АҚЕДІЛ ЖЫР АРДАКҮРЕҢІ

АҚЕДІЛ ЖЫР АРДАКҮРЕҢІ

Зейін-зердесін, білім-білігін, саналы ғұмырын, тұла бойындағы барша қабілет-қасиетін қазақ руханиятының кемелдену жолына жұмсаған Зейнолла Қабдоловтың әдебиет тұрғысында айтылған отты сөзі ойлы оқырман мен күллі қаламгердің ұранына айналды десек қателеспейміз. Рас, әдебиет – ардың ісі. Ол соқпақпен тек рухы бекем жандар ғана жүріп өтпек. Жазудың мехнаты, шығармашылықтың машақаты адамды түрлі сарсаңға салар, солқылдақ көпірі көп жолдан тұрады. Бұл жолда табаның бір тайса, еңсе тіктеуің, шығармашылық кемелдікке жетуің, бабыңды табуың екіталай. Сондықтан да жалпақ жұртты сүйікті қаламгердің жазғанынан гөрі, жазары алаңдатуы керек-ау.

Ала таңнан төсегінен тұра сала жазуға отырып, бір парақтан соң екіншісін қоқыс жәшігіне лақтыратын көрнекті жазушы Мариэтта Шагинян тоқсан жыл жасаған ғұмырының жетпіс бес жылында қолынан қаламын сусытпаған көрінеді. Ізденді,  жаратпағанын умаждады, қайта жазды.  Осылай өткен ғұмырының талшығы ретінде соңында том-том шығармалар қалды. Ол ардың ісімен шұғылданбаса, жазудан жаны ләззат алмаса, саналы ғұмырын сөз өнері үшін құрбан қылмас еді. 
Иә, қазақтың ғажайып ақыны Жарасқан Әбдіраштың:
«Қаршадай кезден 
аңсарым болған ақ құсым,
Түсімде ғана тіл қатқан 
болашақпысың?
Тозағымбысың,
азабымбысың,
әлде сен
бейуақта келіп, басыма 
қонған бақпысың?!» – деп жырлағанындай, қаршадайынан қасиетті сөз өнерін жанына серік етіп, сол жолда аршын жылдарды артқа тастап, өмірін руханияттың кемелдену жолына арнап келе жатқан ел құрметтер зиялы азаматтар қазақ топырағында көптеп туған. Солардың санатында тағдырының талтүсі – алпыс жасты еңсерген Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі ақын, журналист Жомарт ИГІМАННЫҢ бар екені даусыз.
Жомарт Мақатұлы – қаршадайынан өлең өлкесіне еркін ат шалдырған қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі. Дарынды ақын. Жетісудағы жас толқынның рухани ұстазы десек, артық айтқандық емес. Сонау студенттік шақта Жетісу ақындарының кешегісі мен бүгінін тауыса оқып, сарқа сіміруге тырысып бақтық. Сол мақсатпен Әбіш Кекілбаев айтқан «парасаттың ең биік ғимаратында» – кітапханада мейлінше көп уақыт өткізуге тырыстық. Сонда Қабан жыраудан тартып, кешегі Ілиястардың, одан бергі Мұқағали, Еркін, Тұманбай мен Сәкен, Есенқұлдардың, бүгінгі Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Жомарт Игімандардың шалқар теңіздей ой дариясынан құралған мөлдір туындыларына құныға бас қойдық. Жырларының алаулаған ғажайып тұстарын санада жаңғыртып, дара стильдерін бойға сіңіруге тырыстық. Соның нәтижесінде атағы елге тараған аталмыш ақындарды біз де рухани ұстаз тұтып кеткен едік.
Ғажайып сәт баста мәңгі тұрмайды, 
Сал-серілік домбыралы, сырнайлы. 
