Әже, еретегі айтып беріңізші

Әже, еретегі айтып беріңізші

ЕРТЕ ЕРТЕ. ЕРТЕДЕ. Ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен... Сәл дем алып барып ары қарай жалғасатын ертегілерді естімегелі қанша жыл?!Біздер қай­та бұл сөз­ді естіп өстік қой. Бүгін­гі­лер ше? Олар мұны тек біздің ауыз­дан ғана естіді. Сон­дық­тан да бүгінгі біздің қоғам әжелер мек­тебіне зәру.

Балалардың бәрі ұйып тың­дайтын көптеген ертегінің соңын­да мұратына жетіп, бақытты бо­лып жататын. Біз болса арманның ақ кемесіне отырып алып, біраз тәтті қиялға белшемізден батып та кете­тінбіз. Қайран балалық шақ-ай, десеңізші?! Бес айналып барсаң да таба алмайтын балдай тәтті сәт­тер-ай?! Қазіргі балаларға бұрын бізде сондай болған, әже­ле­ріміз батырлар жырын, арысы «Ұртоқ­пақ» берісі «Мақта қызды» айта­татын деп көріңізші. Көздері бақы­райып, ауыздары ашылып «не айтып тұрсыз?» деуден тайынбай­ды. Олар үшін бұл құдды аңыз іспеттес. Бірақ бұл ақиқат. Олар ертегіні фонтастикалық киноға ұқсатады. Сол себепті де біз қо­ғам болып әжесіз өсіп келе жат­қан бүл­діршіндердің болаша­ғына алаң­дауымыз қажет. Өйткені бү­гінгі тәй-тәй басқан балақандар ертеңгі болашақтың иелері.

Мәселен, өз басым шамамен, он жастан асқан кезде әженің аялы алақанын аз да болса сезін­генім бар. Туысқан әжеміз үйімізге жиі келетін. Сондағы мақсаты – сіңлі­сінің немерелеріне әжелік махаб­батты сезіндіру. Туыстық қа­рым-қатынастың үзілмеуін жіті қа­да­ғалау. Үлкендердің осы қа­сие­ті әрқайсымыздың бойымыздан та­был­са ғой деп армандасақ та ар­тық болмас. Сонда ғана ағайы­ны­мыз ауызбірлікте, атымыз көп, абысынымыз тату болып, асымыз бен атымыз көп болар еді. Негізі бір ой бір ойды қозғап кетеді. Бірін айтып екіншісіне кетті деп сөкпе­гей­сіздер. Дегенмен, бәрінің де астары бір. Бірақ әңгіменің ауанын басқаға бұрмайық. Жаңағы әжеміз сол кездері жетпістің бесеуінде болса керек. Ауыр сөмкелерін арқалап, базарлығын таратып болған соң бізге аңыз, әңгімелерін жұмсақтап айтып, жеткізетін. Мұндайды жиі естімейтін біздер қаумалап әже­мізді қоршап ала­тынбыз. Егер ол кісі біздің үйімізде тұрғанда немесе біздің әжеміз біраз өмір сүргенде біз мүлде басқаша тәлім мен тәр­бие алар едік. Құдайға шүкір. Әкем мен анам да шамалары келгенше бізге біреудің ала жібін аттамауды, өтірік айтпауды, шындықтың шы­рағ­данын ешқашан да сөндір­меуді үйретті. Ата-ана салған сара жол­мен жүріп келеміз. Дегенмен де, әже мектебінің білімі, тәлімі мен тәрбиесі өте жоғары әрі терең екені бесенеден белгілі. Ертегі, әфсаналарды айтқанда да сол кейіпкердің образын сомдағанда бірден жаман мен жақсыны, адал мен арамды, ақ пен қараны ажы­ра­­туға машықтанып қалатынбыз. Мұны тіпті, арнайы мамандар да зерттеген деседі. Ертегі тыңдап, ата-әжесінің қолында өскен бала мен тек теледидар мен телефонға телміріп өскен баланың ой-өрісін, түсіну, түйсіну қабілеттерін салыс­тырған. Қорытындысында жер мен көктей айырмашылықты байқаған. Мүмкін сіз мұны жалған дерсіз. Егер сізде сенімсіздіктің бір пайы­зы болатын болса тәжірибе жасап көріңіз. Барлығы өз қолыңызда. Үлкен балаңызды атасы мен апа­сы­ның тәрбиесіне, ал екінші балаңызды өзіңіз бағып-қағыңыз. Көп ұзатпай-ақ нәти­жесін көретін боласыздар.

