Өлең - сөздің патшасы

Өлең - сөздің патшасы

Ғасырға қадам басқан қазақ баспасөзінің атасы жыл басынан өлеңсүйер оқырманға белгілі қаламгерлердің жалынды жырын ұсынуды қолға алған еді. Алаштың біртуар азаматы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалинның өлеңдер топтамасы жетісулық оқырмандарға жол тартқан болатын. Сол дәстүрді жалғап, көзі қарақты мың сан оқырманға қазақтың қара өлеңін қайталанбастай зерлей білген арналы ақын,  Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы және М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері Бауыржан Жақыптың жырларын ұсынып отырмыз. Рухты да ғибратты жырдан қуат алыңыз, ардақты оқырман!

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНЫМ!

Қазақстаным,

Тәуелсіз Қазақстаным!

Ақ қанат таңның көрдім мен

ғажап ұшқанын.

Көрдім мен сенің мөп-мөлдір

айдындарыңды,

Алатау, Алтай, Қаратау

айбындарыңды.

Ұлытауыңды, көрдім мен

Шыңғыстауыңды,

Абайдың жыры оқылған

мың қыстауыңды.

Гүлденді қазір кең далам

иесі болмаған,

Жамбылдың Қызыл жолбарыс

киесі қолдаған.

Махамбет сөзі лаулаған

Қараойды көрдім,

Мағжан боп өзі қаулаған

дара ойды көрдім.

Мұстафа, Халел, Жақып пен

Әлімхандарың,

Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек,

Әлихандарың...

Бауырыңа қайта оралды

өз арыстарың,

Қазақстаным,

Тәуелсіз Қазақстаным!

Көне ғасырлар сыр ашты,

гүлге де орандың,

Пырағы жетті Күлтегін,

Білге қағанның.

Рухсыз жүдеп тұр еді

жұтап даласы,

Қайта жаңғырды Отырар

кітапханасы.

Түркістаныма Тайқазан —

құтым оралды,

Көне Таразым жинады

бүкіл адамды.

Тарихтың дариялары

терең өрілді,

Арыстан Баб пен Иасауи

жебеді елімді,

Естілді қайта жаңғырып

көне сарындар,

Бабыр, Фараби, Қашқари,

Баласағұндар.

Ұрпаққа жетті өзгермей

бәз алыстағы үн,

Қазақстаным,

Тәуелсіз Қазақстаным!

Қүлпырды жерім, қызғалдақ

нұрға кенеліп,

Ақындар өлең оқыды

жырға бөленіп.

Күйшілер шертті Тәттімбет,

Құрманғазыдан,

Домбыра – дала шанағына

тұнған қазынам.

Ынтымақ, ырыс күйлерін

шертіп аймағым,

Қырандай қанат қағады

еркін ойларым.

Тәуелсіздіктің әншілері

шырқады әуенін,

Қазақстаным, не деген

тұлпар ел едің.

Алтын күн алтын далама

құйыпты нұрын,

Желбіреп тұрған Көк Туым,

биік тұғырым.

Оралып батыр, билерім,

хандарым ойға,

Іргеміз бүтін ел болдық,

тәубе, құдайға!

Қазақстан, Астана, өзен-көл,

тау-тасым енді,

Әлемнің барлық жаңарған

картасына енді.

Бостандығымның күн санап

асқақтап әні

Нұрлы болашаққа рухымыз

бастап барады.

Ғаламға жайдың аспанға

қазақ ұшқанын,

Қазақстаным,

Тәуелсіз Қазақстаным!

 

ДОМБЫРА

Тәңірінің құйған

                          жан нұры домбыра,

Халқымның қилы

                         тағдыры домбыра.

Күй болып ғажап

                        төгілген домбыра,

Еңкілдеп жылап,

                       егілген домбыра.

Іштегі шерді

                      тарқатқан домбыра,

Әсем өмірден

                     ән тапқан домбыра.

Қара шанағына

                    мұң толған домбыра,

Пернелеріне

                    үн толған домбыра,

Ақыл нұрына

                    қаратқан домбыра,

Сезім сәулесін

                   таратқан домбыра.

Хандардан қалған

                      көсем домбыра,

Билерден қалған

                     шешен домбыра

Дауларды шешіп

                    тастаған домбыра,

Майданда қолды

                     бастаған домбыра.

