ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Бар өмірін елінің өркендеуіне арнап, Панфилов аудандық, Алматы облыстық және Қазақстан комсомолы комитеттерін  басқарған, Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Алматы  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып талай жыл  қызмет істеген мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Бұл кісіні еліміздегі кеңестік жүйені көрген кез келген адам біледі  десем, артық айтқандық емес. Бір сөзбен айтқанда, аты аңызға  айналған адам. Қайраткерлік өмірі талай газет-журналдарға, том-том  кітапқа азық болып, тіпті  өлең, поэма, дастандарға басты  кейіпкер ретінде  жырға  қосылды. Сондықтан ол кісінің үлгі  тұтарлық өмір жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Және  талай жазылған жайды қайталап жатуды да жөн көрмедік.

БОЙТҰМАР ХАТ
 
Мұстахан  әкең  Отан  үшін, ел  үшін,
Пида  етті-ау  асыл  жанын  көп  үшін.
Көре  алмады-ау  Кеңесінің  бақытын,
Өсіп  тұрған  балалардың  өрісін.
 
Г. Сейілжанқызы
 
Кеңес Аухадиевтің өмірі балалық шақтан бастап оңай болған жоқ, әкесінен ерте айырылды. Ол бір жасқа толғанда әкесі Мұстахан 1939 жылы жоспарлы шақыру бойынша әскерге алынып, алдымен Фин  соғысына, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, жат топырақта қалды. Әкенің жылы алақанын  көрмей, мейірлі  сөздерін  естімей  өсті. Жарқын жүзін де ес жиғалы тек фотосуреттерден көріп, сағынышқа толы арман-қиялымен көз алдына елестетіп өсті. 
Әкесінен қалған жалғыз белгі – хаттары. Соны  ғана  өмір  бойы  медет  тұтып, бойтұмардай  сақтап  келеді. Әкеге деген сағынышы  үдегенде, сол  ескірген  сары  қағаз  хаттарға  үңіледі: «Амандық  сәлем Мұстаханнан! Өте аяулы, жаннан артық көруші атыңнан  айналайын алтыным Айтжанға және жаным Кеңеске. Қалайсыңдар? Дені-қарныларың сау, күліп-ойнап  жүрсіңдер ме? Кеңесжан ойнап  жүр ме, не әңгіме айтып жүр, Кеңесжанның халі жақсы ма? Ал  менен халді сұрамақ болсаңыздар, аман-есен денсаулықтың  арқасында тіршілік етіп жүрмін, халім жаман емес, жақсы. Әйтеуір,  аман болсақ, көрісіп қалармыз деген үміт зор...
 
Хат  жазушы  Мұстахан Аухадиев. 14.06.1941 ж.»
 
Яғни, Ұлы Отан соғысы басталардан бір апта бұрын жазған хаты. Содан кейін ұшты-күйлі хабар болмады. Белоруссияның Брест  қамалында шекарада қызмет ететін. Неміс-фашистерінің ең  алғашқы соққысы да осы қамалдан басталған. Кеңес әскері ес жия  алмай қапыда қалған қанқұйлы соғыстың нағыз ортасында болған. Хатында әскерден босауға екі ай ғана қалды деген еді, сол арманы  да орындалмаған.
Міне, осы  хатты Кенекең бойтұмардай сақтап келеді. Әкесіне  деген сағынышы жүрегін сыздатқанда соны ғана медет тұтады.
 
АНА АЛАҚАНЫНДА
 
Тұндырып  көкірекке  мәңгілігін,
Балаға арман  болып, Қалды  бір  үн...
Қақтырмай  қанаттыға өсірді  Ана,
Көзінің қарасындай, Жалғыз  ұлын!..
     
Марфуға  Айтқожа
 
Бас көтерер ер-азаматтар соғысқа аттанып, көбі майдан  даласында  қалды. Соңғы хатынан соң әкесі Мұстаханнан да хабар болмады. Елде жесір ана, жетім бала көбейді. Солардың бірі – Кеңес пен  анасы Зинатай еді. Анасы таңды-кешке,түнді-таңға ұрып жүріп ұжымшардың фермасында еңбек етті. Бар мақсаты – жалғызын  жетілдіріп, ел қатарына қосу болатын. Оқу жасына таяғанда, баласына терең, жан-жақты білім беру жайын көздегеннен болар, мекенжай ауыстырып, Малыбайдан Майтөбеге, Майтөбеден  Қызыларық, Сарыөзекке көшіп-қонумен болды. Қайда барса да  тыным таппай еңбектенеді және жұмыс талғамайды. Мәселен, Майтөбеде бес-алты жылдай теміржол бойында негізінен ер  кісілер атқаратын жол шолушы болып істейді. Жұмысқа қажетті  сом балға, қайла, кілт сынды ауыр жүктерін арқалап, күніне 7-8 шақырым әрі-бері жаяу жүріп, жол шолып қайтады. Жолдың бойын тексереді, шпалдарын теуіп байқайды, бекіткіш болттары босап  кетпеді ме деп ұстап көреді. Егер теміржолдың бір жері бұзылса, дереу жөндеуге кіріседі. Жасау қолынан келмесе, тиісті жерге хабар  беруге асығады, өте жауапты жұмыс. Кешке жақын жұмыстан үсті-басы май-май болып  оралады. Үйге келгеннен кейін де тыным  көрмейді, жуынып-шайынып, тамақ дайындауға  кіріседі. Ұлы  Кеңес те шешесінің әлгі жайын көріп қатты аяйды. Оқудан келе  салып, қолғабыс жасайды, мал жайғап, су тасиды, отын жарады, одан қалса сабағын пысықтайды. 
Осындай қатал тағдыр мен  қиыншылық Кеңесті де ерте есейтті. Анасының арманы орындалып, Сарыөзектегі таңдаулы деген №49 мектепке қабылданады. Ұстаздарының ұстамы, оқушыларға көрсететін  өнегесі бала Кеңестің қиялына қанат бітіріп, оқуға деген ынтасын аша түседі. Көбі офицерлердің әйелдері, шетінен ірі қалаларда  білім алған. Солардың бірі класс жетекшісі Вера Кравченко орыс  тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Ол орысшаға шорқақ қазақ  балаларына қосымша сабақ беріп, әрқайсысымен жеке-жеке  жұмыс істейтін. Математикадан беретін Надежда Платоновна да  қатал мінезді, талап қойғыш кісі болды. Ықылас деген бала екеуі  сол кісінің айрықша ықыласына бөленіп, математиканы үздік  оқыды. Оның үстіне мектептің де қызу қоғамдық өмірі оны алға  жетелеп әкетті. Ұйымдастыра білу қабілетімен көзге түсіп, комсомол ұйымы хатшылығына сайланды. Кешкілік ойын, мәдени  шаралар ұйымдастырып, спорт жарыстарын өткізіп, тәлім-тәрбиелік мәні зор шаралардың басы-қасында жүрді. Осының  бәрін көріп-біліп жүрген ананың ұлына деген үміт-сенімі артып, мерейленіп, іштей тәубе етіп жүретін. Сол сенімі жүзеге асып, ұлы  мектепті медальға бітірді. Алда оны даңғыл жол, үлкен өмір  күтіп  тұрған  еді.
 
АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚ
 
Тұнық, мөлдір қалпыңмен жүрегімдесің сен менің,
Абырой алып әр күннен асқарға қарай өрледің.
Елің де саған сенеді, «Кеңесім, – дейді, – шықты  өсіп»
Тұлпарың шауып келеді таулардан өтіп, бұлт кешіп...
 
