Ақын да бір домбыра күмбірлеген

Ақын да бір домбыра күмбірлеген

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары өзінің жалынды жырларымен оқырман жүрегіне жол тапқан ақынның есімін бүгінде ерекше құрметпен, көзін көрген жандардың естелігімен еске аламыз. Жер жаннаты Жетісудың топырағынан, өзендер өрнектеген өлкеден, «Елдің төрін, тілдің мөрін ұстаған» (Бауыржан Омаров) қасиетті жерден,   Талдықорған өңірінен шыққан Әділбек Абайділданов, Құдаш Мұқашев, Жұматай Жақыпбаев, Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Өтепберген Ақыпбеков, Тоқтасын Сүгірбеков, Қайрат Әлімбек, Тоқбай Исабеков, Әбен Дәуренбеков, Сәкен Иманасов ағаларымыз туралы, олардың мұралары жайлы қаншалықты білемін?

Жырлары жанға жайлы жаздың самалындай Әбен мен Сәкен ағаларымды өмірінің соңғы жылдарында әдеби кештерде бір-екі рет көргенім болмаса, «айтса – дуалы ауыз айтсын» (Шерхан Мұр­таза) деген сөздің парқына бармай, ақын аға­лардың дуалы ауыздарынан шыққан сөздерін көкейге түйіп те алмаппын. Бәлкім, бұл Қайрат ақын айтқандай, «тағдыр деген күйшінің қолын­дағы» домбыраның күй ауаны ырғағымен желе жортқан өмір жолы мен өлең жолының түйіспеген тұстарынан да болар. Мен олармен пікірлесіп, өлеңдерін өздеріне оқып бермегеніммен  жарқын тұлғалардың жыр мұраларынан әдебиетте қалдыр­ған өшпес іздерін анық байқап, бағамдаймын.

Менің қолымдағы Қайрат Әлімбектің:

Адам үшін жаралған ой адамы,

Оймен ұйқтап, ойымен оянады.

Түрлі істер тұрғанда өмірінде,

Ой ойлауын қалайша қоя алады?! – деген өлеңі енгізілген. 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Аудитория» атты студенттер жыр жи­на­ғы құдды бір поэзия патшалығынан тіл қатып тұр­ғандай. Беттері сарғайып кетсе де құн­дылығын жоғалтпаған сол жылдары жоғары оқу орын­дарында оқитын студент жастардың тырнақалды өлеңдері енгізілген жинаққа жазушы Әлсейіт Ақ­пан­бетов мынадай пікір қалдырған екен: «Көзін ашқан көктемгі бұлақтар тәрізді өмірге ғашық көзбен қарайтын талапкерлердің игі талпы­ныс­тары, тұнық сезімдері, жүрек дауыстары жыр­сүйер қауымды елең еткізер деген сенімдеміз».

Сенім ақталғандай. Сол жинаққа тырнақалды дүниелері енген талаптылар қатарынан поэзияның тасын өрге домалатып,  «ой мен сезімнің образға айналған көркемдік жарасымын, өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысын» (Сағат Әшімбаев) – өлең атты құдіреттің бағын жандырған  ақындар (Бауыржан Жақып, Светқали Нұржан, Бауыржан Үсе­нов, Баян Бекетова, Ерболат Баятұлы, Нүсіп­бай Әбдірахым, Гүлнар Салықбай, Қазбек Иса, Сәу­леш Шатенова, Дағжан Белдеубайұлы, т.б.) шықты.

Осы лектің ішінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Сө­зім­нің гүлі» (1989), «Жоқ іздеген жігітпін» (1994), «Намыс найзагері» (1999), «Махаббатстан» (2000), «Көзімнің нұры» (2003) атты жыр жинақтарының авторы, республикалық «Арай-3аря» журналында, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Алматы ақшамы», «Дала дидары», «Өркен-Горизонт» газеттерінде жауапты қыз­мет атқарған, Қазақ радиосы бас редак­то­ры­ның орынбасары болған, қапияда өмірден ерте кеткен талантты ақын Қайрат Әлімбек те бар еді.

Дабыл ұрсын жүрегім, дабыл ұрсын,

Жоқ іздеген жігітті бәрі білсін.

Көшпелі алтын секілді көз алдымда,

Қара түнде жоғалған жарығымсың, – деп төк­пелеткен ақын өмірге жалындап келіп, жалын­дап өтті. Турасында ол – атадан бабаға мұраға қалған жәдігер-жырдың жоқшысы болды.

Арғымақ ақын туған топырағын ерекше са­ғынышпен жырға қосады:

Туған жерім – Жаркентім – нәзік мекен,

Сағынышты сен деген жазып кетем...

Көрерсіңдер, көгілдір тауда туғам,

Маңдайымдай таңдайым жазық па екен?

 

Арғымақ ем, елсізде азып кетем,

Шөпілдеген шөлімнен саз ұқ бөтен.

Шылбырымды сүйретіп шығандаған,

Туған жерде қағылып қазық бекем.