 

Ғасырлар сырын

                     сақтаған домбыра,

Суға салса да

                     батпаған домбыра.

Отқа салса да

                     жанбаған домбыра,

Кең-байтақ жерді

                      қорғаған домбыра.

Құрманғазыдан

                      қалған домбыра,

Дина шешеміз

                     шалған домбыра,

Тәттімбет бабам

                         шерткен домбыра,

Серілер-салдар

                         ерткен домбыра.

Небір шеберлер

                         жасаған домбыра,

Сүгір домбыра,

                        Қашаған домбыра.

Ұшқан күндерге

                          ілескен домбыра.

Үкісі үлпілдеп,

                         жыр ескен домбыра,

Абай домбыра,

                        Жамбыл домбыра.

Даналар тартқан

                         даңғыл домбыра.

Көп әңгімені

                      азайтқан домбыра,

Жігіт боп қызға

                     сөз айтқан домбыра.

 

Сұлудың үні –

                     гәкку домбыра,

Көлдегі жүзген

                       аққу домбыра.

Бұлбұлдың даусы

                         сіңген домбыра,

Қыран боп түлкі

                         ілген домбыра.

Аңшы боп ойға

                         шомған домбыра,

Аттың шабысы

                         қонған домбыра.

Лекіткен домбыра,

                         лепірткен домбыра,

Ортекелерді

                         секірткен домбыра.

Бәйге атындай

                          баптаған домбыра,

Арыстарымды да

                          жоқтаған домбыра.

Ауыр қазаны

                         естірткен домбыра,

"Жазмыш-ай, жазмыш!"—

                           дестірткен домбыра.

Арқаны жаяу

                          кезген домбыра,

Азапқа талай

                         төзген домбыра.

Азаттық күнін

                         күткен домбыра,

Қазаққа ғана

                         біткен домбыра!

НАУРЫЗ КЕЛДІ

Қызғалдақты құшақтап қырлар күліп,

Аспан жердің сусынын тұр қандырып.

Қайтқан құстың ілесіп қанатына,

Наурыз келді дүниені нұрландырып.

Тау өзені шатқалда тасып ерен,

Наурыз келді мөп-мөлдір шашып өлең.

Қарсы алады жаңбырын көктеменің,

Рақаттана кеудесін ашып әлем.

Тамшы көзді аспаным бұлт омырау,

Әуезді әнін көктемнің шырқадың-ау.

Сол бір үнге қосылып, көкірегімде

Сыңғыр-сыңғыр қағылды жыр-қоңырау.

Бөбектердің даусымен ән басталған,

 «...Келеді жаз, тереміз рауғаш таудан...»

Жай жарқылдап, о, ғажап, күркіреп күн,

 Жауқазындар белдерге жауды аспаннан.

Жаңбыр тынды. Құс келді. Бақ шулады.

Алма ағаштар бантигін тақсын бәрі.

 ...Қыс-мүсінші қалдырған ескерткіштей

Алатаудың қасқиған ақ шыңдары.

 

АБАЙДЫҢ ҚАСҚАБҰЛАҒЫ

Абайдың Қасқабұлағы

Сағасы інжу-маржаннан

Жағасы жасыл пүліштен,

Тамшысы алтын, күмістен,

Жапырақ сүйген бетіңнен

Суыңнан сұлу гүл ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы

Елімді қорғар қылыш па ең?

Жеріме біткен ырыс па ең?!

Ай сүйіп асыл ерніңнен,

Күлімдеп келіп Күн ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,

Ағасың асқақ тыныспен,

Шайырсың дәйім жыры үстем,

Батыспен байтақ тілдестің,

Шұғыласын шашқан Шығыспен.

Абайдың Қасқабұлағы,

Тұлпарлар тоқтап су ішкен.

Тұлпардай сен кең тынысты ең.

Етбеттеп жатып жағаңда,

Бала Абай сенен су ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,

Ұлы Ақын мұңын бөліскен,

Сөйлеспей жақын туыспен.

Іштегі өртін сөндіріп,

Дана Абай сенен су ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,

Қазағым атын қойған су,

Әлемге атын жайған су.

Шақпаққа бара жатқанда,

Шәкәрім бетін шайған су.

Абайдың Қасқабұлағы,

Әуелеп шабыт қуған су.

Әуезов үні туған су,

Бетінде кілкіп қаймағы

Мұқаңның сөзі тұнған су.

