Қызбала

Қызбала

Тезек қоламтасынан шудаланған түтін жер бауырлай жайылып, қолсозымда тұрған, тауды өрлей өскен қайыңның шетіне ілігіп,  баяу сіңіп жатыр. Отағасы Жәнібек «Көзден тасалау тұс екен, ешкім көре қоймас» – деп үйді осы Басқан мен Сарқан өзенінің атырауындағы Бірмойынның  етегіне тігіп еді. Қарсы бет – қарағай, қайыңы қыз бұрымындай төгілген Баянбай тауы, осы екеуінен асып түссең атақты Ақшұнақ. Соқпақ білер жұрт сол арқылы Қытайға кетіп жатыр. Жәкең туған жерді қимай орта жолда қалып қойған болатын. Таулардың әр шатқал, әр үңгірінде  өстіп жансауғалап жүргендер баршылық, дымын білдірмеу үшін топтаспай, жеке-жеке жүр. Туған жердің қабағы қату, жатқа барайын десе  – үрей... 

 

Қызбала шоқты шымшуырмен ығыстырып, таба бетін ашқанда жаңа піскен нанның иісі аңқып сала берген. Нанды сағыныпты, жүрегі сазды. Кеше түнде Жәкең бір жақтан жарты қап ұн әкеп еді, «Қайдан алдың?» демеді. Сұрайтын уақыт емес. Қанжығасы бос келгеніне қарағанда  атқан тауешкі, арқарына айырбастап әкелген шығар... Отағасы таңмен тағы аттанып кетті. 
– Шіркіннің  иісін-ай! 
Қызбаланың қолындағы шымшуыры түсіп кетті,  жалт қарап еді жалғыз ұлдары  Жанәділ екен, қолындағы су толы қос бақырды есік алдына қойып жатыр. Жасы жиырмаға келіп қалса да әлі отау құрмаған жігіттің бойы соқталдай болғанымен көңілі балаң.  Иі жұмсақ. Заман түзу болса аяғын тұсап, бұл енді немере әлдилеп отырар еді. Тәтті ой әсерімен ұлына жымиған   Қызбала табадан нанды алып, ұстатқан. Жанәділ жұқалтаң келген ыстық таба нанды құмарлана иіскеді. Сосын шетінен шымшып, «Біссімілла» деп аузына салды. 
– Қазір, апа, шай қойып жіберейін, құрғақ бұрмаламай,  ыстық  сумен жейік, – деп Жанәділ үйден шәугім алып шықты. Қызбала жымиып, нанды асадалдың үстіне қойды да беті шүберекпен жабық тұрған тағы бір күлшені алып, табаға апарып салды. «Осы шағын екі күлшенің өзіне шүкіршілік. Қалған ұнды үнемдеу керек...»
Аналы-балалы екеу дастарқанға енді жайғасып, бір-бір үзім нанды ауыздарына апара бергенде сырттан ат дүбірі естілген. Жанәділ далаға жүгіріп шықты да екі көзі алақтап қайта кірді. 
– Орыс... 
Бұл екеуі сыртқа шыққанда бердеңкесі шошаңдап, екпіндеткен әлгі үйге келіп те қалған. Келе қарғып түсіп, ақкөбік болған атының шылбырын мамаағаш орнына қойылған сидаң қуға іле салды да қайыс белдігін қос қолымен түзеп, сол қолымен қылышының сабын сығымдап, бұларға қарай алшаң басты. Еш имену, тіксіну жоқ. Ыржиып келеді. 
– Здрасте, товарищи киргизы-конокрады, дикарий-эмигранты...
Солдат жайдары көрінгісі келгенімен күн жеген баскиімі, соры шыққан кеудешесі сұс беріп, шегір көзі өңменнен өтіп барады. Қызбала мен Жанәділ шегіншектей берген. Үйде мылтық та жоқ.  Соңғы кездері Жәнібек тақымынан тастамайтын болған.
– Да не бойтесь вы! Не трону  я вас. 