Күнде ертеңгісін жұмысқа шы­ғып бара жатқанда немересін же­тектеген шамамен алпысқа қадам басқан апай­ды жиі көремін. Ерте­ден ерте көз қуа­нышын таза ауа­мен демал­сын деп далаға шыға­ра­ды екен. Сөз тыңдай­тын балақан тыпыр­лап бір орнында тұрмайды. Балалардың әдеті бойынша: «Анау не? Мынау не? Құс деген не? Ол неге аспанда? Біз не­ге жердеміз?», дегендей сансыз сұрақ­пен апасының мазасын алады. Апасы да ерінбей, жалықпай сұраққа тұщым­ды жауап қайырады. Бірде сол кісімен сөйлесу­дің реті келе қалды. Әрбір тақырыпты бір қозғадық. Біраз әңгіме­нің бетін парақтап тастадық. Содан әңгіме ауаны ертегіге келіп тірелді. Апайым азар да безер болып, ертегі білмейтінін айтып, ақталды. «Құдай-ау, алпысқа қадам басып, ел анасы атан­ғалы отыр­ған жанның мұнысы үлкен қателік қой», – деп қойдым іштей. Апай бес жасқа толған немересіне бір де бір рет ертегі айтып көрмепті. Содан кейін де ол бала құстың, бұлттың не екенін білмей тұр. Егер де апасы «Қарлы­ғаш­тың құйрығы неге айыр?», «Асан мен Үсен», «Тазша бала» және тағы да басқа көптеген ер­тегіні айтса, бес жас тұрмақ үш жас­тағы балаңыз да тақыл­дап, айна­ла­сын­дағы құбылыстың аттарын сүрін­бей айтар еді. Жә, оған көз жұмып қарайық. Енді Сіз мына қызыққа қа­раңыз. Ертегі білмейтін, ондағы басты кейіпкерлердің есімін өңі тұрмақ түсінде естіп көр­меген орта жастағы аяулы ана сериал дегеніңіздің бәрін бес сауса­ғындай біліп отыр. Немересіне қарап: «Қазір сен жыласаң Каляни келеді де саған ұрысады. Сен жыламасаң саған Анан­ди тәтең келе­ді», – деп қояды. Мырс еткен күлкі маған бағынбай еріксіз естілді. Сонда ертегі білмейтін әже мен ертегі тыңда­маған бала үндінің кино­сын­дағы кейіп­керлердің атын атап, түрін түстеп тұр. Бірінші рет естігенде расы­мен де күлкің келеді. Үш қайнамақ түгілі бес қайнаса да сорпамыз қосыл­майтын үндінің қайдағы бір Анандиін «тәтең» дегеніне тіксініп қалдым. Кере­мет араласым болмаса да жасын сый­лап, ішім жылитын танысымның сөзі төбе­ден жай түскендей болғаны. Ел ана­сына айналған Ұмай, Домалақ, Зере, Ұлжан әжелерімізді айтпай, қай­дағы бір Каляниді айтқанына қаным қайнап, жаным ашыды. Үлкен­дері­міздің: «Мас­қара-ай, қай бетімді ұс­тайын, қай бетімді», – деп таусы­луы­ның да аста­рында бір мән бар екен ғой тегінде. Бұл жерде бет шым­шылап, сан соғып, бір күліп, бір мыс­қыл­дайтын жағдай емес. Бұл – ұлты­мызға төніп келе жатқан індет. Бәріміз үшін ТРАГЕДИЯ!

Біз қозғаған тақырып бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Осыған дейін де айтылды. Нәтиже жоқ болғандықтан тағы да біздің қаламға ілінді. Негізі қандай да бір іс болмасын әр адам өзінен бастауы тиіс емес пе? Осы жағын да біраз ойланып көрейік.