Өмір, өмір, зуылдайды, зырлайды, 
Жылдар, жылдар, 
жастығымды ұрлайды, – деп тебірене жырлаған Жомарт ақынның шығармашылығымен сондықтан да толыққанды таныспыз деуге хақымыз бар. Әмірхан Балқыбектің: «Тақыр жерге соқыр жаңбыр жауады», – деп жырлағаны бар еді. Сол айтқандай талант та жай адамға қона бермесе керек. Мұны текті халықтың тағы бір «тақыр жерге гүл шықпайды» деген ұлағатты сөзімен қуаттауға да толық негіз бар. Жомарт Игіманның да бойындағы ақындық зор қабілет, арда қасиет атаның қаны, ананың сүтімен дарыса керек-ті. Оны бір сұхбатындағы мына бір пікірінен аңғардық: «Ақын болуыма тағдырым әсер еткен болу керек. Әкем Мақат өз кезеңінің көзі ашық, зерделі адамы болды. Әкемнің әкесі Ахмет өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары кәмпескеге ілініп, Семейдің түрмесінде отырғанда ауылға өлеңмен хат жолдапты. Осы сағыныш хатын құймақұлақ, көп дүниені көкейіне сіңірген әкемнің ағасы Әбілмәжін мақамына келтіріп, жатқа оқитын. Шешем Шәмшия Мәруақызы Қаракерейдің Мұрын деген тармағынан. Сол елдің Шал қажы, Сыдық қажы  деген ауызы дуалы билері болған. Сол Сыдық қажының немересі менің шешем. Нағашы атамыз Мәруаны көзіміз көрген жоқ. Бірақ ел-жұрт көсемдігін, шешендігін бертінге дейін айтып жүрді. Шешем ежелгі дастандарды жатқа білетін. Жадынан өлең шығаратын, жеті атасын өлеңмен таныстыратын». 
Жеті атасын жырмен тыныстыратын ананың арда сүтінің қуатымен, әкенің қилы-қиылы тағдырының әсерімен қолына қалам алып, саф болмысындағы тектілікті түу биікке шарықтатуға тырысқан ақынның ғұмырбаяндық хамсасынан тарқатылып түскен осы бір парасатты пікірді оның ойлы жырларын оқи отырып қуаттай түсекенбіз. «Талант тек қуады» деген парасатты пайымға сонда барып иланғанбыз. 
Бала кезінде жыр-дастандарға қанып өскен Жомарт ақын ер жетіп, арман қуып Алматы шаһарына барғанда да ана тәлімінің зор ықпал еткенін, оң әсерін тигізгенін әркезде айтып жүреді. «КазГУ-ге оқуға түсуге барғанда 16-ыншы жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы сұрақ келді. Оқулықта бар мағлұматты айттым. Бірақ сол жауабым жұтаңдау болғандықтан оқытушы тағы не білесің дегендей білімімді көрсетуге мүмкіндік берді. Сонда:
Сол кезде дәл отызда менің жасым,
Орыстың күш-құралы болды басым.
«Қос егіз аттан» деген ән шығарып,
Қазақтың тебіренттім тау мен тасын, – деп «Әли батыр» дастанынан үзінді оқыдым. Емтихан алушы профессор Сұлтанғали Садырбаев: «Мұны кімнен естідің?» – деп сұрады. Шешем айтатын дастаннан жадымда қалғанын жеткіздім. «Мұндай дүниені көкейіне құйып алған шешең дана екен», – деді ұстазым. Бала күннен мені әлдилеген әдебиет әлемі өлеңге алып келді. Менің тырнақалды туындыларымды оқып жүрген әкем талабымды қуаттады. Сөйтсем, ол кісі де жасында газетке хат-хабарлар жолдап, көркемсөзге әуес болған көрінеді», – деп өлеңге барар жолдың алтын өзегін тебірене термелеп, әсерлене әңгіме өзегі етеді. Ақынның мәңгілік сағынышынан тарамдалып жатқан бұл алтын жылғадай пікірлердің астарына сана жетелетер болсақ, шын мәнінде Жомарт Игіманның түп-тарихы, болмысы шыға келеді. Ширек ғасыр теміржолда жұмыс істеп, қара жұмысқа жегіліп жүріп, өзге балаларына еңбек дәмін таттырса да мехнатты шаруаға Жомартты жолатпаған әкесі  Мақаттың тұлғасы, ауыр дерттен көз жұмар сәтінде дарынды ұлына қаламды тастамауды аманат еткен парасаттылығы жаныңды жайлау етердей күйге бөлейді. Осылайша асқар таудай әке мен ғазиз жүректі ананың тегі мен тәрбиесінен бастау алған ақындықтың баянды жалғасып келе жатқанына көз жеткізе түсесің.
Қазақ әдебиетінің көрнекті сыншысы Сағат Әшімбаев «Парызға лайық парасатты сөз» атты мақаласында Лев Толстой жайлы тебірене келіп: «Л. Н. Толстой туралы бес мыңнан астам әртүрлі еңбек бар екен, ал солардың қасында  Л. Леоновтың 1960 жылы ұлы жазушы жайлы жазған шағын мақаласы ешқайсысына ұқсамайтын өзгеше бір төбе», – деп Леонидтің шеберлігін қуаттайды. Әдебиет жайлы, оның тарихы, шығармашылық шыңы, тұлғалардың тағылымды ғұмыры мен туындылары тұрғысында көптеген пікір айтылды. Зерттелді. Жапон, Латын Америкасы әдебиетінің даму перспективкасынан тартып, әлемдік классикалық туындылардың ерекшелігі, қазақ әдебиетінің көркемдік биігі, бәрі-бәрі сыншыларымыздың танымдық материалдары арқылы ғалыми айналым түзіп, жаңаша үрдіске жол ашты. Алайда азаматтық позиция, реалистік, гуманистік көзқарас атап айтпаса да, ойлы оқырманның ажырата алар дүниесі емес пе? 