Еңгезердей солдат Жанәділ әкеп қойған бақырды басына көтеріп рахаттана су  ішті де  жеңімен аузын сүртті. Қолына құйып, мойнын, алқымын шапақтады. Қызбала: 
– Қап, суды арамдады-ау, – деп күбір ете қалған.   Солдат бір-екі  қадам жасап жақындап,  состиып тұрған бұларға қулана қарады. Қызбала оның көзіндегі суық отты анық байқады. 
– Ну... – анау бұған қарап екі қолын жайды. – Сен ким катын?
Жрат есть что...  
Қызбала иығын қиқаң еткізді. Түсінбедім дегені. Солдат мырс етті. 
– Ау, жрать бар ма? Мясо, казы, айран... Желудок пуст, карын  аш, – деп қарнын сипалады. Оның қазақшаға икемі барына қайран қалған аналы-балалы екеу аузын ашып үлгергенше солдат  үйге кіріп кетті. Жанәділ артынан ұмтылып еді, Қызбала жеңінен тартып өзі алға түсті. Солдат кірген бетте  «О-о-о!» деп нан туралған дастарқанның бір жағына құлай кетті. Шынтақтап, бір жапырақ нанды алып, бұған ызбарлана қарады. 
– Не хорошо, катын, не хорошо... солдат тауешкінің бақанда  ілініп тұрған қол етін иегімен нұсқады. –   Сен Красную Армию алдайды, ал мы дураки вас защишаем...  Сосын есік алдында тұрған Жанәділге қарады:
    – Джигит, ты там... воды подай. 
Жанәділдің сөзін ұқпағанын түсінді.  
– Су деймин. 
Жанәділ бір аяқ су әперген. Солдат нанды бұрамалап, судан  ұрттап  қойып, шала шайнап жұта бастады. Расымен  қарны ашып қалыпты. Жұқалтаң таба нан жұмырына жұқ болар сыңайы жоқ. Қызбаланың көзінен жас ыршып кетті. Солдат состиып тұрған екеуіне қарап: 
– Ну че встали-то как не родные. Садитесь, – деп қарсысын нұсқады. Екеуі отырды.    
– Я по киргизский мал-мал знаю... Сейчас айтам, – деді солдат  соңғы жапырақ наннан үзіп жатып. – Сен ким, атын ким? Имя? 
– Жанәділ...
– Во, молодец, Жанадил... Сен Акшунак билесин? 
Жанәділ жымиған. Бұл аймақта Ақшұнақты білмейтін қазақ бар ма, тәйірі. 
– Иә, білемін. 
– А дорогу покажешь? Жол?! – деді солдат қолын тау жаққа  сілтеп. – До перевала...
Қызбала селт ете түскен. Біреу төбесінен мұздай су құйып жібергендей болды. Бұл аузын ашып үлгергенше Жанәділ «Иә» – дей салғаны. Солдат қуанып кетті.    
– Завтра отряд прибудет, а я кажись приказ выполнил... – Ол  әлдене ойлағандай сөзінің соңын жұтып жіберді де Жанәділге көзін қысты. – А мы с тобой во главе конницы поедем! Да? 
– Иә.    
– Вот и ладушкий, джигит ты Жанадил. Батыр ты мой, – солдат  қарқылдай күліп, мұны арқадан қақты. – Если короткую жол покажешь  мы Курман бая поймаем, и я тебе аргымак подарю. И его кызымка.  Кызымка хочешь же. Кызыл армеец болсаң, еще бай кызымка обнимат будешь. Повезло тебе, Жанадил...     
Іштей «арғымағың да, қызың да құрсын» деп ойлап тұрса да Жанәділ басын шұлғып құтылды. Орыс тағы бір рақаттанып күліп алды да қылышын шешіп, қабырға жаққа тастады, бердеңкесін де соған қатар қойып, зор денесімен қалқалай жайланып жатты. 
– Я вздремну немного. А потом, с тобой в ущелье отправимся, там будем ждать наших. Понял? 
Жанәділ иығын қиқаң еткізді. 
– Ладно, ты сиди, ал мен уйктаймын. Баю-баю. Солдат Қызбалаға назар салды. – А ты матушка пока куырдак приготовь. 
