Үлкен жүрек иесі

Үлкен жүрек иесі

Төле биге сәлем бере келген шешен, батыр Шақшақ Жәнібек одан былай деп сұрайды:
– Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып билік құрайын ба?
Сонда Төле би:
– Өгізді өрге салма – қанатың талар, наданға көзіңді салма – сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа – сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа – түбіңе жетер. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң әуейі боларсың. Әйел алсаң көркіне қызықпа, тектіні ал. Мақтаншақ жігіт жисаң, ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз – жарға, қыс – қарға жығар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батыр менен биге күш. Қарап отырғанша бір нәрсеге жарап отыр, ұлым, – деген екен. 
Менің үзеңгілес досым, замандасым, сырласым һәм сыйласым Қуандық БАҒАШАРОВТЫҢ бойынан осы даналық сөзде айтылған жақсы қасиеттердің бәрін табуға болады десем, артық айтпаспын. Оған оның жүріп өткен өнегелі өмір жолы айқын дәлел. ​

Иә, қоғам, ел мен жер ортақ болғанымен әр адамның өмір жолы өзінше өріледі, әрқайсысы қыр-сыры көп өзгеше бір әлем. Жамандыққа жасымады, жақсылыққа мастанбады, тасымады. 
Жақсы мен жаманның бір-бірінен қалмай ілесіп қатар жүретіні, күн мен түннің алмасып тұратыны сияқты мынау дүниеде адам өмірі ешқашан тақтайдай теп-тегіс болмайды. Өмірінде жағадан алған жау да, етектен тартқан кесір де кездесті. Өзге біреулердің ашкөздігі, өтірік-өсегі, сауатсыздығы да бір өзіне таяқ болып тиген кездер де аз болған жоқ. Бірақ ол ең жаман деген нәрсенің өзінен жақсылық іздеп тұруға ұмтылды. Мүжілмейтін, жанына сабыр деген досты серік еткен азамат қандай жағдайда да біреудің ар-намысына тиіп ешқашан балағаттаған емес. Басшылық қызметтер тізгінін ұстағанда да біреуге тіл тигізуден, қиянат жасаудан сақтанды. Біздің Қуандық сол жүрегі таза, ары кірленбеген қалпын әлі биік ұстап келеді. 
Иә, сонымен, айбар асырған ақтаңгер кім? Ол жер жаннаты Жетісудың жерұйығы – Жылысай ауылында туып-өскен, сонда балалық бал дәурені өткен, сол ауылға бар ғұмырын арнаған қызыр шалған жан. Сол қызыр шалған жан менің замандасым! Әлі күнге құстың қос қанатындай жұп жазбай келеміз. Мен мұны мақтан етемін.
Қарақты көз бен қағылез зерде өткеннің бірін де ұмыттырғысы жоқ. Кегеннен Алматыға өріс тартатын тау беткейіне қоныстанған Жылысай ауылына табан тірететін күрежол бар. Сол күрежолдың ғасырдан ғасырға ұластырар тарихы тереңде. Сол күрежолдың бойы тұнған шежіре, жыр-дастан. Сол күрежолдың бойында менің замандасым Қуандық дүниеге келді. 
Дүниеге келген ауылын бұл күнде ол құт мекенге айналдырған. Құт мекенге айналдырғанша қаншама биік белестен өтіп, асқаралы асу асты. Әр өткен белесі, асқан асуы бір ғұмыр. Балалық бал дәуренінен өріс тартқан алғашқы белесі қандай қымбат болса, Жылысай ауылындағы М. Горький атындағы сегізжылдық мектептің табалдырығын аттағаны одан да қымбат. 
Сегізжылдықтан кейін осы күрежолмен Шелек ауылына бағыт түзеді. Сол ауылдағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң қайтара жүрегіне жылы, жанына нұрлы Жылысайына оралды. Сағынып қалыпты. Ауылын қимады. Сол қимас сезіммен туған жерінде еңбек жолын бастады. Еңбекке араласып, үлкен өмірге қадам басқан шағында, баяғы көзіне ыстық, көңіліне демеу, жанына сая күрежолмен әскери міндетін өтеуге бет алды. Сөйтіп, шыңдалу мектебінен өтті. Өмірге көзқарасы өзгерді. Күрежолынан алыстай алмасын астарлады. Күрежол өмірінің күретамыры екеніне шек келтірмеді. Әскери міндетін өтеп біте сол күрежолмен қара шаңырағына қайта оралды.
