ЕРАСЫЛ ӘБІЛҚАСЫМОВ: "ТӨРТ ЖЫЛДА ОН ПӘТЕР АУЫСТЫРДЫМ"

ЕРАСЫЛ ӘБІЛҚАСЫМОВ:
Елдің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін енді-енді еңсе тіктей бастаған кезі. Қазақ жері қанға боялмаса да арыстай азаматтар алып Еуропаның әр бұрышында от кешіп, бабалардан аманатталған киелі Отанын басқыншылардың темір құрсаулы шеңгелінен құтқарып қалды. Ол соғысқа қатысқан жоқ. Еркек кіндікті атқа қонып, шал-кемпір мен бала-шаға өгіз айдаған қиын-қыстау заманның зарын аузы дуалы ағалардан ғана естіді. Адал еңбек пен адамгершілікті өмірлік ұстыны еткен әкесінің әңгімесінен соғыстың сызын сезініп өсті. Әкесі Әбілқасым әскер қатарында жеті жыл жүріп, Мәскеу мен Берлин арасында жеңіс туын желбіретуге үлес қосты. Бүгінде Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ жетпістің желкенін көтерсе де әлі күнге асқар тауының ерен ерлігін, соғыстан кейінгі қажырлы еңбек жолын өнеге тұтып келеді. Әке мектебі ол үшін сан салада шыңдалған тағдыр соқпағының, түрлі сында жонылған өмір жолының темірқазығы іспеттес.
 
Мемлекет және қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші және үшінші шақырылым депутаты, Алматы облысының Құрметті азаматы Ерасыл Әбілқасымов Жетісу өлкесіне ат басын бұрған сайын балалық шағын қайыра бір еске түсіріп, соғыстан кейінгі сындарлы кезеңді санасында жаңғыртып алатыны бар. Күреңбелдің түгін тартса майы шығатын шұрайлы топырағы Ерасылдың бүкіл балдырған ғұмырына куә. Алғаш қара таныған жылдары, арман қанатында самғаған сәттері, кемел келешекке көз тігіп, білім көкжиегіне қарай қадам басқан елеулі кезеңдері күні кешегіндей есінде.
Ерасылдың кіндік қаны сол кездегі Гвардия ауданының Бостан ауылында тамғанымен арғы ата-бабалары Жоламанда жерленген. Олардың ішінде Алтынбай Оңбаевтың есімі жергілікті халықтың жадынан өше қойған жоқ. Алтынбай ата 1906 жылы 65 жасында Меккеге қажылыққа аттанады. Аузынан Алласын тастамайтын тақуа жан еді. Алыс-жақын аймаққа белгілі, жаны жомарт, көңілі кең, дәулеті тасыған берекелі адамдардың бірі болды. Кеңес билігі орнамай тұрып, дәлірек айтсақ, 1913 жылы өмірден өтеді. Халық қадірменді қарияны арулап көміп, ел-жұртқа тигізген шарапатын жылдар бойы айтып жүрді. Бірақ оның есімін құрметпен атау көпке созылған жоқ. Патшалы Ресейдің үш ғасырлық билігіне сызат түсіп, Романовтардың шаңырағы шайқалды. Оның үстіне, Еуропада Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Ал Ресей жерінде большевиктердің билігі орнайды да, бұрынғы дәулетті адамдарға, олардың үрім-бұтағына қысым жасала бастайды. Ел ішіне Алтынбайдай байлардың ұшан-теңіз жақсылықтарын әңгімелеуге сескенетін сындарлы заман келеді. Алтынбайдың балалары мен немерелері нақақтан-нақақ қудалауға түседі.
