Аянышты күйдегі аялдама

Аянышты күйдегі аялдама

Талдықорған қаласына келген меймандардың аузынан күн өткен сайын шаһардың шырайланып, келбеті көз тартарлықтай өзгергені жайлы жылы лебіздер естігенімізде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Бірте-бірте көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеп, жаңа шағын аудандар пайда болып, қаламыздың керегесі кеңейіп келе жатқаны, көшелері күрделі жөндеуден өтіп, олардың бойына қуыршақтай көрікті де сүйкімді аялда­малар­дың орнатылғаны бар­шамызға аян.

Алайда, осындай көріктілік пен қолайлылық кейбіреу­лер­дің қабыр­ғасына «қатты бата­тын» сыңайлы. Сондықтан мұн­дай көр­ген­сіздер тасадан тұ­рып тас атып, сұлулықтың сәнін бұзып, бүтін дү­ние­нің тас-талқа­нын шығарғанды қалайтын көрі­не­ді. «Құрғақ қасық ауыз жыр­тады» деген­дей, сөзіміздің дә­лел­ді болуы үшін мына бір мысал­ды алға тартайық.

Облыстық әкімдіктің ірге­сінде тиіп тұрған Абай көшесінің бойын­дағы «Тынышпаев мұра­жайы атын­дағы» аялдаманың іргелеріне жапсы­рылған қалың әйнектің бірнеше жерін белгісіз біреулер талқандап, ойып тас­тапты. Егер тұтас шыны болса саусылдап бірақ төгіліп түсер еді, қалыңдатылған қоспа әйнек болғандықтан аман қалып, екі үш жері үңірейіп, ойылып тұр. Мұны жасаған не күші тасыған жастар немесе араққа сылқия тойып алған мастар екені анық. Қазір қабырғасы шұрық-тесік аялда­маның кейпі ая­ныш­ты. Әлгі тесік­терді балалар ғана кәдеге жара­тып, айналып өтіп, әуре болмай, әрлі-берлі кіріп, шығатын төте есікке айналдырып алған сияқ­ты. Қаланың қақ ортасындағы, түнде көше шамдары жарқырап түсіп тұра­тын аялдаманы осылай ой­ран­дап жүрген озбырлар, олар­дың бұл оғаш қылықтарына дер кезінде тосқауыл қоймаса шаһар шетіндегі және қалта­рыстар­дағы орналасқан аялдама­ларды аямай, талқандап тастауы әб­ден мүмкін ғой.

Аялдама жайлы әңгіме қоз­ға­ғаннан соң тағы бір келеңсіз көріністі алға тарта кеткеніміз артық болмас. Қаламыздағы №33 бағытта қатынайтын авто­бустың Абай мен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысындағы «Ба­ла­лар емханасы» аялдамасы жолаушыларға қолай­сыздық туғызып келеді. Оның басты себебі, аялдаманың аты жазыл­ған қаңылтыр бекітілген бағана орна­тылған жерде арнайы аял­дама жоқ. Сондықтан емханаға келген адамдар көліктерін қаз-қатар қояды да, тіптен жолау­шыларға автобус күтіп тұратын аядай жер де қалдырмайды. Сон­дықтан автобус көбіне жолдың орта­сына тоқтайды да артында келе жатқан көліктерге кедергі жасап, кептеліс туғызады. Қоғам­дық көлікті сарғайып тосып тұрған жолаушылар қаптаған машина­лардың ара-арасынан әзер саңлау тауып, автобусқа қарай тұра ұм­ты­лады. Сөйтіп, жол-көлік оқи­ғасына себепші бола жаз­дап, өздерінің өміріне де қауіп төн­діреді. Сондықтан, әзірше іс насырға шаппай тұрып, бұл жердегі аты ғана бар аялда­маның мәселесін шешу қажет деп ойлаймыз. Бұған қаланың жауапты мекемелері назар аударып, тиісті шара қабылдар деген үмітпен құлаққағыс етіп отыр­мыз.

Шора БАТЫРБАЕВ.

Оқи отырыңыз