Туған жері күш-қуат беріп, сағынышы басылған ол Кеген аудандық Мәдениет үйінде жылжымалы клуб меңгерушісі болды. Бірақ оқуға деген құштарлығы өрістей түсті. Оқусыз өмір айдынында ескексіз қайықпен жүзгендей күн кешетінін ұққан Қуандық қасиетті санайтын сол күрежолымен Талғар қаласындағы ауылшаруашылығы техникумына бет түзеген еді.
Жолы болып техникумға оқуға түсті. Ауылдағы балаң достарындай мұнда да қымбат та қимас достар табылды. Олар да сырлас, мұңдасына айналды. Әсіресе, Сырым Қасымов, Сайлау Сейітқадыров, Дина Оразалина, Хадиша Слауовамен студенттік күндердің қызығын да, қиындығын да бірге өткізді. Содан ба, әлі күнге аражіктері ашылған жоқ. Кейін қызмет тізгінін ұстағанда етене жақын араласып кеткен Бағашар Тоқмолдаев, Байғожа Нұрғожаев, Дүйсенбек Шәдибеков, Ибрагим Жақсыбаев, Илақын Досымбеков, Бекжан Сабаншиевтар да дәл солардай болды. 
Ол достарын ойлағанда балаң шағын еске түсіреді. Балаң шақ – қымбат та қимас шақ. Қайран уақыт! Кейде көңілге мұң ұялатар күрежолда әкесі мен шешесінің де өрелі өмірлері белең алды. Тағдырдың қиындығын да, қызығын да қатар көрді. Қиындығына мойымады. Қызығына асып-тасымады. Әкесі Бағашар Майемгенов еңбек жолын малшылықтан бастаған еді. Кейіннен ат тізгінін ұстады. Аудандағы колхоздастыру ісіне белсене араласқан ол елі үшін жаратылған абзал жан еді. Оның еліне, әсіресе, өскен өңіріне жасаған ерен еңбегі тарих бетінде жазылып қалған. Көзін көрген көне көздер дауылға қарсы ұшқан тұйғындай ғұмыр кешкен жанның өмір өрімін әңгіме өзегі ететіні әлі күнге есінде. Сонда бар ынта-зейінімен тыңдайтын. Тыңдағанда кеудесін мақтаныш сезімі баурайтын. Төбесі көкке екі елі жетпейтін. Ол бір ұмытылмас кезең екен-ау!
Әкесі Бағашар сол бір қиын-қыстау тұста, ақиқаты Кеңес өкіметі кезінде қаншама ауылдың іргетасын қалады. Қаншама ауылды басқарды. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Бар өмірін өскен өңірінің өркен жаюына жұмсады, туған топырағының гүлденуіне арнады. Сөйтіп, өскен өлкесі өркен жайды, ауыл-аймағы гүлденді. 1934 жылы Кеңес өкіметі құлашын кеңге сермеп тұрғанда Әліби Жангелдинмен бірге колхозшылардың Бүкілодақтық ІІ съезіне қатысты. Оның өзі заманына ұлағат тарих. Сол дәуірде тасы өрге домалап, кеудесіне Ленин орденін тағыпты. Ол да заманына сай құрмет еді. Бірақ...
Қылышынан қам тамған отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіннің суық ызғары Қуандықтың әкесі Бағашардың да өн бойын қарып өтіпті. Бағашардың туған ағасы Нұржікей Ораз Жандасовпен аралас-құралас, пікірлес, ниеттес болған деп Сібірге 15 жылға сотталып кеткен. Ал Бағашарды «халық жауының» бауыры деп Үшаралға жер аударыпты. Бұл туралы Қуандық:
– Әкем Үшаралда жатқан кезінде Кенжеқыздай анам әкемнің Кенжебай деген ағасының көмегімен ат-арбамен іздеп барып қайтқан екен. Әлі күнге дейін ойланам, қанша күн жүрді екен, бір ай жүрген шығар. Шетел көлігімен Талғар қаласынан шығып, Семейге дейін 12 сағат жол жүргеніміз бар. Әлі күнге дейін анамның әкеме деген кіршіксіз көңіліне, мөлдір махаббатына тәнті бола түсемін, – деген еді бір әңгімесінде тебіреніп. 