Абайдың Қасқабұлағы,

Халқымның аққан жыр-әні,

Көрмедім сендей тұманы,

Жағаңда сенің киелім,

Ұлылар ғана туады.

Абайдың Қасқабұлағы,

Қырық өрім таспа бұлағы,

Аспанның аспа бұлағы.

Отыз жыл ойран салса да,

Қырық жыл қырғын болса да,

Мөлдіреп жатыр суы әлі.

Абайдың Қасқабұлағы!!!

                                                 

АҚИЫҚ

Сүйінбай Аронұлының рухына

Судан шыққан  сүйрігім,

Желден озған жүйрігім.

Қызыл түлкі сөз ілген

Ақ қанатты тұйғыным.

Еліне бөліп әперген,

Тәңірдің берген сыйлығын.

Халқымен бірге көтерген,

Алланың салған бұйрығын.

Інжу-маржан жырымен

Жадында қалған милының,

Сүйінбай бабам тойында

Көмейіме қуат бер, Айым!

Көкейіме шуақ құй, Күнім!

...Ұясынан ұшқан торғайдай

Шырылдап туған өлеңім.

Сурет салып сөзімнен

Кестелеп бүгін өремін.

Сүйінбай ақын тұлғасын,

Сыйынып, сомдап беремін.

Бөрілі байрақ қолға алып,

Бөрідей жортқан ер едің.

Туғаныңа тұп-тура.

Жүз тоқсан жыл толғанда

Құлының болып желемін.

“Сүйекем!” деп сөйлейді

Жайқалған жасыл желегің.

Көк туымды көтеріп

Көгеріп, көктеп келемін.

...Дүрмекке түскен дүр, бабам,

Қатағанмен айтыста

Тұтастығын қазақтың

Ту еткен ақын сен едің!

Көзінде қалдың адамның,

Өзінде қалдың заманның.

Айтысқа шықсаң арындап

Қырандай көктен қадалдың.

Бүркіттей кейде шүйілдің,

Лашындай лезде түйілдің.

Найзағай болып жарқылдап,

Нөсер боп бірде құйылдың.

...Ақынбектің асында,

Ақындығың білінген.

Аузына елдің ақын боп

Жиырма бір жаста ілінген

Асыл туған, Сүйекем!

Ою ойдың тіліңмен,

Ояттың бұлбұл үніңмен.

Қазақ-қырғыз айналған

Қызыр қонған түріңнен.

Қарсы шыққан ақынның

Тізесі бірден бүгілген.

От шашқан алмас сөзіңе

Тезек төре жүгінген.

Сүйінбай келе жатыр! – деп,

Үлкен де, кіші жүгірген.

Алатаудай асқақ көріндің

Кешегі мен бүгіннен.

...Заманының өзінде

Жайылған аты Алашқа.

Қызылжар мен Семейге,

Сырдария, Таласқа.

Ақиықтың дабысын

Еділ, Жайық екі су,

Тыңдап аққан Жетісу.

Баянауыл, Шыңғыстау,

Қазығұрт пен Маңғыстау.

Арқа, Алтай, Ұлытау,

Құлақ асқан Қаратау.

Сол таулардың ішінде

Сүйекеңнің сеңгірі

Күнді сүйген дара тау,

Айды өпкен дара тау.

Сондықтан ба, әйтеуір,

 Сүйекеңнің жырларын,

Таудан аққан арқырап

Тас бұлақтан естідім.

Жағадағы балауса,

Жас құрақтан естідім.

Бұғымүйіз, Бесмойнақ

Гүлдері тұр жатқа айтып,

Өсіріпті шыңның басына

Шынар етіп қасқайтып.

Қанша өзен ақса да,

Қаншама жел соқса да,

Қаншама күн батса да,

Қаншама таң атса да.

Қазақы жырдың төрінде

Сүйінбай ақын – Алатау.

Оқысаң жүрек селт етер,

Жансыз жартас селк етер,

Түңлігі желп-желп, желп етер,

Жайлауына өлеңнің

Сүйекең тіккен Ақ отау...

ЖАМБЫЛДЫҢ КИЕСІ

Хан тауының баурында,

Қазақтың асыл аулында,

Дүниеге келген дүр бабам.

Үркітпей нұрын жалғанның,

Бүркіттей шыңнан қомдандың,

Таныды сені бұл ғалам.