Тұманбай  Молдағалиев
 
Кеңес Мұстаханұлы Шұбар  ауылшаруашылық техникумын үздік  бітіргеннен кейін жолдамамен Панфилов ауданына қарасты  Үшарал ұжымшарына келеді. 
Алпысыншы жылдары Жаркент өңірі жүгері егудің шеберлігін  жан-жақты игере бастаған. Оның үстіне бұл аймақта жүгері  дақылы өте жақсы өсетін. Жас жігіт он шақты жігіттен тұратын  бригаданы қолына алып, жүгері егу, күту, жинау науқандарына  қызу кірісіп кетеді. Сөйтіп, жүгеріден мол өнім жинайды. Трактор  бригадасы Жаркент өңірінің мақтанышына айналады.
Бірде ол егіс басында жүргенде, салт атты бір жігіт келіп: «Сені аудандық партияның бірінші хатшысы Тәнекеев шақырып  жатыр» дейді. «Ауданның бірінші басшысы бекерге іздемейді, не  бүлдіріп  қойдым екен», деп қуыстанып, алдына  жетеді. Ол.  «Пленум жинап бір адамды ұсынған едік, техникалық білімі жоқ  деп орталықтан өтпей қалды. Содан сені аудандық комсомолдың  бірінші хатшылығына ұсынып отырмыз», – деді. Содан Кеңес  Мұстаханұлы барлық жағынан сай келіп, өтіп кетеді. Бұл қызметін  төрт жарым жылдай абыройлы атқарып, ұйымдастырушылық  қабілетімен көзге  түсіп, Қазақстан комсомолы орталық  комитетіне қызметке шақырылады.
Панфилов ауданынан өсіп, Қарағанды облысына комсомолдық  қызметке таңдалған Кеңес Мұстаханұлын көп өтпей Алматыға  қайта шақырады. Өзбекәлі Жәнібеков оны Алматы  обкомпартиясының бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа әкеліп:
– Өзіңізден өскен кадр, өзіңізге қайта берейік деп отырмыз, – дейді. Асекең құп көріп, оны қалалық комсомол комитетінің  бірінші хатшылығына тағайындайды. Бұл жерде ол ағалары  Асанбай Асқаров пен Өзбекәлі Жәнібековтің үлгі-тәлімін көп көріп, өмір мектебінен өтеді. Мектеп демекші, Асанбай Асқаровтың әрбір  өткен жиыны, мәселелерді талқылап, талдауды, тіпті, бюро  өткізгендегі бәзбіреуге сын айтып, кемшілігін ескертуінің өзі сабақ  аларлықтай еді.
Ағаларынан осылай үйреніп жүрген іскер жігіт арада бір  жылдай ғана уақыт өткенде Қазақстан комсомолы Орталық  комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы болып  сайланады. Яғни, сол кездегі республика бойынша комсомолдың үшінші басшысы. Бұл қызметті комсомол жұмыстарының ішіндегі  айрықша жұмыс деуге болады. Ақын-жазушылармен, газет-журнал  қызметкерлерімен, суретшілерімен, ғалымдармен, тағы басқа өнер  және мәдениет қызметкерлерімен араласу, пікірлесу, олардың  шығармашылық жұмыстарынан хабардар болудың өзі де адамның  жан-жақты дамуына игі ықпал етпей ме?!
Алпысыншы жылдың соңы, жетпісінші жылдардың басы  жастардың білімге ден қойған, әдебиет пен өнердің бағы жанып  тұрған кезі еді. Осы орайда алғаш рет Қазақстан комсомолы  сыйлығы белгіленді. Осы игі істің бастау алып, іске асуына идея  тастап, мұрындық болғандардың бірі де бірегейі Кеңес  Мұстаханұлы болып еді. Осы сыйлықтың  алғашқы  лауреаты  Саттар  Ерубаев болады. Одан  кейін ақын Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев сынды жас ақындар, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, композитор, әнші  Ескендір  Хасанғалиев лауреат атанады. Осылайша алғашқы лауреаттық  атақ өз иелерін дәл тауып жатты.
Тағы бір айрықша есте қаларлықтай оқиға – жетпісінші жылдары  Шопандардың бүкіл қазақстандық 1-слеті өткені. Кеңес  Мұстаханұлы да сол слеттің ұйымдастыру жұмыстарына белсене  қатысады. Бұрын-соңды ондай жиын өтпеген-ді. Слетте  Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов қазақша баяндамамен бастап беріп, жиын бастан-аяқ қазақ тілінде өтеді. Қазақ тілі ақырын-ақырын кейінге ысырылып бара жатқан кезде мұндай қазақша жиын өткізу жұртшылыққа қатты әсер етеді. Оған  шопандар ғана емес, елім, тілім деген бүкіл зиялы қауым қатты  қуанады.
 
ҰЛТЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ
 
Алатаудың  бар  өзіне  тартқан  баласы,
Тұлғаңыз  биік, Алатауымдай  қарашы!
Арманы  болмас  біз – жетісулықтардың
Аман  жүрсе, Димаш, Кеңестей  ағасы!
                                 
