұлы асыл азаматтың өзі, көненің көзі еді.  Атпал  азамат ретінде ол иығына артылған жүкті қара нарша көтеріп, сындарлы сынақтардан сүрінбей өте білді. Ол елдің елдігі мен ауызбірлігіне жік түсірмей, тізгінді тең ұстауымен де ерекшеленген басшы болды. Халқына адал қызмет  етті. Намысына дақ түсірмеді. Азаматтық абыройының туын жоғары ұстады. Қайсар, бірбеткей мінезінен танбады. Қатаң талапшылдығымен  тәртіп орнатып, жағымсыз көріністердің  жолын кесті. Мақал-мәтелді  орынды қолданып сөйлейтін шешендігімен де жұртты өзіне қаратты.
 «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей,  осындай асыл азамат Серғазы Құрмашұлы жайлы ел аузындағы әңгімелерге құлақ түрсеңіз, ол кісінің кеңпейілдігін, парасаттылығын, сабырлылығын, салиқалығы мен байсалдылығын жиі естисіз. Білікті де білгір басшының ел басқару  тәсілі, ұйымдастырушылық қабілеті, кісілік келбеті, өнегелі өмірі жайлы өрілген әңгімелер оны құрмет тұтар замандастарының жадында жазылып қалғаны шындық. Әр істі ақыл таразысына салып, жеті  рет өлшеп, бір кесетін Серғазы Құрмашұлыны білетіндер оны  алтынның тот баспас сынығы еді ғой деседі. 

Тауына қарай қыраны, қыранына қарай ұланы

Шығыс Қазақстан өңіріндегі  табиғаты  көрікті, топырағы құнарлы Қатонқарағай қойнауындағы Қатон ауылында туып-өскен бала Серғазының тоғыз жасында анасы Ғайникамал дүниеден озады. Қоғамдық тәртіптің сақшысы болып істеген әкесі Құрмаштың тәрбиесін,  үлгі-өнегесін көріп өседі, бекиді. Өмірге құштар, істеген ісіне тиянақты балаң жігіт қатарластары арасында ерекшеленіп тұратын.  Орта мектепті жақсы бітірген зерек жігіт арнайы мамандық алуға  талпынады. Асқақ арман оны Алматыға  жетелейді.  Жоғары оқу орнына түсуді мұрат тұтып, ауылшаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын зоотехникалық-малдәрігерлік институтына құжаттарын тапсырады.  Мектеп қабырғасында алған тиянақты білімінің арқасында ару қала Алматының маңдайалды оқу орнының студенті атанады.

Жастықтың оты жалындап...

Жоғары оқу орнын  ойдағыдай бітіріп, қолына  дипломын алған Серғазы Құрмашұлы Талдықорған облысы Қапал ауданына қарасты «Қапал» астық совхозына жолдамамен келіп, мал дәрігері болып орналасады. Осы ауылда алғашқы еңбек жолын бастайды. Әуелден мақсаткер бозбала қызметін тиянақты атқаруға талаптанып, жұмысына белсене кіріседі. Мамандығын жетілдіруге, оның қыр-сырын терең меңгеруге құштарлық танытқан жас маман «Қызылағаш» қой кеңшарының бас мал дәрігерлігі қызметіне жоғарылатылады. Өзіне артылған сенім үдесінен шығу үшін жастық жігерін жалаулатып, ар-намысын жани түседі. Әрбір істі бастамас бұрын ой елегінен өткізіп, таразылауды өмірлік ұстанымы етеді. Оның істегі тындырымдылығы мен ізденісін аңғарған сол кездегі Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев  Серғазы Құрмашұлына жұқпалы аурулардан сақтандыру мақсатында қойды дәріленген суға тоғыту барысында әрқайсысын жекелеп жетектеп әуреленбеудің жеңіл жолын ойластырып, оны  механикаландырылған тәсілге көшірудің тетігін табуды тапсырады. Бұл тапсырманы ол ойдағыдай орындап шығады. Өндіріске енгізілген бұл жаңалыққа бірінші хатшы ризалық білдіріп, тәсілді  толық мақұлдайды. Жаңа тәсілді тек облысқа ғана емес республиканың  басқа да шаруашылықтарына таратып, кеңінен қолдану үшін облыстық семинар-кеңес өткізіледі. Оған төрт жүзге жуық маман қатысады. Жиында Серғазы Құрмашұлы отарлы қойды тоғытудың механикаландырылған оңтайлы тәсілін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Содан бастап қойды дәріленген суға шомылдырудың тиімді әдісі барлық жерде өндіріске енгізіледі. 