Сүйінбайдан бата алып,

 Ел тағдырын жырлаған.

Домбыра шертсе, от алып,

Ғасырлар үнін тыңдаған.

Бабалар даусын жеткізіп,

 Ағызса жырды тынбаған.

Өзен боп өмір өткізіп,

Толқындар болып тулаған.

Сөздерің шоқтай жанатын,

 Сексеуіл болып құмдардан.

Күндер боп қағып қанатын,

Айлар боп түнде нұрланған.

Теңіз боп бірде тебіреніп,

Қарсы алған оймен таңды алуан.

Қобыз боп бірде күңіреніп

Абыз боп бірде толғанған.

Құлманбетпенен айтысқан,

Айтысса шыңнан қайта ұшқан.

Досмағамбеттен сөз тартып,

Құшақ та құшақ ой құшқан.

Кездесіп ақын Шөжемен,

Шашубайменен шарпысқан.

Жайылған даңқы Жамбылдың,

Аталып аты әр тұстан.

Жинаса кәрі, жастарды,

Жырласа аңыз, дастанды.

Сілкінткен жерді даусымен,

Күңіренткен алып аспанды.

"Ләйлі - Мәжнүн", "Қыз Жібек",

Төгілткен ғашық лебізін.

"Шаһнама" менен "Мың бір түн",

 Шайқалтқан жырдың теңізін.

"Шора", "Өтеген", "Сұраншы",

"Орақ – Мамай", "Едіге",

"Қабанбай" мен "Бөгенбай",

Ту тіккен қазақ жеріне.

"Ерназар мен Бекетті"

Үлгі еткен қазақ еліне.

Мол мұрасын толғанып,

Домбырасын қолға алып,

Қабағын қағып, қанатын

Қырандай ұшқан қомданып.

 Хас тұлпардай көсілсе,

 Соңынан өрген шаң қалып,

Әулие қартқа  табынған,

Үлкен де кіші таң қалып.

Жайылған елге атағың,

Иығыңда зерлі шапаның,

Қарт домбыра серігің,

Басыңда құндыз бөрігің.

Сөз соққан ұстам – сен едің,

 Қыздырған жырдың көрігін.

Абай менен Махамбет,

Төгеді маған алдан нұр,

 Бұлақтай мөлдір сөз құйған,

 Бастаған өзің – жол даңғыл,

Кім не десе, о десін,

Киемнің бірі, сен – Жамбыл.

 Мен бір туған қара өлең,

Иемнің бірі, сен – Жамбыл.

Аттанған өзің жол да алыс,

Киең бар – Қызыл Жолбарыс.

 Түсіме менің кір, бабам!

Қыран боп ұштың өңімде,

Үйімнің тұрсың төрінде,

Желеп те жебеп жүр,бабам!

СУЫҚТӨБЕ  СУРЕТТЕРІ

Суықтөбе сарыторқа гүлді беткей.

Көз алдымнан суреті тұрды кетпей.

Тау суына шомылған сырғалы қыз,

Құшағыма келсеңші дір-дір етпей.

 

Жамбыл-Жәкем жүрген жер атқа мініп,

Маңдайымнан сүйеді мақпал үміт

Екі таудың құз бөлген ортасынан

Түсетіндей көк аспан ақтарылып.

 

Тау өзені суығы мидан өтер,

Асау Қастек үстіме құйма бекер.

Елеусіз бір үстірттің қойнауынан

Қураған тал сирағы сидаң етер.

 

Қожыр тастар, қой тастар, арқар тастар,

Найза тастар, нар тастар, қалқан тастар.

Мықты болсаң, аспанға шығып көр деп,

Түз қыраны аршадан арқан тастар.

 

Күннен шыққан отпенен жанған тастар,

Балбал тастар, обалар, қорған тастар,

Құз басында сырласқан зеңгір көкпен,

Адам қолы жетпейтін арман тастар.

 

Ентелеген дәу жартас құлайтындай,

Құлатпа, – деп, Құдайдан сұрайтындай.

Суықтөбе не деген жәннат едің,

Саған келсем, қоймайды сыр айтылмай.

 

Сыр айтылмай, қоймайды жыр айтылмай,

Бұлт жақын кеп көз жасын бұлайтындай.

Қына басқан жер тастар алуан түсті

Ғажайып бір мозайка құрайтындай.

