ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ЖАРАЛҒАН

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ЖАРАЛҒАН
Өмір атты ағысы қатты дария сан адаммен жолықтырып, талайымен қоштастырып жатады емес пе? Біреулері көзден таса болған күннің ертеңіне көңілден өшіп жатса, енді бірі жүректің төрінен орын алып қала беретіні бар. Иманғали Мырзашев кез келген адамның жанын баурап алып, жадында ұзақ сақталатын бірегей тұлға еді-ау...
Мен Иманғали Бөлегенұлымен қызмет бабы бойынша Қапал ауданына келгенде таныстым. Жеті мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде зиялы қауым өкілдері бір-бірімен етене араласып кететін кезең еді ол. Партия комитеті мен атқару органдарының қызметкерлері, мектеп директорлары мен дәрігерлер, шаруашылық және мекеме  басшылары апта ішінде болып тұратын жиындарда бірге отырып, ара-тұра басқосулар ұйымдастырып тұратынбыз. Оның үстіне жолдасым дәрігер болғандықтан аудандық аурухананың бас дәрігері Оқас Әлібаевпен, орынбасарлары Иманғали Мырзашев және Әшімғали Жұмагелдинмен жиі араласып жүрдік.  Оқас Хайроллаұлының тәп-тәуір өлең жазатынын сонда білдім. Ал ән салғанда құдды бір кәсіби әртістерше шарықтата шырқатып жіберетін. «Оқас аға, егер сіз дәрігер болмағанда міндетті түрде ақын болар едіңіз-ау!...» – деп әзілдейтінмін. Ал  Әшімғали Құсайынұлы нағыз серінің өзі. Қолына домбырасын алып, әуелетіп ән салғанда кез келген отырыстың көркін кіргізіп жіберетін қасиетіне сан куә болдық. Солардың арасында, бір қарағанда Иманғали Бөлегенұлы ғана өнерден мақұрым қалғандай көрінетін. Алайда, өз мамандығы мен дәрігерлік қызметіне келгенде дәл сондай жақсы мағынасындағы «өлермен» адамды кездестірген емеспін.
– Иманғали 1976 жылы медицина институтын бітіре салып, жолдама бойынша  Қапалға келген екен, – дейді сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Оқас Әлібаев. – Оның мамандығы ЛОР, былайша айтқанда құлақ, тамақ, мұрын ауруларына бағытталған. Алайда, жан-жақты білімі мен еңбекқорлығының нәтижесінде ол араласпайтын сала  болған  жоқ  десем, қателеспеймін. Менің пайымдауымша, ол сырқат жандарға көмектесуді үнемі бірінші орынға қоятын. Жұмыс уақыты бітті екен деп кешкі алтыдан кейін үйіне қайтатын кездері аз. Әлдебір науқасқа шұғыл көмек қажет болса, оған қажетті барлық ем-домды жасамай кетпеуші еді. Тіпті, ауыр науқастарды өміріне төнген қатерден алып шығу үшін  соның жанында түнеп, күндіз-түні ауруханада жүрген кездері де аз болған жоқ.    
Ол кезде медицина талаптарына сай жансақтау бөлімін 72 мың тұрғыны бар елді мекенде ғана ашуға рұқсат берілетін. Ал бүкіл Қапал ауданында бар-жоғы 32 мың халық тұрады. Соған қарамастан  Иманғали Бөлегенұлы бас дәрігерге қолқа салып жүріп, ауруханада жансақтау бөлімін ашуға көндірген. Оған қажетті қондырғылар мен штат бірлігі бөлінбейтіні тағы белгілі. Алайда, қолға алғаннан кейін  тәуекелге  бару қажет. Бұл жұмысты Оқас Хайроллаұлы Иманғалидың өзіне тапсырған. Ол болса өзінің барлық білімін салып, таныс-тамырларын қоса жүріп емдеу аппараттарына қол жеткізеді.  Содан кейін ауруханадағы өзге мамандардың есебінен екі анестезиолог, төрт дәрігер, төрт медбике және төрт тазалықшы жұмыс жасайтын жансақтау бөлімі ашылған болатын. Бұл бөлім  қаншама адамның өміріне араша түсіп, ажалдан алып қалғанын дөп басып айту қиын. Бірақ, жансақтау бөлімі аудан дәрігерлерінің жұмысын жеңілдетіп, талай жанды аман алып қалғаны ақиқат.