Ол жүректен шыққан жырларын «Поэзия, кел бері, сырласалық, Қиналғанда саламын жырға салық», – деп ақ қағазға таңғы шықтай мөлдіретіп төкті. Қайрат ақын өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етіп,  еселі еңбегін елін қуантуға арнады:

Өз елімді жоғалтпаймын жанардан,

Елім барда мен шырқаймын тағы алда ән.

Әр ісіммен қуанта алсам елімді,

Сонда ғана дей аламын жоқ арман!..

Арман... Өмірдің тылсым құпияларын біл­мейін­ше асыл мұратқа  жету жолында биікке қол созған адам баласының арманы таусылған ба? Жоқ?! Жыраулар поэзиясына ат басын бұрып, Бұқарша айтсақ:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де.

Ай нұрын ұстап мінсе де –

Қызыққа тоймас адамзат.

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да.

Қалжырап, көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін жоймас адамзат!

Қызығы да, үміті де, арманы да таусылмас «қам­шының сабындай ғана» өмірде Қайрат ақын еліне орасан жақсылық жасап, сүйікті ұл, жақсы адам болып өтуді армандады. Өмірдің қымбат екенін жаңа-жаңа ұғынып, өмір – өзінің «жарқыл­дай­тын аспаны, сарқылмайтын дастаны» екенін айтады:

Мен – өмірді жас зерттеуші, жас ғылым,

Енді оянып, енді зерттей бастадым.

Өмір – кітап, түсінуі тым қиын,

Әрбір күнім – әрбір бетін ашқаным.

 

Жағылды ма жүрегімде жаңа шам,

Ойланумен өтеді ылғи оңашам.

Армандаймын: ұлы еліме сүйікті,

Жақсылықтар жасасам деп орасан.

 

Маржан іздеп терең теңіз түбінен,

Күн батарда атар таңға үңілем.

Өмірімнен, өз ортамнан үйреніп,

Жақсы адамға айналармын түбі мен!

Иә, осылай жыр төккен Қайрат Әлімбек шы­нын­да да жақсы адам да, жақсы ақын да бола алды.

Бір кездері жас ақын Қайраттың жырлары момақан қоңыр таудың күнгей бетіндегі шымырлап ағып жатқан таза, жылы бұлаққа ұқсайды. Ол асығып, аптықпайды. Сабырлы қалпын сақтап алға қарай жылжыған сайын суы молайып, молайған сайын арна салып, арындап ағатын жырдың үлкен өзеніне айналып кететіндігіне сенімім кәміл», – деп үлкен үміт артып жазған ақын Жәркен Бө­деш­тің («Қазақ әдебиеті», ақпан, 1993 жыл) сөзі шын­дыққа айналғандай.

Сол жылдары қарымды қаламгер, жүйрік журналист Қайрат та өзінің қайраттылығын «Мен журналистпін» атты өлеңінде танытқан еді:

Болашаққа жасайтын хабарлама,

Бар қаруым – өткір ой, қалам дара.

Бар мақсатым – адамды тәрбиелеу,

Тақырыбым жалғыз-ақ – Адам ғана!

Тозғаның ба?!

Одан да сөзді орында!

Өзіңнің болашағың,

Адамзат, өз қолыңда!

Ақын тағы бір жырында:

Жолға шығам, жан емен үйді ықтаған,

Түсіндірем жандарға күйді ұқпаған.

Жан-жағымда – жырлайтын адамдарым,

Оң қолымда – құлагер – жүйрік қалам, – деп төгілдіре түсіп, өміріне серік еткен «жүйрік қаламын» құлагерге балайды. 

Жүректен саулаған жырларына туған елі мен жерін, өмір баспалдақтарын, адамзат тағдырын, көңілдің кейбір кездерін тақырып еткен ақын:   

Отаным ғой –

Мекен еткен менің ғажап достарым.

Бақытым сол – мына өмірде найзағайдай

Қас қағым.

Арасында жүрсем болды,

Керегі жоқ басқаның! –  деп «найзағайдай қас қағым»  өмірінде соңы­нан ғажап жырлар қал­дырып кетті.

Ақиық ақын  Мұқағали күнделігіндегі: «Өмір­ге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көз­қа­расы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін аза­ма­тымын деуге де хақысы жоқ», – деген сөздері қо­лы­на қалам ұстаған әркімге ой салары сөзсіз.

Талай жас дарынға шамшырақ болған Мұқа­ға­ли­дің ізімен («Менің анкетам») жазылған  Қайрат ақын­ның  «Мен деген, Жолдас!..» атты өлеңін оқып көрелік: 

Өмір толқын ала қашты жыраққа,

Қарсы жүздім, мойымадым бірақ та.

Кездестім де адамдармен көптеген,  

Жауап бердім төмендегі сұраққа:

Аты-жөнің?

Танысуға асық тым.

«Мұқаңдардың сарқыты» Әлімбеков Қай­рат­пын.

Әкем, анам ұлылығын тарту еткен аймақтың,

Мен оларға тентегімін және-дағы әйбатпын.

Туған жерің?

Тумасымын Талдықорған жеріндегі тау-шыңның.

Туған жылың?

