ЖАҚСЫ БАСШЫ - ЕЛГЕ ҚҰТ

ЖАҚСЫ БАСШЫ - ЕЛГЕ ҚҰТ

Халқына адал қызмет еткен адамды ел-жұрты ұмытпайды. Керісінше, ісін көпке үлгі етіп, бастаған шаруасын жалғастырып, игілігін көппен бірге көруге тырысады. Іскер басшы жанына белсенді жастарды ертіп жүреді. Олардың күшін көптің пайдасына жұмсап, сын сағаттарда дұрыс шешім қабылдауды үйретеді. Қиындықтан қашпауды, керісінше, жауапкершілікті қара нардай көтеріп, шыңдалу арқылы тәжірибе жинауды санасына сіңіреді. Сол шәкірттері үйренгенін іс жүзінде қолданып, халық алдында абыройлы қызмет атқаруға бар күш-жігерін жұмсайды. 

Ұстаз шәкіртімен өміршең. Ендеше, еңбегімен елдің есінде қалған азаматтардың бірі – Тұрсын Махметов. Тұрсын Махметұлы жайлы мақала жазарда ол кісімен қызметтес болған, көзін көрген адамдармен әңгімелестік. Кейіпкеріміз жайлы қоғам қайраткері Жомартқали Жексембінов: – Аға басшы қызмет атқарған жылдары Ақсу, Талдықорған, Киров аудандарының экономикасы нығайып, әлеуметтік салалары дамыды. Жылына 60-70 аудан еңбеккері жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болса, өзі Қазақ ССР-ы, Жоғарғы Кеңесіне депутат болып  сайланды. Яғни, елі де, елімен бірге өзі де өсті, – деп ағасының өмір жолына жоғары бағасын берді. Бәрі бір пікірде. Үш ауданның тізгінін ұстаған  азаматтың жан-жақты қасиетін айтып,  тауыса алмайды. Тұрсын Махметұлының шыққан тегі де осал емес екен. Тұрсынның атасы Тоқсанбай заманында аға сұлтан болған. Ол 1862 жылы Петерборда Романовтар әулетінің 250 жылдығын тойлауға арнайы шақырылып, сол жерде кеудесіне медаль тағылады. Атынан ат үркетін  Романовтардың тойына тектілердің ұрпақтары, яғни, ел арасында аты шыққан азаматтардың шақырылатыны белгілі. Тоқсанбай ата жайлы тарихи кітаптарда заманының беделді тұлғасы болғандығы жайлы айтылады. Сондай заңғар тұлғаның немересі Тұрсынның да атаға тартып тууы заңдылық. “Әкеден ұл тусайшы, әке жолын қусайшы” деген тәмсіл осы болса керек. Болайын деген бала әр нәрсеге талпынып тұрады емес пе?! 
Соғыс жылдарында Көкшетау облысы, Айыртау ауданына Мәскеу мемлекеттік үлкен театрының суретшісі Александр Липкин жер аударылып келеді. Сол елді мекенде тұратын бала Тұрсын өнерлі азаматты төңіректей береді.  Жас өскіннің көзіндегі отты байқаған Александр Липкин дарынды балаға сурет салуды үйретуді қолға алады. Жаратылысынан зерек бала қылқалам өнерін тез меңгереді. Қос тұлға осылай талай туындыны дүниеге әкеледі. Ал 1944 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің академик, профессорлары облыстарды аралап, дарынды балаларды елдің басты оқу орнына жинайды. Сонда академик Кеңесбаев Тұрсын Махметовтың ерекше қабілетін байқап, оқуға алып кетеді. Университетте ол суретші-әрлеуші қызметін қоса атқарады. Липкиннен үйренген кәсіп, оқу ордасында  шығармашылықпен айналысуға кеңінен  мүмкіндік туғызды.  Тұрсын Махметов қызметтік жолын Райымбек ауданының  Кеген ауданында мұғалімдіктен бастап, директорлыққа көтеріледі. Сол кезде өзінің бастамасымен Кегеннен жетім балалар мен малшылардың және шалғай елді мекендердің  балаларына арнап пансионат, яғни, интернат ашады. Сол үшін билік басындағылар тарапынан әртүрлі жала жабылады. Ол Мәскеудегі орталық комитеттен кешірім сұрап,  хат та жазады. Өзі жайлы мінездеме  жібереді. Тұрсын Махметұлының пансионат ашуы шалғайдағы аудан жұртшылығына жасаған үлкен қамқорлық еді. Жоғары