ТАУДЫ СҮЙГЕН ЕЛІК ҚЫЗ

ТАУДЫ СҮЙГЕН ЕЛІК ҚЫЗ

Тау – алып! Тау биіктерге жетелейді. Тау арман мен қиялға шақырады. Көктен нұр жауғанда қуана жа­лаңаяқ жүгіретін бүлдіршін қыздың былайғы жұрт­қа тау мен даланы неліктен жаны сүйетіні тү­сі­нікті. Тауға өрмелеп шығып кететін қағылез қызды сы­ныптастары: «Әне кетті елік, міне, кетті елік» – деп әзілдеп әнге қосатын. Олай дейтіні тегі – Елік­баева. Балалық-ай, десеңші?! Сол әзілді де намыс қы­лыпты-ау?!. Тегімді ауыстырам деп талай жы­лап­ты да...

«Уақыт зырлап, жылдар көшіп жатса да, әлі күнге дейін мейірім мен тазалықты, іңкәрлік пен махаббатты сол таулардан іздеймін», – дейді Роза Маратқызы. Иә, сол себепті де шығар, қазақ дала­сының біраз жеріне барып, сұлулығына тәнті болып, көңілі толып өсіп қайтқанын айтады. Мұқа­ғалидың Хантәңіріне, Оралхан Бөкейдің Мұзтауына, Сәкен­нің Көкшетауына барып, көзайым болып қайтыпты. Әңгімеміздің басы әуелі сағыныш тұнған туған жер, туған ауылдан басталды. Жази­ралы Жаркент өңі­рінің Сарыбелінде балалығының бал дәурені өткен Роза Айдарбекова  бүгінде «Іле таңы» газетінің бас редакторы.

Өмірін журналистикамен байланыстыруы да кездейсоқ болғанға ұқсайды. Ауылдық мектепті бітірген соң, арман қуып Алматыға аттанған қар­ша­дай қыздың жоғары оқу орнына түсуі ал­ғашқы  жы­лы мүмкін болмады. Елге қайтуды намыс көрген өжет қыз кәсіптік техникалық училищенің тоқыма мамандығы бойынша оқып, Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істей бастайды. Ол кездің жастары көркем әдебиетті таласа-тармаса оқитын. Сәбит Мұқановтың, Әзілхан Нұршайықовтың, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев ағалардың кітабы қолдан-қолға өтетін.

Алатаудың жаңбыры мен нөсері,

Бала күнгі жан досымыз кешегі.

Тау өзені басын таудан бастайды,

Тау баласы тауға қарап өседі, –

деген Тұманбай ақынның лирикалық жырлары қазақ сахарасын кезіп кеткен кез еді ол. Сол айтпақшы, тауға қарап өскен қыздың бірі Розаның өзі емес пе?! Көркем әдебиетті жастана оқып, көр­кем сөйлеуі де табиғилықтан туған болуы керек. Балапан арман, бала қиял қияға қанат қақпай тұрмайды. Бірде құрбы қызымен жастардың сауық кешінде ақын Рахымжан өтегеновпен танысады. Топ ортасында көсіле сөйлеп, шешіле тілек айтқан қабілетін байқап қалған ақын ағасы құрбы қызы Дәриғадан Роза жайлы сұрайды. Құрбысымен мақтанғысы келді ме, әлде Алланың аузына салғаны сол болды ма, әйтеуір: «Е, ол қыздың арманы үлкен, журналист болғысы келеді», – деп төтесінен бір-ақ қойыпты. Бұны естіп алған «Жетісу» газетінің хатшылығында жұмыс істейтін ақкөңіл ақын бірден жазғандарын берсін деп сәлем жолдапты.

– Шіркін, ол кездің адамдары басқа еді ғой, мар­құм Рахымжан аға мені туған қарындасындай қа­былдап еді, – деп еске алады Роза Маратқызы. – Ма­қала жазып көрінгеннен гөрі құрбымды өтірікші қылмайын деген оймен қолыма қалам алып, жұмыс­шы қыздар өмірінен бір мақала дайындап ұсынып едім. Ауылға барып қайтып келсем, қызық болғанда құрбы қыздарым сүйінші сұрап, шулап жүр. Ол кез­де басылымға жарияланудың қуанышы бөлек қой. Мақалам республикадағы беделді басылым «Ленин­шіл жастан» бір-ақ шығыпты. Астында Роза Елік­баева деп фамилиям жазылыпты. Ол кезде фами­лиям Елікбаева болатын. Несін жасырайын, қуа­ны­шымда шек болмады. Ал кеп тапсырыстар түссін. Бірде газет редакциясынан шақырту алдым. Барсам, кейбірінің қазір есімі есімде жоқ, көптеген аға, әпкелер менімен жылы амандасады. Есімде қалғаны – қазіргі белгілі журналистер Ерғали Сағат, Марат Тоқашбаев ағаларымыз. Олардың сонда қызмет ететін кезі. «Лениншіл жаста» сол уақытта жұмысшы жастар бөлімі болатын, ол бөлімді Ерғали аға басқаратын.