– 1963, орта шені маусымның, – деп басталып, ақын жүрегі жырлау үшін  «уақыт» атты тақсырға тәуелді жанның сырын шертеді:

– Мекен-жайың?

– Мекен-жайым көзімдегі қарашықтай

Жер шары.

Жерде жүрген ақынмын ғой,

Ақынмын деу ерсі әлі.

Уақыт керек,

Жүрегімнің жырлайтұғын дер шағы!

Иә, ақын жүрегінің жырлайтұғын дер шағы еді...

Өзінің «Ажалмен бетпе-бет» өлеңінде түн ортасында таяп келген «ажал атының тұяғына» айқаймен қарсы шығып, «көнер едім... Бірақ түк бітіргем жоқ» деп, «дүниеге келгелі қуып жүрген», Қорқытқа да дес бермеген ажалға уәж айтады:  

Бүгін мені қайтесің дара нұсқап,

Адам құшам!..

Ойым жоқ дала құшпақ.

Оқырманға қолтаңба қойғанда кел,

Мен өлейін, өлсем де, қалам ұстап!

«Мұхит – ойға мол жүзген» аз ғұмырында «жоқ іздеген жігіттің» соңында қалдырған жинақ­та­ры­ның қаншасына өз қолтаңбасын қойып, қанша адам­ды кең құшағына сыйдырып, мейірлене құшып үлгерді екен?! Ақын жүрегінде қаншама айтылмаған сыр, жазылмаған жыр қалды екен деген ойға батасың...

«Ақын – өзінің туған топырағының елшісі. Әлем ақынға қарап, оның туған халқы туралы ой түйеді. Ақын өз халқына адамзат мәдениетінің, бүкіл дүниежүзі мәдениетінің нұрын шашады» деп жазады Олжас Сүлейменов.

 Қайрат Әлімбек те ақын ретінде өз туған топырағының елшісі бола білді. «Тәу етер Тәуел­сіз­дік», «Тіл туралы толғаныс», «Алаңдама, адам­зат!», «Ел менің жанарымда», «Менің далам», «Сары дала. Бозторғай», «Бақытты күн», «Алтынға тең күміс», «Бабалар рухымен сырласу», «Ұлы­лық», «Қаныштың кілті» және т.б. өлеңдері мен «Ба­тыр бел буғанда» балладасында ел мен жер, елдік пен батырлық, халықтың асыл мұралары жайында қалам тербейді.

«Батыр бел буғанда» балладасының кіріс­пе­сін­де:

Уақыттың түйе-жонына,

Уақиға көп қой сыр теңдер.

Аңыз бар менде, оны да,

Шындық деп шерткен үлкендер.

 

Жеті өзен аққан өлкеде,

Жеткен де бізге лаң із көп.

Бәрі де болған ертеде,

Ойлайтын біздер аңыз деп, – аңызға бергісіз оқиғаны әдемі суреттеп шығады. Қазақтың алтын бесігі болған шағын ауылдағы жасы жетпістен асқан қарт батыр Шәймерденнің «Тәуекел деп, ереуіл атқа ер салуы» Ұлы Отан соғысы жыл­да­рын­да талай жасқа жігер береді.

Дүние есігін ашқан кез келген адам ақылы толысқан сәттен өмірдегі арманын, мақсатын, мұратын, үмітін – өмір жолының бағдарын айқын­дай­ды. Ақын болмысы басқалардан екі есе ой тол­ғайды. Қайрат ақынның жүрегінен шыққан ой­тол­ғам мынадай:

Өмірім енді қайтіп қалыптасар,

Арманым қайда, қалай алып қашар?!

Ізгі адам Абай айтқан болар ма кем,

Әрқашан адал сөйлеп, анық басар.

 

Ұлы өмір ашқан сәтте енді есігін,

Танылар қандай болып елге есімім.

«Қай жерде аяқталып қайран сапар»,

Ұлына ұсынады жер бесігін.

Иә, адам баласына сапарының соңы қай тұста аяқталатыны беймәлім. Алайда, тал бесіктен жер бесікке барар ұзын жолдың бойында «өмір» атты керуеннің тоқтап, тағдырдың жазуына қарай бірін қалдырып, бірін алға ілестірері анық. 

Сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап, бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді», – деген еді. Қазақтың қаламы жүйрік, талабы таудай, арманы асқақ Қайраттай ұлы 40 жылғы аз ғана ғұмырында «өз өмірінің суретшісі» бола білді. Талантты ақынның өлең, махаббат, достық, адалдық, жалпы  өмір тақырыбында салған жыр-суреттерінің ғұмыры мәңгілікпен ұласарына оның адал еңбегі кепіл бола алады.

Ақынның өзі де:

Тайбурыл қасиеті маған қонса,

Ортаймас елім бар да сабам да онша.

Кемдік те күннен-күнге жетілер-ау,

Алдымен Жәдігер-жыр аман болса!.. – деп жырлауы тегін емес шығар. Ақынның Жәдігер-жыры жасай берсін!

 

Гүлбақыт ҚАСЕН,

ақын.

Оқи отырыңыз