жақтан ақшаны босқа шашу, ешкімнің сөзін құлаққа ілмеу деген  кінәлаудың тағылатынын біле тұра қандастарының ел қатарлы білім алып, жылы жерде тұруын қамтамасыз еткен ағаның қадамы сол кезде өзі үшін қауіпті шаруа еді. Асыл тас су түбінде жатпайды. Аудан басшылары Тұрсын мұғалімнің  ұйымдастырушылық, табандылық қасиетін жоғары бағалап, оны ауданға қызметке ауыстыруды ойластырады. Сонымен, 1953 жылы Тұрсын Махметұлы аудандық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Екі жылдан кейін аталмыш ауданның ұжымшарын басқарады. Тағы екі жылдан кейін Ұзынбұлақ асыл тұқымды қой шаруашылығында архар-меринос малын көбейту үшін басшылыққа жіберіледі. Бұл жерде мал басын асылдандыруға күш салуға тура келеді. Әр қойдың салмағы, одан алынатын ет, жүн ай сайын есепке алынады. Асыл тұқымды қойдың бағасы да қымбат. Сондықтан,  түлікті уақытымен дәрілеп, жайылымын таңдап, қора-қопсысын әзірлеу үлкен шаруа еді. Қуанышқа орай Тұрсын Махметұлы малшының да, малдың да жағдайын жасай білді. Көңілі тоқ, жағдайы жайлы адам  жұмысты пейілмен істейтіні  бар емес пе?!   
Бұл кезде бұқаралық ақпарат құралдары да еңбек адамдарын, елдің  жағдайын жақсы білетін басшыларды газет-журнал арқылы көпке үлгі етіп отыратын. Сол жылдары  жазушы Сафуан Шәймерденов «Мәдениет және тұрмыс» журналына Тұрсын Махметовтың  жаңашылдығы  жайлы жазады. Сол журнал қолымызға тиіп, біз де оқып шықтық. Мақаладан үзінді келтірейін. Мақаланың айдары «Журналист жолға шықты» деп қойылыпты.   «...Тұрсын бізді жаңа салынып жатқан қой қорасына алып барды. Бұл баяғыдан бері көп сөз етсек те  жүзеге асыра алмай жүрген Қулық тауының көк тасынан қашап салынып жатқан қора. Өзі екіқабатты, астында қой, үстінде шопан тұрады. Кітапхана, қызыл бұрыш та сонда.  Биыл бұл совхозда осындай он қора салып жатыр екен. Адам тындырар істің қиян-қилысы бар ғой, күндігі де, жылдығы да болады. Тұрсын науқан деп айқайлап кетпейтін, сол екеуін тең ұстайтын басшы болып көрінді маған», – дейді қаламгер.  Жазушы мақалада ауылда жаңадан аурухана қалашығының салынып жатқандығы, мамандарға арналып екіқабатты үйдің қабырғасы қаланғаны, оның орталықтан жылытылатындығы, жаңа өсіп келе жатқан көшеттер отырғызылған саябақты тамашалағаны, ою-өрнек жүргізілген клубтың ерекше талғаммен салынғаны жайлы да айтады.  Бұл архар-меринос асыл тұқымды мал өсіретін  Ұзынбұлақ кеңшары еді.  Мына қызықты қараңыз. Іскер басшыны облыс, аудан атқамінерлері Кеген ауданының екінші хатшысы қызметіне көтереді. Ол бұл қызметте 57 күн ғана отырады. Себебі, Ұзынбұлақ тұрғындары аудан, облыс, тіпті, Мәскеуге дейін өтініш хат жазып, Тұрсын Махметовты кеңшар басшылығына қайтарып алады.  Облыс басшылары Тұрсынды бір жылдан кейін Ақсу ауданын басқаруға жібереді. Алдымен, аудан орталығын ауыстыруды қолға алады. Осы күнге дейін аудан орталығы Ақсу елді мекені болып келген екен. Ақсу елді мекені республикалық жолдан шалғай жатқандықтан және ауа райының шаруаға қолайсыздығына байланысты аудан орталығын Абакумовка елді мекеніне ауыстыру жайлы республикаға ұсыныс тастайды. Өзінің әбден кесіп-пішіп алып айтқан ұстанымынан қайтпайтын Махметов ауданның атын ақырында Жансүгіров деп өзгерткізеді. Бұл жағдайдан оның  елдің экономикалық-әлеуметтік мәселесін ғана ойлайтын басшы емес, ел рухының көтерілуін басты орынға қоятын елжандылығын да анық аңғарамыз. 
