Омар төре

Омар төре

Шекара кардонынан қашқақтаған бес жігіт Жүзасудың таутеке тұяғы әзер сияр тар соқпақтары арқылы өтіп, Матай тауының бөктерімен жүріп отырды.
– Сол маңда ауыл болуы керек, бөтен таба қоймас деп қоянкөзден аулақ кетіп, тау ішіне ұзай барып қоныпты, – деді алда келе жатқан Бекен бұрылып. Омар төре «Бастай бер» дегендей, ишара етті. Жыл өткен сайын бәлшебектер күшейіп келеді. Шекара күзеті де мығым. Бұрын емін-еркін өтіп жүрген тұста Аралтөбе, Бірлік деген атаулармен құрылған артельдерде де белсенділер көп, «кедей теңдігі» дегенге бөріктері қазандай болып құлшынып жүр. Аямайды. Жеті атасы жарымаған Сәрсеннің артельге басшы болып, елді бір қамшымен айдап жүргенін естігенде Омар әуелі күліп еді. Кейін аталастың біразын айдауға жібергенін естігенде күйіп кетті. Намаз оқып отырып жел жіберіп қойғаны үшін жұрт  «тырқылдақ молла» деп атап кеткен, дүмше Тәкенді ұстатып жібергені тіпті есі дұрыс адамның ісі емес. «Құл құтырса құлағыңнан қиқу кетпейді». Қайран Құдияр ағасы  әулие екен ғой. Ескіден келген елдікті, атадан сіңген өрлікті сақтаймын деп жүріп ол да өлді. Алты мүшелден асып кеткен қартты ату жазасына кесіпті...
Омар төре бетін сипады. Сосын жүрісті жылдамдатпақ болып Сүлікқарасын тебінді. Бұл жануарды екі жыл бұрын осы маңнан, Қытай асып бара жатқан бір көштен  тайтұяқ күміске айырбастап алып еді. Тау түлігі екен. Әр тасқа тұяғын тік салып, тайпалып береді. Тау-тасқа аттың аты жүреді ғой, егер еркіне жіберсе жігіттер ілесе алмайды, тек Бекеннің торысы қара үздірмес. қайқы құздың батысын ала ет пісірім жүргеннен кейін алдарынан жартас шықты. Бекен қолын көтеріп белгі берген. Бәрі тоқтап аттан түсті де елу-алпыс қадамды жаяу өтті. Жартастың арғы бетіндегі шор жота тасасынан киіз үй төбесі көрінеді. Әріректе тағы төрт-бес үй тұр. Бекеннің ауыл дегені осы бас сауғалап жүрген  алты үй екен. 
– Мен жақынырақ барайын, – деп Бекен бүкшиген күйі алға жүгіре жөнелді. Жер бауырлап жатып, біраз тың тыңдады да кері қайтты. Бұлардың қасына келіп, тасқа арқасын сүйеп отыра кетті де сыбырлай сөйледі: 
– Мына үйдің алдында ерттеулі жеті ат байланып тұр. Ер-тұрманына қарағанда солдаттар болуы керек. Жылаған дауыстар шығып жатыр...
Ол Омарға қарады. Төре ләм деместен жаңа Бекен барған тұсқа өзі беттеді. Жігіттер де бой жасыра соңынан ілескен. Діттеген тұсқа жетіп, бәрі қатарласа жатып, ауылды барлады. Үйлер алақандай жазыққа айнала тігілген екен, Бекен айтқан жылқылар тұр. 
– Ананы қараңдар?! – деді Қаби сұқ саусағымен үйдің оң жағын нұсқап. Омар сәл оңға ысырыла қарап еді, үй жанында құлап жатқан жігітті көрді. Әріректе тағы бір-екеуі жатыр. Еркек біткенді атып тастаса керек. Алты қанат, жұлым киізді қара үй жақтан әйелдердің жылағаны естіледі. Бір мезет қарқылдап күлген дауыс пен орысша шүлдірлеген сөздер естілді. 
– Түсінікті, – деді Омар. – Болары болыпты... сәл тосайық, олардың саны бізден көп, қарулары да бар.   
– Тәуекел етсек... Бекеннің тісі шықыр ете түскен қамсыз секілді ғой...