Рза  Қунақова
 
Кеңес өкіметінің алғашқы және орнығу  жылдарында жергілікті  кадрлар мен мамандарға баса көңіл бөлінетін. Сол әдет бертін келе  көмескілене бастаған. Жергілікті халық, тұрғылықты ұлт дегендер  бірте-бірте ауызға алынбайтын болды. Тіптен, шынын айтсақ, ұлттық  ерекшеліктерді ескермеу арқылы ұлттың өзін де бірте-бірте  жою мақсаты жолға қойыла бастаған-ды. Кеңес Мұстаханұлы  Алматы қаласындағы ең үлкен Совет ауданы, кейін Алматы  қаласын басқарған жылдары міне, осы әділетсіздікті жоюға  барынша күш салды. Өзі басқаратын аудандағы Алматы елтірі  комбинатының жұмысшылары түгелге дерлік орыстар екен. Қазақтар санаулы ғана. Кейін оның директорын қазақтан қояды. Үш  жыл ішінде комбинаттағы жұмысшылардың жартысы қазақ болып  шығады. «Қазақтар ондай жұмысты істей алмайды», – деген күңкіл  өсектің бекер екенін комбинаттың жоғары көрсеткіші өзі-ақ  дәлелдеді. Аудандағы ең үлкен өнеркәсіп орны – Алматы  ауыр  машина жасау зауыты. Қазан мерекесі қарсаңында зауыт директоры  Битный марапаттауға байланысты жұмысшылардың тізімін Кеңес  Мұстаханұлының алдына ұсынды. Қараса, жеті адамның ішінен  бірде-бір қазақ жоқ.
– Бұл  қалай? Зауытта мына тізімге қосатын бірде-бір  жергілікті ұлт өкілі табылмады ма? – дейді ренішті кейіппен.
– Кеңес Мұстаханович, бізде қазақ аз. Негізі цехтарда  мүлдем жоқ, – дейді иығын қушитып.
Зауыт өнімдерін шетелге шығарады. Битный Социалистік Еңбек  Ері. Беделі бір басынан асып жатыр. Ол кезде зауыттарда  жергілікті ұлт өкілдері неге аз деп бюрода мәселе қоя алмайсың. Битный әзіл-қалжыңды ұнататын жан. Сондықтан ол мәселеге осы  тұрғыдан келгенді жөн көріп, Битныйға Алматы елтірі  комбинатында болған жағдайды үлгі етеді:
– Қазір қай өндіріс орындарында да жұмысшылар  жетсіпейді. Сондықтан қалаға оқуға келіп түсе алмаған ауыл  жастарын қысқа мерзімді курстан өткізіп, соларды жұмысқа  қабылдау керек. Елтірі комбинаты солай істеді, – дейді.
– Түсіндім, – дейді Битный күлімдеп. – Біз де сөйтеміз.
Артынша ол зауытқа Қадыров деген қазақ жігітін  партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Содан былай ол зауытта да  қазақ жігіттері көбейе бастайды. Осы әдіспен орталық әмбебап дүкенін (ЦУМ) де  қазақ кадрлары аралас істейтін дүкенге  айналдырады.
Сол жылдары Алматы үй құрылысы комбинатының жұмысы  қаралып, жаңа жобамен үй салуды күшейтуге қозғау салынады. Әрбір жаңалық өмірді зерттеуден туады ғой. Ол қазақ  отбасыларының тіршілігіне үңіліп қарап, қазақ әйелінің көп уақыты  асүйде өтетінін байқайды. Асүйде су құбыры, газ, тоңазытқыш, асадал, үстел, орындықтар мен ыдыс-аяқтар тұрады. Қыста  қазақтың соғымы, жазда жас еті тағы бар. Көкөніссіз және күнкөріс  жоқ. Соның бәрі алақандай асүйге  сыймайды-ақ. Осыны  есептей  келіп, құрылыс  комбинатының басшыларына екі нұсқау-ұсыныс жасайды: Асүйдің көлемін ұлғайту қажет. Бұрын асүйдің көлемі  алты шаршы метрден аспайтын. Жаңа жобада оны тоғыз, он екі  шаршы метрге дейін үлкейтіп салуға келіседі.
Екіншісі, асүйден балкон шығару. Ас сақталатын, адам ас ішетін  жерде таза ауаның жеткілікті болғаны және асүйге сыймаған азық-түліктің балконда сақталуы да тазалыққа әрі сыйымдылыққа  ыңғайлы. Оның осы ұсынысы да жобаға кіреді.
Өстіп ол ептеп те болса ұлт үшін жағдай жасауға бар күш-жігері мен ақылын жұмсап кірісіп кетеді.
 