Солақай саясаттың кесірі тиген Бағашарды шаруашылық басшылығынан босатып қана қоймай, кеудесіне таққан Ленин орденін де тартып алады. Жер аударылған Үшаралдан қайтқаннан кейін Қарағандыда еңбек колониясында жұмыс істейді. Тек 1944 жылдан бастап шаруашылық басқаруға рұқсат етеді. Ферма меңгерушісі кезінде зейнетке шығады.
Зерделей үңілсек, Нұржікей мен Бағашардың жүріп өткен жолы ұрпаққа үлгі. Оған дәлел жетерлік. Сол дәлелдің бірі менің мұрағатымдағы 2001 жылы 26 мамырда жарық көрген Райымбек аудандық “Хантәңірі” газеті. Газеттегі “31 мамыр – Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алу күні” айдарымен берілген Ж. Батыршаұлы мен          Т. Мұқанұлының “Ата аруағына құрмет” деген мақаласы екі арыстың да өткен өмір жолын тереңнен толғайды. Енді сол толғаудан үзіндіні оқырманға ұсынуды жөн санадым. Ол толғау төмендегідей:
«...Майемгенов Нұржікей қария 1898 жылы Қулық тауының батыс баурайындағы Қолтықбастау деп аталатын өңірде дүниеге келген. Еңбек жолын байларға жалшы болудан бастаған. Қазан революциясынан кейін Қызыл Армияға ерікті түрде кіріп, әйгілі Мағазы Масанчидің бөлімінде Ташкент, Верный қалаларындағы батальонында қызмет еткен. Ферғана қаласындағы 3-атқыштар бата-        льонында Рахманқұл құрбашыларына қарсы күреске қатысқан. Азамат соғысы бұрынғы жалшыға үлкен өмір мектебінің есігін ашты.
Нұржікей қарияның бұдан кейінгі өмір жолы заман ағысына сай елді отырықшылдыққа ұйымдастыруға жалғасқан. 1925 жылдан партия мүшесі, коллективтендіру кезінде өзі туған өңірден Октябрь колхозын ұйымдастырды. 1925-1933 жылдары Ұзынбұлақ, 1934-36 жылдары Сарыжаз ауылдық кеңесінің, 1937 жылы Жалаулы колхозының төрағасы қызметтерін атқарған. Осы әйгілі 37-де «халық жауы» деп ұсталып, итжеккенге айдалды. Мұнда жазықсыз 15 жыл отырып келді.
Ал Бағашар Майемгенов 1908 жылы Жылысай ауылында туған. Ол да еңбек жолын қатардағы жалшыдан бастаған. Коллективтендіру кезеңінде 1928–1935 жылдар аралығында артельдің бригадирі болды. Еңбек десе ерінбейтін Бағашар қарияның ұйымдастырған ісі ілгері басып, 1935 жылы Мәскеуде өткен колхозшылардың Бүкілодақтық ІІ съезіне делегат болып қатысу құрметіне ие болды. 1935–1937 жылдары Октябрь колхозының төрағасы болған. Алайда, “ағасы Нұржікей халық жауы болған” деген желеумен сол жылы Ленин орденін қайта тартып алып, өзін жер аударып жібереді. 1944 жылдан 1958 жылға дейін өзі туып-өскен Октябрь, Жылысай колхоздарында төраға, өндіріс бригадирі, ферма меңгерушісі болып еңбек еткен».
Міне, осы мақаладан екі арыстың – әкесінің ағасы Нұржікей мен әкесі Бағашардың қандай жандар болғаны және елі үшін қалай от пен суға түскеніне көз жеткізесіз. Ал Қуандық жер аударылып, билік тізгінін қайта ұстаған әке өсиетін ұстанып, өнегесін үлгі тұтып өсті. 
Сонау 1973 жылы оқу бітіріп келгенде еңбектің алтын тінін таратуына бастау болып, демеп-сүйеген, биік белеске өрлеуіне жол ашқан Жылысай совхозының сол кездегі директоры Шайқын Құрмантаев еді. Ол Қуандықты қызметке қабылдап қана қойған жоқ, жас маманның болашағына үлкен сенім артты. Қуандық та жастығына қарамай алғырлығымен, өрелілігімен, білімдарлығымен сенім үдесінен шықты. Есеп-қисапты шырқ үйірген іскер маман көп ұзамай экономист болды.