– Роза, былай істейік, мақта-мата комбинатынан біздің газеттің тілшілер қосынын қосуды жоспарлап отырмыз. Сен өзің соған жетекшілік етсең...

Бұл күтпеген ұсыныс болды. Жұмысшы қыздар өмірінен, комбинат жаңалықтарынан, цехтағы ең­бек тынысынан түрлі мақалалар ұйымдастырып, құр­бым екеуміз кезектесіп жазып тұрдық. Бе­сінші мамыр баспасөз күні  қарсаңында газет ре­дакциясы мені шақырды. Барсам, штаттан тыс тіл­шілер арасындағы байқаудан жеңімпаз ата­ныппын. Газет редакторының қолы қойылған арнайы диплом тап­сырды. Төбем көкке екі елі жетпеді. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика фа­куль­тетіне қабылдандым. Еңбектің дәмін татып кел­ген соң ба, курстастарымнан естиярлау боп көрінетінмін. Тағдыр ма, маңдайдағы жазу ма кім білсін, менің журналистік ғұмырым осылай бастал­ды. Жаныма жақын туған ағамдай болып кеткен Ра­хымжан аға жұмыс жолымды аудандық газеттен бас­тауыма ақыл берген еді. Мен сол кісінің айтуымен ау­дандық газетке келдім, – деп естен кетпес елес күннен естелік айтады Роза Айдарбекова.

Журналист болуды тағдырдың сыйы деп қабыл­даған ол кісі 1978 жылдан бері «Ильич жолы», қазіргі «Іле таңы» газетінде тілші, аудармашы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1997 жылдан бері газеттің бас редакторы.  Мінеки, бұл күнде осы жұмысты адал, абыроймен басқарып келе жатқанына аттай 37 жыл толыпты. Осы аралықта небір қиындықтар кездессе де мойымай, елдің көреген көзі мен есті құлағы саналатын басы­лымды сақтап қалуға бар күшін салған. Алғаш рет газет Қапшағайда, кейіннен қазіргі өтеген батыр кен­тіне, содан соң қайта Қапшағайға ауыстырылады. Осындай сын сағатта қатынап жұмыс істеу қиынға соққасын, бөлім меңгерушілері мен бір топ журна­листер кетіп қалады.

– Мен ол кезде жауапты хатшы едім. Газет шықпай қалмасын деп Ілияс аға екеуміз екі ай жұмыс істедік. 90 жылдардан бастап жағдай қиындап кетті. Аптасына бір рет шығатын жағдайға келдік. Кейіннен тіпті газет шықпай да қалды. Газетті басқарып отырған редактор да кетіп қалды. Ол кезде мен әкімшілікте бүкіл құжат материалдарды ау­дарып отырдым. 1996 жылы Алматыдағы «Бола­шақ» баспаханасына аудандық газеттерді жина­лысқа шақырған екен. Барып қатысып, баспаханаға тәуелді болмай, газетті өзімізден шығаруға болатын шағын типография қондырғы аппаратты сатып алуға болатынын естіп, бірден аудан әкімінің орынбасары Исаев Әмзе Әлдибекұлына келіп айт­тым. Ол кісі біраз уақыт өткен соң, сол құрылғыны са­тып алып, га­зет шығарайық деп шешті. Содан ба­сылымға жа­зылу басталып кетті. Газеттің редак­циясы деп сонда ескі балабақшаның суық бөлмесінде отырдық. Бір күні жиналыста әкім «газет қашан шы­ғады?» деп сұраған еді. Мен бірінші мамырда деп қойып қал­дым. Содан жиналыстан соң Әмзе Әлди­бекұлы: «Еш­теңең дайын емес қой!» – деп қатты ұрысты. Әй­теуір сынық орындық, үстел біткенді жан-жақтан жинап, жоқтан бар қылдық. Әмзе Әл­ди­бекұлының жақсылығы ғой, демеушілерді тауып, компьютермен жабдықтады. Сәуірдің соңында жи­налған ақшаға әлгі аппаратты да сатып алдық. Қы­зық енді бас­талды. Газет тура ертең шығады деген уақытта, тұсаукесері болады деп елге жария­ланып қой­ған. Компьютермен жұмыс істеуді білмей­міз, әкім­ші­лік­те бір таныс орыс келіншектің бала­сына жү­гіндік. Ол әйелім мен балаларым теруді бі­леді, тү­ні­мен теріп дайындаймыз деп екі компью­тер­ді үйіне алып кеткен. Аудан әкімі кеңсеге келгенде, әлгі ап­параттан басқа ештеңе жоқ екенін көріп: «Бі­реуге компью­терді  беруге бола  ма екен, бұзылып қал­са қай­те­сің?» –  деп қатты сөкті. Содан ұятқа қал­мау­ға тырысып, таңға дейін жұмыс істегеніміз әлі есім­де, – дейді өткен күнді еске алған Роза Марат­қы­зы.

