ТАЛДЫҚОРҒАНДА ШЕКСПИРДІҢ ШЫҒАРМАСЫ САХНАЛАНДЫ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ШЕКСПИРДІҢ ШЫҒАРМАСЫ САХНАЛАНДЫ

Талдықорғанда «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық фестивалі жалғасуда. Бүгін еліміздің «Дариға-ай» жастар театры У. Шекспирдің «Ричард III» қойылымын сахналады. Зал көрермендерге лық толды. Хамит Ерғалиев аударған туындыда театр әртістері әр рөлді асқан шеберлікпен сомдады. Қойылым жұртшылықты бірден баурап әкетті.

Сахна тілімен кестеленген пьеса адамдардың мейіріміне зәру болған кемтар жанның ғұмырын баяндайды. Бас кейіпкер біртіндеп қатыгез адамға айналады. Ричард қанша ақылды, жігерлі болғанымен бүкірлігі, ақсақтығы, кемтарлығы кедергі бола береді. Оның кемтарлығын ел ұнатпайды. Кемтарлығының кегін таққа отырып қайтарғысы келеді. Адамдық пен зұлымдықты, данышпандық пен сатқындықты көрсеткен қойылым қалың жұртшылықтың қызу қолдауына ие болды. Әртістер өзіне берілген ролдерді сәтті ойнады.

Келесі қойылым ертең облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының ескі ғимаратында сағат 18:00-де өтеді. Мұнда «Театр 28» ұжымы Г. Бюхнердің (аударған Ө. Ахмет) «Войцек» қойылымын сахналайды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Оқи отырыңыз