Қазаққа  құдай берген  Қонаев
 
«Үлкен адамның қасында, тәрбиесінде болған соң, өзің де үлкейе  бастағандай боласың. Жасың үлкеймейді, ойың, пейілің, елге деген  мейірің үлкейеді».
   
 Кеңес  Аухадиев
 
Кеңес Мұстаханұлы Димаш Ахметұлымен 1972 жылы сәуір  айында тұңғыш рет жүздеседі. Оның жайы былай еді. Сол жылы  СОКП Орталық Комитетінің қаулысы бойынша, коммунистерге  жаңа үлгідегі партия билетін ауыстырып беруді міндеттейді. Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Кеңес Одағы  Коммунистік партиясы Орталық Коммитеті Саяси  Бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың партбилетін  ауыстыру Кеңес Мұстаханұлы басқаратын партия ұйымы үшін  үлкен жауапкершілік еді. Қатардағы партия мүшесінің билетін  ауыстыру кезінде қате толтырылып қалса, акт жасап, басқа билет  жазып беруге болар  еді. Ал Қонаевқа берілетін билет бір-ақ дана, нөмірі – 00000011, яғни арнайы жіберілген 11  нөмірлі билет. Әрі  қатесіз, әрі әдемі жазумен толтырылуы тиіс. Ол билеттің  жауапкершілігін қазіргі жастар түсіне қоймас, бірақ сол кезеңде  өмір сүрген, қызметке араласқан әрбір адам ол кездегі  партбилеттің мәні мен маңызын әлі ұмыта қоймаған болар?
Аса ұқыптылықпен толтырылған құжаттың тапсырылу сәтінде  бірнеше партия, қоғам қайраткерлері қатысып отырады. Ол қатты  толқиды. Қысқаша сөз сөйлеп, Димекеңді партиялық салтанат  жағдайында шын жүректен құттықтап, табыс етеді.
– Жас екенсің, айналайын. Жастар өсу керек. Болашағың  әлі алда. Үлкен қалалық ауданды басқарып отырсың. Мұндай  маңызды жерде өзің сияқты жастар істеу керек! – дейді Димекең. Сол сөзі  оның есінен еш кеткен емес. Бұл – үлкен кісінің өзіне  берген ақ батасы тәрізді еді.
Дінмұхамед Қонаев Қазақ елін 42 жыл 8 ай басқару жүйесінде болып, соның 25 жылында Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің Бірінші хатшысы ретінде билікте отырды. Ел басқару  еш заманда, ешкімге де оңай болған  емес. Димекең елді сабырмен, ақылмен, қиянатсыз кеңпейілдікпен, бодан елдің басшысы екенін  естен шығармай, аса көреген сақтықпен басқара білді. Кеудемсоқтыққа, даңғыза атақ-абыройға алданбай, халқын білім  мен мәдениеттің арқасында ғана ілгерілейтін, сол заманның ең  сенімді жолымен басқарды. Соның нәтижесінде халықтың өзі  Қонаев заманы деп атаған дәуірді орнатты. Ол Кеңес Одағындағы  ең беделді, ең атақты адамның бірі болып үш мәрте Социалистік  Еңбек Ері атағын алды. Сол беделі мен атағын ол өзінің қара  басына бақыт орнату үшін емес, өзге елге өтіп бара жатқан қазақ  жерін ебін тауып қайтарып алу үшін, отызыншы жылдары ойсырап  қалған халқымыздың демографиясын қалпына келтіруге, ел  экономикасы мен әл-қуатын өркендетуге, Қазақстанның қалалары  мен ауылдарын өзге елдің қаласы мен селосынан кем қылмауға  жұмсады. Ол Қазақстанды зауыт-фабрикалары, өндіріс орындары, сәулетті қалалары мен индустриялы елге, ауылшаруашылығы мен  халықшаруашылығы дамыған, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен  ғылымы өркендеген дәулетті елге айналдырды. Елді дамыта жүріп  Димекең қаншалықты биіктікке көтерілсе де, жермен жүрді, елімен  бірге  болды. Асқан жоқ, тасыған жоқ, кісілігін де, кішілігін де  сақтады.
Қонаев  заманынан  көрнекі  ескерткіш  ең  көп  қалған  қаланың  бірі – сол  кездегі астанамыз Алматы. Онда салынған әр  ғимарат, әрбір көше Димекеңнің еліне, жеріне деген перзенттік  сүйіспеншілігіндей көрінеді. Димекең Алматыны шын мәніндегі  астана етуге бар күшін, барлық  беделін, тіпті бар ақыл-айласын  жұмсады. Өйткені, астананың сәулеті мен көркі қазақ халқының да  бет-бейнесіндей еді. Бәрін тізіп жатпай-ақ, қаладағы тұңғыш 25  қабатты «Қазақстан» қонақүйі, Әуезов және Лермонтов атындағы театрлар, орталық мұражай, «Отырар» қонақүйі мен шығыс  үлгісінде салынған «Арасан» моншасы, қазіргі Республика  алаңындағы Алматы қаласы әкімшілігі, «Қазақфильм» киностудиясы, Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті қалашығы,  Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы және тағы басқа  көптеген ғимараттар. Жоғарыда аталған сәулет ескерткіштерін  тұрғызуға  сол жылдары Алматы қаласы мен облысын басқарған  Кеңес Мұстаханұлының елеулі еңбегі сіңгенін айтпағанымыз әбестік болар. Міне, осындай нар тұлға Д. Қонаевтан үлгі, өнеге  алып қызмет еткен Кеңес Аухадиев те Алматы қаласы мен  Алматы  облысын адал да абыройлы басқара  білді.
 