Ол тағы да сүр етті нұсқаған. Жанәділ «Түсіндім» дегендей басын шұлғыды. Неге екені белгісіз, осы кезде қызыләскер көзін шатынатып,  өңін бұзды да:   
– Поняли?! – деп ызбарланды. Жанәділге мылтығын меңзеп қойды. – Ты, киргиз, смотри у меня! Кашсан мен атады, утур осында. Жанәділ басын шұлғыды да керегеге арқасын сүйеп, апасына қарап еді, Қызбала отыра бер дегендей ымдады. 
Жол дегенді естігенде-ақ оның іші мұздап сала беріп еді. Қазір әскер деген топ-тобымен келіп жатыр. Аштық пен шолақ белсенділерден қашқан ауылдарды аңдиды. Ұстаса – қиын. Қыз-келіншектердің масқарасын шығарып, еркектерді атып тастайды. Мал талауға түседі. Кекіліктей әр тасты сағалап жүрген қазақты санап жатқан ешкім жоқ, хабарсыз кеткен ауылдар көп... Жәкесі өткенде тау ішінде шашылып жатқан өліктердің үстінен түскенін айтып еді. Сол жерді шыр айналып жартылай жалаңаш бір қыз жүр екен. Шамасы он бес-он алты жаста болса керек. Кімнің ауылы, қай жақтан қозғалғандарын біле алмапты, қыз ыржалақтап күле береді, біресе отыра қалып еңірейді екен. Жәкең мінгестіріп әкетпек болып білегінен ұстаса қыз шыңғырып, қолын қыршып,  қалыңға  қарай қашыпты.
– Біреудің көрікті-ақ баласы екен байғұс, қара шашы төгіліп тұр... бүйтіп тірі қалдырғанша атып кетулері керек еді, иттер... – деп отағасы күрсініп еді. Жастау кезінде барымташы болған, бертінде аң қағумен әуестенген Жәнібек үшін бұл таулардың құпиясы қалмаған. Үйде тұрмайды. Қасқа атқа мінеді де кезіп жүреді. Не істейді, қайда барады, ол жағын Қызбала сұраған емес, сұраса да Жәкесі айтпас еді. Бар жауабы алакөзденіп бір қарағаны болар. Бірақ қыз туралы әңгімені естігенде отағасының Ақшұнақ жаққа барғанын сезген болатын. Жанәділге де тау соқпақтарын көрсетіп, жыммен жүруді үйреткен әкесі. Бірақ ұл мінезі әкеден  бөлектеу. Жәнібек «Өй, нағашысына тартқан...» – деп кейіп отырады.        
Қызбала орамалының ұшын тістеледі. Жолбасшы болғанның ешбірі тірі қайтпағанын білетін. Осы үйден талай дәм татқан, қанжығасы құр жүрмейтін Қали мергенді де бір шатқалды көрсетуді сұрап, барған соң көппен бірге атып тастапты. Қай сапарда, кімнен естігені белгісіз, осыдан Жәнібек құлақтанып, досының денесін іздеп тауып, көп сүйекпен бірге таспен бастырып қайтқан. Қызылдар «ауылдарды Қытай асырып жатқан сенсің, әйтпесе олар асуға апарар жолды қайдан біледі?» – деп жолбасшының өзіне бәле жабатын көрінеді. Бір отрядты бастап кеткен Дәуренбек те оралмапты... 
Баласы сол күйі отыр, солдат пысылдай бастапты. Қызбала ақырын көтеріліп етті алды да сыртқа шығып, айналаны көзбен  шолды. Ешкім көрінбейді. Анадайда шоқ қоздап жатыр екен. Әлдене есіне түскендей солай қарай тұра жүгірген. Нан қап-қара болып күлденіп,  күйіп кетіпті. Қызбала жылап жіберді.  Дыбысым шығып кетпесін деп ернін тістеледі, тарам-тарам жас алқымына тырс-тырс тамып жатыр. Жәкем болса  бір амалын табар еді, – деп ойлады.  Жанәділді әкетсе... Қызбаланың қолындағы  еті түсіп кетті, селт етіп оған еңкейді де... жерде жатқан балтаны қалай алғанын сезбей де қалды. Сабын қос қолымен сығымдап тұрды да үйге беттеді. Босағадан сығалап, ымдап Жанәділді шақырған. Ол еппен қозғалып, тұрып еді солдат сезбеді. Баяу ғана қорылдап жатыр. Апасының жанына келгенде Қызбала балтаны ұстата салды да:  
– Ұр, – деді  сыбырлап. Жанәділдің зәресі ұшқан. Шешесіне  «Есің дұрыс па?» дегендей ежірейе қарады. Қызбала сұстанып алыпты. 