Ол – Алаш арыстарын құрметтеп, ұлтжанды азаматтарды мәңгі есте қалдыруға үлкен еңбек сіңірген адам. Ұлт зиялыларымен бірлесіп кезінде жазықсыз жапа шегіп, халық жауы атанған арыстарымызды ақтап алуға да күш салады. Олардың жазықсыздығын дәлелдейді. Еңбектері жанады. Алаш арыстарының аты мақтанышпен айтыла бастайды. Тұрсын Махметов 1965 жылы  СССР Жоғарғы кеңесіне хат жазып, өтініш білдіріп, ақын Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдығын тойлауға рұқсат алады. Сол жылы облыста Тұрсын Махметұлы өзі басшылық етіп,  Жазушылар одағының атсалысуымен Ілияс Жансүгіровтің мерейтойы тойланады. Бұл іс – ақын өлеңдерінің жарыққа шығуына, басқа да Алаш арыстарының мерейтойларының тойлануына жол ашады. Ақсу ауанының  партия  комитетін басқарғанда жері шұрайлы өлкенің мал өсіруге қолайлы жағы басшылыққа алынады. Ұсақ мал, ірі қара өсіру, ет-сүт дайындау да  елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына  көп ықпал етеді. Сауын сиырлардың басын көбейту, жастар бригадаларын құру, мал азығын дайындау жолға қойылады. Сол кезде саясат солай болды ма,  аудандарды көтеру үшін басшыларды жиі ауыстырып тұрды ма, 1968 жылы бір кезде тарап кеткен Көксу (Киров) ауданы қайта құрылып, басшылыққа Тұрсын Махметұлы келеді.  Сол жылдары ол кісі кадрларды ауыстырып, көбінің жаңа баспалдаққа аяқ басуына ықпал етеді. Ауданнан шыққан Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» иегері Зылиха Тамшыбаева апамыз да бір естелігінде өзінің бағын Тұрсын Махметұлының ашқындығын келтіреді. «Райкомның хатшысы Махметов деген жақсы адам еді, шынымен тамаша кісі болатын. Сол кісі шақырды да: “Қарағым, Зылиха, сен істеп жүрген қызмет қысқарды, басқа қызметке ауыстырайық», – деді.  Ол кезде ұяңмын, көп сөйлемеймін. «Өздеріңіз білесіздер», –  дедім.  Содан «Зылиха сен Еңбекшіге парторг болып бар. Еңбекші республикада артта қалған шаруашылық, сол ауылды көтеріп, алдыңғы қатарға шығаруың керек, – деді.  Ол кезде партия жұмсаған жерге баруың керек. Бас тартуға болмайды. Жылап келдім ауылға дейін», – деп еске алады.  Жетпіс бірінші жылдың  күзінде аудандық партия комитетінің хатшысы шақырып: «Зылиха, сен енді сол жерге директор бол», – деп тұр. Бұл ұсынысқа не дерімді білмей: «Тұрсын Махметович, күлесіз бе, ашуланасыз ба, білмеймін. Мұндай еркектер атқара алмайтын шаруаны мен қалай атқара аламын?», – деп қарсылық білдірдім. Ол кісі де айтқанынан қайтпайтынын байқатты. Ақыры        8 наурыз күні Тұрсын Махметов өзі келіп, осы Еңбекші ауылына директор етіп тағайындады. «Менен асқан жомарт  еркек жоқ, сегізінші наурызға Зылихаға сыйлық жасадым», – деп күлдірді. Зылиха апай  журналистке берген сұхбатында өзінің өмір жолында кездескен жақсы адамдар жайлы осылай ой толғаған еді. 