МӘСКЕУДЕН ТҮСКЕН БҰЙРЫҚ
 
Тазалық  деген  талант  бар,
Танитын  болсақ  жалпы  біз –
Тарихта  жатыр  жарқын  із.
Адалдық  сіздің  даңқыңыз
Бақытты  болыңыз, ағатай,
Бақытты  болсын  халқыңыз!
 
Күләш  Ахметова
 
Димекең туралы сөз қозғалғанда, Кеңес Мұстаханұлы қызмет  бабындағы келеңсіздікті де мәймөңкелемей ашық айтады. Ол 1985 жылдың 23-қыркүйегінде К. Аухадиевтің  Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы  қызметінен босатылуы.
Аухадиев содан бірер ай бұрын Мәскеудегі жиынға қатысқан еді. Сонда СОКП ОК Ұйымдастыру бөлімінің орынбасары  Могильниченко мен Орта Азия және Қазақстан бойынша бөлім  бастығы Мищенко өзін оңашалап «Сендер жассыңдар. Дәл қазір  өсетін кездерің. Бірақ, бір орында ұзақ отырып қалған шалдар  оңайлықпен жолын бере қоймайды. Ол үшін қарекет керек. Біздің  осы сөзімізді мақұл көрсең, Лигачевпен кездестірейік», – деген. Осылай жылы-жылы сөйлеп емексітіп жатқанда, Аухадиевтің есіне  Горбачевтің «Қонаевты  сақтаңыздар! Ол – біздің  партияның  алтын  қоры» дегені оралды. Бұлар мені арандатып жатыр деп  ойлады да: «Мен партияның саясатын қолдаймын. Бірақ, республикамыздың бірінші басшысына қарсы тұрмаймын», – деп  кесіп айтты. Олардың реңдері лезде өзгеріп «Әлі де ойланыңыз. Әйтпесе...» деп есіктен шығып кеткен.
Арада бірнеше ай өткенде, шілденің ортасында Димекең:
– Лигачевтің алдында үстіңнен жазылған біраз арыз жатыр  екен. Маған: «Өзіңіз  қараңыз» – деді. «Қызметінен ал» – деді  деп  құлаққағыс етеді. Димекеңнің «өзіміз қараймыз» – дегені оны  біршама үміттендіргенімен, «қызметінен ал» – деп жатыр дегені  үлкен бір қауіптің шет жағасын сездіргендей. Горбачевтің  өткендегі айтқаны есіне түскен ол:
– Мен өзім Горбачевқа барсам қайтеді? – дейді Қонаевқа.
– Қайтесің әуре болып, – деді Димекең. – Кіре алмайсың. Жақында Ақмолада ауылшаруашылық қызметкерлерінің  аймақтық кеңесі өтеді. Соған барасың, жөні келсе сол арада  жолығарсың. Сөйтіп, Ақмоладағы кеңеске барса, Горбачевтің  Қонаевқа деген көзқарасы мүлдем өзгерген. Сөзіне құлақ аспай, жүре  таңдап, қатар жүргісі келмей, озыңқырап, Қонаевқа көңіл  аудармай байқамағансып жүрді. Димекеңе риза еместігін өз  көзімен көріп-біліп қайтты. Мына жағдайдан кейін халқымыздың  «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегені еріксіз ойына  оралып, «Қонаевтың өзі анандай күйге түскенде, мені Мәскеу неге  аяй қойсын», деп  елге  қайтады.
Сонымен  қыркүйектің 24-і күні Қазақстан Компартиясы  Орталық Комитетінің бюро мәжілісінд  «кадрларды  ұлттық  жағынан жиі ауыстырған, еңбекшілердің  арыз-шағымдары  көбейген» деген желеумен оны орнынан алуға шешім  қабылдайды. Отырған жұрт үнсіз қол көтереді. Бұл орынға М. Меңдібаевтың  сайланғаны туралы хабарланды. Жұрт тағы да келісіп, үнсіз қол  көтереді. Өзінің мәселесі қаралған бюрода Кеңес Мұстаханұлы  Қонаевқа:
– Алматы облысының экономикалық көрсеткіштері басқа  облыстардан еш кем емес. Сонда менің кінәм не? – деген бір ғана  сауал қояды.
– Мәскеудің шешімі осылай болып тұр ғой, – дейді  Димекең. Түсінген адамға осы сөздің түп-төркінінде талай сыр  жатыр еді.
 