Ізденімпаздығымен дараланып, жемісті жұмыс жасағанына ризалық білдірген облыстың жоғары лауазымды басшылары Серғазы Құрмашұлының  қызмет дәрежесін жоғарылатып,  «Саратов» кеңшарының директоры етіп тағайындайды. Жауапкершілігі зор қызметті атқаруға Серғазы Құрмашұлы бар ынта-ықыласымен, жан-тәнімен кіріседі. Ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіріп, жаңа қырынан танылуға ұмтылады. Іскерлігін ұштай түседі. «Талапты жетер мұратқа» дегендей,  өзінің білімі мен күш-жігерін  шаруашылықтың ілгерілеуіне жұмсайды.  Әрбір істі байыппен бағдарлап, байсалдылықпен шешуге талпынады. Ол лауазымды қызметінен, билік тағынан тайып кетемін-ау деп жалтақтамайды. Көкейдегі ойы мен пікірін ашық айтып, нақты ұсыныстарын бүкпесіз білдіруден таймай, батыл жұмыс істейді. Халықтың жүрегіне жол тауып, олармен етене жақын жүреді. Біліктілікпен басқарылған  шаруашылықта қой саны өз төлі есебінен көбейіп, жүн өткізу, мемлекетке ет тапсыру жоспарлары межеден асырыла орындалады. Кеңшардың экономикалық-қаржылық салалары нығаяды.  Жаңа басшы ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында талай маңдай терін төгеді.
Серғазы Құрмашұлының  іскерлік әрі ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалаған басшылық оның кандидатурасын Гвардия аудандық атқару комитенің төрағасы қызметіне ұсынады. Аудан депутаттары ұсынысты бірауыздан мақұлдайды.   
Экономикасы кенжелеп қалған ауданды  алға шығару – тек іскер басшының қолынан келетін шаруа. Бұл шаруа ұйымдастыру жұмысын білгірлікпен ұштастыра білгенде ғана жемісті әрі жеңісті болатыны мәлім. Оқып-тоқып алған білімі мен өмірден үйренген тәжірибені тыңғылықты іске асыру, нақты өмірде қолдана білу үшін  қажыр-қайрат керек болса, көпшілікпен тіл табысу одан да маңызды. Атқаратын қызметке деген жауапкершілікті сезініп, құлшыныс пен ұмтылыс танытқан адам ғана діттеген мақсатына  жетеді. Осылар бір арнаға тоғысса, алға қойған мақсатты жүзеге асыруға даңғыл жол ашылады. Осындай толып жатқан адами қасиеттер Серғазы Құрмашұлының бойына ана сүтімен дарыған. 
Қоғалы жерінде төрт жылға жуық қызмет істеген шақта  көптеген игілікті шараларды жүзеге асырудың бастамашысы әрі ұйытқысы бола білген басшы бұл өңірдің экономикасын нығайтып, мәдениетінің өркендеуіне зор еңбек сіңірді.
Іскерлік қабілетімен, ұйымдастыру жұмысындағы ұтқырлығымен, басқару  ісінде біліктілігімен  дараланған Серғазы Құрмашұлына  Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқару  ұсынылады. Жазиралы Жаркент өңірі топырағы құнарлы мекен. Қорғас өзені арқылы ежелгі Қытай елімен іргелес жатқан іргелі ауданды басқарудың да оңайлыққа түспесі белгілі. Төрт мың коммунисті біріктірген, жүзден астам бастауыш ұйымнан тұратын Панфилов аудандық партия комитеті Жетісу өңіріндегі ең ірі партия ұйымы  саналатын. 
Аудандық партия комитетін басқарудың  жауапкершілігі үлкен. Ол табанды еңбек етуді талап етеді. Сол еңбектің жемісіндей, Серғазы Құрмашұлының бастамасымен ауданда «Панфиловколхозстрой» тресі құрылып, өнімді жұмыс істеді, көрнекі нысандар салынып, үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мұның сыртында Николай Никитич Головацкий басқарған «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында ұйымдастырылған  құрылыс  тресінің атқарған шаруасы да қыруар еді. Бұл мекеме  Жаркент жерінде сәулетті құрылыс ғимараттарын салуға белсене қатысып, ауыл көріктеніп, көшелер абаттандырылды. 