Ал сол іскерлігі жас маманның бағының жануына, биік белеске өрлеп, самғап ұшуына себепкер болды. Өзі де шаруашылықтың қыр-сырын жетік меңгерді. Директордың орынбасары болды. Одан кейін зоотехник, ферма меңгерушісі. Сөйтіп қызметте сатылап өсті. Сатылап өскен сайын ел аузына ілікті. Ел аузына іліккенде заман өзгерді. Кеңес өкіметі құлап, шаруашылықтар тарады. Әркім өзінше заман ағымына орай іс-қимыл жасауға бет бұрды.
Еліміз тәуелсіздік туын тікті. Қуандық та тәуелсіздік туының биікке желбіреуіне бар күш-жігерін жұмсады. Жаңа заманның жаршысына айналды. Қанатын кеңге жайған көшке ілесіп, айналасына нұр, шуақ шашуды мақсат тұтты. Сол мақсатпен “Айдын” шаруа қожалығын құрды. Сонымен қатар, “Жылысай” толық шаруашылық серіктестігінің төрағасы болды.
Рас, алғаш ірге көтерген “Айдын” шаруа қожалығы да, “Жылысай” толық шаруашылық серіктестігі де елеулі қиындыққа тап болды. Ол тұста заман ағымы солай еді. Бірақ, өмірден көріп-түйгені мол, іскер де тәжірибелі, қайсар да қабілетті Қуандық заман ағымына бас иіп, қиындыққа мойымады. Дауылға қарсы ұшар тұйғындай кейіпке енді. Сөйтіп, қиындықтың бетін қайтарды.
Ол қиындықтың бетін қайтарған сайын ел еңсесі көтерілді. Бұрын ауыздарын қу шөппен сүртетіндердің шаңырақтарына шаттық ұялады. Қораларынан қой өріп, сиырлары сүт бұлағын ағызды. Қымызға да қарық болды. Таңертеңгілік өріске беттеген малдың қарасы көбейді. Біршама тарыққанның аузы аққа жарыды. Дастарқандары аста-төкке айналды. Қаладан несібе тереміз деп ауылдан күдер үзе үдіре көшкендер ат басын қайтадан туған өңірге бұрды. Сөйтіп күрежолдың тау жағындағы жерге үй сала бастады.
“Айдын” шаруа қожалығының да өрісі үйір-үйір жылқыға, отар-отар қой мен ірі қараға толды. Бұл Қуандықтың өз байлығы, ел ырзығы. Сол ел ырзығын еселеуді көздеген Қуандық келе-келе асыл тұқымды жылқы өсіруге бекем бел буған еді. Сөйтіп, қолдағы бар қаражатына ағылшын жылқысын сатып алып, бұл істің де көсегесін көгертті.
Қожалықтың 750 гектар жері бар. Оның 50 гектары шабындық болса, 50 гектары егістік. 650 гектар алқабы жайылымдық. Тракторлары, басқа да техникалары жетерлік.
Қуандықтың әкесі Бағашардан дарыған, қанына сіңген қасиетінің бірі – ат бапкерлігі. Бапкерлік әкесінен дарыған қасиет. Сол қасиеттің құдіреті ме, 1996 жылы Райымбек батырға ескерткіш тұрғызғандағы дүбірлі тойда қара жорғасы бірінші келіп, жеңіл көлік иеленді. Шұбартал жайлауында өткен тойда “Көк тұйғыны” шашасына шаң жуытпай “Нива” көлігін мінгізді.
Қос-қостап көлік мінген ат бапкері әңгімешіл. Әңгімешіл ғана емес, шежіреші. Тұла бойы тұнып тұрған сырсандық. Сол сырсандықтың кілтін ашып:
– Бала күнімнен атқа шаптым. Тақымымның құттылығы шығар, көбінен озып келетінмін. Кейіннен бапкерлікке ден қойдым. Ат баптауды ешкім үйреткен жоқ. Қанымызда бар. Ол кездегі 25 шақырымдық аламандарға 20-30 сомның көлемінде ақша тігілетін. Ондай жүлденің талайын иемдендік. Қанымызда бар дейтінім, әкем Бағашардың өзі ұлы баба Жамбылдың одақ көлемінде өткен 100 жылдық тойына ат баптап қосып, қосқан аты аламанда екінші орын алған екен. Жөні келгенде айта кетейін, біз батырлығы қалың елін тамсандырған жауларының үрейін ұшырған Қорам батырдың ұрпағымыз. Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылынан батысқа қарай жатқан үлкен ауылдың бірі – біздің батыр бабамыздың есімімен аталады. Қорамнан Жанысбай, Қилыбай, Белдібай, Дандыбай тараса; Жанысбайдан – Итемген, Сүтемген, Майемген, Бөртібай, Сөртібай; Майемгеннен – Қағазбай, Намазбай, Нұржікей, Әтікей, Бағашар, Кенжебай тарайды. Мен Бағашардың ұлымын. Біздің шежіре осындай.