Қапал ауданы жабылар алдында Иманғали Бөлегенұлы Ақсу ауданына бас дәрігер болып тағайындалды. Бұл тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары еліміз үшін аса бір қиын соққан өтпелі кезең болатын. Дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды былай қойғанда жылу мен жарықтың өзі күрделі дүниеге айналған. Мұндайда шалғайдағы ауданға жоғарыдағылардың назары түсе де бермейді. Соған қарамастан Иманғали Бөлегенұлы өзіне тән еңбекқорлықпен саланы алып шығуға бар күшін салды. Жоқ нәрсені бар жасап, аурухана  үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға тырысқан. Мұндайда қатып қалған талаптарды айналып өтуге тура келетіні түсінікті. Бұл кейіннен оның қызметімен қоштасуына алып келгені де жасырын емес. Ешқашан атақ-мансап қумаған Иманғали Мырзашев бас дәрігердің орынбасары бола жүріп, өзінің сүйікті ісі – жансақтау бөлімінің жұмысын әрі қарай жалғастырған. Сондағы бір оқиға жайлы аудандық аурухананың бас дәрігері, білгір басшы, білікті оташы Әшімғали Құсайынұлы былай деп әңгімелейді: 
– Бұл елдің еңсесін езген  90-шы жылдары болған еді. Ауруханада аса күрделі ота жасап жатқан болатынбыз. Кенет жарықтың сөне қалмасы бар ма?! Шұғыл бір нәрсе ойлап таппасақ науқастың ажал құшатыны түсінікті. Осы кезде сыртқа жүгіріп кеткен Иманғали «жедел жәрдем» көлігін аурухананың сыртына алып келіп, оның жарығын терезеден түсетіндей етіп қойғызған. Өзі кислородты қолмен беріп тұрып, екі сағатқа созылған отаны сәтті аяқтағанымыз есімде. Қандай күрделі сәттері тығырықтан жол тауып, науқастарға қол ұшын беруге дайын тұратын досым Иманғалиды осы қасиеті үшін  қатты құрметтейтінмін.
Соңғы жылдары Иманғали Бөлегенұлы Сарқан аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Іссапарларға шыққанда жолымыз Сарқан арқылы өтетін болса міндетті түрде жолығатынбыз. Ондайда Имекең баяғы ақжарқын көңілімен қарсы алып, жайма-шуақ күлкісімен, ағалық ниетімен жүрегімізге шуақ сыйлайтыны бар. Жары Орынгүлдің де қонақжай дастарқанынан дәм татқан сәттеріміз аз болған жоқ. Мұндай кездері Иманғали Бөлегенұлы өзінің жолын қуып, оташы мамандығын таңдаған қызы – Жанарды, ұлы Ердосты мақтан етіп отыратын. Бүкіл саналы ғұмырын адам жанына араша түсуге арнаған ол әдебиет пен мәдениетті де жіті қадағалап отыратынын осындай дастарқан басындағы әңгімеде сан байқаған едік. Кімнің не жазып жүргенін, поэзия мен прозадағы жаңа ағымдар туралы сөйлеп кеткенде алдыңда дәрігер емес, әдебиет сыншысы отыр ма деп қаласың. Ғұмырында дүние жимаған Имекеңнің жұмыс бөлмесіндегі кітаптарды көргенде таңғалмасқа шараң қалмайды. Осындайда жазған дүниелеріміз жайлы әділ әрі білікті  пікірлерін естіп, бір марқайып қайтатынбыз.
Бір жолы ауылдағы  ұстазым сырқаттанып қалғанын естіп, көмек сұрап Имекеңе хабарластым. Жасы ұлғайған қария  адамды облыстық аурухана қабылдамай жіберген көрінеді.  Иманғали Бөлегенұлы әдеттегідей аудандағы әріптестеріне тапсырғаннан кейін телефонмен біраз әңгімелестік. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін Талдықорғанға көшіп келіп үй салғанын, бұл жақта медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіретін орталықтың директоры қызметіне шақырылғанын айтып берген. «Ғұмырыңызда жиған біліміңіз бен тәжірибені кейінгі буын жастарға қалдырғаныңыз дұрыс қой. Қартайып тұрған жоқсыз, елге пайдаңызды тигізе беріңіз!» – деп әзілдегенім есімде. Бұл менің онымен соңғы сөйлесуім болғанын ол кезде білген жоқ едім. Көп ұзамай Иманғали Мырзашев өмірден озыпты деген суық хабар жетті. Мұндайда: «Әлі ғұмыры алда еді! Кейінгіге үйретер ұлағаты мол еді!» – деген жаттанды сөздерді қайталағың келмейді. Алайда, расымен Иманғали Бөлегенұлының өмірлік тәжірибесін, медицина саласындағы жанқиярлық еңбегін, білімі мен адамгершілік ұстанымдарын жастарға жұғысты етсе жөн болар еді деген ой көкейде қонақтап қалғаны рас. Қызмет барысында да, адамдармен қарым-қатынаста да адалдық пен адамдықты ту етіп ұстаған алғыр азамат, аңқылдаған дос-ағадан абайсызда айырылып қалғанымыз өзегімізді өртейді. Алайда, қолдан келер қайран жоқ. Тек, қош аға, жатқан жерің жаннат болсын деген сөзді қайталай бердік ішімізден!
 
Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы

Оқи отырыңыз