– Ұр дедім, шап басын! Әйтпесе өзіңді өлтіреді, байғұс бала.  
Жанәділ ана тілеуін түсінгендей болып, балтаны алды да мысықтабандап солдатқа жақындады. Дәті бармай балтаны білемдеген күйі тұрып қалды. Жаутаңдап шешесіне қарай берген. Қызбала сұрланып тұр.  Осы кезде әлденені сезгендей солдат көзін ашып алғаны. Ендігі тұрыс болмасын түсінген Жанәділ сілтеп кеп қалды. Балта маңдайға қиялай тиді. Әлсіз соқты ма, әлде мына орыс итжанды ма, балтасы қадалған күйі өкіріп тұра келгені. Зәресі ұшқан Жанәділ сапты жібере салды. Солдат мұны бас салып,  алқымын сығып барады. Бақырып, сыбап жатыр. Қызбаланың есі шықты, алысқан екеуге жүгіріп, солдаттың қолына жабысты. Әп-сәтте Жанәділдің әлі кетіп, екі көзі алақтай бастаған. Жандалбасалаған  Қызбала бас сүйекке екі елідей кірген балтаға жармасып, жұлып алды. Маңдайдағы жарадан  қою қызыл қан шапшып,  Жанәділдің  үсті-басын жуып кетті.  Бұған да шашырады. Үйдің ішін жылымшы қанның жағымсыз иісі алды.  Солдат тізерлей берген. Содан соң сәл қисайып, бір қырына сұлық түсті де ыңырана бастады. Бір мезетте тынши қалды.            
Екеуі есеңгіреп қалып еді. Бірінші ес жиған Қызбала болды. Алашаны алып өлікті жаба салды. Осы кезде Жанәділ қаннан жиреніп, далаға шыға құсты. Қызбала:  
– Әкең келгенше ағаш арасына тығыла тұрайық, мынау жалғыз жүрмеген шығар... – деп бақырдағы судан іліп алып, Жанәділдің бетін бір шайды да қалыңға қарай жетелей жөнелді. – Бүгін келе қойса  жақсы.
Екеуі қайың орманға жеткенше жүгірді. Сол жерден  үй мен Жәнібек кеткен жаққа қараумен болды. Күн құлай ағаш арасынан  Жәнібектің жиренқасқасы көрінген. Қанжығасында байланған аңы бар.  Қызбала мен Жанәділ аңырап алдынан шықты. Қызбала ойын анық жеткізе алмай, үй жақты сілтей берген. Есік алдындағы орыстың ерттеулі жылқысын байқап тіксініп келе жатқан Жәнібек қараша үйге қарай шаба жөнелген. Кіріп, алашаны көтеріп, өлікті бір қарап шықты да қылыш пен бесатарды алды. Сосын  соңынан алқына жеткен екеуіне:  
– Тез жиналыңдар, – деп әмір етті. 
Азын-аулақ заттарын түйіп, екі атқа өңгерген соң Қызбала солдаттың торысына мініп, Жанәділді мінгестірді. Жәнібек төрт кереге мен көлбеу бақандарды ұстап тұрған бауларды қиып, үйді құлатып, жүн-жұрқа, қалған көрпе-төсекті ортасына үйіп, от қойды. Ондағысы бәлшебиктер өлікті танымасын деген ой. Біліп қойса қан көрген қорқаудай іздерінен қалмайды. Осыдан кейін үшеуі жүріп кетті. Беталысы – Ақшұнақ.    
* * *
Жәнібек Атантайұлының әулеті арғы беттен 1956 жылы оралды. 
 
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,
журналист.

Оқи отырыңыз