– Негізсіз айыптауға байланысты менің әкем мен әжем қара шаңырақты тастап, шалғайға қоныс аударуға мәжбүр болды, – дейді Ерасыл Әбілқасымов ғұмырбаяны жайлы бір әңгімесінде. – Кейіннен әкемнің анасы екінші рет тұрмыс құрып, жаңа өмір бастайды. Ал әкем ес білген шағынан ауыр еңбекке араласады. Білім жағынан небәрі төрт сыныптық мектепті тамамдайды. 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Тура соғыс басталатын жылы ауылына оралуы тиіс еді. Алайда ел басына күн туған сындарлы шақта қайтадан қолына қару алып, Отанын жаудан қорғауға аттанады. Жеті жыл қолынан қаруын тастаған жоқ. Қатардағы жауынгер Әбілқасым Шаяхметов отты жылдарда әскери көлік жүргізіп, бүкіл майдан даласын басып өтті. Әкем қан кешкен жылдарын есіне алғысы келмейтін. Тек талай қиындықты бастан кешіргенін, бірнеше рет жараланғанын, ерлік жасағаны үшін марапаттар алғанын, Отанына аман-есен оралып, отбасына қамқорлық таныту – басты мақсаты болғанын айтып отыратын. Сұрапыл соғыста әкемнің екі бауыры мерт болған. 1946 жылдың жазында әкеміз шаңырақ көтерді. Он үш баланың әкесі атанды. Алайда олардың бесеуі жасқа толар-толмастан шетінеп кетіп отырды. Әкемнің әскери борышы аяқталып, еңбектегі жаңа өмірі басталды. Қатардағы ұжымшар жұмысшысынан бригадирлікке дейін көтерілді. Мен әкемді өмір бойына мақтан тұтамын. Оның әрбір ісі маған тәлім-тәрбие мектебі тәріздес еді.
Соғыс ешкімді аяған жоқ. Әбілқасым Отан үшін отқа түскен сұрапыл жылдарды міндетсініп, ешкімге кеуде керген жоқ. Керісінше, ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне кері әсері тиіп кетер деген оймен көрінген жерде айтпауға тырысатын. Бұл ісі құптарлық дүние еді. Сол себепті де соғыстан кейін ардагерлігін алдыға салып, ешкімнен лауазымды жұмыс сұрамады. Халықпен бірге еңбекке араласып кетті. 1960 жылдары алты ауыл тауарлы-картоп бағытындағы кеңшарға біріктіріледі. Әбілқасым сол кеңшардың бірінші бөлімшесіне жетекшілікке тағайындалады. Бұл аудан орталығы Қоғалыдан 10-15 шақырым қашықтықта жатқан, тұрғындарының басым бөлігі қазақтардан құралған елді мекен еді. Жұмыс пен жауапкершілікті бәрінен биік қойған Әбілқасым таңғы сағат 4-те  оянатын да, қызметіне кететін. Ал кешке түн жарымында үй есігін ашатын. Қай шаруаға да атпен барғанды ұнатты. Ат мініп жүріп-ақ бүкіл шаруаны жайғастыратын. Әбілқасымның тынымсыз еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалмады. Бірнеше орден-медальдар алып, Мақтау қағаздарына қол жеткізді. Ол ауылшаруашылығы жетістіктерін паш ететін одақ көлеміндегі көрмелерге сан рет қатысты. Ал ол кезде мұндай шақырту тек үздіктердің үздігіне ғана берілетін.
Атасының адалдығын бойына сіңірген Әбілқасым бала тәрбиесіне бейжай қараған жоқ. Ерте жастан еңбекке баулыды. Көбіне сөзбен емес, өзінің іс-әрекетімен үлгі көрсетуге тырысты. Бұл ісінен үлкен нәтиже шығара білді де. Ерасыл әкесінің әрбір жетістігіне қуанып, түзу жүріп-тұру туралы сөздерін санасына құйып алатын. 1980 жылы зейнеткерлікке шыққанда да көпке дейін Әбілқасымның тәлім-тәрбиесі, жұмыста қалдырған тағылымды істері айтылып жүрді. Қазіргі таңда да жасы үлкен ауыл қариялары Әбілқасымның шапағатын көп көргенін әңгімелеп отырады. Мұндайды естігенде Ерасылдың кеудесін мақтаныш кернейтінін жасырып қайтеміз? Перзенттік махаббат деген осы да. Әкесі зейнеткерлікке шыққаннан соң тоғыз жыл өмір сүрді. Денесіне жабысқан дерт ақыры алып тынды. Өзіне ыстық Бостан ауылында мәңгілік тыныс тапты.
