Елу жыл жүрек тербеген

Елу жыл жүрек тербеген

Мәдениет үйінің алдына жиналған көпшіліктің қарасы мол. Бәрінің назары ашық аспан астындағы сахнада. Мың бұралған бишілердің өнері әсем сазбен астасып жүректерді тербеп тұрғандай. Олардың қимыл-қозғалыстарынан, бет-әлпеттерінен әр ұлтқа тән өзіндік өрнектерді анық аңғарасыз. Халық билері бірінен соң бірі нәшіне келтіре орындалуда. Кәріс, өзбек, ұйғыр, татар, орыс, украин, осылайша тізбектеліп кете береді. 

Көп этносты көрермен қауым дән риза. Бишілерге сүйсіне қарайды. Қараған сайын өздеріне тән ұлттық ерекшеліктерді жазбай таниды. Таныған сайын ризашылық сезімге бөленеді. Іштерінен «Тоқтамаңдар, тағы да билей түсіңдер» деп күбірлейді. Өнерпаздар да көрерменнің көңіл түкпіріндегі сөздерін дөп басып танығандай, одан сайын арқалана түседі. Ал концерттің соңы қалай аяқталды дейсіз ғой?! Әр ұлттың өкілінен құралған жас бишілер тобы «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» болып қазақтың биін билегенде соғылған шапалақтар біразға дейін толастамады. «Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір» деген өнегелі тіркес осындайда айтылса керек. Бұл көрініске біз Еңбекшіқазақ ауданындағы «Улыбка» ән-би ансамблінің өнерін тамашалағанда көз жеткіздік.
Аталған өнер ұжымына биыл 50 жыл толып отыр. Осынау кезеңдер ішінде олар ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, тату тірлікті паш етіп, достық туын биікке желбіретіп келеді.
«Улыбка» ән-би ансамблі дегенде Нина Башкова мен Дмитрий Остапенколардың есімдері қатар аталатыны заңдылық. Ансамбльдің негізін қалаған осы ерлі-зайыпты өнер иелері. Бүгінде олар сексеннің сеңгіріне шыққан қарияларға айналды. Тәлімгерлік жолдарын сүйікті немересі, талантты шәкірті Арина Некрасова сәтімен жалғастырып келеді. Қарт өнерпаздар да бос қарап отырған жоқ. Білген ақыл-кеңестерін айтудан жалықпайды. Күн сайын би залына бір соқпай кетпейтіндері де сондықтан. 
Жуырда өнерлі отбасымен арнайы кездесіп, ансамбльдің өткені мен бүгіні жайында кеңінен әңгімелескен едік. Нина Евлампьевна бізге ерекше ілтипат көрсетті. Ол кісінің күлімдеген жүзі, жайдары мінезі адамдарды бірден өзіне баурап алады. Тұла бойынан кісілік пен кішілікті жазбай танисың.
– Облыстық газеттен хабарласып тұрмыз дегенде қуанышым қойныма сыймады. Өйткені, «Жетісу» мен «Огни Алатау» біз үшін өте ыстық. Биыл жүз жылдығын тойлаған қос басылымның сарғайған беттерін парақтасаңыз ансамбльдің жетістіктері жайында жазылған мақалаларды жиі кездестіресіз. Қаламы жүйрік журналистер біздің әр жеңісімізді қалт жібермей, оқырман қауымға сүйіншілеп жеткізіп отыратын. Сондықтан газет тарихында ансамбльдің де тарихы жатыр деп мақтанышпен айта аламын, – деп бастады әңгімесін Нина Башкова.
Қос өнерпазды бір-бірімен таныстырған да, табыстырған да киелі өнер. Ресейдегі Кемерово облысының Маринск қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген Нина кішкентайынан өнерге жақын болып өсті. Оның бұл жолды таңдауына өзінен бес жас үлкен әпкесі Зинаның себепкер болғаны есінде. «Сұлу болғың келсе би билеуді үйрен» деген сөзі Нинаға ерекше әсер етті. Міне, содан бастап оның бар ықыласы бишілік өнерге ауды.
– Әке-шешем бұл шешімімді алғашында құп көрмеді. «Биден гөрі музыкалық аспапта ойнаған жақсы емес пе?» деп мені райымнан қайтарғысы келді. Тіпті, арнайы гармошка сатып алып берді. Бірақ, одан еш нәтиже шықпады. Ақыры ол кісілер келісімін берді. Сөйтіп, мектеп бітіргенше он жыл бойы балет үйірмесіне қатыстым. Одан кейін жоғары оқу орнына түсіп, маман иесі атандым, – дейді Нина Евлампьевна балалық шаққа саяхат жасап. 