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕЛТОҚСАННАН БАСТАЛАДЫ
 
Қоғамда  қасқыр  тісі  сақылдаған,
Мылтық  бар  ма  өзіңе  атылмаған.
Қонаевтың  басына  бұлт  төнгенде,
Өзің  ғана  сатпаған, сатылмаған.
 
Рафаэль Ниязбек
 
Жастар әр нәрсені аңғарғыш келеді. Сол кездегі жүйенің халыққа  жаны ашымайтын ұсақтығын да, үлкен мақсаттар жолындағы  шалалығы мен дүмбілездігін де олар күнделікті өмірде көріп  жүрді. Сондықтан олардың өмірде, мемлекетте бір өзгеріс болуы  керектігін талап етуі – заңдылық емес пе? Бірақ осыны биік  лауазым иелерінің сол кезде терең түсінуге уақыты да, сезімталдығы да жетіспей жатқан-ды.
Мәскеу «биліктегі жасы ұлғайғандарды қызметтен босатып, жастарды тарту керек» деп жаңауратты. Қонаев та зейнетке кетуге  дайын болатын. Ол кісіні кәдімгідей «Еңбегіңіз халыққа сіңді, үлкен рақмет. Демалысқа шыққаныңыз дұрыс болар» деп  қызметтен босатса, басқа әңгіме еді ғой. Олай болмады. Керісінше, Орталық комитеттен бір хатшыны жіберіп, 16-ақ минутта пленум  өткізіп, орнынан босата салды. Салдарынан ертеңіне жастар алаңға  шықты. Желтоқсанның басталған кезі осы. Кінәнің барлығы  Горбачевтан болды. Бұл көтеріліс Алматыда ғана емес, республикамыздың Қарағанды, Арқалық, Жезқазған, Көкшетау, Павлодар, Шымкент, Талдықорған, Талғар қалалары мен басқа да  бірқатар елді мекендерін қамтыды және әлемді  дүр сілкінткен  оқиға болды. Сайып келгенде, алып империяның – дүниежүзіндегі  ірі одақтық мемлекеттің іргесін шайқалтты. Бес жылдан кейін  тәуелсіз елге айналуымыздың алғышарты болды.
Колбин қазақ зиялылары бас қосқан үлкен жиынды беті бүлк  етпестен Қонаев жастар алдында сөз сөйлеуден бас тартты деп  жүрді. Оның өтірік екенін Димекеңнің қасында болғандар, арасында Кеңес Мұстаханұлы да бар, жақсы білетін. Және Колбин  жапқан жала туралы 1989  жылы «Қазақ  әдебиеті» газетінде екі  нөмірге  жарияланған «Ақиқат айтылмай қалмайды» деп аталатын  сұхбатында Дінмұхамед Ахметұлының өзі де ашып айтқан еді. Осылай Колбиннің өтірігін шығарып, бұл мәселеге нүкте қойды. Димекең қуанышта қалай қалт етпесе, қайғы мен қасіретті де солай  сабырға жеңдірді. Тіпті, табандылық танытты дегеннен гөрі  қаһармандық көрсетті деп айту орынды шығар.
Желтоқсанның қиындығын тікелей қатысқан жастар көрді. Оқудан, жұмыстан шығарылды, қамалды. Жастардың реформаторлық  көзқарастары мен талаптарына: «ұлтшыл, экстремистік топ» деген  жала  жабылды. Бұл туралы Кеңес Мұстаханұлы өзінің естелігінде  былай дейді: «Еліміз тәуелсіз мемлекет болып, өз алдына жеке  отау тіккен соң ғана желтоқсан күндеріндегі нағыз шындықты  естіп, білуге мүмкіндік туды деп ойлаймын. Олай болмағанда – бәріміз де маскүнемдер мен нашақорлар істеген әрекет деп, соған  сенсек те, сенбесек те бас шұлғып жүре берер ме едік? Соған  қарағанда, бұрын осы тәртіппен талай шындық бұрмаланып, өңі  айналдырылып түсіндіріліп келген. Желтоқсаннан кейінгі  қудалаулар, кінәлаулар, арыздар мен жазалар бұрын аталарымыз  бен ағаларымыздың өмірін жазықсыз қиған отыз жетінші  жылдардың әдіс-амалын еріксіз көзге елестетеді», – деген  жолдарда азамат көңілінің қаншама өкініші мен шамырқанулары  жатыр! Өйткені, Желтоқсан көтерілісі тек жастардың ғана емес, бүкіл халықтың қабырғасын қайыстыратын қайғы да әкелді ғой.
Мақаламызды Кеңес Мұстаханұлының жан досы, академик  Камал Ормантаевтың мына сөздерімен түйіндегенді жөн көрдік: «1985 жылы Мәскеуден түскен пәрменге байланысты Алматы  облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан   47 жасында, яғни,  әбден толысып, қызмет істейтін шығанда босап қалған Кеңес  Мұстаханұлын құқық қорғау органдары тергеп-тексерді. Ондағы  ойлары – абыройлы азаматтың кіршіксіз адамгершілік қасиетіне  дақ түсіру еді. Бірақ, қайда жүрсе де, қандай қызметті атқарса да  өзінің бойындағы барлық күш-қуатын еліне, Отанына арнаған  Кеңес Мұстаханұлынан кінә табылмады. Оның қызметтен кетсе де  бойын тік ұстап, кеудесін жоғары көтеріп, халқына тура қарауы да  сондықтан екендігіне шүбә келтірмеймін. Өйткені, еліне сыйлы, отбасы мен ағайын-туғандарының ортасында абыройлы Кеңес  Мұстаханұлымен қырық жылдан астам уақыттан бері тонның  ішкі  бауындай араласып келеміз. Парасат-пайымы жоғары, сабырлы, салмақты, білімді, салиқалы осынау азаматтың бітім-болмысынан  қай кезде де ұлт болашағына деген, Отанымызға деген махаббатты, шынайы жанашырлықты байқаушы едім. Бұл күндері жасымыз  ұлғайып, ел ағалары атанған тұста ол бұрынғыдан да айқынырақ  сезілуде».
Жан досының жан тебірентер сөзіне біз де қосылып, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтын сүйген, бар қасиетін жүрегіне түйген, сексен дейтін асқақ шыңның басынан етекке қарағанда еңсесі түспейтін, керісінше ұлтына жасаған жақсылығы мен еңбегі арқылы өшпес іс, өнегелі із қалдырған асыл ағаға ғасырдың төрінде отыруды Ұлы жаратушыдан сұрап, тойыңыз тойға ұлассын дейміз!
 
Жақыпжан Нұрғожаев,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Алматы қаласы

Оқи отырыңыз