Ерасыл Әбілқасымовтың анасы жайлы айтар сөзі, оған деген таусылмайтын сағынышы өз алдына бір төбе. Ана қашанда балаға ең жақын мейірім иесі саналады ғой. Жамал Мықтыбайқызы руханиятқа жақын, әдебиетті сүйетін адам еді. Сегіз сыныптық орта мектепті бітіріп, тұрмыс құрғаннан кейін Бостан ауылындағы кітапханада меңгеруші болып қызмет атқарады. «Анамыз көп бала туғаннан ба, денсаулығы дұрыс болмай, 1987 жылдың желтоқсанында ауруханада көз жұмды. Мен отбасында екінші баламын. Менің алдымда біреуі шетінеген. Сондықтан, мен үйдің үлкені ретінде кейінгілерге қарадым. Мектеп табалдырығын алты жасымнан аттадым. Кейін әкемнің кеңесімен аудан орталығындағы орыс мектебіне ауыстым. Әкем менің қазақшаға да, орысшаға да жетік, жан-жақты, білімі терең тұлға болып қалыптасуымды қалады. Өкінішке қарай, мектепте «үштік», «төрттік» бағамен оқыдым. Маған нағашы әжем көз қырын салып жүрді. Негізінен оқуымды емес, қарнымның тоқ болғанын қадағалады. Отбасында менен басқасының бәрі мектепті қазақша бітірді. Аудан орталығындағы мектепте оқығанымда мен нағашы ағамның қолында тұрдым. Олардың алты баласы бар еді. Елдің тұрмыс деңгейі сын көтермейтін. Бірді-бірге әзер жеткізетін қиын өмірде есейдік», – дейді мемлекет қайраткері.
Мерейтой иесі осы орайда әжелік қамқорлығын көрсеткен Айткүлге қарыздар екенін айтады. Тағы бір қызығы, ауданнан ауылға демалыс алып келгенде орыс тіліне жетік Ерасылға үй ішіндегілер ауыр жұмыс істетпей өсіріпті. Әкесі Ерасылдың жоғары білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға араласуына, ел мақтаған айтулы тұлғаға айналуына ықпал етіп, жол ашады. Үйдің ауыр жұмыстарына жекпей, жан-жақты білім алуына мүмкіндіктер жасапты.
– Әкем 1963 жылы менің дәрігер болуымды қалап, медициналық училищеге дайындалуға тапсырма берді. «Кәсіби білімді училищеден баста. Сонда жеңіл болады. Егер білімге құштарлық танытпасаң, ұжымшар жұмысында өмір бойы қаласың. Сондықтан, оқы. Алдымен білім ал. Сосын отбасыңа қол ұшын соз», – деді де әкем біздің ауылдан 270 шақырым қашықтықта жатқан Алматы қаласына алып келді. Бірақ республикалық медучилище менің құжаттарымды қабылдаудан бас тартты. Өйткені, 1 шілдеге дейін 15 жасқа толған болуым керек екен. Алайда менің жасым оған небәрі бір ай жетпей тұрды. Сол себепті Алматымен іргелес Талғар қаласындағы медучилищеге түсуге тура келді. Мамандығым – фельдшер. Кәсіптік оқу орнында ол кезде жатақхана болған жоқ. Төрт жылда он рет пәтер ауыстырдым. Қанша жерден жеке пәтер жалдап тұрсам да, ішімдік пен темекіге жоламадым. Бұзықтық жасамадым. Әкем берген тәрбиенің арқасы бұл, – дейді мақала кейіпкері.
