САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

Тарыққанда тығырық­тан шығарар, қамыққанда мұң тарқатар, қуанғанда көңіліңді көкжиекпен астастырар өнердің өрті – ән мен күй. Бағзыдан тартсақ, Жошының өлімін естірткен, Қорқыттың зарлы күнін ғасырлар көшінде күресінге қал­дыр­май бізге жеткізген күй құдіреті болса, мәңгілік тағдыры таң­дандырады. Сал-серілер мен кешегі Үкілі Ыбырай, Мәди, Жаяу Мұсаның салған әні де өмір­шеңдігімен ел мұрасына айналды. Ал «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің туында­ларының өзі бір кітапқа жүк боларлықтай. Бұл қазақтың ғажайып өнерінің көшін аспан­датқан адуынды да айбарлы перзенттердің еткен еңбегі мен төккен терінің нәтижесі. Өміршең өнердің өртіне күйіп, аязына қақ­талып, саң­лақ­тардың сара жолын жалғап жүрген жан­ның бірі – бүгінде алпыстың асуына шыққан компози­тор Әли АЛПЫСБАЕВ.

Әли Демегенұлы Алтыбайт тауының баурайындағы Мәулімбай деген ақын­ның ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Асқар таудай әкесі Демеген жылқышы, анасы Сұлу бала тәрбиесімен айналысқан қарапайым әйел. «Арғы үрім-бұтағымызда өнер адамдары болмаса да, маған ерекше дарын жұғысты болып­ты», – деп айтуына қарағанда, Әли бір әулеттің жарқ ете қалған жасыны, жалт еткен асылы. Туған жерге байланысты адам бойына дарын бітетіні әлімсақтан белгілі. Оның бір ғана мысалы, Хан-тәңірдің баурайында, Елшенбүйректің етегінде өмірді олжалаған Мұқағали тау ұлы болғандықтан мұзарт таудың мұзба­лағына, қазақтың ақиық ақынына айнал­ды. Ал Әлидің кіндік қаны тамған жерде екпіндей соққан желден қызыл кұмы күй таратқандай саз ойнатып, ән әуелейді де тұрады. Сол себепті де оның қазақтың осынау бір құнды музыка өнеріне жақын болмауы мүмкін емес. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деп айтқан А. Затаевичтің осы сөзінен кейін, сазды пұшпақта өмір есігін ашқан Әлидің композитор атануы да табиғи заңдылық болса керек-ті. Ал қызыл құмы­ның өзі сырнайлата сұлу әуен туды­рып, жас талантты өзіне құмартса, кейін­нен сазгер кең даласының дүбірін «Дала», «Әке арманы», «Құлагер», «Элегия» атты оркестрге арналған поэмаларына арқау ете білген. Сөйтіп, Жер-анаға деген перзенттік борышын музыкалық аспап­тардың пер­несінен іздеп, мәңгілік ескерт­кіш орнатты десек де болатындай.

Туған жерге деген теңдессіз сезімнің жөні бөлек. Сол мекеннің киесін ұғынып, қасиетін түсінудің өзі ерек әңгіме. Ал сезім атаулының бәрін жүрек сүзгісінен өткізіп, өлмейтін де өшпейтін тақы­рыптарды домбыраның ішегіне, қобыз­дың шанағына сала білу, сазгерліктің сан азабын татып, сыры мен сыны кетпейтін саз туындатудың машақатына төзу үлкен махаббаттан туыныдаса керек. Осы жолға тұтас өмірін арнап келе жатқан Әли:

– Мен сазгерлік, жалпы музыка өне­ріне төтеден килігіп, тосыннан қосылған жан емеспін деп білемін. Ақ жөргекке әнмен оранып, күймен буылып, тал бесікте ана әлдиін тыңдап өстім. Құлын­дай құлды­раңдап өскен шағым бүгінге дейін көз алдымнан кеткен емес. Сол кездегі ауы­лым­ның әжелері салған тама­ша әуендер әлі де құлағымда жүр. Осы­ның өзі әнге әуес, күйге құмар болып өскендігімнің айғағы. Сол себепті, қазақ­тың өрт өнері һәм мәрт өнеріне кездей­соқ келмедім деп айтуға тұтастай құқым бар, – деген сөзінің өзі музыка өнеріне тумысынан бейім болғанын аңғартады. Сол бір жүрек­ті кернеген құштарлықпен Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы Мәде­ниет инсти­тутына түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң, музыкалық білімін Алма­тыдағы Құр­манғазы атындағы консерва­торияда жетіл­дірген. Консерваторияның оркестр дири­жері класында Қазақстан Республи­касы­ның еңбек сіңірген әртісі, профессор Жалғасбек Бегендіковтен, аспаптар кла­сында Ерсайын Басықараевтан дәріс алған. Кейіннен Талдықорған қаласы Мәдениет сарайының жанындағы «Ал­тын дән» ансамбліне дирижер әрі көр­кемдік жетекші болуымен қатар Қанабек Бай­сейітов атын­дағы саз колледжінде, сондай-ақ І. Жан­сүгіров атындағы Жетісу мем­лекеттік университеттің ән және музыка факуль­тетінде ұстазтық етіп, дәріс берген. Өмір жолы мен атқарған қызметін жіпке тізген­дей етіп, шығармаға арқау етсек көп-ақ. Қысқаша айтқанда, қазақ үшін сіңірген еңбегі ерен.

Бүгінгі таңда І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры қыз-­метінде. Өнер ордасындағы өзі басқарған ұжымды қанаттандырып қана қоймай, талай белестерге бастап шыққан басшы. Алпысты алқымдаған ел ағасының бағын­дырған асуларының өзі бір кітапқа арқау боларлықтай. Оған дәлел, былтыр Ел­ордамыз Астанада өткен VI респуб­ли­калық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған кон­курс­тың «Қазақ хандығының 550 жыл­дығы және Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылы аясында халықтар достығын бейне­лейтін ірі және кіші көлемді ең үздік музыкалық шығарма» номинациясы бойын­ша «Ор­бұлақ таңы» шығармасы үшін Әли Алпыс­баев Гран-при иегері атанды. Сондай-ақ, Астана қаласы мемлекеттік филармо­ниясының қазақ халық аспаптар оркестріне дирижерлік етіп, кешегі Нұрғиса Тілендиев сынды тұлғалар салған сара жолдың саңлағы екендігін де тағы бір дәлелдеп қайтты. Бұл әрине, бір ғана жетістігі. Саз өнерінің сайыпқыраны қонған тұғыр мен өткен ғұмырындағы қиған мәресіне жеке­лей тоқталмай, осы бір бәйгені мысал ету, көзі қарықты оқырманға Әли ағаның дарынын даралап беруге жеткілікті десек артық айтқандық болмас.

Қоғамның келеңсіз тұстарын шығар­масына арқау еткен алдыңғы толқын қаламгерлер, ұрпақтың одан аулақ болуын қалағандықтан ашына жазып, баса айтып жүргені белгілі. Ал өнер жолындағы өзекті мәселелер де жетіп артылады, ол дерттің бірі серілер мен саздың сайып­қаран­дарынан бізге жеткен ән өне­ріне жұққалы қашан. Той-думанда қалта­сын ақшамен қампиту үшін жиынға арналған жын-ойнақтың даңғаза әнін жазып жүрген сазгерлер саны жетерлік. Мұны көзімен көріп, көкейіне түйіп жүрген Әли Деме­генұлы:

– «Ауылдағы той» деген әнді алғаш­қылардың бірі болып мен жазып едім. Алайда, жиындарда әнім шырқалсын деген мақсатта емес, тойшыл халқымның игілігіне жарасын деп. Хәкім Абайдың 150 жылдық мерейтойы осы әніммен ашылған болатын. Кез келген думанның сәні мен мәні бола білген бұл ән әлі күнге дейін шырқалып келеді. Қазіргі қаптап кеткен той әндерінің бейнебаянына, шумақ­тарына, әншілердің орындау мәнеріне қарап, сауаты шамалы екенін сезіп, қарным ашады. Шынымды айтсам, көбісі ауылдың қарапайым тірлігін мазақ етуге айналған. Ал ырғағына мән берсек, араққа сылқия тойып алып жер тепкілегенге жақсы. Осындай туынды­ларды өмірге алып келен сазгерлерге таңданамын. Кемеңгер жұрт композитор деп атаған соң, соған сай болу керек-ті. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояған» жаман әдеттен аулақ болғанымыз жөн, – деп саз өнерін мәз қылмай жүрген кейбір жандарға деген сезімін айқындап берген. Рас, өнер халықтікі. Сондықтан да ұлттық құнды­лықтардың қатарына саф алтындай жарқы­раған туындаларды қоспаса, жеңіл ырғақты әндерді тарту етудің қажеті шамалы. Бұл жағынан Әли ағаны ел ықыласына бөлен­ген Дәнештей дарын­дылардың қатарына жатқызуға болады.

Халқына сыйлы дирижер, дарынды композитор І. Жансүгіров атындағы уни­вер­­ситет профессорларының ғылыми кеңесінде «Құрметті профессор» атағын иеленеді. Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері. Тәңірдің табаққа салып берген тартуындай талантты шыңдап, сан салалы қызметтің көрігі болып қыздырып, елін рухани байытып, өнер қамбасына қазынасын құйып жүрген Әли Алпысбаев «Элита Казахстана», «Қазақстанның Құрметті азаматтары» атты кітаптар мен «Жетісу» энциклопедиясына енген. Сондай-ақ, Қа­зақ­­стан Композиторлар одағының Алма­ты облыстық филиалының төрағасы Әли Демегенұлы «ҚР білім беру ісінің үздігі», өнердегі жетістіктері үшін «Астана», «Қазақстан Республикасының 10 жылды­ғы», «ҚР Конституциясының 10 жылды­ғына» байланысты мерейтойлық медаль­дармен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақ­стан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатының иегері. «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы», «Астана Бәйтерек» композиторлар кон­курсының бірнеше дүркін лауреаты атан­ғаны да Әлидің әнін тыңдап, өміріне бойлап жүрген жандар үшін белгілі жайт. Оған қоса, мәдениетті қолдауға арналған рес­публи­калық драма­тургтер мен ком­позитор­лар байқауында «Елге арнау» күй-поэмасы үшін мемлекеттік грант­тың иегері атан­ған.

Өмір мен өнер жолын електен өткі­зіп, алпыс жасқа дейінгі жайдарман шақ­тарын алдыға тартсақ, бір ғана Жетісу өңіріне емес, мұқым қазақтың Әлиіне айналғанын байқаймыз. Бұның өзі та­лант­ты жетіл­діру жолындағы табан­дылық пен шы­ғар­машылықтың шыжы­ғына төзе білген, алтын уақытын халқы­ның қасиетті өнеріне арнағанды­ғының жемісі деп білеміз. Жетісу өңірін­де «Әли – әуен, Әли – жыр» атты ән бар, осыған орай компо­зитордың артынан ерген аңыз да жетер­лік. Оңтүстік жаққа барғанда компо­зитордың «Досым» деген тамаша әнін тыңдаған тойда отырған кәсіпкер азамат­тың бірі қалтасынан жеңіл авто­көлігінің кілтін шығарып, Әли ағаға сыйға берген екен. Мұның өзі ән қана­тында тербелген азаматтың жомарт­тығы болса, тыңдар­манды сондай күйге түсір­ген туындыны өмірге алып келген сазгер­дің талантына жасалған құрмет деп білеміз.

Сазгерліктің жүгін иығына асып жүрген дарын иесі, сонымен қатар қоғамдық-саяси жұмыстар мен мәдени өмірге белсене араласатындығы исі қазаққа болмаса да жетісулықтарға белгілі. Бұл жағына келгенде:

– Өмір жолын өнер мен мәдениетке, елге қызмет етуге арнаған жанмын. Осы жас­қа келгенше, яғни алпыстың асуына шыққанша өзім қалаған мәде­ниет сала­сында қызмет атқарып келе­мін. Облыс­тық Сүйінбай атындағы филар­мония­ның, Мұқан Төлебаев атын­дағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Талдықорған төрінде орна­ласқан І. Жан­сүгіров атындағы Мәде­ниет сара­йының директоры қызмет­терімен қатар жуыр­­­­­­да өткен сайлауда қала сайлау­шылары мені облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Қандай қызмет атқарсам да мәдениет қызметкерлерінің мүддесін қорғап жүрген өнер жанашыры болудан тан­бас­пын, – деп ағынан жарыл­ған еді.

Иә, адам қандай қызмет атқарса да, қай төбеден көрінсе де өзін елге әйгі­леген өнердің туын жығуға құқылы емес. Тіпті, әлемге аты жайылған теңдессіз әрі қай­таланбас талант болса да. Алайда, Әли ағамыздың бойында бабадан қалған тек­ті­ліктің бары анық. Оған дәлел, орнында отырса да қазақтың мәрт өнері мен сол жолда жүрген өнерпаздарға қамқорлық танытып, әрқашан мұқым елдің мәңгілік мұрасын жиі насихат­тайтындығында. Негізінде, Әли Алпыс­баев саз өнерін көкке көтерумен қатар өзіне де сол тұғырдан орын сайлаған жан. Сан мәрте концерттік сапармен Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Болгария және Ресей­дің ірі қалаларында болып, көптеген халықаралық музыкалық форум мен фестивальдерге қатысып келген бола­тын. Сонымен қатар дирижер-композитор ретінде отандық ірі сахна­лар­да өзінің өнерін сан мәрте мойын­датып, тыңдар­мандарын сүйсінтіп келеді. Өзінің ай­туынша, жүздеген әннің, әлденеше ірі күй-поэмалардың және домбыраға арнап жазылған 3 бөлімді концерттің авторы. Театрда сахналанған 10-ға жуық қойы­лымға музыка жа­зып, әндері мен шығар­маларынан құра­ған «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым» атты жинақтары жарық көрген. Бұл ертеңге аңыз болар бір адамның шығармашылық әлеуетінің көрсеткіші, есімін әйгілеп тұратын дарынның ғұмыр­намасы.

АСЫЛ СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз