ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕУЛІ

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕУЛІ

Еселі еңбегімен ел игілігін арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге сүбелі үлес қосқан ардақты ардагерлеріміз қаншама?! Сондай тұлғалардың қатарында жаны жайсаң Күләш Түменбаева да бар.

Ол жер жаннаты Жетісудың әр түкпірінде нәтижелі жұмыс істеп, қарапайым халық үшін жемісті де өрісті қызмет атқарды. Қазіргі таңда республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, облыстық ардагерлер кеңесінің құрметті мүшесі. Ізін басқан жастарға ақыл-кеңес беріп, бағдаршамдай  жол нұсқап келеді. Қарттықтың жалыны бойын шарпыса да өзі туған ағынды да арынды Ақсудай жүрісінен жаңылмай, облысымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. 
Жасынан жастар идеясын жандандыруға атсалысып, біртіндеп  тәжірибе жинақтаған Күләш Оразалықызы кеңес, партия органдарында шыңдалады. Өзіне тапсырылған міндеттерді жауапкершілікпен әрі тыңғылықты атқарып жүрген жалынды жас көпшіліктің көзіне түсіп, абыройы асқақтайды. Ұйымдастырушылық қабілетімен даралана білген еңбекқор жан 1965–1969 жылдары жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. Ол кезде мұндай дәрежеге екінің бірінің қолы жете бермейтін еді. 
1969-1970 жылдары Ақсу ауданының, 1970 – 1973 жылдары Талдықорғанның облыстық партия комитетінде қызметін жалғастырды.
1987 жылға дейін Сарқан аудандық партия комитетінде хатшылық қызмет атқарды. Күләш Оразалықызының жауапты да маңызды істері облыстық деңгейде жүзеге асырылып жатты. Сол уақыттағы Талдықорған облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасына басшы болып тағайындалғаннан кейін ел әлеуетін көтеруге білек сыбана кірісті. Себебі, ол кезде халықты әлеуметтік қамту саласы жұтаңдау болатын. Алдымен осы саладағы аудандық мекемелердің жағдайы жақсартылды. Сондай-ақ, бірталайы арнайы автокөліктермен қамтамасыз етілді. Жетісудағы қарттар мен мүгедектерге де назар аударылып, 1991 жылы Текелі қаласында 320 орынды Қарттар үйі салынды. Тұрмысы төмен жалғызбасты аналарға арналған «Қамқорлық» бағдарламасы дүниеге келеді. Осындай көптеген игілікті шараларды орындап жатқан облыстық әлеуметтік қорғау басқармасының қажырлы қызметі республика деңгейінде басқа облыстарға үлгі бола білді. Осының бәрі оның білікті басшы, білгір маман, тәжірибелі кызметкер болғанының айғағы іспетті.
Саналы ғұмырын ел игілігін еселеуге арнаған, экономикамызды дамытуға үлес қосқан жанға айтар алғысымыз шексіз. Елі үшін аянбай еңбек еткен Күләш Түменбаева жастарға үлгі. Біз ғұмыры тек жақсылыққа толған саялы бәйтеректей шуақты жанды кейінгі буынға дәріптеуге тиіспіз. Сонда елдің қамын ойлайтын азаматтардың қатары артары анық. 
Сөз соңын мына бір жыр шумақтармен аяқтағынды жөн көріп отырмыз.
Сексен жасқа келіп жатыр мерейгер,
Өз асылын ардақтайды, елейді ел.
Жетісуға мақтан болған аяулы,
Ардагерді, я, Жаратқан, жебей бер!
 
Жасаған өмір жолы ең ғаламат,
Қыз болғанмен жүрегі ер-азамат.
Халқы үшін тер төккен  жампоз жанды,
Бүгінде жатқан жоқ па ел бағалап.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Күләш Оразалықызының әлі де қоғамға берері көп. Біз мерейтой иесінің әр күні қуанышқа толуын тілейміз. Ұл-қыздарының қызығын көріп, халқымен бірге жасай берсін дегіміз келеді.
 
Марат БАЙХАНОВ, 
Айтмұханбет ЕРАСЫЛОВ

Оқи отырыңыз