Осылайша газеттің алғашқы нөмірін де шығарып, әкімнің сенімін ақтап шығыпты. Десе де ақшаның тапшы кезі, аталмыш аппараттың бояуы таусылып қалған күндерде, тіпті, бір күні анасына жылап барып, ақша алған кезі де болғанын айтады. Мезгіл өрнегі өз дегеніне жеткізуге асық қой. Осылайша тығырықтан шығу үшін, әр түрлі буклет, жарнамалық қағаздар шығарып ақша таба бастайды. Еңбекшіқазақ аудан­дық газетін де басып күн көрудің қамын жасайды. 1999 жылдан бастап бюджетке енген соң, жағдай оңала бастайды. Айта берсе, мұның бәрі естелік. Та­бан­дылық пен төзімнің, талап пен жауапкер­шіліктің арқасында сан белестен өтіп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Иә, талайды бастан кешірген, ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырған газет ұжымында бүгінде 13 қызметкер ұйымшылдықпен сапалы жұ­мыс істеп келеді. Бір ерекшелігі газет ұжымы тауды сүйген кешегі бүлдіршін елік қыздың, бүгінгі басшы­ларының бастамасымен жыл сайын журналистика күні мерекесі қарсаңында табиғат аясына шығып демалуды игі дәстүрге айналдырған.

–  Іле ауданын жатсынбадым, бірден сіңіп кеттім. Жаман жер болмайды ғой. Кәдуілгі туған жерімдей бо­лып кетті. Халқы кеңпейіл, ұйымшыл, бір-бірін қол­дап жүреді. Жеңісіңе қол соғып, мәртебеңді кө­тереді, – дейді аудан жайындағы бір сөзінде. Бүгінде аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Іле аудандық филиалының жанындағы депутаттық фракция жетек­шісінің орын­басары Роза Маратқызының жеткен жетістігі аз емес. Қазақстан Ремпубликасы Президенті Н. Ә. Назар­баев­тың «Алғыс хатымен», «Қазақстан Тәуелсіздігінің     10 жылдығы», «Астана қаласының 10 жылдығы», «Мәс­лихаттардың 20 жылдығы», «Қазақстан Конс­ти­туциясының 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Облыс әкімдігінің бұқаралық ақпарат құ­рал­дары арасында жарияланған бәйгелердің бірнеше мәрте жүлдегері. «Албан Кеңес», «Тау тұлғалы аза­мат», «Ұлағатты қос ғұмыр», «Өшпейтін өнегелі өмір» атты кітаптарға редакторлық жасаған. Ай сайын шығатын «Жер-жићан» республикалық көркем әдеби, әлеуметтік қоғамдық журналға да басшылық етіп отырған Роза Маратқызы бүгінде мерейлі алпыстың асуына шықты. өнегелі отбасының шырағы болып, Құдай қосқан қосағы Біләл Ақынұлымен бір шаңы­рақтың астында берекелі ғұмыр кешіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, Әйгерім, Айбақыт, Асыл, Тоғ­жан есімді тәтті немерелерге ардақты ата, қым­батты әже болып отыр. ұлдары Мұрат құқық қорғау ор­га­нында, келіні Эльмира шекаралық қызметте, қыздары Гүлмира әкімшілікте, күйеубаласы Бауыржан метро­политенде жұмыс істейді.

«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан бо­лайын?!» деп ұлы данышпан Абай атамыз айтпақшы, әңгімеміздің соңы: «өзекті жанда нағыз адам болудан асқан мақсат бар ма?!» – деген сөзбен түйінделді. Адамды ой түзейді. Ойы таза кісінің жаны да, жолы да таза. Бұл туралы Іле ауданындағы үлкен-кішінің ол кісіге деген сый-құрметінен танып-білуге болады. Алпыстың асуынан асқан абзал ана, білікті басшы, жайдары жақсы адам Роза Маратқызының өнегелі өмірі көпке үлгі екені даусыз. Адамдықтың құнды­лығын таудың биіктігімен өлшейтін қасиетін осыдан түсінуге болады.

Мақпал МЫСА.

 

Оқи отырыңыз