Балаларымның анасы Қамармен 1967 жылы отау көтердік. Ол Нарынқолдың қызы. Батыр Жәмекенің інісі Шойбектің тұқымы. Үш ұл, екі қыздан тараған он шақты немере-шөбереміз бар. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы, – деп тереңнен толғаған еді.
Адамның басты мұраты – өмірге ұрпақ әкеліп, оны саналы азамат етіп тәрбиелеу. Баласын бауыр етіне балайтын халқымыз бала тәрбиесін ертеңге қалдырмаған. Бұл жолда әйел-аналардың атқарар рөлі зор. Аңыз-әфсаналардағы Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды сынды батырларымызға әрқашан тірек бола білген әйелдердің, одан бергі тарихта қалған, қол бастаған Тұмар ханшайым, бір үйдің емес, бүтін бір елдің анасына айналған кешегі Ұмай ана, Домалақ ене сынды аналарымыздың салып кеткен ізі әлі де жоғалған жоқ. Біздің Қамар да сол данагөй аналардың сарқытындай, заңды жалғасындай. Қуандықтың бүгінгі жеткен биігінде, сөзсіз, Қамардай аяулы жарының еңбегі ұшан-теңіз. Қашан барсақ та, жылы пейілді, ашық мінезді Қамар самаурынның бірін сарқып, екіншісін демдеп жатушы еді. Мейманының астына таза құрақ көрпесін төсей қойып, ақ дастарқанын да жайнатып жіберетін. Қас пен көздің арасында баданадай-баданадай ыстық бауырсағы да дайын бола қоятын. Әйелдің үйіне келген қонағын осылайша құрметтегені – ерін қадірлегені. 
Жуырда Қуандықтың достары тағы да бас қосқан едік. Әңгіме-дүкен құрдық. Кең дастарқан үстінде кеңінен сырластық. Балалық шағымызды қайта еске алдық. Қуандық асқақ арманға жетелеген баяғы күрежол тарихын тереңнен қозғады. Тебірене әңгіме тиегін ағытты. Сонда мен оған:
– Енді ауыл тіршілігі, ағайын-туыс бірлігі, түйіндей айтқанда заман ағымы туралы әңгімеге бет бұрсақ қайтеді, – дедім.
– Орынды ұсыныс. Ауыл байырғысынан көп өзгеріс тапқаны әркімге аян. Тәуелсіздік туын тігіп, бостандықтың бодауынан арылып, өз қолымыз өзімізге жеткенде қиындық кезеңге тап болдық қой. Ал ол уақытша қиындық еді. Өмір заңы солай. Жеке отау тіккенде кім-кімде қиналады. Кеңес өкіметінің құрамынан бөлінгенде біз де сондай күй кештік. Оны жасыруға болмайды. Қанша жасырғанмен ақиқат айғақталады. Біздің жас мемлекетіміздің іргетасы берік қаланды. Соған тәубе! Сонау 1994 жылы колхоз тарап кеткенде осы ауылдан бадаға 10-15 сиыр, 50-60 жылқы шығатын еді. Бүгінде 300 сиыр, 400-дей жылқы өріске бет алады. Осыны көргенде көңілің марқаяды. Тағы да тәубе дейсің. Жалпы, біздің ат төбеліндей ауыл ғана емес, Қазақстанда тұрмыс-тіршілік жақсы. Ақиқаты, жақсарып келеді. Не істеп жатырсың деп біреу шектеу қоймайды. Жұмысыңды атқар, малыңды бақ, оқуыңды оқы, өз жағдайыңды жаса деп жатыр. Одан өзге не керек. Бұл қазақтың да, Қазақстанның да бағы. Соған қуанасың. Мен жетпіске келдім. Осы жасқа дейін екі-үш дәуір өткіздім. Бәрін де көрдік. Құдайым басымызға қонған бағынан айырмасын! Ел аман, ел тірегі Елбасымыз аман болсын! Жас мемлекетіміздің іргетасын берік қалаған сол Елбасы! Қазақтың да, Қазақстанның да болашағын онсыз елестету де мүмкін емес.
