АЙТЫП-АЙТПАЙ НЕ КЕРЕК, БІР ӘДЕМІ КЕШ БОЛДЫ

АЙТЫП-АЙТПАЙ НЕ КЕРЕК, БІР ӘДЕМІ КЕШ БОЛДЫ

   Бастауын асқақ шыңды алып таулар қойнауынан алатын Көксу өзенінің аяғы Қараталға қосылып, ақ жал толқынды қарт Балқашқа барып бір-ақ тоқтайды. Жетісудағы жеті өзеннің бірі бұл күнде өркендеп келе жатқан білдей бір ауданның атын иемденген. Сол Көксу ауданы қай заманнан өнер иелеріне кенде емес. Бүгінгі тынысына келсек, ел іші өнер кенішіне айналып кеткеніне куә боласыз. Оған аудан көлемінде, облыс аумағында, тіпті, республикада топ жарып келіп жатқан өнерпаздары дәлел. 

 

   Елімізге танымал өнер саңлақтары осы ауданның сахнасын қомсынбай, шағын ауыл деп қорсынбай келіп, ән мен күйін төгіп, көрермені күлкіге кенеліп, өрендері алғысқа бөленіп қайтып жатады. Жақында ғана біз де сондай бір шуақты сәтке куә болдық. Анығын айтқанда аудандық Мәдениет үйінің директоры Ермек Қыстаубаевтың ұйымдастыруымен әуезді ән мен әдемі әзілге толы «Достарыммен біргемін» атты тамаша кеш өтті.
Елдің көңілінен шығып, жүрегін баурап алған кештің өтуіне мұрындық болған Ермек Мақсымұлы Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылының тумасы. Осы саладағы еңбек жолын Ескелді ауданындағы мәдениет ошағынан бастаған. Сол кезде қасына жетісулық таланттарды топтастырып, облыста бірінші рет «Күреңбел күлкісі» деген атпен әзіл-сықақ театрын ашты. Арнайы қолдаушысы болмаса да ақылшы ағалары демеп, дос-құрбылары қолдап, іні-қарындастары дем беріп тәуекел етіп бастап кеткен. Айды аспанған шығармаса да тақиямызға тар келмейтін бір театр шаңырақ көтерген. Облыс орталығында, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында тұсаукесерін өткізіп, елдің батасын алғаннан кейін жүйелі жұмысқа көшкен.
   Рас, қазіргі таңда әзіл-сықақ театрлары жетерлік. Бірақ оның көбі Алматыда, Шымкентте, Астанада. Ал облыс орталығында санаулы ғана. Сол санаулылардың бірі болып қатарға қосылған «Күреңбел күлкісі» тек табыс табумен ғана шектелген жоқ. Қайырымдылық концерттерін беріп, елдің алғысын арқалап жүр. Әсіресе, Текелі қаласындағы Қарттар үйіне барып, жарымжан көңілдегі қариялардың жанына шуақ сыйлағанын адамгершіліктің бір арнасы деп бағаладық. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін өзінің театрымен ғана шектеліп қалмай мәдениет саласына араласа бастады. Нәтижесінде Көксу ауданына қарасты Зылиха Тамшыбаева апамыздың ауылындағы Мәдениет үйінің тізгінін қолына алып, абыройлы еңбек етті. Ауылдың рухани әлемін жандандырып, мерекелік шараларды айтпағанның өзінде, ауыл өнерпаздары мен әжелер ансамблінің басын қосып, облыстық филармонияда істейтін өнердегі достарын шақырып, айтулы концерттерді ұсынып жүрді. Осындай ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен оны Көксу ауданының басшылығы аудандық Мәдениет үйінің директорлығына отырғызған.
   Бұл қызметке келгеніне көп болмаса да Ермек Мақсымұлы көксулықтарға бір тамаша кешті тарту етті. Ол жоғарыда айтып отырған «Достарыммен біргемін» әзілге толы ән кеші еді. Атауы қарапайым ғана. Бірақ ауқымы кең. Неге десеңіз, бұл кешке аудан өнерпаздары ғана емес, елімізге танымал майталмандар қатысты. Барлығы тақырыпта айтып отырғандай, Ермектің өнердегі достары еді. Атап айтсақ, «Тамашаның» тарланына айналып, небір сахналық әзілдерді дүниеге әкелген Марат Сақатовтың ұлы Алмат Сақатов, «Күлкістан» және «Ду-думан шоу» әзіл-сықақ театрлары, бабалар мұрасы жыр толғауларды заманауи өңдеумен насихаттап жүрген танымал әнші, Алматыдан арнайы келген Өмірқұл Айниязов, кезінде жезтаңдай әнші Майра Ілиясова құрған «Қыздар-ай» тобының әншілері Айнұр Сағи мен Бақыт Бешенқызы, айтыс өнерінің ақтаңгеріне айналған, Айтақындай жүйріктің ұлы Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан, былтыр ғана өткен «Мен Қазақпын» ұлттық мега-жобасының жеңімпазы, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Бейбіт Мұсаев, сонымен бірге ҚР Мәдениет саласының үздігі Арафат Ысқақов және аудандық Мәдениет үйінің әнші-бишілері екі сағаттың ішінде ел жүрегін баурап алды. Осы кешке Алматыдан ат арытып келген Алматы облысының Құрметті азаматы, ақын Сайлаубай Тойлыбай жырдан шашу шашты. Әншілері әнмен әрлеп, әзілкештері күлкіге қарық қылған, қос ақын айтыспен одан ары қыздыра түскен кештің қандай деңгейде өткенін зал тола халықтың соңына дейін тапжылмай отырғанынан-ақ байқауға болады. Тіпті, көрерменнің дәл осындай шұғылалы кештің көптен бері болмағанын айтып, «бір демалып қалдық» деген лебізін де естідік. 
   Елдің ыстық ықыласына бөленген кешті ұйымдастырған Ермек Қыстаубаевқа облыстық мәдениет, мұрағат және архивтер басқармасы мен облыстық «Нұр Отан» партиясы арнайы Алғыс хат табыстаса, баласынбай Ермектің шақыруын қабыл алып, Гүлжауар апамызды ерте барып, кешті соңына дейін тамашалаған қазақтың «Тақиялы періштесі» Әлімғазы ата ақ батасын берді. Жалпы кеш «мың күніме татиды, сіздермен өткен бір күнім» деген халық әніндегідей мың күнге бергісіз бір күннің сәулелі сәті болғаны ақиқат.

Жұматай ӘМІРЕЕВ. 

Оқи отырыңыз