Серғазы Құрмашұлы Панфилов ауданын басқарған 1976-1987 жылдары 17 жаңа мектеп, 13 жаңа мәдениет үйі,  әртүрлі 14 денсаулық сақтау орны, үш қабатты  аудандық емхана ғимараттары салынып, халық игілігіне  пайдалануға берілді. Екі кәсіптік училище жатақханаларымен, екі балабақша, Жаркент қаласында 4-5 қабатты, 60-70 пәтерлік 12 үй салынады. Жыл сайын Жаркент қаласындағы 20 шақты мекеменің  әрқайсысы 4-5 тұрғын үй тұрғызып, тапсырма толықтай орындалады. Аудандағы    11 колхоз-совхоздың әрқайсысы  20-дан 50-ге дейін  тұрғын үй салып, өз жұмысшы, қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етеді. Дәл осы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Өңірде өндірістік көрсеткіштер жоғары болғанымен ауданға қарасты ауылдардағы мәдениет пен әлеуметтік салалардың жұмысы кенжелеп қалған еді. Серғазы Құрмашұлы бұл мәселені аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде қарап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар туралы қаулы қабылданады. Бұл бастама оңды нәтижесін берді. Нүсіпбек Сауранбаев басқарған «Үшарал» ұжымшарында көптеген игілікті істер атқарылады. Өндірістік көрсеткіштері  жоғарылап, табыс көзі молаяды. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Ұжымшардың бөлінбейтін қоры 1 миллион 200 мың сом болса, ол 26 миллион сомға дейін көтеріледі. Мұның өзі шаруашылықта әлеуметтік саланы оңалтуға қолайлы жағдай туғызады. Ұжымшар орталығында 250 орынды мәдениет үйі,  640 оқушыға арналған мектеп, 140 орынды балабақша бой көтерді. Тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, «Жастар» кафесі, монша, шатырлы 100   тұрғын үй салынып, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұл нысандар қазіргі кезде де халыққа қызмет көрсетіп келеді.  
Аудандағы ең ірі шаруашылықтың бірі «Айдарлы» кеңшары да жаңадан сайланған білікті басшы Н. Сауранбаевтың басшылығымен 2-3 жыл ішінде өркен жайып, экономикасы өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Кезінде сырт жаққа  табыс табу мақсатында көшіп кеткен отбасылары жыл құсындай қайта орала бастайды. Екі жыл көлемінде 60 отбасы қайта қоныстанады. Шаруашылық қаражаты есебінен тозығы жеткен тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізіледі. Тұрғын үй кезегіне тұрушылар көбейеді. Осы мәселені шұғыл шешу күн тәртібіне қойылады. Алматыдан кірпіш құятын қондырғылар алдыруға тура келеді. Ресейден 1200 текше метр ағаш дайындалып, Кемереводан  әртүрлі бояулар әкелінеді. Шаруашылық орталығындағы қырман механикаландырылып, тәулігіне 18 тонна құнарлы жем өңдейтін цех іске қосылады, тақтай тілетін қондырғы орнатылады. 
Қауырт қимылдың нәтижесінде шаруашылық әдіспен 40 тұрғын үй, екінші бөлімшедегі тұрғындардың балаларына   арналып балабақша, сегізжылдық мектеп ғимараты салынады. Қора-қопсы  мен бау-бақшалық учаскесі бар шатырлы тұрғын үйлер қатарласа сап түзеп, қордаланып қалған тұрғын үй мәселесі шешімін табады.  Жаркент қаласы мен елді мекендер жаңа құрылыс нысандарымен көркейіп, көшелер абаттандырылады. Көптеген мектептер, балабақшалар мен мәдениет үйлері бой көтеріп, халыққа қызмет етеді. Ауданда қой өсіруге, жүгері егістігін ұлғайтуға жастар көптеп тартылып, арнайы бригадалар құрылады. 
Дәл осы тұста іскер басшы жастар мәселесін де ерекше назарда ұстап, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде нәтижелі, кең бағытта жұмыс жүргізіледі. Жастарға Отанының париоты болып қалыптасуға бағыт-бағдар береді. Олардың бойына «Тіріде тұрған жердің бір тал шөбі, өліде бір уыс топырағы бол. Жақында жүрсең табына біл, жырақта жүрсең сағына біл» деген  ұстанымды сіңіреді.  