– Доғар! – деді төре сұстанып. – Сәл күн еңкейсін... сосын...
Жігіттер қайта жартас тасасына барып, жамбастай жатысты. Ешбірінде үн жоқ. Бір тастың үстінде түнеріп төре отыр. Қаби мен Қанай аттардың айылын босатып, ерді сәл шоқтыққа қарай ысырып, қалмақша байлап тастады. Манадан жылқыларды ұстап тұрған Ерназар да осыдан кейін ана екеуімен бірге келіп, бұлардың жанына отырды. 
– Иттер... Омар төре күбір еткенде жігіттердің бәрі елең етіскен. 
– Қайтеміз? – деді Қаби. Үнінде зіл бар. Омар ойланып қалды. Қылыш, маузапанмен қаруланған шекарашыларға қайрат көрсете алмайсың. Жанындағы төртеу – Күреңбелдің жігіттері. Мына ен жайлау, тау, ұшқан құс, жортқан аң, жорғалаған жыланға дейін ықылым заманнан осылардыкі еді. Ата-бабасының табанының табы қалған туған жеріндегі солдаттардың лаңына іштегі ашу бұрқ-сарқ қайнап, шыдатпай-ақ барады. Кеттік десе дәл қазір солдаттарға жалаң қолмен лап қойғалы отыр. Бәрі өлімге тік қарайтын сайыпқырандар. Ондай болмаса төре жанына ілеспес еді...
– Сәл шыдайық...
Күн еңкейіп, айнала алакөлеңкеле бастағанда Омар қозғалды, жасы кіші Ерназар аттарға қарай жүгіре жөнеліп еді, төре ыңғайын ұққан Бекен тоқтатты.    
– Тоқта! Ат үстінде атойлап кіретін іс емес...
Бұлар баспалаған күйі киіз үйлердің бірінің тасасына жетті. Осы кезде үй ішінен еңгезердей солдат шыққан. Керіліп алды да дәл тұрған жерінде талтайып дәрет сындырды. Үй ішіндегілерге дауыстап бірдеңе айтып тұр. Сол сөйлеген қалпы қайта кіріп кетті.  Омар өліп жатқан қазақ жігіттерінің бірінің мойны қиялай шабылғанын көріп,  Бекенге ымдап еді, анау байқадым дегендей ишара жасады. Атты әскер қылыш суырып үлгерсе жігіттердің жағдайы мүшкіл болмақ. 
Бекен солдаттар жатқан үйге қарай емпеңдей жөнелді. Омар сыртынан сүйінген. Орта бойлы, қаршыға қабақ, жауырынды, бұлшық еттері бұлтыңдаған осы қараторы жігіттің өзіне серік болғанына үш-төрт жылдың жүзі өтті. Оқтан қаймықпайтын батыл, алысқанын алып ұратын апайтөстігі өз алдына, көкейіндегісін айтқызбай ұғып, тез тындыратын әбжіл. Басқа серіктері де осал емес. Артық етсіз, сіңірлі, екі-үш адамды оңай сұлатып салатын ерен, еңсегей бойлы, білегі жуан балуандар.    