 

Кісі бойы көк шалғын, арналы сай.

Ат тұяғы мөр басқан таңбалы сай.

Биіктіктен басыңды айналдырар,

Төмендемес тәкаппар тау намысы-ай!

 

Суықтөбе Сүйінбай ізі қалған,

Тау суыңда барады жүзіп арман.

Сарыжазықтай жайлаудың жүрегінен

Бір сұлу қыз бүлдірген үзіп алған.

 

Шерттім сонда іштегі күйімді көп,

Ақ қайыңдар алдыма иілді кеп,

Таудан ескен самалдың сәруарынан

Осынау өлең кеудеме құйылды кеп.

 

ҚАҒАНАТ

Жұматай Жақыпбаевқа

Жұмағұл-Шора  азан сап қойылған атың,

Жұматай ағам, ғажайып шайыр болатын.

Қырыққа келген кезінде бекзаттық қонып,

Қырандай еркін қағатын дәйім қанатын.

 

Көрдім мен оны жігіттің сұлтаны еді,

Ләйләдай әнін көзінше шырқады елі.

Төркінін бүгін іздейді шұғынық гүлдер

Қызғалдақ толы қазақтың қырқалы, белі.

 

Қияқ мұртыңыз есімде қиылып тұрған,

Күлкіңіз менің жадымда жымиып тұрған.

Жаратқан тәңірім ертерек алып кеткені-ай,

Жаралған жандай жүруші ең құйылып нұрдан.

 

Костюм киюші ең жарасты былғары қара,

Өзіңді шыңға шығарып шыңдады дала.

Түтініндей боп шылымның санаңды улап,

Шырмауықтайын жаныңды шырмады қала.

 

Көрдім мен сені Олжаспен, Асқармен көрдім,

Аласармайтын Өтежан–Аспанмен көрдім.

Қаламын тастап шарабын сіміріп тұрған,

«Қаламгердегі» әртүрлі бастармен көрдім.

 

Сен бірақ Төрем, бұзылмас қағанат құрдың,

«Саратаныңмен-ақ» даусыңды даралап тұрдың.

Мейірхан мен Әбішті «илхам» деп танып,

«Сайд» деген шенді бір кеште маған лақтырдың.

 

Нояндар және қаншама қасыңа ерген,

Қайтқанда сенің жер құшып басыңа келген.

Бауыржан, Есжан, Нұрландар жарқырап жанып,

Өз ұшқындарың еді жұлдыздай шашырап өлген.

 

Кәдірбек, Нұрлан, Қазбектер нояндарың ғой,

Қызығына мынау өмірдің тоя алмадың ғой.

Мұратбек, Қайрат, Светтер жоқтаса-дағы,

Оянбадың ғой, қағаным, оянбадың ғой.

 

Есенқұл, Ертай, Нүсіптер нояндарың ғой,

Балына мынау өмірдің тоя алмадың ғой.

Айсұлу, Гүлнар, Жания жыласа-дағы,

Оянбадың ғой, қағаным, оянбадың ғой.

 

Өтірік емес, Қажытай, куә бәріне,

Інілеріңнен жауһар жыр туады әлі де.

Кенежиреніңді ерттеп-ап шықшы бір күні,

Сарноқайдағы сағынған құба беліңе.

 

Күйсіз мен күттім өзіңді әуенсіз күттім,

Қазағыма қонған ақ қанат өлеңсіз, құттым!

Өзегімізді өртейді жалғыз өкініш,

Тата алмай кеттің тұз-дәмін тәуелсіздіктің.

 

Ата алмай кеттің Айкүннің ақ таңы болып,

Жана алмай кеттің Астана оттары болып.

Сіз жазбай кеткен жырларды қалы кілемдей,

Біз отырамыз түндерде топталып өріп.

 

Сағындым сені, Ағатай, түсімде көрдім,

Қызғалдақтардың қаптаған ішінде көрдім.

Кететініңді, өмірден  өтетініңді,

Білмеймін бұрын қалайша түсінбегенмін.

 

Биіктен қарап тұрасың үзбеген гүлге,

Жырыңнан сені табамыз іздеген күнде.

Құттықтаймын сізді Жұмаға, жарқырап тұрып,

Жаңа ғасырға келдіңіз, бізбенен бірге!

 

ҮШТӨБЕ. ҚАЙРАТТЫ ЕСКЕ АЛУ

 

Бауырында Қараталдың жатқан бауырым.

