ҚАҺАРМАН ҚАЛАМГЕР

ҚАҺАРМАН ҚАЛАМГЕР
   Маңдайына жазылған тағдыры оны шарболаттай қайралған алдаспанға айналдырды. Шыбықты ат қып мініп, асық атып, туған жердің топырағына алаңсыз аунап өскен бақытты балалықты басынан кешірмеді. Қарыны тоя тамақ жеген күндерін ойласа, бәлкім есіне түсер, түспес. Ал ашқұрсақ жүрген кездері... Ол жайлы тіпті, сөз қозғаудың өзі әбестік болар. Осы айтып отырған бір-екі сөйлемдегі талайлы тағдыр иесі қазақтың кемел ойлы перзенті Кемел Тоқаев еді. Балалығы аштық жылдарымен қатар өрілсе, жастық ғұмыры Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген қаламгер Кемел шынымен де қазақтың қаһарман ұлдарының бірі. Балалық шағы жоқта өсіп, жігіттік шақта от кешіп, Отанын қорғап келгеннен кейін қаруын қаламына айырбастап, қазақ әдебиетіне соны соқпақ салып, детектив жанрының жанартауына айналды. 
 

ЖЕДЕЛХАТ


   Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының қадірменді ұжымы!
 Көрнекті жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романының желісі бойынша «Солдат күнделігінен» музыкалы-драмасын өнерсүйер қауымның назарына ұсынып, сахналағандарыңыз үшін сіздерге алғысымды білдіремін. 
  Театр ұжымына алдағы уақытта жаңа шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тілеймін!

Қазақстан Республикасы 
Парламенті Сенатының Төрағасы 
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

