ӘСЕТ ӘНДЕРІ ӘУЕЛЕДІ

ӘСЕТ ӘНДЕРІ ӘУЕЛЕДІ

   Биыл әнсүйер қауым Әсеттің сазды әндерімен жиі қауышып, атақты сазгерді еске алуда. Жүрегі ән деп соғып, халқын қуаныш пен шаттыққа бөлеген сазгер Әсет Бейсеуовтің туғанына 80 жыл толды.

 

   Күмбір кеудесін ән кернеген Әсет өзі ғұмыр кешкен кезеңнің ең дарынды, ең сүйікті, әсіресе жастар жүрегіне төте жол тапқан сазгері болды. Оның әндерін халық осы күнге дейін сахнадан да, той дастарқаны басынан да, радио мен теледидардан да рахаттана тыңдап, ән әлемінің сиқырлы дүниесіне еніп кеткендей. Кезінде оның сазды әндеріне риза болған біртуар талант иесі Нұрғиса Тілендиев ағасының өзі: «Әсет Бейсеуов әндері ел арасын еркін шарлап, әр адамның жүрегіне сазды әуеннің тұнық бұлағы болып құйылды. Жетісуда туып-өскен Әсет халқын өнердің мөлдір бұлағымен сусындатса, халқы оны алақанына салып, өнер биігіне көтерді», – деп оның өнеріне жоғары баға берген еді. Әсеттің әуезді әндері қазір де сол биігінен төмендеген жоқ. Халқымен бірге жасап келеді. Ән әлемінің аспанында Әсеттің өзі де үркердей жарқырап тұр.
   Жақында Әсет Бейсеуовтің 80 жылдығына арналған «Армандастар» ән кешіне шақырту алдым. Сонау бір жылдары мектепте бірге оқыған сыныптас досымның кешіне үлкен толқу үстінде бардым. Интернаттың қара нанын бөліп жеп, бір бөлменің бір төсегінде жатқан, білікті ұстаздарымыздан білім алған, жастық шақтағы арманның асқарына құлаш ұрып, қиял жетегінде жүрген, болашақ сазгердің алғашқы әнінің дүниеге келуіне куә болған қызықты да қимас сәттер ойға оралғанын қайтерсің!..
   Ән кеші Алматының «Қазақконцерт» үйінің кең залында өтті. Зал іші Әсетті әспеттеп, оның өзін де, әндерін де сағынған жұртқа лықа толды. Кешті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған екен. Концерт салтанатты жағдайда Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Әсет әндерінің шашу болып шашылуымен басталып, елімізге белгілі күміскөмей әншілердің сазгер әндерін тамсанта шырқауымен есте қалды.
   Сахнаға Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертанушы Пернебек Момынұлы, сазгердің замандас досы әрі оның өмірі мен шығармашылығын зерттеп, естеліктер кітабын құрастырған Тұрсынбек Ешенқұлов, Қарғалы ауылының ардагер азаматы Төлегетай Ақбауов, Әсеттің ұлы Данияр шақырылды. Олар қайталанбас өнер иесінің халқына сіңірген еңбегі мен өшпес, өлмес асыл әндерінің ел жүрегінде мәңгі сақталатынын аса бір толқыныс үстінде жеткізді. Ән құдіретіне бас иіп, сазгер аруағын құрметтеп келген көпшілікке рахметтерін айтты. Қаламгер Тұрсынбек досы бүкіл елге танымал «Құлансаз» ансамблін кезінде Әсеттің өзі құрғанын, енді сол өнер ұжымына  Ә. Бейсеуовтің аты берілсе деген ұсынысын жұрттың назарына ұсынды. Залдан «Өте дұрыс ұсыныс» деп қоштаған дауыстар естіліп жатты. Осы орынды ұсыныс билік басындағы ағайындардың құлағына жетсе құба-құп.
   Енді бір сәт сахна төріне Әсеттің туып-өскен ауылы Қарғалыдан келген «Ару келін, асыл әже» ансамблі қаздай тізіліп шыққанда көрермендер ду қол шапалақтап қарсы алды. Олар сазгердің «Қарғалым» әнін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Биыл өткен республикалық «Әсеттің әсем әндері-ай!» байқауының жеңімпазы Ақбота Серікболова «Бұлбұл» әнін шырқағанда Бибігүлдей өнер дүлдүлінің ізбасарларының жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқанына тәнті болдық. Одан әрі Әсеттің шәкірті, еліміздің еңбек сіңірген әртісі, сыбызғы дауысты әнші Ұлжан Айнақұлова сазгердің «Оралды көктем» әнін шырқап, көрермендер көңілін желпіндіріп жіберді. 
   Әсеттің көкейден кетпес әсем әндері бірінен кейін бірі шырқалып жатты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер «Дидарыңды көргенде», «Жолың болсын, жолаушы!» әндерін құйқылжытса, Жеңіс Ысқақова «Алматым жүрегімде», Гүлнар Сиқымбаева «Сен қайда жүрсің?», Саят Медеуов «Жайықтан қайтқан тырналар», Бауыржан Исаев  «Ауылым» әндерін бабына келтіре айтты. Сазгердің жиырмадан аса әндерін орындап жүрген Сұлушаш Нұрмағанбетова Әсеттің жетпіс бес жылдығында ән кешін ұйымдастырғанын мақтанышпен еске салып, қос әнін қоңыр дауысымен ән сайысына қосып жіберді.
   Бұл  күні Әсеттің ән кешіне келіп, өнердің  жалынын лаулатқан небір майталман әншілердің өнерін тамашаладық. Өнер жұлдыздары атанған Айгүл Қосанова, Индира Расылхан, Досымжан Таңатаров секілді елдің сүйікті әншілері тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Ал сахнаға Қазақстанның халық әртістері Роза Рымбаева мен Нұрғали Нүсіпжанов шыққанда көрермендер көңілі теңіздей толқып, шағаладай шарықтады. Розаның орындаған «Сырласу вальсі», «Шақырады көктем» әндеріне залдағы жұрт қосылып кетті. Ал Нұрғалидің орындауындағы Әсеттің «Армандастар» әнін көрермендер тік тұрып қосыла шырқағанда ән құдіретіне бас имеске амалың жоқ. 
Концерт соңында сахна төріне Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ, облыстың, Жамбыл ауданы әкімдігінің ықылас гүл шоқтары қойылды.
   Міне, Әсеттің ән кеші осылайша есте қаларлық жағдайда өтті. Жиналған көпшілік Әсет әндерінің сиқырлы сыры мен сазына бөленіп, керемет әсер алып қайтты. Жүректеріне Әсет әндері қонақтаған жұрт сыртқа шыққанда да сазды әуен ырғақтарынан арыла алған жоқ-ау. Алматының жарқыраған түнгі көшелерімен ән әсеріне бөленген адамдар топ-топ болып ән айтып бара жатқандай. Сол топтың арасында Әсет досымды еске алып, мен де кетіп барамын. Біртүрлі мұңайған күйде ыңылдап ән айтқым келді. 
Біз дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік.
Армандастар қайда?
Абзал достар қайда?
Замандастар, қарлығаштар қайда екен?
Иә, жастық шақтағы арман қуған абзал достар бұл күнде қайда екен? Қайран Әсет!..

Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ, 
Қазақстанның Құрметті журналисі
Алматы қаласы

Оқи отырыңыз