Ерасыл Әбілқасымов Талғар қаласын жатсынған жоқ. Бір қарағанда, өзі туып-өскен Күреңбел өлкесінің табиғатына ұқсайды. Асқар таулар қоршаған шағын қаланың күнделікті тіршілігі де бір қалыпты. Тұрғындары тыныш әрі еңбекті сүйеді. Жас жігіт пәтерден-пәтерге көшіп жүріп неше түрлі адамдармен танысты, тіл табысты. Қазіргі күнге дейін Талғардың әр көшесі ыстық. Мұнда оның алғашқы студенттік жылдарының ізі қалған. Болашақта сан қырлы саясаткер болып қалыптасуына осы оқу ордасындағы ұстаздардың да оң әсер еткені анық. Мектеп қабырғасынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан жас училище қабырғасында да іс-шаралардың алдыңғы қатарында жүрді. Үздіктердің сапына ілікті. Дос-жарандарын, ұстаздарын терең білімімен, ешкім айта бермейтін тың ұсыныстарымен, ұйымдастырушылық қабілетімен таңғалдыратын. Мұның ар жағында әке берген тәлімнің алтын діңгегі тұрды. «Маған атақ-дәреже алғаның емес, адам болғаның керек. Сенің арғы ата-бабаң халықтың алғысын арқалаған текті адамдар еді. Сен солардың ізін жаңғыртуға тиіссің», – дейтін әкесі.
Болашақ қайраткер Талғардағы кәсіби оқуын ойдағыдай тамамдаған соң Алматы медициналық институтына түседі. Әкесінің көптен бергі арманын орындағанына өзі де марқайып қалды. Өйткені, Әбілқасым осы ұлының медицина маманы, оның ішінде, хирург немесе терапевт мамандығын игергенін қатты қалады. Бірақ талап жоғары әрі тапсыратын талапкерлер де өте көп. Осы себепті де Ерасыл тіс дәрігері факультетіне құжаттарын тапсырды. Бұл мамандыққа 150 студент қабылдау жүктеліпті. Алайда 190 талапкер түседі. Орынға талас жоғары дәрежеде жүрді. Кім сабағына селқос қараса, дереу шығарылып, орнына «кандидат» атанып жүрген 40 студенттің бірі қабылданатын. Ерасыл бұл сыннан да сүрінбей өтті.
Студент Әбілқасымовтың мұнда екінші қыры ашылады. Ол – өнерге жақындығы. Екінші курстан бастап-ақ оқу ордасындағы бүкіл концерттік бағдарламаларды ұйымдастырып, жүргізуші болды. Студенттерден құрылған өнерпаздармен бірге Красноярск аймағына жолдама алып, Братск, Устьилимск елді мекендеріне концерт қояды. Бұл оның алғашқы сырт елге шыққан сапары еді. Ал 1970-74 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, сол кездегі В. Ленин атындағы сарайда концерттік бағдарламаларды жүргізеді. Бірде мынадай қызық жағдай орын алады. Концертке Ескендір Хасанғалиев келмей қалады. Ол Нұрғали Нүсіпжанмен бірге ән шырқауы тиіс еді. Ұйымдастырушылар Ерасылға халық алдына Ескендір болып шығуын ұсынады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жігіт бірден келісе кетеді. Сөйтіп, Нұрғали Нүсіпжанның қасында 10 минут Ескендір Хасанғалиев болып бергені бар.