Бүгінде Көксу ауданы ардагерлер кеңесін басқарып отырған Амангелді Қалдыбек сол кездегі аудан басшысы Тұрсын ағадан көрген шапағатын, өмірдегі жолын ашқандығын былай еске алады: – Тұрсын Махметовтың алғашқы қызметін бастағаннан-ақ алғыр, іскер және өте қарапайым азамат екені бірден байқалды. Келе сала аудан мекемелерін аралай жүріп, ең алдымен кадр мәселесін шешуді қолға алды. Аупартком бұрынғы Пионерлер үйіне жайғасты. Өйткені, аудан тарағанда алдындағы кеңсе туберкулез ауруханасы болып кеткен. Аудандық партия комитетінің отырысында бүкіл басшыларды жинап алып, алға қойған мақсаттарын айқындап, соның шешу жолын қарастырып, барлық мекемелерге жұмыс жоспарын құруды тапсырып, аудан орталығын абаттандыруға белсенді түрде кірісіп кетті. Міне, содан бастап ауданда қызу және қарқынды жұмыс басталды. Күнделікті істелген жұмыстар қорытындыланды. Осының арқасында көшелерге асфальт салынып, жарық орнатылды. Аупартком, атқару комитеті, почта-телекоммуникацияның көпқабатты кеңселері тұрғызылды. Бүгінгі күні бұл кеңселерде әкімшілік, мәслихат, бүкіл аудан мекемелері орын тапқан.
Тұрсын Махметов келген кезде аудан шаруашылықтарын істеріне мығым, тәжірибесі мол кадрлар басқарған. Атап айтсақ, Алғабаста Ақболат Мырзабеков, Куйбышевте Сейдахмет Нысанбаев, Ленинде Жылқайдар Егінбаев, Карл Марксте Әбен Сасықов, Мұсабекте Мүсілім Тәкішев, Жетіжалда  Ақзам Ешкенов, аудан орталығындағы «Талдықорған» бордақылау кеңшарында Тәуекел Мұсырманов, қант зауытын Қаимолда Молдабергенов деген азаматтар басқарушы  болды. Міне, осындай ағаларды көріп жас толқынның өсіп-жетілмеуі мүмкін емес еді. Сол кезде мен аудандық тұқым инспекциясында агроном болып қызмет  істеп жүргенмін. Бір күні аудандық партия комитеті ұйымдастыру, кадр бөлімінің меңгерушісі Егеубек Далбағаев  ағамыз шақырып: «Осы бөлімге нұсқаушы қызметіне жаңадан келген   Ержан Төлебаев  екеуің Еңбекші кеңшарының қысқы егістік агрошараларының  ұйымдастырылуын бюроға дайындайсыңдар», – деп тапсырма берді. Содан екеуміз  Зылиха Тамшыбаева басқаратын шаруашылықтың жұмысын егжей-тегжейлі саралап, келесі күні алты бет анықтама жазып, Егеубек Далбағаев  ағамызға тапсырдым. Екі-үш күн өткеннен соң кеңсеге қоңырау соғылып, Тұрсын Махметовтың қабылдауына шақырып жатыр деген хабар алдым. Дереу бардым, бірден қабылдады, кабинетіне кірсем, атқару комитетінің бірінші орынбасары Мұратбек Нұрпейісов, ауылшаруашылығы басқармасының басшығы Юрий Зверякин  отыр екен. Бірден сұраққа алындым: «Қандай білімің бар, қандай оқу орнын бітірдің, қайда қызмет атқардың?». Бәрінің жауабын алған соң: «Қазір барып ауданның бас агроном қызметін атқарасың, – деді. Отырған бюро мүшелеріне мені кабинетке отырғызуды тапсырды.  Мен сасып қалдым да: 
– Тұрсын Махметович, мен ойланайын, бұл  өте жауапты қызмет қой, алып жүре алам ба екен? – дедім. 
– Ойланатын түгі жоқ, қолыңнан келетініне сенімдімін. Осындай жас кезіңде істемесең қай уақытта істейсің? – деп бастырмалатып, бірауыз жауап беруге мұрша берген жоқ. Кейін білсем мені бюроға құжат дайындау арқылы сынаған екен.  Жазған анықтамамды оқып, ұнатып, мына жігітті осы уақытқа дейін неге партия қатарына алмағансың деп Егеубек Далбағаев  ағаға айтыпты. Міне, содан бастап аудан ауылшаруашылығының  дамуына еңбек етуге қызу кірісіп кеттім. Партия қатарына кандидаттыққа, келесі жылы мүшелікке қабылдандым. Аудандағы көптеген азамат осылай шыңдалды. Бір, үш, алты айлық кадр даярлау курстарына оқуға жіберетін. Соның арқасында ауданымыз мықты кадрлар ұстаханасы болып шыға келді. Біздің жігіттер Ақсу, Алакөл, Бөрлітөбе, Сарқан аудандарына лауазымды қызметтерге жіберіле бастады.
– Мен ауданда  бас агроном қызметін атқарған 1973 жылы аудан бойынша 180 мың тонна қант қызылшасын зауытқа өткіздік, – дейді         А. Қалдыбек әңгімесін ары қарай жалғап. Көкөніс, қауын, қарбыз, картошка артығымен жиналды. Мал азығы молынан дайындалып, ауданның абыройы асқақтап, орталық комитеттің, ауыспалы Қызыл Туын және бес мың сом ақшалай сыйлығын алып, үлкен жетістікке жеттік. Тұрсын Махметов мені шақырып алып: «Амангелді, сен ренжіме, мына Еңбек Қызыл Ту орденін сенің алдыңда қызмет атқарған Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі  Валентин Замулаға  берсек қалай қарайсың? Ал  келесі жылы осындай табысқа жетсек омырауыңа  марапатты өзім тағып беремін, сен әлі жассың ғой. Қазір мына бес мың сом бәйгені алып, қызылшашылар жиналысына дайындал. Барлық қызылша өсірушілерге, маман, басшыларға сыйлық ал. Өзіңе және барлық бюро мүшелеріне бір-бір алтын сағат алып бересің. Қалғандарын өзің ойластыр», – деді. Ол кезде партия хатшысының бұйрығы мүлтіксіз орындалатын. Тұрсын Махметов мамандардың еңбегін ешқашан ескерусіз қалдырмайтын. Әрқашанда дұрыс нұсқау беріп, әкелік қамқорлық жасайтын. Ай сайын аудандағы бас мамандарды жинап алып,  атқарған жұмысымызды талқыға салатын.
Міне осындай азаматтардың арқасында еңбекте шыңдалып зейнеткерлік жасына қарамай әлі де еңбектен қолымды үзбей қызмет атқарып келемін. Бүгінгі таңда 26 медаль, төсбегілердің иегерімін. Ауданның Құрметті азаматымын. Бағымды ашқан алдыңғы толқын ағаларға айтар алғысым шексіз, – дейді Амангелді аға ағынан жарылып.

Тұрсын Махметұлы 1961 жылы Қазақстан орталық коммунистік партиясының орталық комитетінің мүшелігіне қабылданған. Ал 1971 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған. Ол Октябрь революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені, «Құрмет белгісі» ордендерін иеленді. Жары Сәлима апа екеуі ұл-қыз өсіріп,  тәлімді тәрбие берген. Ел үшін еткен еңбегі ел аузында. Шәкірттері есімін  жақсы басшы еді деп құрметтеп келеді. «Жақсының аты өлмейді» деген осы да. 
 
Райхан Серғазинова, 
облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары
Талдықорған қаласы

Оқи отырыңыз