Жемісті жылдар

Серғазы Құрмашұлы тұрғындардың  денсаулығын жақсартуға да ұдайы көңіл бөледі. Аудан еңбеккерлерінің демалып, емделуі үшін «Жаркент-Арасан» шипажайы ғимаратын салуды қолға алады. Шипажай құрылысы аз уақыт ішінде салынып бітіп, тек ауданның адамдары ғана емес, Қазақстанның әр түкпірінен келіп ем қабылдайтын орынға айналады. Білікті басшы Николай Головацкийдің ұсынысымен «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының құрамына Лесновка, Нағарашы, Сүптай ауылдары қосылып, шаруашылық ірілендіріледі. Олардағы тұрғындар тұрмыстарын түзеп, ырысқа кенеледі. Головацкий «Армандастар» атты жастар бригадасын құрып, жарты жылда 30 мың тоқтыны бордақылап, олардың әрқайсының орташа салмағын 60 килемен етке өткізуге мүмкіндік алады. Төрт түлік те өз төлі есебінен түлеп өседі. Шаруашылықта құс өсірудің тиімді жолдары іздестіріледі.  Англиядан «Керри-Велли» тұқымды тауықтың бір күндік 2,5 мың балапаны ұшақпен  әкелініп, құс етін көбейтуге даңғыл жол ашылады. Сондай-ақ, АҚШ-тың Техас штатынан етті түқымды «Санта-Гертруда» ірі қара малы сатып алынып, жергілікті сиырларды шағылыстыру арқылы мал тұқымын асылдандыру игілікті істің бастауына айналған-ды. Шаруашылықтарда жүгері дақылын өсіру қарқынды дамиды. Ол үшін  комсомол-жастар бригадалары құрылып, оған механизатор қыздар көптеп тартылады. Олардың қатарында Мариям Ниязова, Әлімжан Бақтаев, Әбілмәжін Қасымбеков Еңбек Ері атағын иеленіп, омырауларына Алтын жұлдызды жарқыратып тағады.
Жаркент өңіріндегі колхоз құрылысының ерен білгірлері Николай Головацкий, Ыбырайымжан Қожахметов, Имар Біләлов, Нүсіпбек Сауранбаев сынды хас мамандар еді. Осынау беделді басшылармен тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс істеу, халықты бір мақсатқа жұмылдырудың оңайлыққа түспесі белгілі еді. Оның тетігін табу тек Серғазы Құрмашұлы сынды басшының ғана  қолынан келетіні белгілі еді. Ол колхоз құрылысының  іргетасын  қаласқан білікті басшылармен жиі кеңесіп, жақын сыйласатын. Олармен пікір алмасып, ортақ  тұжырымға  келерде  келелі ой айтатын. Қазақы қалжың да осы тұста өрбитін.  Қасиетті қара шаңырағының дастарқанын кең жайып, қонақжайлық танытатын.  Шаруашылықтарды аралағанда, егістік алқаптарындағы  жүгері өсірушілермен,  қыстау мен жайлаудағы малшылармен жүздескенде  қарапайымдылық пен кішіліктің үлгісін көрсетер еді. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да үлкен мән беретін.
Басқару ісін  білгірлікпен жүргізіп, көпшіліктің жүрегіне жол табу тәсілдерін жетік меңгерген Серғазы Беспаев Панфилов ауданын республика көлемінде алдыңғы қатарға шығарды. Ол Панфилов аудандық  партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген 1976-1987 жылдар аралығында өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Аудан жоғары  экономикалық көрсеткіштері арқылы кеңінен танылып, жыл сайын  Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл Туды бірнеше мәрте жеңіп алады. 