– Қоғамдық жұмыс мені әбден шыңдады. Институттағы комсомол комитетінің мүшелігіне қабылдандым. Бүкіл сабақты тек «бестік» бағаға жаптым. Үшінші курсты аяқтайтын жылы сол кездегі студенттер үшін қолжетімсіз марапаттың бірі – В. Ленин шәкіртақысының иегері атандым. Өзге студенттер 28 рубль алып тұрса, мен 100 рубль алып отырдым. Мұндай шәкіртақы 7 мың студенттің ішінде тек бес-алтауына ғана берілетін. Ал 1970 жылдың сәуір айында мерейім өсіп, мәртебем тасығандай күй кештім. Мемлекет «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудеме тақты. Жас уақытымдағы бұл жетістіктердің бәрі маған алға қарай сеніммен басуыма үлкен себепкер болды, – дейді қоғам қайраткері.
Иә, Ерасыл Әбілқасымов студенттік жылдарынан сыр шертсе, таңға дейін отыруға дайын. Жастық шағын сағынады. Қазіргі өрендермен өз өмірін салыстырып көреді. Әркімге өзінің албырт шағы ыстық. «Осындай жетістіктерім үшін ата-анамның, ата-бабаларымның рухының алдында мәңгілік қарыздармын. Қазақтың тектілік туралы ұғымы бекер емес деп ойлаймын. Тектілік болмаса, мұндай абырой биігіне көтерілмес едім», – деп тебіренеді кейіпкеріміз.
Оқу ордасын аяқтаған соң Ерасылдың алдында бір ғана таңдау тұрды. Ол – Ленин шәкіртақысының иегері ретінде институт қабырғасында қалу. Тіс дәрігері мамандығын 154 студент бітірді. «Қазір қарап отырсам, сол кездегі қаланың балалары мен байшыкеш студенттер ауылдан келген біз сияқты талапкерлерге мұрын шүйіре қарапты. Студенттердің арасында әлеуметтік жік болыпты. Соны шығарып, от салып жүрген бастықтардың балалары кейін ешқандай жетістікке жеткен жоқ. Не ғылымда, не кәсіпте өз орындарын таба алмады. Сондағы ұққаным, адал еңбек пен білім ғана адамды алға бастырады екен», – дейді Е. Әбілқасымов.
1972 жылы Ерасыл Әбілқасымовты ортопедиялық стоматология кафедрасына тағылымдамадан өтуге жібереді. Бірақ кафедра жұмысы мүлде көңіліне жақпай қояды. Бір жыл өткен соң Мәскеудегі бүкілодақ көлеміндегі Денсаулық сақтау министрі орынбасарының қабылдауына жол түседі. Өзінің білім-білігін көрсеткен, әлеуеті зор жасты Е. Удинцев Мәскеудегі тіс дәрігерлері институтына шақырту қағазын жазып береді. Елге келген соң Ерасылды бюрократизм әуреге салады. Ректорат пен деканаттың арасында ұзақ уақытын өткізіп алады. Ақыры, өзі білім алған оқу ордасының келісімін арқалап, Мәскеуге аттанады. Мұнда ол толыққанды ғылымға бет бұрады. Медицина тақырыбында ғылыми мақалалар жариялап, кітапханалардан шықпайтын оқымыстыға айналады. Әсіресе, ішкі мәдениеті жоғары, рухани бай, білімі терең тұлғалармен танысып, солардың әңгімесінен ерекше әсер алып жүреді. Мәскеуде ол әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру кафедрасында тәжірибесін шыңдайды. Айта кететіні – Игорь Косаревпен танысқандығы. Дәл осы кісінің кафедрасында Ерасыл университет жұмысын қалай жүргізу, ғылыммен қалай шұғылдану керектігін жан-жақты меңгеріп шығады.
 Алматыға қайтып оралған Ерасыл тағы да кедергілерге кездеседі. Мәскеудегі саласын ары қарай жалғастырғысы келіп, әлеуметтік гигиена кафедрасының меңгерушісі Р. Самаринге жолығады. Ол: «Сен тіс дәрігерісің. Сол жаққа бар», – деп бірден кесімді сөзін айтады. Тауы шағылған Ерасыл ректорат арқылы өз қалауын жеткізгісі келеді. Бірақ жақсы адамдардың ықпалымен әйгілі ғалым, профессор Әлихан Чокиннің кафедрасына қабылданады. Ә. Чокин Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедегі еді. Бір қолы кеміс ғалымға Ерасыл барлық жағынан көмекші болды. Ұстаздық қызмет атқарды. Бірақ кафедра меңгерушісі жас оқытушыны ғылым жолына салмай, көбіне ұйымдастырушылық жұмыстарды артып қойды.