Көрдің бе бүгін таңды атқан, бауырым

Қапыда ажал оғы  тиді-ау саған

Ауылын аңсап аттай  шапқан бауырым .

 

Құлады биікте еркін ұшқан бауырым,

Айырмаң жоқ еді ғой құстан бауырым

Аққанат, алпамсадай тұлғасымен,

Қапыда қара жерді құшқан бауырым.

 

Сен едің жан аямас, шын арысым,

Жоқ қазір жырдан басқа жұбанышым.

Аққудай сыңарынан  айырылған,

Жүзеді айдыныңда  Қуанышың.

 

Дос іздеп  қиналғанда, керек бауырым

Сағындым.  Сенің орның бөлек, бауырым.

Соңыңнан  Дәулеткелді, Алланазар

Келеді өсіп жасыл желек, бауырым.

 

Үштөбе. Сол баяғы сол Үштөбе.

Кеудемді кернеп кетті  ағыс көне.

Бір кезде шығарып сап, қарсы алатын,

Сен болып қол бұлғайды таныс төбе.

Ілестің Жұматайдай  бір  төреге,

Бізге арнап  енді Қайрат гүл тере ме?!

Тірлікте Үштөбені көп айтушы ең,

Айналдың сен өзің де бір төбеге.

Кетіп ең құйыңдатып Ақтабанмен,

Қаратал қайтара ма жоқтағанмен.

Қасыңнан ауылыңның барам өтіп,

Қайтейін өзің жоқсың, тоқтағанмен.

СТУДЕНТТІК ДӘПТЕРДЕН

Далада қыс, сұрықты алған,

Қайрат кеткен Қараталға.

Сәлем берем тұрып таңнан

Сәлде оранған Алатауға.

Басты ойымда шабыт қалың,

Мен де отырмын тұманданып.

Көрсетпейді анық бәрін

Терезем де қырауланып.

Көңілсіз бір ой да өрілген,

Елегізіп, езілемін.

Қырау-қырау әйнегімнен

Мөлдірлікті сезінемін.

Дос дос па еді қарсы алмаса,

Кидім аппақ көйлегімді.

Болғаны тек шаң шалмаса

Сенің көңіл-әйнегіңді.

Сезінемін сезімдерді

Сергітетін дауыл-жырды.

Сілкінетін кезім келді,

Сілкіп тастап ауыр мұңды.

Сәлем бердім тұрып таңнан

Сәлде оранған Алатауға.

Далада қыс, сұрықты алған,

 Қайрат кеткен Қараталға.

 

  БИКЕН АПА

Ел-жұртты еңбегімен жалт қарата,

Сенімін ұрпағына артқан апа,

Сөндірмей ата-анаңның жан алауын,

Тағдырдың тауқыметін тартқан апа.

 

Атырдың көзіңді ілмей ала таңды,

Кім білмес сіздегі ыстық алақанды.

Су сепкен қанатымен қарлығаштай,

Баулыдың талай-талай балапанды.

 

 

Білімнің бал-шырынын, нәрін беріп,

Оқыттың сан шәкіртке тәлім беріп,

Күйшінің көкірегінен күйін көріп,

Әншінің жүрегінен әнін көріп.

 

Талабы тасты жарып, тауды бұзған,

Қаншама шықты азамат алдыңыздан.

Кешегі мұзбалақтар қыран болды,

Тұғырын тапқан бүгін қарлы-құздан.

 

Лепсідей лықсып, толқып ағады өмір,

Сіздегі өзгермейді бала көңіл.

Оянды қызыл-жасыл келбетімен

Боянып алуан түске дала небір.

 

Пойыздар ағылады теміржолда,

Сіздегі өзгермейді көңіл жорға.

Бақытың – ұрпағың мен шәкірттерің

Осынау алға тартқан өмір жолда.

 

Қалды артта жүрегіңе мұң таққан күн,

Тойыңда жұрағатың шырқатты әнін.

Сәкен, Мәкен, Жаңылды, Үмітбала,

Серікболдан тараған ұрпақтарың.

 

Білесің босқа уақыт өтпегенін,

Далаға еңбегіңнің кетпегенін,

Тілейді ұзақ ғұмыр өзіңізге.

Жайқалған жапырағы көк терегің! 

 

Оқи отырыңыз