Қазіргі таңда жанр бойынша жүйелі зерттеу жетіспейді.  Әсіресе, поэзия бағытында тұрақты сынмен айналысып жатқандар бар деп арқаны кеңге сала алмайтын секілдіміз. Сондықтан да Пабло Неруда сынды ғажайып ақындардың бір романға жүк болар бір- өлеңінен гөрі, Толстойлардың туындысына тамсану басым. Салыстырып қажеті жоқ, алайда ақынның да, жазушының да тұғыры бір-бірімен деңгейлес жатыр. Бірақ... оқырман танымына әсер ететін даңқтың таралу түп-төркінінде ғалымдар жатыр. Міне, сондықтан да поэзия зерттеуі де бірізділікке түсуі, тұралап қалмауы керек. Осы орайда Жомарт Игіманның да поэзиясы зерттеуді қажет ететін қазақ әдебиетіне қосылған арналы өзен деп танитындығымызды атап өткен жөн. Оның «Қарлығаш», «Мөлдір бастаулар», «Жетісу жауқазындары» атты жыр жинақтарына енген туындылары, «Жүздесу», «Шарайна», «Көкжиек», «Ақжелең», «Қоңыржай», «Ұлы дала сарыны» атты поэзиялық кітаптары мен «Қанатталды», «Егізөрім», «Ғұмыршырақ», «Саялы төрім – Сарқаным» тарихи-ғұмырбаяндық, публицистикалық жинақтары сол ақеділ ойымызды қуаттамақ.
Тозаң шалмай сезімнің лала гүлін,
 Пәк қалпында өтті ғой балалығым, – деп ғұмырын өлеңмен өрген Жомарт ақынның поэзиясындағы негізгі тақырып адамгершілік, адалдық, ел мен жерге деген мәңгілік борыш, құрмет, сағыныш, махаббат. Бір сөзбен айтқанда, әрбір парасатты жанның жүрегіндегі ең адал сезімдердің жиынтығы ақын шығармашылығының алтын арқауы болған. Өз сөзімен айтсақ «ар, тазалық – ақынның бағдаршамы» болып, ғұмырындағы көрген- білгені, түйіп-түйсінгенінің бәрі де жауқазын гүлдің нәзік өзегіндей өлеңіне әр берген әрі көркемдігі жоғары бедерленген.
Түсім екен...
Сайтан қыз кеп сап-сары,
Еліктіріп ертіп бара жатқаны.
Өз-өзіме бағынбайды еркім де,
Ажал күлді кәрі мыстан кейпінде.
Қапсырады сағынысып көргендей,
Шыбын жаным 
шырқырайды шерменде.
Ақ періштем кетті сол сәт 
көтеріп,
Зиратқа мен қадам баса бергенде, – деп жырлаған Жомарт ақынның таным көкжиегі кең. Ол қарапайым ойларды, адам баласының жай-күйін, сезім-түйсігінен туындаған әркелкі характерлерді немесе мінезге орай пайда болатын шалқымалы, шамырқанулы сәттерді бәрін-бәрін философиялық тұжырым негізінде өлеңге арқау ете білген. Жан баласының жалғандағы қорқынышы, қуанышы сынды әртүрлі сезімін де лирикалық сарынмен керемет деңгейде суреттей білгенін жыр жинақтарына еміне үңілген алдияр оқырман бірден аңғармақ. Ақынның отты жырларындағы ой бүркеу, астарлап сыр айту, мазмұнды мұнармен күреукелеу немесе бояуы қалың балама арқылы көркемдік деңгейін шарықтатып, жырды жүрекке қондыру тәсілдері ардакүрең ақын Жұмекеннің қолтаңбасына жақын деуге болатындай. Кім білсін, мүмкін Жомарт Игіман Жұмекенді поэзия көгіндегі айнымас-адаспас темірқазық тұтатын шығар? Бәлкім олай емес. Алайда біздің байқағанымыз ақынның рухани кеңістігінде Жұмекен жұлдызы жарқырай жанып, поэзия жолына молынан сәуле төккен секілді. Содан барып Жомарт жазбаларының кейбір тұстары арда ақынның жазбаларындай әсер етеді-дүр!