Ерасыл Әбілқасымовтың ғылымға деген қызығушылығы ерекше еді. Ол алдынан кесе-көлденең шыққан кедергілерге мойыған жоқ. Үш жылдық жанкешті еңбектің нәтижесінде ғылыми деректер жинауға дағдыланады. Ақырындап болашақ диссертациясының іргетасын қалай бастайды. Осындай қиындықтың басы-қасында әрқашан жары Алма Әбілқасымова (Есімбекова) жүретін. Ерасыл сүйікті жарымен 1976 жылдың ақпанында отау құрады. Зайыбы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетін тамамдаған. Ғылым академиясының математика институтында жұмыс істеді. Сондықтан, Алма да жолдасының ғылыми ізденісіне, түнімен кітап ақтаратын әдетіне терең түсіністікпен қарады. 1980 жылы Ерасыл көпжылдық еңбегінің жемісі – диссертациясын дайындады. «Диссертация жазуымның тарихы өз алдына қызық әңгіме, – дейді қайраткер өткен жылдарды еске алып. – Менің үйімде ғылыммен шұғылданатын жағдай болмады. 36 шаршы метрлік алақандай үйде тұрдық. Екі баламыз бар ол уақытта. Қазақтарды білесіз ғой, қонақ үзілмейді. Қалада тұрған соң ауылдағы ағайын біздің үйге қонады. Кейде асүйдегі үстелдің астына ұйықтайтынмын. Ондай жерде қалай ғылыммен шұғылданасың? Сол себепті мен жаңа жол таптым. Ол – өзім істейтін кафедрамда жұмыс уақытының аяқталғанын күту. Сөйтіп, кешкі сағат 18.00-ден кейін кафедраның терезелерін перделеймін де ғылыми жұмысыма отырамын. Перде қалың. Сырттан жарықтың жанып тұрғанын ешкім байқамайды. Кеңсеме жатын орныма қажетті заттарды әкеліп алғанмын. Көрпе-жастығым бар. Тіпті, электр шәйнегім, ыдыс-аяғым да осында. Түнгі сағат 12.00 болғанда үйден жарым келеді. Қолында тамағы, суы. Мен дереу жарықты сөндіремін де, терезеден заттарды аламын. Осындай түсіністік танытқан жарыма қалай алғыс айтпайсың?».
Профессор Чойкин Ерасылдың ғылыммен шұғылданып жүргенін естіп, қуанып қалады. Ол, сірә, мұны ғылымның иісі мұрнына бармайтын адам деп ойласа керек. Дайын диссертация мен авторефератты алдына тастағанда профессор тосырқап қалды. Бірақ өзі жетекшілік жасайтыны есіне түсіп, ғылыми жұмысын асықпай қарап шығатынын айтады. Өкінішке қарай, профессор мұның жұмысын менсінбеді ме, жыл бойына созып жүріп алды. Амалы таусылған жас ғалым басқа ғылыми жетекші іздей бастайды. Бірақ олар да ынта-ықылас танытпайды. Тіпті, біреуі Қазақстандағы стоматология ғылымына қатысты кез келген жұмыс өзінің қолынан өтетіндігін айтып даңғойланады. Ерасыл тағылымдамадан өтіп келген Мәскеуге қайтадан барады. Ол жерде В. Рудько деген профессормен жолығып, ғылыми жұмысын таныстырады. Профессор диссертациямен мұқият танысып, екі аптадан соң тиісті ескертулерін айтып, келісімін береді. Ерасылды сол кезде Қазақстан ғылымының әлі де ақсап жатқандығы қынжылтады.
Ғылымдағы машақат Ерасылдың еңсесін түсірген жоқ. Қайта жаңа жолдар ашылды. Кейбір келеңсіз оқиғаларды көзбен көріп, өмірдің тек бір сызықтан тұрмайтынын түсінді. Бүгінгі қоғамда да аяқтан шалу, рушылдық, көреалмаушылық секілді жағымсыз факторлар кездесіп жатады. Сондайда Ерасыл әділет жолын бәрінен биік қояды. Жастарды адал еңбек етуге, адамгершіліктің асқар шыңынан төмен түспеуге баулиды. Ғылымдағы жұмысынан кейін қайраткер Денсаулық сақтау министрлігіне ауысады. Кейін Алматыдағы диагностикалық кеңес беру емханасының бас дәрігерлігіне тағайындалады. 1983 жылы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде білімін жалғастырады. «Тарих мамандығында оқуым менің қоғамдық-саяси істерге белсене араласуыма септігін тигізді», – дейді Е. Әбілқасымов. Ал 1991 жылдың маусымында Алматы Шығыс және заманауи медицина орталығының басшысы қызметін атқарады. Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, халық медицинасының, урологияның ғылыми орталықтарында еңбек етті. Арасында мемлекеттің саяси мінберіне көтеріліп, халықтың мұң-мүддесін қорғап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты бола жүріп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне көңіл бөлді. Соңғы жеті жылда Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығында директорлар кеңесінің төрағасы, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті бақылау кеңесінің мүшесі қызметінде.
2004 жылдың 5 ақпанында Қазақстанның коммунистік партиясы қайта құрылды. Ерасыл Әбілқасымов партия қатарында жұмысын жалғастырды. Сонымен бірге, «Ауыл» партиясында, «Қазақ елі» ұлттық бірлестігінде белсенді қызмет етті. Кейіннен ҚР Президентіне кандидат болып тіркеліп, сайлауға түсті. ҚР Парламентінде әлеуметтік-мәдени даму, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттерінде мүшелікте болды. Осы кезеңде Мысырды билеген ұлы бабамыз Бейбарыс сұлтанның есімін жаңғыртып, жас ұрпақты тәрбиелеудегі мән-маңызын арттыру бағытында жоғары билікке ұсыныс білдіреді және бұл бастамасы ел көлемінде қолдау тауып, өзінің нақтылы нәтижесін берген еді.
Қазіргі таңда Ерасыл Әбілқасымов үш баланың әкесі, бес немеренің атасы. Зайыбы Алма Есімбекқызы педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Түрлі салада абыройлы еңбек еткен білікті маман бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы білім дамыту орталығында директор қызметін атқарады. Ұлдары Алмаз бен Мақсат түрлі салада лауазымды қызметте. Ал қызы Мадина – 2018 жылдың 9 ақпанынан бері ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.
Ерасыл Әбілқасымов – мемлекет саясаты мен отандық медицинаға қомақты үлес қосқан қайраткер. Автордың атында медицина тарихын, әлеуметтік гигиена, денсаулық сақтау тақырыптарында 100 шақты ғылыми мақала бар. Кеңес одағы тұсында да, тәуелсіз Қазақстанда да бірнеше орден, медаль алған ғалымның 1996 жылы қорғалған докторлық диссертациясы медициналық сақтандыру бағытындағы үлкен жаңалықтардың бірі болды. Көптеген марапатының ішінде атап өтерлігі – 2004 жылы «Құрмет» орденін алғаны, сондай-ақ, «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққаны. Бұдан басқа, көптеген Алғыс хаты, мерейтойлық медальдары жеткілікті. Әрине, Ерасыл Әбілқасымов бұл марапаттарды халқының құрметі, мемлекет артқан сенім деп түсінеді.
 
Қуаныш ТҰНҒАТАР

Оқи отырыңыз