Жаңа аудандағы тың қадамдар

Мол  тәжірибе жинақтаған әрі партиялық жұмыстың қыр-сырына әбден қанығып, ысылған Серғазы Беспаев  1987 жылдың сәуір айында Талдықорған  аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Кейін, яғни 1992 жылғы қаңтар айында еліміздегі қоғамдық құрылымдардың өзгеруіне орай Талдықорған ауданы әкімшілігінің басшысы болып  тағайындалады. Бұл  аудан шаруашылықтарының жұмысы да сан салалы еді. Негізінен кант қызылшасын, дәнді дақылдар, көкөніс өсіретін. Мал шаруашылығы да облыста алдыңғы қатарда саналатын. Ауданға іргелес Талдықорған мен Текелі қалаларының тұтынушыларын сүтпен, басқа да мал өнімдерімен қамтамасыз етіп отыратын. Серғазы  Құрмашұлы ауылшаруашылық маманы болғандықтан ауданды іскерлікпен басқарып, тез арада нәтижелі жұмыстар атқара бастайды. Ауданның экономикалық-әлеуметтік және мәдени салаларына көңіл бөлінеді. Ол бірінші басшы болып істеген 7 жыл ішінде қыруар шаруа  тындырылады. Ауданда бірнеше балабақша, Казпочта, телеком ғимараттары, оннан астам көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Тозығы жеткен көптеген балабақ, мектептер, мәдениет ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, талапқа сай жаңартылып, жабдықталады. 
Серғазы   Құрмашұлының облыс және республика деңгейіндегі беделінің арқасында аудан шаруашылықтарын сапалы тұқыммен, қажетті мөлшерде жанар-жағармаймен,  жаңа техникамен   қамтамасыз ету, өндірілген өнімдерді тиімді бағамен  өткізу мәселері оңтайлы  шешімін табады. Ауданда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету,  халық тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Мәдени қызмет түрлері де ілгерілеп, жаңғыртулар батыл енгізіледі. 
Кеңес дәуірі кезінде шығып тұратын «Партийная жизнь» саяси журналынан алынған: «Человек должен уйти с бюро не напуганным, а, если хотите, окрыленным поддержкой товарищей по партии, с ясным пониманием, как взяться за устранение недостатков.  Ведь настоящая партийная критика невозможна  без веры в человека, в то, что он может исправиться,  наверстать упущенное» деген тұжырымды Серғазы Құрмашұлы: «Менің негізгі жұмысымның бағыт-бағдары осыған негізделуі тиіс» деп, кабинетіндегі үстел әйнегінің астына салып қойып, әр  бюро мәжілісін өткізерде осы жазбаға көз жүгіртіп отырады екен. 