Иә, ақын бол, жазушы бол, бәрібір де адам адамгершілік қасиетімен ғана құнды. Кешегі дәуір әдебиетінің басты тұжырымы, шығарманың алтын өзегінде осы қасиет жататын. Майлин, Аймауытовтардан тартып, Мүсірепов, кешегі Кекілбаевтарға дейін ғажайып туындыларында адамгершілікті асқақ етіп көрсете білді. Өздері де сол парасат биігіне шығып, қоғамға, туған халқына адал қызмет етіп, адамгершілік пен азаматтық борышты өтеудің айнымас үлгісіндей ғұмыр кешті. Бұл тұрғыдан да Жомарт Мақатұлының болмыс-бітімін, еткен еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол өзі туған саялы Сарқанды жырларының мәңгілік өзегі, тақырыбы етіп алуы былай тұрсын, сол аядай ғана атамекенін алақанына қонған құстай аялай сүйе отырып, жаны мен рухына, шығармашылығына арқау етіп, сондағы әрбір талант иесін, замана көшінде жаңғырып қалған ұлы оқиғаларды тірілтіп, тарихын безбендеп, толайым еңбектер жаза білді. Оған бір ғана ә дегенде біз атап өткен «Саялы төрім – Сарқаным» кітабы айқын дәлел. 
Жазу – қасиетті борыш! Бойыңа Тәңір талант дәнегін дарытса, халқыңның арғы-бергі  тарихын танып, мұң-зарын естіп, болашағын болжайтын қабілет берсе, бере тұрып сөз өнері арқылы еліңді жайнақ туындылармен қуантар, ұлы оқиғаларын, өз қоғамыңның ащысы мен тұщысын, сыны мен сымбатын, шыны мен шырғалаңын бедерлейтін мүмкіндік орайластырса, борыш емей не?! Жомарт Игіман  бұл тұрғыда журналистік кәсібін адал атқарып келеді. Қашанда халқын алаңдатқан, елін елеңдеткен түйткілді мәселелерді қасиетті қалам арқылы көтеріп, өмірден көрген-білген, таныған-түйген жайттарын мәңгілік жазба етуге тырысып жүргенін ақпарат айдынымен біте-қайнасып жатқан әрбір көзі қарақты оқырман аңғарса керек-ті. Мәселен, «Баяғыда бір рудың бір баласы жетімсіреп, басқа бір ауылда кірме болып жүрсе ақсақалдар: «Мынау ұят болды, сүйегімізге таңба болды», – деп сол баланы алдырып, отау тіктіріп, жеке шығарып, кәдімгі азамат болып қалыптасуын қадағалап отыратын. Қазір ру тұрмақ, бір әулет мүшелері өздерінен тараған ұрпақтың кейбірінің қайда жүргендігін білмей отырады. Соғыс та жоқ, сойқан да жоқ, бірақ бас көтерер еркегі жоқ жарымжан отбасыларды көріп жүрміз. Еркегінің өз үйінде қадірі жоқ отбасылар да аз емес. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ жерде ібіліс орын алады, ұят қалыс қалады. Ұятты жоғалту – намысты жоғалту», – деген «Ұлт пен рух» бағдарламасындағы пікірі ақпарат айдынында адал ой, ақиқат пікір, өткір көзқарастарын білдірген Жомарт Игіманның журналистігін танытса керек.
Хош, бір толғаныспен тұлғаның бет-бейнесін ажарлы айшықтағанмен, оның ғұмыр жолын, шығармашылығын жалаулатып жеткізу ауыр келетінін мойындаймыз. Тіпті, мүмкін еместей көрінеді. Сол секілді Жомарт Игіман шығармашылығы, ғибратты ғұмыры, еткен еңбек, төккен тері тұрғысында шағын ғана жүрек толғанысында толық әңгімелеп шығу тіптен мүмкін емес. Сондықтан да, ақынын ардақтаған елдің алмас қылыштай өткір сөз өнерінде өзіндік отау тігіп, дарынымен дараланып, жазармандығымен жалпақ жұртын қуандырып жүрген Жомарт аға Мақатұлын танығысы, тіптен жақын білгісі келген алдияр оқырмандар болса, оның ақеділ көңілінен төгіліп түскен туындыларына бас қойса дейміз. Ал біздің көңілдегі тілекке келер болсақ, алпыстың асқарына шыққан ақын ағамызға жүрек толқытқан туындылар топтасар кітаптарыңыз әлі де бұқара жұртқа тарап, жазушылық жолдағы бақытты күндеріңіз ұзақтан болса деген қысқа қайырымды ойлармен өрілмек.
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз