БАУЫР КӨРДІ БАРШАСЫН

БАУЫР КӨРДІ БАРШАСЫН

Өмірдің ащысы мен тұщысы, тәттісі мен қаттысы қатар жүретінін күні кеше ғана үзеңгі қағыстырған замандасың кенеттен көз жұмған кезде ұғына түседі екенсің. Рас, бәріміз де өзекті жанға өлімнің түбі бір келетінін жақсы білеміз. Сонда да болса бірге туған бауырыңдай болып кеткен, аузын ашса жүрегі көрінетін ақеділ азаматтың жарқын жүзін енді ешқашан көрмейтініңді түсінген кезде еріксіз егілесің. Жақыныңды жер қойнына тапсырып, қалай ғана жадырауға болады десеңізші?! Мүмкін де емес секілді. Түсінесіз бе, мүлдем. Дәл қазір мен мұңлы да мұнарлы минуттарды бастан өткеріп, қайғыдан қан жұтып жүрмін. Аузын ашса жүрегі көрінетін кеңпейіл азамат, елінің адал перзенті, нағыз патриот Бақыт Шеңгелбаев – әкесі Байғазының үмітін ақтаған арда ұл өмірден өтті. Ол маған жай ғана жолдас емес, шын мәнінде етене бауыр еді. Мен оған барынша ұқсағым келетін, өйткені, оның тұла бойы тұнған өнеге болатын. Мен онымен мақтанатын едім, өйткені, ол айналасындағылардың бәрін бауыр көрді.

Бақыт екеуміздің басқа көп ешкім бойлай бермейтін өз әлеміміз болды. Ғажайып, теңдесі жоқ әлем еді ол. Біз мұндай кереметтей әдемі әлемді ондаған жыл бойында қалыптастырдық. Өзгелер біздің әлемге таңырқап қарайтын. Оның да себебі бар: бізді мейірім мен тазалық, адамгершілік қасиеттер байланыстырды. Біз тек тазалықтан тұратын өзгеше әлемімізді әлпештеп, жаман дүниелерден қорғаштап жүретінбіз. Өзімізге ғана белгілі әлемнің қабырғалары сондай берік болатын. Ұзақ уақыт тілдеспей, бір-бірімізбен жолықпай кетсек те туысқандық байланысымызға инедей де сызат түспейтін. Өмірдің бел-белесінде досымның әрбір қимылын жиі-жиі еске түсіріп, ойша сырласып, сағынып отыратынмын. Айтқан кеңесіне үнемі құлақ түретінмін.
Бақыт пен Атсалим әлемінің өзіндік тарихы бар. Біздің қыл өтпес достығымыздың сыртында үлкен рухани тіреу тұрды. Ол – ата-аналарымыз – Байғазы аға мен Салқынбала тәте және Салам мен Халипат. Бұлардың бір-біріне деген қамқорлығы, шексіз жанашырлығы таңдай қақтырмай қоймайтын. Ата-аналарымызды қарапайымдылық пен адамгершілік, сыйластық біріктірді. Біздің ардақтыларымыз қиын сәттерде қашанда бір-біріне қол ұшын созатын. Шеңгелбаевтар мен Идиговтер үлкен бір отбасы саналды. Екі отбасын қосқанда он жеті бала қатар ержеттік. Мектепке бірге бардық. Жасыратыны жоқ, арасында сотқарлық та жасадық. Ересектермен тең дәрежеде жұмыс істедік. Үлкендерге көмектестік. Өзімізден жасы кішілерге қамқорлық жасадық. Бір-бірімізге қонаққа барып та үлгеретінбіз. Бір сөзбен айтқанда, аралас-құралас, дәмдес-тұздас болдық.
Бақыт екеумізді жас айырмашылығына қарамастан (ол менен төрт жас үлкен) берік достық қарым-қатынас біріктірді. Егіз қозыдай қатар  жүрдік. Қойды да бірге бақтық. Әлі  есімде, Бақыт химия, биология, тарих және математика оқулықтарын өзімен бірге арқалап жүретін. Мен оған әзілдеп: «Сен үлкен бастық болайын деп жүрсің-ау. Осыдан қара, мені ұмытып кетпе!» – дейтінмін. Ол қуланып күліп қоятын. Періште көңілмен айтылған осы сөз есейгенде айна-қатесіз орындалғандай. Бақыт Шеңгелбаев әр жылдары кеңшардағы партия комитетінің хатшысы, кәсіптік- техникалық училищеде директор, селолық округ әкімі лауазымдарын абыроймен атқарды. Кейіннен аудандық мәдениет және спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерін басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де түрлі қоғамдық бірлестіктерде қызмет атқарып, өңір дамуына өзіндік үлкен үлесін қосты. Қандай іске кіріссе де толымды нәтиже шығара білетін. Ол терең білімімен, зиялылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, халықпен тіл табыса алатын өзгеше қасиетімен көзге түсті. Марқұм әпкесі Света тәте: «Біздің Бақыт бесаспап, оның қолынан бәрі келеді», – деп отыратын. Оның бойында туабітті шешендік өнері де бар еді. Бұл өнердің мына әлемде екінің біріне берілмесі белгілі.
Досым маған туған інісіне қарағандай қашанда ерекше қамқорлық танытатын. Керек кезінде көмектескенін қалай ұмытайын?! Алдымда толған таңдау тұрғанда, тығырыққа тірелгенде әрдайым дұрыс кеңесін ұсынатын. Әйтсе де мұндай игілікті істерінің бірін де білдіртпей жымдастырып жіберетін. Жасаған жақсылығын біраз уақыт өткен соң барып байқайтынмын. Бұл оның адамгершілігінің ең биік шыңы болса керек-ті. 
Бір оқиға мәңгі есімде қалыпты, соны тарқатып айтып өтейін. Мектепті аяқтағаннан кейін Бақыт Алматыға аттанды. Ешқандай кедергісіз педагогикалық институтқа оқуға түсті. Ұмытпасам, физика-математика факультеті. Төрт жылдан соң мен де Алматыны бетке алдым. Мақсатым біреу – еліміздегі жетекші оқу орны – ҚазМУ-ге түсу. Алып шаһарда бір ғана туысқаным бар, ол – Бақыт Шеңгелбаев. Сонда Бақыт бауырым маған шегелеп тұрып: «Атсалим, есіңде болсын! Біріншіден, бұл Октябрь ауылы емес. Екіншіден, мұнда ата-анаң жоқ. Үшіншіден, құлағың түрік жүрсін. Төртіншіден, менің рұқсатымсыз ешқайда кетіп қалма. Мен сен үшін жауап беремін», – деді. 
Мені кішкентай бала жетектегендей қолымнан мықтап ұстап ертіп алатыны есімде. Ал оқуға түспей қалып, әйгілі «Алматыотделстрой» жатақханасына орналасып, тауым шағылғанда тағы да қайрап: «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ. Жұмыс істе, әскери борышыңды өте, сосын міндетті түрде оқуға түсесің!» – деген. Солай болды да. Мен студенттер қатарына қосылмасам да Бақыттай ағаммен мақтанатынмын. Өзі жоғары курста оқиды, өзі студкеңестің төрағасы әрі студенттер жасағының жетекшісі, бәрін біледі, қолынан бәрі келеді деген сезіммен Бақытты арқа тұтатынмын.
Біздің арамызда тек өзімізге ғана тән өмірлік ереже болатын. Бұл ереже сөзімізден де, іс-әрекетімізден де көрініс табатын. Қашанда ол кіріп келген кезде мен орнымнан атып тұратынмын. Бұл – тау халықтарында қалыптасқан дәстүр. Бұл дәстүр жайында да бірде-бір жаман сөз айтқан емес. Қандай жағдайда да, тіпті мен ағаттық жасасам да дауыс көтеріп сөйлемейтін. Кездескен сәтте жақын бауырларша кеуде қағыстырып, ыстық ықыласпен саулық сұрасатынбыз. Мен онымен қазақша, ал ол чешенше амандасатын. Бақыт мұндайда өзінің акки (чешен) екенін мақтанышпен айтып, чешенше сәлем беретін. Ал мен қазақ, оның ішінде жалайыр, андас екенімді айтып, қазақша хал сұрайтынмын. Әрине, бұл әрекетіміз әзіл болғанымен біздің достығымыздың тағы бір жарқын көрінісі еді.
Бақыт Шеңгелбаев – өмірлік мақсаттарына қол жеткізіп, парызын абыроймен атқарып кеткен жан. Үй тұрғызып, ұл-қыздарын өсірді, тал-терек екті. Осылайша соңында жарқын із қалдырды. Өзінің жерлестеріне, жақындарына өшпес өнеге тастап кетті. Рухани бай адам ретінде, нағыз қазақ есебінде жастарды отаншылдыққа баулыды, ана тілі мен ұлттық дәстүрін өркендетуге, төл мәдениетін жаңғыртуға күш салды.
Адал өмір сүр. Айналаңды сүйе біл. Дос тап. Адалдық таныт. Өнерге жақын бол. Адам болып өмірге келдің бе, адам  болып өмірден өт. Соңыңа жаман сөз қалдырма. Ұрпағың ұялып жүрмесін. Осындай өмірлік кеңесті әрбір адам ұстанса, мына әлем мүлде басқаша болар ма еді, кім білсін?! Бақыт Шеңгелбаев бұл талаптың бәрін де орындап үлгеріпті-ау. Тіпті, өмірден де тып-тыныш көшіп жүре беріпті. Тып-тыныш қана. Таңертең ерте тұрып, жуынып-шайынып, өзін ретке келтіріп, жақындарымен соңғы рет тіл қатысып, көз шырымын алу үшін жантая кетіпті. Содан... жүрегі соғуын мәңгілікке тоқтатқан.
Бауырымның жалған өмірмен қоштасқанына айға, тіпті, жылға тең бір апта өтті. Осы аралықта қатал уақытта зәредей өзгеріс болды ма екен? Жоқ. Бірақ уақыт шиыршығы бізге сенің жоқ екеніңді біржолата мойындатқандай. Қайғы ешкімге де оңай тимейді. Сенің жарың Гуля да қайғының қара көрпесін жамылды. Үкілеп өсірген Эльмира, Әсел, Әлиядай қыздарың да жарқын бейнеңнің енді елеске айналғанына сенгісі келмейді. Ал ізбасар ұлың Ерлен жаназаға қатысқан жамағаттың алдында тебірене сөз сөйлегенде көзіне жас алмаған адам кемде-кем болды. Алдымызда жас бала емес, ақылы асқан ұлағатты азамат сөйлеп тұрғандай әсер қалдырды. Бұл сенің тәрбиең, Бақыт. Ұлағатты ұлдың әкесін жоқтап сөйлеген сөзі жүректен жүрекке жетті. Сені ақтық сапарға шығарып салған жұртшылық ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін десіп бара жатты.
...Әлі топырағы кеуіп үлгермеген мазардың қасында тұрмын. Жалғыз өзім. Үнсізбін. Көкірегіме ащы өксік тығылды. Көз алдымдағы суық төмпешіктің астында ардақты досым мәңгілікке тыныстаған. Әрине, ақылға салып қарасақ, ажалдан ешкімнің қашып құтыла алмасы белгілі. Бірақ көңіл құрғыр сенгісі келмейді. Мен досымның қоңыр дауысын енді ешқашан естімеймін бе? Біз енді кеуде қағыстырып амандаспаймыз ба? Шынымен де солай ма? Солай... Ендеше Жаратқаннан жатқан жері жайлы болсын, тірісінде жасаған күнә-кемшіліктері болса, бір Алла өзі кешірсін деп дұға етуден басқа амал бар ма? Өзімді, оның жақындарын жұбатар жылы сөз осы ғана.

Атсалим ИДИГОВ

Оқи отырыңыз