Самайын ақ қырау шалған апа­тайым, Сіз жатсаңыз да тұрсаңыз да еліміздің тыныштығын тілейтініңіз бесе­неден белгілі. Сол ниетіңіз үшін Сізге айтар алғыс таудан да биік. Алайда бір минут біз айтқан әңгіменің өзегіне ой салып көріңізші. Сіздің көз алдыңызда жаныңыздан да тәтті немерелеріңіз тай-құлындай тебісіп, асыр салып жүрген жоқ па? Олар өз­генің емес, сіздің ұрпақ қой. Әуле­тіңіз­дің ізін жалғасты­ру­шы­лар. Олай болса енді ғана бүр жарып келе жатқан жас өскіндеріміздің тамы­рына қазақы, ұлттық тәрбиенің дәнін егейікші. Жас­тайынан оларға балта шаппайық­шы. Күніне болмаса да апта­сына бір рет қана ертегі айтуды қолға алсаңыздар екен. Олардың кеудесінде бүлкіл­де­ген­ жұдырықтай ғана етке мейірім­діліктің, ауызбіршіліктің, бауыр­мал­дықтың, татулықтың, имандылық­тың шамшырағын жағып қойыңыз­дар­шы. Бала күнінде жанған шам дауыл соқса да өшпейтінін, бала күнінде алған білімі өскенде де есінде ұзаққа дейін сақталатынын сіздер жақсы білесіздер ғой. Мұны өмірдің көбін көрген, көңілге түрлі ой түйген Сіздер­дей асыл қазы­на­ларымызға айтқан ақыл деп қа­был­дамағайсыздар. Бұл жай ғана жү­рек­тен шығып жатқан ып-ыстық ұсыныс деп білгейсіздер. Сал­мақты ойларыңыз бен пайымды пікір­леріңіз тек бала­ларыңыз бен немере­леріңіз үшін ғана емес,қоғам үшін де өте құнды екенін естен шығар­маңыз­даршы.

Тақырыпқа орай

Бәзилә ӨМІРБЕКОВА, 72 жаста:

– Менің замандастарымның көбі: «Қазір ертегі тыңдайтын бала жоқ қой. Бәрі де ғаламтордың шырмауында шырмалып қалған», – деп қояды. Олай емес. Егер де ертегі айтатын әже болмаса, оны тыңдай­тын бала қайданболмақ. Менің жасым жетпіс екіде. Жеті балам бар. Солардың барлығын да үлкен енем арқалап, ертегі айтып өсірді. Қазір жетеуі де білікті басшылар. Олардың азамат болып қалыптасқанына ертегінің тигізген септігі зор деп ойлаймын. Енемнен көргенді бүгін мен де қайталап жүрмін. Немерелерім мектептен келгенше кітаптан бір ертегі оқып қоямын. Сосын кешкісін тамақ ішіп алған соң, оларды теледидар алдына телміртпеймін. Бірден ертегі айтуға кірісіп кетемін. Мен үйде жоқ кезде: «Ертегі айтыңдаршы. Әжем сияқты», – деп әкесі мен анасының есін шығарады екен кішкентай құлыншақтар. Сондықтан да әрбір бала ертегі тыңдап өскені жөн. Оны жөнге салатын әрине, біздер.

Бибінұр НҰРАХМЕТ, 55 жаста:

– Менің бес немерем бар. Алды сегіз жаста. Кенжесі үште. Мен оларға ешқашан да ертегі айтқан емеспін. Менің балаларым да ертегі тыңдамай өсті. Енем өмірден ерте өткендіктен, оларға ертегі айтатын адам болған жоқ. Менің өзім жұмыс деп жүргенде балаларымның қалай есейіп кеткенін де байқамай қалдым. Одан жаман болған жоқ. Ертегі айтылсын, айтылмасын балаға сана берсе болғаны. Қазір «Балапан» телеарнасы балаларға жақсы болды. Қалағанынша көреді. Теледидардан көрген дүние баланың есінде ұзаққа сақталады. Сол үшін де мен ертегі айтпаймын.

Ақжолтай Мұхамерқызы, 62 жаста:

– Бала күнімде әжемнің бауырында өстік. Күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде алпыстың екеуіне келсем де сол баяғы ертегілер есімде. Немерелерім келе қалса есіме түсіріп, айтып беруге тырысамын. Бірақ қазіргі түсінік басқа ғой. Ертегі айту үшін оларға тәтті беріп, алдаймын. Өйтпеске болмайды. Қазір ғаламтор дегеніңіз бәрін жіпсіз байлап қойды ғой. Осыған өзіміз де кінәліміз деп ойлаймын кейде. Дер кезінде жат әдеттен шектемедік. «Солар тыныш болсын­шы», – деп телефон да, планшет те сатып бердік. Алайда осының барлығы адам қолымен жасалды. Яғни, адам қолымен жоюға болады. Тек ниет болса.

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА

Оқи отырыңыз