   Иә, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі». Жеті жасқа жетер-жетпесте аштық құрсауынан аман қалды. Бір мүшелге толғанда тағдырдың кермек дәмін татты. Қарындасы ошақтағы отқа құлап кетіп, сал боп жатқан анасының алдында тірідей өртеніп кетуі... Оған қолын созудан басқа шарасы болмаған ананың осы бір жанкешті көрініске шыдамай жүрегінің тоқтап қалуы... Азық іздеп базар жағалап кеткен Кемел мен ағасы Қасымды Бішкек көшесіне тәртіп орнатып жүрген милицияның қаңғыбас балалар деп күдіктеніп, жетімдер үйіне апарып, тіркеп тастауы... Қос ұлын іздеп кеткен әке ізін таппай салы суға кетіп қайта оралғанда аулаға дейін шығып жатқан күйіктің иісі аңқасын ұрғанда бір жамандықтың болғанын сезіп, апыл-ғұпыл үйге кіргенде өз көзіне өзі сенбей аз-кем уақыт аңтарылып барып, есін жиғандағы әкенің күйі... Иә, аз ғана уақыттың ішінде ойдан құралған шым-шытырық әңгімедегі көріністей көрінетін, бірақ өмірде шынайы болған осы бір тағдыр Кемел Тоқаевтың басынан өтті. Оқ пен оттың ортасынан Отанына аман-есен оралғаннан кейін қаламын жүрегінің қанына малғандай сезімде «Солдат соғысқа кетті» деген автобиографиялық роман жазып шықты. Осы шығармада біз сөз етіп отырған аянышты тағдыр мен жанкешті өмір шынайы суреттелген. Сыршыл суреткердің жан толқытар романы сахналанатынын ешкім де ойлай қойған жоқ шығар. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, биыл Кемел Тоқаевтың туғанына 95 жыл толды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, өзі туған өңірдің төл басылымы облыстық «Жетісу» газетінде қаһарман қаламгер жайлы зерттеу мақалалар оқырманға жол тартты. Осылайша туған перзентінің рухын асқақтатқан рухани дүниелер Кемел Тоқаұлының тоқсан бес жылдығына арналып жатты. Осы орайда «Кемел Тоқаев» қоғамдық-қайырымдылық қоры да өз тарапынан игі шараны қолға алған еді. Бұл бастаманың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облыстық, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрымен бірлесе отырып жасалған шығармашылық жұмыс өз жемісін берді. Неге таңдау солтүстіктегі театрға түсті? Өзінің туған жерінде, Талдықорғанның төрінде Бикен апамыздың атындағы жарты ғасырға жуық тарихы бар театр тұр емес пе? Жауап беріп көрейін. Әдебиет айдынындағы бар қазаққа ортақ дара тұлғаның «Солдат соғысқа кетті» романы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының режиссері, жаны жаңашылдыққа құмар талант, ұлтымыздың қадау-қадау ұстаздарының бірі жерлесіміз Маман Байсеркеновтың шәкірті Фархат Молдағалидің көңіл төріне қонақтап, қиялына қанат бітірсе керек. Оның үстіне биылғы көктемде ғана Астана қаласында өткен театрлар фестивалінде Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзін» жаңаша көзқараспен, тың идеялармен сахналап, «Ең үздік» режиссер атанған Фархаттың есімі бірден елді елең еткізген еді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші, аты ауыздан-ауызға ілініп, қазақ театр әлеміне жаңалық әкелген жас режиссер «Кемел Тоқаев» атындағы қордың да назарына түсіп, күтпеген жерден қазақ театрының сахнасына тың туынды жол тартты. 
   Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романының сахналық нұсқасын жасаған Фархат Молдағали еңбек ететін театр туралы да бірауыз сөз айта кеткенім жөн шы-ғар. Осыдан он сегіз жыл бұрын, үшінші мыңжылдыққа қадам басқан тұста Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласынан зерделі сөздің зергері Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай, қазақ-сазды драма театрының шаңырағы көтеріліп еді. Оның уығы болып қадалған бір топ жас – Халық әртісі, профессор Есмұқан Обаев пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Татьяна Наурызбаеваның курсы жаңа ғасырдың жаңалығы ретінде елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қалаға қазақ руханиятының бір керуенін апарған. Аты аңызға айналған Әмина Өмірзақованың ұлы Талас Өмірзақов пен Бекболат Құрманғожаев осы курстың ұстаздары болып, жаңа театрдың шымылдығы ашылғанша сегіз ай бірге жүргенін айта кеткеніміз әбестік болмас. Бүгінде сол театрдың директоры, дәл осы өнердің қара шаңырағына айналған орданың ең алғашқы уығының бірі болып қадалған Біржан Жалғасбаев абыройлы еңбек етіп келеді.
   Сонымен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында өткен қойылымға қайта оралсам. Шымылдық ашылып, спектакль басталмас бұрын сахна төріне бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Ашылу салтанатының тізгінін қолына алған академиялық драма театрының директоры Асхат Маемеров: «Ассаламағалейкүм, ардақты көрермен. Ұлттық театр өнерінің қара шаңырағына қош келдіңіздер. Қазір сіздердің алдарыңызда Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды дарама театрының ұжымы өнер көрсетеді. Бұл өнер ордасы еліміздегі жас театрлардың бірі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен шалғайдағы, яғни облыс орталықтарындағы театрлар арнайы келіп, осы сахнада алматылық көрерменге өз қойылымдарын көрсете отырып, шығармашылық бірлестікті күшейтіп, тәжірибе алмасу мақсатында қолға алынған еді. Бүгінгі шара сол бастамамыздың жемісі», – дей келе Кемел Тоқаевтың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы ой толғау үшін сөз кезегін Халық әртісі Сәбит Оразбаевқа берді. Саналы ғұмырын сол сахнада өткізіп, өмірін театр өнеріне арнаған ақсақал бұл шаңырақта Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова сияқты небір саңлақтың ізі қалғанын айта келіп, сол қасиетті табалдырықтан аттап отырған Сәбит Мұқанов атындағы театрдың жас толқынына ақ тілегін арнады. Сонымен бірге жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларында бірнеше роль сомдағанын айтып, қаламгерлік ерекшелігі мен қалдырған рухани мұрасының өміршеңдігін сөз етті. Сахна саңлағынан кейін сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын-дараматург Нұрлан Оразалин: «Армысыздар әлеумет, Алаштың ұлы жұрты. Мынау Мұхтар Әуезов атындағы қасиетті қара шаңырақ небір жүйріктің жалын сипаған, талай сәйгүлікке сәт сапар тілеген. Осындай ұлы төрде ерекше басқосудың куәсі болып отырмыз. Соноу солтүстіктегі Сәбеңнің театры мен қарт Алатаудың баурайына орналасқан Алматыдағы Мұқаңның театры арасындағы байланыс қандай жарасымды болып, үйлесім тауып тұр. Қазақтың екі бірдей алыбының атын иемденген қос шаңырақтың қос ағасының ізбасары Кемел Тоқаевты сахна төріне шығаруы үлкен жақсылықтың белгісі. Қазақ әдебиетінде бүгінде қатары толысқан, арнасы кемелденген детектив жанрының хас шебері Кемел ағамыздың да рухын еске алып, аруағына құрмет жасалған күн деп білемін. Кемел ағамыз өмірде өте қарапайым кісі еді. Қазақтың «бетегеден биік, жусаннан аласа», деген бейнелі теңеуінен осы ағамыздың болмысын көретін едік. Ол кісі жетімдіктің ауыр салмағын көтеріп жүріп жетілген жан. Соғыстың зардабын көріп жүріп шыңдалған азамат. Бейбіт заманда да туған елінің руханиятына таусылмас қазына қалдырған ұлттың дара перзенті жаны жайсаң қалпында өмірден өтті. Өзі ортамызда жоқ болғанымен тоқсан бесін туған халқы тойлап жатыр. Кемел ағамыз Жетісудың төрінде, қасиетті Қараталдың бойында дүниеге келген. Тағдыр жолы оны Бішкекке де әкелді, майдан даласына да апарды. Соғыстан оралғаннан кейін қолына қаламын алып, өзінің жанына жа-қын тақырыбы мен жанрын дәл тапқан жазушы. Соның нәтижесінде Кемел Тоқаев қазақ топырағындағы детектив жанрының көшбасшысы, атасы деген сөздер айтыла бастады. Бұл жазушыға берілген үлкен баға. Қазақ әдебиетінде бес жүз мыңнан астам, кейде миллионға таяу оқырман жинаған қаламгер некен-саяқ. Кемел ағамыз сол аздың бірі. Бүгінгі басқосуды кемеліне жеткен Кемел ағамыздың шығармасы солтүстік пен оңтүстүктің арасына алтын көпір болып жалғап жатқан күн деп есептеймін. Ортамызда ұрпақтары, немерелері де отыр екен. Ол кісі ұрпақ тәрбиелеуде, соңына шәкірт ертуде де ғаламат үлгі көрсеткен әке, ұстаз. Той құтты болсын!», – деген ақжарма тілегін арнады. 
   Сөз арасын жалғап отырған Асхат Мақсымұлы көрермен залында детектив жанры жандарына жақын құқық саласының қызметкерлері де көптеп келіп отырғанын да назардан тыс қалдырмай атап өтті. Сонымен бірге осы шараға арнайы келген жазушының қызы Қарлыға Кемелқызына, күйеубаласы Теміртай Ырымтайұлына және «Кемел Тоқаев» қоғамдық-қайырымдылық қорының жұмысын жүргізіп отырған Дана Теміртайқызына көпшіліктің алдында құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. 
   Сөз кезегін алған Халық әртісі Есмұқан Обаев театр әлемінің бәйтерегіне айналған қасиетті шаңыраққа алыста жатқан өнер ұжымдарының арнайы ат басын бұрып, шығармашылық ізденіспен келуін жақсылыққа балап, сол күні солтүстіктен келіп отырған театрды өзінің шәкірттері ашқанын айтып, бүгінде аталмыш театрдың тізгінін ұстап отырған өзінің оқушысы екенін ерекше тебіреніспен жеткізіп, бір марқайып қалды. 
   Әлқисса, сонымен Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романы театр сахнасына «Солдат күнделігі» драмасы болып шықты. Қойылымдағы Мұхамедтің прототипі – қаһарман қаламгер Кемел Тоқаев еді. Шығарма аты айтып тұрғандай қан майдандағы солдаттың өмірін паш етті. Жауынгерлік дайындық кезінен бастап, майдан даласына барып, алапат соғысқа кірген Мұхамед-Кемелдің ерлігі, отансүйгіштігі суреттеледі. Бір ғана адамның өмірі емес, соғыстағы ерен ерлік пен сатқындық, көреалмаушылық яғни, пендеге тән жетістік пен кемшілік қатар өріліп жүрді.  Осы тұста автобиографиялық романдағы өмір шындығынан алыстамай, сондай туындыны сахнаға лайықтап, қойылым жасаған жас режиссер Фархат Молдағалидың еңбегін атап өтпесек болмас. Жас театрға тән жалын көрдік спектакльдің өне бойынан. Әнмен әрлеп, бимен ажарын ашты. Күрделі декорация да болған жоқ. Төрт жағынан қағылған қазыққа байланған үш жолақ тікенекті сымтемір, іші толған құм екенін білдіретін бірнеше жеңіл мүшек және қолдарына ұстаған мылтық. Бар болғаны осы ғана. Қалғанын жарықты ойнату арқылы сосын музыканың ырғағымен шешкен. Осы тұста айта кететін тағы бір ерекшелік, режиссер бұл қойылымда шағын камералық оркестрді жанды дауыста пайдалана білгені. Дәл мұндай оркестрдің сүйемелдеуімен қойылған драмалық шығарманы өз басым бірінші рет көруім. Жалғыз мен емес, көпшіліктің көңілін ерекше аударған да режиссердің осы тәуекелі болды. Бір жарым сағаттай уақытта соғыстың қасіреті мен жеңістің тәтті дәмін сезіндік. Иә, көрмей, білмей жүрген тақырып емес қой. Бірақ бізді сол әлемге енгізіп жіберген біріншіден, Кемел Тоқаевтың романдағы шынайы өмір болса, екіншіден режиссердің шешімі мен актерлердің шеберлігі. Театр – өмір айнасы. Біз сол айнадан бір адамның өмірі арқылы өріліп, күллі қазақ басына түскен бірнеше нәубетті жылдың зардабын көрдік. Жүрек тебірентіп, көңіл толқытар туынды қалдырған Кемел Тоқаевтай перзенті бар ұлт екенімізге қуандық. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деген хакім Абайдың асыл сөзінің ақиқат екеніне көз жеткіздік. Тоқаның ұлы Кемелдің тағдыры сондай тар жол, тайғақ кешуде өткенімен артында өлмес сөзі – шымыр шығармалары, өшпес ізі – ұлағатты ұрпақтары қалды. Осылайша Кемел аға өзі арқылы жақсының – аты өшпейтінін, сөзі арқылы дананың – хаты өлмейтінін дәлелдеп кетіпті. 

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Оқи отырыңыз