Алтын ғасыр әдебиетінің маржаны

Алтын ғасыр әдебиетінің маржаны

Қысталаң жылдардағы сүреңсіз ауыл бейнесі көз алдыңа келеді. Ошақтың оты сөнбесе де отыны таусылуға таяу, тіпті, кейбір шаңырақтан көкке өрлеген қу шөптің қою түтіні әуені тұмандандырып жібергендей. Тірліктің қамытын мойнына асып, майдан даласындағы ері мен баласы үшін қыстың үскірігіне қарамастан еңбек еткен аналардың, келіншектердің көрген күні жан ауыртарлық. Аянышты. Міне, осы кезеңді әдебиет әлемінде ерекше айшықтай білген көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбековке биыл 80 жыл. Осыған орай, өмірден озған бекзатын қалың елі І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында еске алып, дүбірлі тойды жазушының даңқына сай атап өтті.

Сайын даланың Сайыны атанған, дарқандығымен дараланып, жібек мінезіне сай шығармалар тудырған қаламгерге арналған игі шараның басы облыстық «Жетісу» телеарнасының ұжымы дайындаған деректі фильмнен басталды. Онда классик жазушының өмірлік шығармаларына арқау болған туған жері мен қаламгер ұрпағының, Әкім Тарази сынды достарының жылы естеліктері көрсетіліп, жусан иісіне ынтығып, жабайы алманы аңсаған көрермендерді тебірентті. 
Одан кейін алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов: 
– Құрметті жерлестер, қадірменді қонақтар! Киелі жетісу жері қашанда өзінің әсем табиғатымен тамсандырып қана қоймай, жалынды азаматтарымен де тәнті етіп келе жатқанын тарихтан бағамдай аласыздар. Осындай құтты мекенде туған даналарымыз бен дарындыларымыз жетерлік. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осы қуаныштың аясында Жамбыл Жабаевтың 170, Қуат Терібаевтың 125 және Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Бүгін сол игі шаралардың жалғасы ретінде қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғасының бірі Сайын Мұратбековтың 80 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз, – дей келе, жетісулықтарды қуанышымен құттықтады. Сонымен қатар, қаламгердің шығармаларының өміршең екенін айтып, облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізді.
Одан кейін сөз алған ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин көрнекті жазушының адамгершілік қасиеті мен қуатты шығармаларына тоқталып, оның қазақ әдебиетіндегі орнының ерек екенін жеткізді. Ол өз сөзінде: 
– Аспантау мен Алакөлді, Балқаш пен Көктөбені жалғап жатқан қазақтың ең бір шырайлы өңірінде дүниеге келген, біздің алдыңғы толқын ағамыз, сіздердің асыл жерлестеріңіз Сайын Мұратбековтың өзі болмаса да сөзіне баға беретін, көрнекті жазушы жайлы жылы естеліктер айтып, рухын бір аунататын жиында сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Сайын дегенде, ең алдымен, оның адамгершілік қасиеті еске оралады. Ол ешқашанда жылы жүзін суытпайтын жайдарлы жан еді. Табиғаттай әсем болмысының арқасында шығармаларының да тұмса жаратылыс секілді мөлдірлігіне қанықтық. Боямасыз өмірді өзінің ой елегінен өткізіп, жасандылық пен жалғандыққа бой ұрмай, ақты ақ күйінде суреттеген жазушының әдебиет әлеміндегі тазалығы ерек болатын, – дей келе, Сайын Мұратбековтың өткен өмірінен жылы естеліктер мен қызықты оқиғалар айтып, жазушының Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып барып өмірден озған шағына дейінгі бірталай көріністерді көз алдымызға келтірді. Сонымен қатар, жазушының рухани ортадағы орны мен Қалиқан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров сынды жолдастарының арасындағы қарым-қатынас жайлы да қызғылықты әңгіме өрбітіп, күллі Алаш жұртын, қала берді жетісулықтарды мерейлі күнімен құттықтады.
Сонымен қатар, өз кезегінде сөз алған көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бексұлтан Нұржекеев Сайын Мұратбековтың жазушылық қасиетіне ерекше тоқталып өтті. «Менің түсінігімде ақыл суықтау нәрсе. Бәрін орны-орнымен біліп отырады. Ал сезім деген нәрсе ақылдан да күшті келеді. Бірақ адамды жан-жаққа сүйреп ала жөнеледі. Сайынды жазушылық жолға алып келген де прозаға деген ерекше махаббаты, іңкәр сезімі. Оның алғашқы «Менің қарындасым» атты шап-шағын әңгімесінде қарындасының бой жетіп қалғандығын, лап еткен сезімнің түйіршігін өрнектеген. Бұл – ғажайып туынды. Сол секілді қаламгердің өзге де әңгіме, повесть және басқа да туындыларының бәрінде сезім жатыр. Ақыл мен парасаттылық арқылы түйсіне алмайтын дүниелерді сезім арқылы қабылдап, сол арқылы ғана өміршең туынды туғыза аласың. Ал осы қасиеттердің барлығын жазушылық жолға алғаш келген күннен бастап түйсінген Сайын Мұратбековтың қаламгерлік қыры ерек, сайлап кеткен тұғыры оқшау да дара, – деген Бексұлтан Нұржекеұлы классик жазушымен арадағы рухани байланысына да тоқталып өтті. 
Сонымен қатар, өз кезегімен сөз алған қарымды қаламгерлер мен зиялы қауым Сайын Мұратбеков жайлы қызғылықты әңгімелер өрбітіп, оның адамгершілігі мен жазушылық қасиетіне тоқталды. Ал Қазақстан Жазушылар одағының «Ұйғыр әдебиеті» секциясының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири «Сайын Мұратбеков – түркі халықтарының, қала берді күллі қазақ жұртының рухты жазушысы. Оның шығармаларындағы қуатты теңеулер мен ақиқатты астарларды түсіну, оны пайымдап, ұрпақ кәдесіне жаратудың өзі үлкен күшті талап етеді. Сондықтан да түркі халықтарының рухты да қайсар, қуатты жазушысы деп білемін», – деген ақжарма тілегі мен өзіндік пайымын ортаға салды. Осындай жалынды теңеулер мен жақсы естеліктер жолдаған Қуанышбай Құрманғалиев, Нұрғали Ораз сынды бірқатар қаламгерлерде сайын даланың Сайыны жайлы шырайлы да шуақты әңгімелер өрбітіп, жетісулықтарға деген пейілдерін жеткізді. Сонымен қатар, бұл дүрмекті ұйымдастырған облыс басшыларына деген алғыстарын жаудырды.
Ауыл тірлігін шығармасында алақанға салғандай көрсетіп, көркемдік дәрежеде бедерлеген, соғыс жылдары сорлап қалған елді мекеннің тірлігін тарихта қалдырған жалынды жазушының туғанына 80 жыл толуына орай өткен мерейтой Бикен Римова атындағы облыстық  драма театры әртістерінің шағын көрінісімен жалғасын тапты (суретте). Онда аталмыш театр ұжымы Сайынды сахналап, онсыз да зиялы қауымның жақсы тілектерінің әсерімен арқалы қаламгерін сағынып отырған көпшіліктің көңілін босатты. Қарапайымдылықтың шекпенін жамылып жүріп шағын әңгіме шебері атанған Сайынды көз алдымызға алып келген аталмыш драма театрдың көрінісінен кейін Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Көңілді кеш көрерменнің жазушыға деген сағынышын еселеп, ән мен күй, жақсы естеліктер әдебиет әлеміне еріксіз саяхат жасатып қана қоймай, көңілді көкжиекпен астастырғандай болды. Рухани шараның соңы зиялы қауым мен жазушының ұрпақтарына жайылған дастарқанға ұласып, ән мен тілектер де жалғасын тауып жатты.

Асыл Сұлтанғазы

Оқи отырыңыз