Жетімдерді жебеген

Жетімдерді жебеген

Ақбасты Алатаудың баурайындағы қасиетті Қарғалы тауының етегінде жүрекке жылы естілетін Ынтымақ деген ауыл бар. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, сол Қарғалы тауының етегінде елі мен жерінің намысын ту ғып көтерген небір азаматтар өткен. Жырдың «қаражорғасы» Үмбетәлі Кәрібаев, тау шыңына ән қалықтатқан Әсет Бейсеуов, Еңбек Ері Құдыс Әбсеметов, ғарышқа қанат қаққан Талғат Мұсабаев осы өңірдің тумалары.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, осындай аталарының ізін жалғастырып, таудай іс тындырып жүрген азаматтар бұл өңірде қазір де баршылық. Біздің бүгінгі сөзіміздің арқауы кәсіпкер, ел намысын бәрінен биік қоятын отаншыл азамат Сәбит Абиев Бақытұлы болмақ. 
Таныса келе Сәбит бауырымыздың бүгінгі күнге дейін талай шаруаның басын қайырып тастағанының куәсі болдық. Заманына қарай кәсіптің қыр-сырын меңгерген Сәбит негізі Ұзынағаш ауылының тумасы, ондағы Т. Рысқұлов атындағы орта мектептің түлегі. Қазақтың іргелі оқу орнының бірі – М. Тынышпаев атындағы көлік коммуникация академиясын бітірген. Азаматтық борышын өтеген соң еңбек жолын қарапайым жүргізуші болып бастаған. Сүйтіп жүріп өзі сияқты жақсы адамдарға жолығып кәсіпкерлікке ден қойған. 
Өзінің ақ ниеті мен адалдығының, жетімдер менен жесірлерге деген мейірімділігінің арқасы болар, бастаған кәсібі бірден алға басты. Ә дегенде кәсіпті қарапайым ұялы телефондарды саудалаудан бастаған. Одан кейін тұрмыстық техника сататын дүкендер ашып,  ісін дөңгеленте білді. Құдайға шүкір, қазіргі таңда әл-ауқаты отбасын еркін асырауға, одан қалса жағдайы нашар отбасыларға көмектесуге де жетеді. 
Ең алғашқы кәсібінен тапқан, қажетінен артылған қаражатқа Қарақыстақ ауылындағы жетім балалар үйіне көмектесті. Аталған балалар мекемесіне бірнеше жыл бойы киім-кешек, сыйлықтар, күнделікті қажетті заттар алып берді. 
Бірде Сәбиттің жолы Алматы қаласындағы «Найди меня, мама» атты балалар үйіне түседі. Жетім көрсе жүрегі жібіп сала беретін азаматтың ендігі ойы осы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек қолын созуға ауады. Соған орай жанына өзі сияқты екі кәсіпкер жігітті біріктіріп, осы мекеменің 165 баласын жылы киіммен, күнделікті қажетті бұйымдармен  қамтамасыз етеді. Сәбит бастаған жігіттердің жомарттығына, мәрттігіне риза болған жетімдер мекемесі оларды шын жүректен Алғыс хатпен марапаттағаны да ел есінде. 
Жалпы қазақ жігіттерін «жылқы мінездес» деп бекер айтпаса керек. «Тектіден текті туады» демекші, Сәбит те өзінің тегіне тартып, қолы бос уақытында жүйрік баптаумен айналыса бастайды. Бұл саладағы құлшынысы да жемісті болды. Жаратқан сәйгүліктері бірнеше рет жүлделі болып, соған орай «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталады. 
Осы орайда Сәбитке ағалық қамқор қолын соза білген республикаға танымал атбегі Әмірғалиев Орынтайды айтпай кетпеске болмас. Орынтай Қырғызбайұлының ел мен жеріне деген азаматтық арда істерін көре жүріп, Сәбит те осы ағасының жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, айтулы жұмыстар жасауға бет бұрады. Орынтай ағасының Жаңақұрылыс ауылына мешіт салуға түрткі болғанын білетін ол өзінің туып-өскен ауылы Ынтымаққа мешіт салуға бел шеше кіріседі. Айтулы мешітке Аллаға бет бұрған жастар көп келсе осы өңірдің өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген аталарының аруақтары риза болар деген ойға қалады. 
Атасы Абиев Алтынбек өмір бойы «Ленин» колхозында жұмыс істеп, соғыс жылдарында бұғанасы қатпаған кездің өзінде ауыр бейнеттің дәмін татқан екен. Өзі салған мешітте сондай аталарының рухына Құран оқылып тұрғаны ғанибет емес пе? 
Әкесі марқұм Бақыт Абиев құрылыс техникумын бітірген көзі ашық, көкірегі ояу жан болыпты. Ол кісі де осы колхозда көлік жүргізушісі болып адал еңбек еткен. Анасы екеуі бақытты өмір сүріп, 30 жыл отасты. Сәбит, Ғабит, Дархан есімді ұлдар өсірді. Бір өкініштісі, аяулы әкесінің 53 жасында дүниеден озғандығы. Бүгінде ұлдары Ләззат атты анасын алақандарына салып аялап отыр.
«Туған жерге туыңды тік» бастамасымен мешіт салуға түрткі болған жайттың бірі – қазіргі жастар салауатты өмірге бет бұрса деген ізгі ниет.  
Әрине, мешіт салу да оңай шаруа емес. Дей тұрғанмен бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын мінезді азамат бұл шаруаны да айналасы 7 айдың ішінде сапалы аяқтап шығады. Бұл істе екі жағынан демеу болған ағалары Қанат пен Талғаттың да еңбегі зор. 
Қазіргі таңда Ынтымақ ауылындағы дін ордасы аудандағы ең көрікті де көркем мешіттердің бірі болып халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған. Халықтың да осы істің ұйытқысы болған жігіттерге алғысы шексіз. 
Мешіттің  алғашқы имамы болып Асхат тағайындалса, қазір Саят есімді азамат ауыл тұрғындарын имандылыққа үйретіп жүр. Бүгінде мешітке келушілердің қатары көбею үстінде. Сәбиттің өзі де имандылыққа бет бұрған. Жастарға үлгі болып әрдайым сол мешітте құрбан шалады. 
«Жетім көрсең жебей жүр» деген қағиданы берік ұстанған Сәбит «Жетімге көмектесіп, басынан сипасаң, оның қанша шашы болса Алла Тағала сонша сауап жазады» деген ақиқатты әрдайым айтып жүреді. Мұның өзі оның өте иманды жан екендігін көрсетеді.
Бүгінгі таңда қайырымдылық істерінің арқасында кейіпкеріміздің жұмысы алға басып, берекелі отбасына айналып отыр. Зайыбы Ләззат екеуі бір қыз, үш ұл өсіріп отырған аяулы жандар. Ләззат қаржы саласының білікті маманы  бола жүріп, Сәбитке отбасында да, өмірде де тіреу бола білген қазақтың қырмызы қызы. 
Батыр туған жігіттің,
Әркім білер дабысын.
Жетесі болса жігерлі,
Жібермес кек пен намысын
, – деп Сәбиттің атасы жырдың қара жорғасы Үмбетәлі ақын жырлағандай, елі мен жерінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, көптеген игі істер тындырып ел алғысына бөленіп жүрген азаматқа болашақта да еңбегіңіз жанып, ісіңіз алға баса берсін дегіміз келеді.  

Меруерт Орынбай
Жамбыл ауданы

 

Оқи отырыңыз