Басшылық және кісілік келбет

Серғазы Құрмашұлының басшылық қызметтерде істеген басқа әріптестеріне  қарағанда өзіндік ерекшеліктерінің барлығы ел арасында  жиі айтылады. Ол ақылға бай, сезімге кенен болатын, сабырлылығы мен ұстамдылығы қатар жүретін. Әділдіктің, ақиқаттың шеңберінен шықпайтын.Аппаратта істейтін қарауындағы қызметкерлерге қамқорлықпен қарайтын. Мамандарды іскерлік қабілеттеріне қарай іріктейтін. Олардың  тапсырылған міндетті қалай атқарып жүргендігін жіті бақылайтын еді. Айтылған ұсыныс, пікірлермен санасатын. Көңілге қонымдысын қабылдайтын. Өзімен қызмет істеген кадрлардың сағын сындырып, көңіліне дақ түсірмейтін.  Қылдай қиянат жасаған да емес. Біреуді кінәсіз қызметтен шеттетуге жол беріп, ренжіткен жері де жоқ.  Жаңашылдыққа да тосқауыл қоймайтын. Сонысымен де  халыққа жақты. Халық та оны қолдады. Сабыры да сары алтындай сарабдал-тын.  Өте қанағатшыл еді. Барды місе тұтып, жоғына салауат айтудан әрі аспайтын. Ол «Адамды абыройға жеткізетін атқарған ісі ғана. Кімде-кім қызметін шын ниетімен атқарса, сол адам халық құрметіне бөленеді»  дегенді жиі қайталайтын.
Қарым-қатынас мәдениетіне ерекше назар аударатын. Кісі көңілін қалдырмау жағын көбірек ойлап, өзіне жүгіне келгендерді ренжітпей, мүмкіндігіне қарай, қолдан келгенше шаруасын шешудің жолдарын қарастырып, жәрдемдескісі келіп тұратын. Тіпті мәселеңді түбегейлі шешіп бермесе де жылы сөзін айтып, шығарып салатын байыпты басшының байсалдылығы мен адами болмысына әркім-ақ ризашылық білдіретін әрі сүйсінетін.

Адал еңбек өтеуі

Серғазы Құрмашұлының   жемісті еңбегі  тиісті орындар тарапынан жоғары бағаланды да. Ол  Ленин, Октябрь революциясы,   «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Бұларға қоса мадақтау қағаздары мен Алғыс  хаттары да бір төбе. Сонымен бірге «Қазақ ССР-інің халыққа білім беру ісінің үздігі», «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атақтарының иегері. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысумен бірге партия съездеріне бірнеше мәрте делегат болып сайланып, күн тәртібінде қаралған мәселелерді талқылау барысында өзінің ойлары мен ұсыныстарын білдіретін. С. Беспаев Талдықорған облыстық партия комитетінің бюро мүшесі және облыстық аудандық Кеңестердің депутаты болып әлденеше мәрте сайланады.

Әке өсиетіне адалдық

Адами болмысы мен кісілік келбетін  көпшілікке танытқан Серғазы Құрмашұлы отбасы берекесінің ұйытқысы болған  ардақты әке де  еді. «Ер – үйдің тірегі, әйел – шегесі» дегендей, Серғазы Құрмашұлы сыртқы шаруаны тындырар болса, зайыбы Гүлбаршын үйішілік тіршілікті тап-тұйнақтай етуге тым шебер  ықтиятты ана-тұғын. Ерлі-зайыптылар тәрбиелеп, мейірін төгіп  өсірген         1 ұлы мен 3 қыз бүгінде әке өсиетіне адал. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған отбасының иесі  Серғазыұлы Жанат, әпкелері Жанна, Гүлнұр мен Айгүл еліміздің іргетасын бекемдей түсу жолында түрлі салада белсенді  еңбекке араласып, еңбек етуде. 
Ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана қайраткер. Әркез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер» деген қанатты қағидасы Серғазы Құрмашұлына арналып айтылғандай. Ол осы қағида үдесінде лайықты қызмет етіп, халық қалаулысына айналған, ұрпағын өсіріп, баршаға мейірлі шуағын шашқан тұлға ретінде ел-жұртының жүрегінде мәңгі сақталары анық. 

Іскер басшы халқы үшін көп іс бітіре алады. Бұған оның толық мүмкіндігі бар. Тек ол үшін елім деп соғар үлкен жүрек керек. Өзі қызмет еткен жылдарда елінің еңсесін көтеру үшін тынбай еңбек еткен Серғазы Беспаев ағамыздың өмірбаяны бұл сөзімізге жарқын дәлел.

Ләззат ОҢҒАР

Оқи отырыңыз