Бекен жеткен кезде Қаби мен Қанай да солай тездете бастады. Жігіттер ыңғайланып алғанда Омар төре есікке беттеді. Манадан бергі ашу-ыза алқымын қысып, кең адымдап, аяғын нық басып келеді. Төренің мынасына аңтарылып, Ерназар тұрып қалып еді. Омар үйге жете бергенде Бекен лып етіп алдына түсіп, мұны қолының сыртымен сәл ығыстырды да ақырып, ішке қойып кетті. Қаби мен Қанай Омарды итере ұмтылды. Шыңғырған әйел дауысы шықты. Жан-жаққа қарауға мұрсат жоқ, жігіттер араққа тойып алып, жер дастарқанды айнала жатқан солдаттардың үстіне қона кетті. Омар қанжарын суырып, босағада сүйеулі тұрған мылтықтар қасына тұра қалған. Ерназар сол мылтықтың бірін ала салып,  төрттағандап қашып жүрген солдатты бастан мылтықтың дүмімен төпелей жөнелген. Үй іші астаң-кестең. Жылап-сықтаған әйелдер мен балалардың дауысы. Жігіттер масаң солдаттарды үйме-жүйме етіп ұрып, сілейтіп салды. Бекеннің ашуы басылар емес. Бүрісіп жатып қалғандарды тепкілеп, тапаншасының түбімен қойғылап жүр. Ерназар да мылтық дүмін үш-төрт қайтара сілтеді. Ұрғаннан қолымыз талды-ау дегенде ғана олар кіресілі-шығасылы есі бар солдаттардың қолын қайырып байлауға кірісті. Омар төр жаққа қарай алмай көзін тайдырып әкетті.  Омырауы дал-дұл жас келіншек ыңырсып жатыр. Тағы бірі кеудесін қолымен жауып, зар еңіреп отыр. Бес-алты бала мен үш-төрт кемпір қасқырдан ыққан қойдай жүктің бұрышына тығылыпты. Мына көрініске шыдамай төре далаға шығып кеткен. Жігіттер әлгілерді сүйреп әкелгенде Омар қанжарын қынына салып, қос бүйірін таянып тұрған. Түрінен адам шошиды, қабағы түксиіп, көзі қанталап кетіпті. Үй ішінен Ерназар жылап шықты: 
– Өлтірем әкең...Өлт-і-р-е-м! 
Жиырмадан енді асқан жігіт еңгезердей солдатты бүйірден бір теуіп, мылтығын оқтай бергенде Қаби қағып жіберіп, төреге қарады. Әмір күткені.   
– Ағатай...
Омар маталғандардың біріне жалт қарады. Шикілсары, көзі тұздай бірі таза қазақша тіл қатты. 
– Ағатай... мені өлтіре көрмеңізші...
Омар әлгінің алдына жүрелеп отырды. 
– Кімсің? 
– Есімім – Наби, татармын... 
Омар оның ашық-шашық омырауында жылтырап тұрған кресті байқап, саусағымен іліп, бері тартты.
– Шоқынғанмын... ағасы... кешіріңізші... аудармашымын... мен бір бейбақпын... Бір көзі жұдырықтай болып ісіп кеткен Наби еңіреп жіберген. Қаны басына шауып, еліріп тұрған Бекен әлгіні  бір ұрып еді,  Омар төре жақтырмай қарады. Сосын: 
– Босат мынаны, – деді. Бекен төре бұйрығын түсінбей алара бір қарады да Набидің қолын шандыған жіпті кесіп жіберді. 
– Тұр, – деді Омар төре Набиге қадала қарап, анау түрегелді: – Отыз қадам ұза. Жартасты көрдің бе, соған дейін қашып, тасасына тығылып үлгерсең таза болғаның, шыбын жаның өзіңдікі. Үлгермесең...
Төре Ерназарға иек қақты. Иі жұмсақтау болғанымен қарауылға ілінгенді қалт жібермейтін жігіт мылтығын оңтайланып тұра қалды. Төренің Ерназар арманда кетпесін деп бір мәрте оқ атқызғалы тұрғанын Бекендер де түсінді. Көзінен жасы сорғалаған Наби шегіне берді, төрт-бес қадамнан соң  бұрыла сап, өрге қарай қаша жөнелді. Жалтаң-жалтаң қарап, оқ дарытпайын дегендей бұралаң сап барады. Ол отыз қадамнан да ұзап кетті. Ерназар шүріппені саусағымен сипап әлі тұр. Жартасқа он қадамдай қалғанда Қанай шыдамады:
– Өй, ат! Құтылып кетеді. 
Олар Омардың екі сөйлемейтінін білетін. Жартасқа жетсе ана татар жазадан құтылып кетеді. Осы кезде мылтық гүрс еткен. Наби жалпасынан түсті. Етекке домаламай, сол оқ тиген жерінде қалды, аяқ-қолы тырбиған бақадай жинаусыз қалған. Ерназар өз-өзіне сүйінгендей мылтықты сипап қойды. 
– Мыналарды не істейміз? 
Бекен солдаттарды меңзеп еді, олар жамырап қоя берді. Өз тілдерінде бірдеңе деп бақылдап жатыр. Қаби: 
– Жап аузыңды! – деп бірін нұқып жіберген. Қайдан, алтауы алты жақтан былдырлайды. Омар ақырып жіберді.