Кезінде жолым түсіп, шет мемлекеттердің топырағын бастым, дәмін таттым. “Қазақстаннан келдік” десек, “А, русь” деп намысымызға тиетін. Қазір, тәубе! Қазақстанды да, қазақты да жержүзі таниды. Бұдан асқан қандай бақыт керек. Егемендік алдық, тәуелсіз мемлекет болдық. Асқақ Гимніміз, еңселі Елтаңбамыз бар. Көк байрағымыз талай елде желбіреп, жеңіс биігінен көрінді. Осының барлығында Елбасының еңбегі зор. Еңбек етемін дегенге мүмкіндік жасалған. “Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған” уақыт. Тек жалқау адам ғана ішіп-жемедім деп өзіне өкпелесін.
Көңілі тасына, рия пейіл байқата сөйлеген Қуандыққа:
– Жетпіске иек артқан жүзіңнен, салмақты да салиқалы сөзіңнен ауыл ағасына, ел ақылшысына айналғаныңды пайымдадым. Енді ақылшы ретінде қандай игі тілек айтар едің? – дедім.
– Ел аман, жұрт тыныш болсын. “Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз” деп Бейімбет Майлин ағамыз айтқандай, ел аман болса, бәріміз де гүлденеміз. Бәріміз гүлденсек, ауылымыздың да өркендегені, көркейгені. Ауыл көркейсе, заман бұдан жақсара түседі, – деді Қуандық кең тыныстап. 
– Әрине, бәріміздің де тілейтініміз елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Ауыл көркейсе, заманның бұдан да жақсара түсері ақиқат. Құдайым соған жеткізсін. Дегенмен, түрлі жағдай болып жатады. Қожанның ұрпақтары осы ауылда тұра ма? Әкесі де, шешесі де ерте қайтыс болды. Ұрпақтары осы ауылда тұрса, тіршіліктері қалай? – дедім.
– Қожанның ұрпақтары осы ауылда тұрады. Оларды мен тәрбиелеудемін. Тіршіліктері де жақсы. Қожаннан Сырым деген жалғыз бала бар ғой. Оның әйелі менің кластасымның қызы. Сол Сырымның төрт баласы менің атымда. Бәйгеге қосқан атым жүлде алса соларға берем. Мысалы, тоңазытқыш, басқа да жүлде. Маған жүлде алды деген аты да жетеді, – деді Қуандық.
– Бұл ауылда сенен үлкен кім бар? – дедім.
– Тілектес деген ағам, одан соң Карл деген туған ағам тұрады. Одан соң...
– Өзі сол ағаларына жайылып жастық, иіліп төсек болады,– деді Қуандықтың сөзін бөлген Талап Қасенов тағатсызданып.
– Немене, – дедім Талаптың бетіне күлімсірей қарап. – Қуандықты мақтағың келіп отыр ма?
– Е, бұл Қуандық қалай мақтасаң да мақтауға тұрарлық азамат қой. Атам қазақта “Жері байдың – елі бай” деген нақыл бар. Нақыл астарында қашанда шындық жатады. Оған дәлел: туған, қазір де мекен еткен жері Кеген ауданындағы ең шұрайлы жер. Нағыз жерұйығы. Ұлықтық таудың етегінде, ата-бабасының ізі қалған топырақта өсіп-өнген азамат. Өзі ғана емес, ұл-қыздары да, немере-шөберелері де туған жердің қасиетінен нәр алып, бойларына асқар таудай асқақтықты, сұлу өлкедей сұлулықты сіңіріп өскендер. Өзі ат жалын тартып мінгеннен кіндік қаны тамған өңіріне үлкен қызмет атқарып келеді. Кеңес дәуірінде де билік тізгінін ұстады. Қазір егеменді Қазақстанның беделді кәсіпкерлерінің бірі. Адал пейілінің, ақ ниетінің арқасында ауданның экономикалық, саяси жағдайына елеулі үлес қосып отырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Түйіндеп айтқанда, қазіргі заман талабына сай саналы өмір сүріп жатқан жайсаң жан. Мерейін асыра атап өтерлігі – адамгершілігімен қоса қонақжайлылығы, – деді Талап шын жүректен ағынан жарылып.
Сосын дастарқан үстіндегі жып-жылы ғана әдемі әңгіме өрімін одан әрі Байғожа Нұрғожаев досымыз жалғастырып әкетті.
– Мен Қуандықты сонау сексенінші жылдан бері білемін. Сол кезде таныстық. Танысқаннан бері отбасымызбен араласып, дос-жаран болып кеттік. Қуандық пен Қамардың адам сыйлаудағы ізеттіктері мен инабаттылығы ерекше. Ол керемет қасиет қой. Қуандық – көпшіл азамат. Ауылдастарына, ағайын-туыстарына өте бауырмашыл. Жора-жолдастарына өте адал. Жүрегі ақ. Жолдасын жолға тастамайды. Қашанда қамқор болып, қол ұшын беріп жүргені. Достарын, кластастарын, курстастарын бірінен-бірін бөлмейді. Бәрін тең көреді. Қазір де зейнетке шықтым деп қол қусырып отырған жоқ. Шаруасын шырқ үйіруде. Үлкен атасы Майемген мен әкесі Бағашардан қалған қара шаңырағында. Қуандық сегіз қырлы, бір сырлы жан десем артық айтқаным емес. 
Келесі бір жақсы қыры – немере-шөберелерін өте жақсы көретіні. Біреуі тізесінде, біреуі арқасында, біреуі мойнында отырады. Қамар екеуінің отбасын құрғанына елу жыл болды. Қуандық ауыл ақсақалы. Ауылдағы барлық мәселені халықпен ақылдасып, әділ шешіп отырады. Енді тағы бір қыры – саятшылығы. Жүйрік тазы, жақсы ит ұстайды. Атына мініп, түлкі аулап, қасқыр қуалайды. Таң бозара атқаннан атына мініп, төменгі жазықпен Мойнақты аралап кетеді, – деді Байғожа досына аса бір ықыласпен қарап қойып. 
– Ал менің Қуандықпен құда болғаныма биыл бақандай 19 жыл. Құда болмай тұрғаннан бұрын бірге қызмет атқардық. Дос-жаран болдық. Иә, біздің Қуандықтың жақсы қасиеттері өте көп. Өзі өте бауырмал, балаларына қайырымды, еңбекқор. Еңбекқорлығының арқасында Жылысайдың елге танымал кәсіпкері. Екі баласы қайтыс болды. Екеуінің де балаларын ержеткізді. Бұл күнде немере, шөбере сүйді. Бәрінің тойын жасап, қамқор болып үй, көлік алып берді. Бәрін жалғыз өзі жасап келеді. Қазір менің күйеубалам Жанат қолғабысын тигізіп жатыр. Көпшіл, жайдарлы. Он тоғыз жыл бойы ашуланғанын көргем жоқ. Он тоғыз жыл бойына арамызға қылау түскен жоқ. Құда болғаннан бері қызығымыз да, шыжығымыз да бірге, – деді Сәтбай Сыбанқұлов құрдасымыз да ілтипатын білдіріп қалғысы кеп.
Бір ғұлама: «Жол үстімен маған қарай дөңгелеп келе жатқан он түрлі жамандықтың тоғызы маған жетемін дегенше құлап қалады, ал әлгі жалғыз қалған қиыншылықпен күресуге әлім жетеді!» – деген екен. Қуандық Бағашаров өмір жолында кезіккен қиындық атаулыны жеңетініне сенген азамат. Өзекті тірі пенде тумысынан адалдық, арамдық, мейірімділік, қызғаныш, жомарттық, қаскөйлік, бауырмалдық, тәкаппарлық секілді толып жатқан қасиеттерден тұратын жаратылыс иесі. Солардың ішінде ізгіліктің нұрын шашып тұруы үшін, жақсылық атаулының басым түсіп жатуы үшін адамға алдымен ақыл керек. Ал ақыл – бәрін реттеп, жөндеп, жолға салып отыратын адам миының қуаты. Мен бүгін мерейлі жасқа толып отырған Қуандық досымның осындай үлкен ақыл, үлкен жүрек иесі екендігін айтып мақтанғым келеді. 
Жасай бер, менің алтын бауырым!

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Оқи отырыңыз