Музыкалық білім алып, бишілік өнердің қыры мен сырына қаныққан Нина еңбек жолын мектептен бастайды. Осында алғаш рет Дмитриймен кездеседі. Дима балалар үйінің түлегі. Музыкалық аспаптардың құлағында ойнайды. Бір күні мектепте екеуі бірігіп «Снежинка на катке» атты қойылым көрсетеді. Дмитрий музыкалық жағын әрлейді, ал Нина болса мың бұрала билейді. Сол бір кеште өнер деп соққан екі жүрек бір-бірімен табысады.  Көп ұзамай шаңырақ көтеріп, отбасына айналады. 
Жас жұбайлар 1968 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Есік қаласына көшіп келеді. В. Терешкова атындағы орта мектептің директоры Вакулин Яков Григорьевич екі жастың талантына тәнті болып, оларды бірден жұмысқа қабылдайды. Ары қарай өнер өлкесіндегі қарышты қадамдары басталады. Мектепте ашылған би үйірмесі бара-бара танымал ансамбльге айналады. 
– Қазақтың даласы қандай кең болса, халқының ықылас, пейілі де, адамға деген мейірі де сондай екен. Мұнда да өнер десе ішкен асын жерге қоятын талантты достар таптық. Әділбай Талқанбаев, Идан Бағжанов, Әлия Қыстаубаева, тағы басқа замандастарымызбен бірге жүрген бақытты шақтарымыз әлі де көз алдымызда. 
Ең алғаш ансамбль құрылған кезде оны қалай атасақ деп біраз ойландық. Бұл өмірде адамдардың қуаныштан жүздері балбұл жайнап, езулеріне күлкі үйіріліп, шаттанып жүргені қандай ғанибет! Біз де көрерменге би арқылы осындай көңіл-күй сыйлайық деген ниетпен ансамбльге «Улыбка» деп ат қойдық, – дейді Нина Евлампьевна.
Иә, олардың көздеген мақсат-мұраттары орындалды. Ансамбль аз уақыттың ішінде тек аудан ғана емес, облыс, тіпті республика жұртшылығына танымал болып үлгерді. 1980 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық музыка апталығында өнерлерін паш еткен «Улыбка» лайықты бағаланып, «халықтық ансамбль» деген атқа ие болды. Ал 1987 жылы республика бойынша халықтық өнер ұжымдары арасында болған жарыста бірінші орынға қол жеткізді. Мәскеудегі өнер фестивалінде де абырой биігінен көрінді. Сөйтіп, ансамбльдің беделі одан сайын асқақтады. 
Бірақ, өтпелі кезеңнің соқтықпалы соқпақтары бұларға да оңай тиген жоқ. Кеңестер одағы ыдырап, қоғам алмасқан аласапыран заманда күнкөрістің өзі қиындап кетті. Көптеген өнер адамы базар жағалап, өмірде бұрын-сонды істеп көрмеген саудагерлік кәсіпті игерулеріне тура келді. Міне, осындай сын сағатта Нина мен Дмитрий өздері негізін қалаған ансамбльдің тарап кетпеуіне бар күш-жігерін салды.
– Сол бір қиын-қыстау уақыт бізге де оңай тиген жоқ. Бірақ, соның бәріне қарамастан болашаққа деген үмітімізді үзбедік. Осы жолда талмай еңбек еттік.  Әрине, бүгінгі күнге дейін ансамбльдің еш кедергісіз жұмыс істеп келе жатқаны Дмитрий екеуміздің ғана ерлігіміз емес. Бізді қолдаған аудан басшылығына, балаларын өнерге құштар еткен ата-аналарға мың алғыс айтар едім.
Би өнері де – рухани қазына. Ондағы әрбір қимыл-әрекетте ұлттың болмыс-бітімі, жан дүниесі, нәзік иірімдері жинақталған. Мәселен, мен қазақ биін үйрену арқылы көп нәрселерге қанықтым. Өзімді сол халықтың бір бөлшегі ретінде сезіндім. Міне, халық биінің құдіреті осында жатыр. «Өнерде шекара болмайды» деп бекер айтылмаған. Өйткені, өнер – адамзатқа ортақ құндылық, – деп тебіренді Нина апай.
Ол кісінің өнер туралы ой-толғамдарын немересі, ансамбльдің қазіргі жетекшісі Арина Некрасова ары қарай жалғастырды. Арина  Есік қаласының төл перзенті. Осында туып-өсті. Ата-әжесінің талантты шәкірттерінің бірі болды.