– Молчать! Я – Омар, сын Муртазы, буду вас казнить!  Позор этих женщин не смоеть даже ваша вонючая кровь!
Сұсты қазақ таза орысша сөйлеп сала бергенде әлгілер жым болған. Сауға жоғын түсіністі. Жігіттер де аңтарылып қалыпты, атақты Абылай ханның баласы Әділ сұлтаннан тарайтын төренің басқа тілде сөйлегенін көргендері осы.  Омар бұларға бұрылып: 
– Жазалаңдар, – деді. 
– Қалай?
– Өздерің біліңдер... – осыны айтып Омар анадайда тұрған бір үйге беттеп, керегесіне арқасын сүйеп отыра кетті де  қос қолымен шекесін сығымдады. Осы кезде қорланған келіншек сыртқа шыққан. Шашы жайылып, ашық омырауын жартылай жауып, сүйретіліп келеді. Қолына солдаттардың бірінің қылышын ұстаған екен. Ұшымен жер сызып, аяғын әзер басып, ілбіп келеді. Ол жақындаған сайын тұтқындар бір-біріне тығыла түсіп, тықсырылып барады. 
– Қарабеттер...
Жылай-жылай дауысы қарлығып қалған келіншек осыны айтты да қылышты тік көтеріп ұшын өзіне бұрды. Ешкім тоқтатуға тырыспады. Езуінен қанды көбік сыздықтаған келіншек етбетінен құлаған кезде жігіттер тұтқындарды тағы тепкілей жөнелді. Қантүлегеннен  жүзі күреңітіп, көзі ақшиып кеткен Қанай солдаттардың аттарына беттеді. Бірінің айылын тартып мінді де екіншісін ағытып, шылбырын кездігімен шарт қиып, қолына алды. Атын ойнақтатып, тұтқындардың жанына келіп Ерназарға шылбыр ұшын тастап: 
– Сал мынаны бірінің мойнына, – деп ақырды. Бұл кезде Қаби де бір атқа мініп үлгеріп еді. Екеуі солдат мойнына орай салынған қайыс шылбырды екі басынан кере тартып, төмен қарай шаба жөнелді. Көзі алақтаған ана солдат  аз ғана қарсыласып,  табанымен жер тіремек болды да, тақымға түскен лақтай кете барды. Жігіттер біраз жерге дейін шауып барып, кері қайтқан. Солдаттың өлігін қалған бесеудің алдына әкеп тастай салды. Шылбыр қыл мойынды қиып жіберген екен. Солдаттардың жастауы пырс-пырс жылап отыр еді, мынаны көріп бақыра жөнелді.  
– Мынау бұтын былғады, – деді Бекен ат үстінде тұрған екеуге қарап ызалана күліп. Сосын сәл ойланып тұрды да: – Бұлай болмайды. Сасық текеше бауыздаймын бәрін, – деп шорт кесті. Бұл кезде Омар төре еңсесі түсіп, Сүлікқарасы қалған жаққа кетіп бара жатыр еді. 
– Мына сұмдықты он жылдан бері қан кешіп жүрген Омекең көтере алмады,  қазақты жылатқанның текеше бақырған үні алысқа кетсін, жігіттер, айдаңдар бәрін жота басына, – деді. 
***
Жеті шекарашыны шалған Омар төре жігіттерінің дақпырты алысқа кетті. Ауылдарды аралай тексеріп жүрген отрядтардың беті қайтып, қазаққа тиісуге кәдімгідей сескеніп қалып еді. Комиссарлар қалай да кек алмаққа жоспар құрып, арнайы отряд жасақтағанын, оған тау соқпағын бес саусағындай білетін Қабыкен дегенді қосқанын төре естіді. Бірақ, қоянжүрек Қабыкен ізшіл иттей қай шатқалдың аузында иіскелеп жүрер  дейсің деп, аяғын тартпады. Оның үстіне бес-алты жыл бұрын үйі аштан қысылғанда Омардың жақсылығы өтіп еді. Тауға тыққан малынан бір тайды сойдырып, жеткізіп берген. Тау кезіп, шекара асып жортып жүрген жігіттердің қызыл саясат кесірінен құрсағы қурап қалған елге өстіп көмектесетіні бар. Соңғы жылы тіпті қайран ете алмады. Басқан іздері аңдулы, бір үзім нан таппай қырылып жатыр дегенді естігенімен, жазыққа бара алмайды. Солдат көп. Ал тау баурайындағы қазақты әрі көшіріп әкеткен. Тек шекараға керек артельдер қалған, олар жабайы алма, рауғашты, ебі бар жігіттер атып әкелген аңды қаужап, аман отыр. Өткенде Бекендер түн қатып Түлкілідегі жымдармен жүріп отырып Қоғалы маңындағы бір-екі ауылға азын-аулақ ет, бір-екі қап бидай апарып берген еді. «Сұмдық» – деп оралды. Жолай күп болып іскен өліктер көріпті, «Қашқан ауылдарды бәлшебектер қоршауға алып, пулеметпен қырып тастады» – дегенді естіпті. Оларды шекарадан алып өтуге дайындалып жүрген Құндақбай мен жігіттері әзер құтылыпты. 
Жатпен бірге жағадан алған иттіктің де бір шегі бар шығар, – деп ойлайтын Омар төре. Осы сапарға «Бұрынғы жақсылығымды ұмытпаса Қабыкен мені қақпанға түсіре қоймас» –  деп секемді сенімге жеңдіріп аттанып еді. Өзі алда, әдетте алдыны барлап жүретін Бекенмен қатар келеді. Керегетасқа жақындағанда бір-екі кекіліктің пыр етіп ұшқанын көріп, ат үстінде қалғып келе жатқан Бекен басын жұлып алғанда қала тұр дегендей ымдап,  алға жалғыз кетті. Сенгені – Сүлікқара. Қатер болса ешкім қуып жете алмас. Керегетастың аузынан өткенше еш қауіп байқамады, жігіттеріне ысқырып белгі бермек болып, үзеңгі шіреп, ер үстіне көтеріле  бергенінде гүрс етіп мылтық үні шықты. Омар төре қос қолымен ішін басып, бір жаққа ауып түсті де Сүлікқара ойнақтап шыға келген. Алпыс қадамдай жердегі тастардың тасасына  жасырынған ГПУ қызметкерлері бұған қарай жүгіргенде жандалбаласап тізеге көтерілді. Сосын жігіттері қалған жаққа қарап:
– Кетіңдер, Бекен! Кетіңдер! – деп айғайлады.  Бұл кезде Ерназар шауып бұған жетіп те қалған еді, төрені іліп әкетуге қол созым қалғанда тағы мылтық үні шықты. Ерназар қалпақтай ұшқан. Омардан екі адым жерде көзі аларып, жантәсілім етті. Осы мезетте  милиция да жеткен. Омар Ерназарға қимастықпен бір қарады да ішін ұстап бұрала берді. Мұндай азапты ол өмірі көрем деп ойламаған еді. Бауырын мың құрт жеп жатқандай іші өртеніп барады. Әлсірей бастаған Омар шалқасынан жатып, өзіне төніп тұрғандарға қарады. Мұрты едірейген Қабыкенді таныды. Басындағы жиегі  қырқылған бөркінің маңдайына қызыл шүберек тартыпты. Омар оның қолында шиті тұрғанын көрді, бұны азапқа салған осының оғы. 
– Ит екенсің... Аттым сені, Қабыкен, – деді төре қырылдап. Осыдан кейін созылып  сала берді. 
***
ГПУ қызметкерлері Омар мен Ерназарды сол күйі тастап, кері қайтты. Біраз ұзаған соң Қабыкен аттан түсіп, тас арасынан  бұрқылдап шығып жатқан бастаудан шөл басқан еді. Кешқұрым іші бүре бастады. Жолай қонғанда домаламамен ауырған адамдай дөңбекшіп, таңды әзер атырды. Атқа мінуге әлі жоқ еді, іші алып барады. Қабыкен Қапалға жетпей көз жұмды. Дәрігерлер оның ішіне бастаудан құрт түсіпті десе, былайғы жұрт «Опасызға Омардың назасы өтіпті» – десті.  

  
 Серік ӘБІКЕН,
«Парасат» журналының 
бас редакторы.

Оқи отырыңыз