– Мен өмірімді бисіз елестете алмаймын. Өйткені, бұл өнердің адамға берері өте көп. Би тек тән сұлулығына қызмет етпейді. Сонымен қатар, жан сұлулығына тигізер пайдасы шаш етектен. Алматыдағы эстрада және цирк колледжінде оқып жүргенде ұстаздарым менің тәлімгерім кім екенін билеген биім арқылы тап басып танитын. Әжем бишінің қол-аяғымен қатар оның көз жанары да билеп тұруы керек деп үйрететін. Сол арқылы сен әр ұлттың мінез-құлқын көрерменге паш етесің. Бидегі осы бір ерекшелікті өнерпаздар көп түсіне бермейді. 
Колледжді тамамдағаннан кейін оқуымды Санкт-Петербург қаласындағы жоғары оқу орнында жалғастырдым. Ол жақта шығыс билері онша дамымаған екен. Ұстаздарым қазақша, ұйғырша, өзбекше мың бұрала билегенімді көріп риза болды. Одан ұтпасам, ешқашан ұтылған емеспін, – дейді Арина Павловна.
«Улыбка» ән-би ансамблінде тәлім алған шәкірттер қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өнер саласында жемісті еңбек етуде. Тіпті, олардың ішінде би өнері арқылы әлемді шарлап, дүниежүзіне қол соқтырып жүрген таланттар да жоқ емес. Солардың бірі – Әнел Нұрсейітова. Ол қазір атағы жер жарған қазақтың өнерпаз қыздарының бірі. Әнел биіктерге қол созған сайын өзінің алғашқы тәлімгерлері Нина Бажкова мен Дмитрий Остапенколарға деген шәкірттік сүйіспеншілігін еске алады. Сондай-ақ, Дамир Оразымбетов де өнер жолын ары қарай сәтті жалғастырған шәкірттерінің бірі. Ол Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Елімізге белгілі режиссер-хореограф. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. «Улыбкадан» түлеп ұшқан жас қырандар бүгінгі таңда өнер әлемінің көгінде қанаттары талмай самғап ұшып жүр. 
Ансамбльдің бүгінгі ахуалы да жаман емес. Дей тұрсақ та, бұрынғыдай өнерге жан-тәнімен берілген балалар сиреп бара жатқандай. Ол туралы Нина апай біраз қынжылыспен айтты.
– Адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме, білмеймін, ата-аналар балаларының арзан атаққа қол жеткізуіне ұмтылады. Қазір неше түрлі саны бар, сапасы жоқ байқаулар қаптап кетті ғой. Сертификат, диплом алу еш қиындық туғызбайды. Ата-аналар да бізден осыны өздерінше талап етеді. Олардың ойынша, балалары бір айдың ішінде бәрін үйреніп, жаңағы байқаусымақтарға қатысулары керек. 
Би өнері ұзақ процестен тұрады. Баланың қол-аяғы икемге келуі үшін, оны жан-тәнімен сезінуі үшін айлар, тіпті жылдар керек. «Ән айтсаң  жаныңды жеп айтасың» демей ме? Сондықтан да өнерді бағалаған, оған жанашырлық танытқан адам бұлай істемеуге тиіс, – дейді Нина Евлампьевна.
Аудандық Мәдениет үйінде «Улыбка» ән-би ансамбліне арналған арнайы би залы жұмыс істеп тұр. Алматыдағы белгілі би студияларынан еш кем емес. Бірақ бір әттеген-айы – қыста жылудың жоқтығынан балалардың биді тұрақты жалғастыруына кедергі келтіруде.
– Қазір бізде киім-кешек жағы біраз қиындық туғызуда. Соны облыстық мәдениет басқармасы елу жылдық мерейтойымызда ескеретін шығар деген үміттеміз. Құдай ешқашан бейбіт өмірімізден ажыратпасын. Би биленіп, ән шырқалсын әрқашан. Мысалы, сіз бен біз дәл осы күні, осы уақытта емен-жарқын әңгімелесіп отырмыз. Ал әлемнің кейбір елдерінде балалар мылтық дауысынан шошып оянып жатыр. Осындай оқиғаларды көзің көріп, құлағың естігенде ішіңнен тәубе дейсің. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Халықтар достығының нығаюына біздің де өнер ұжымы өзінше үлес қосып жатқанына қуанамыз, – деп әңгімесін аяқтады өнерпаздар.
Олардың сабақты бастайтын уақыттары да таяп қалыпты. Шәкірттері күтіп тұр. Әр ұлттан құралған бүлдіршіндер ұстаздарына қуана қарайды. «Жүріңдер, қарақтарым» деп оларды Нина мен Арина бастарынан сипап би залына қарай алып жүрді. Сол сәтте Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиет сөзі ойыма орала берді...
 
Болат МӘЖИТ

Оқи отырыңыз