Құндылықтардың құлдырауы

Құндылықтардың құлдырауы

Саналы ғұмыры төрт түліктің соңында өткен қазыналы қарттарымыздың жалғыз ауыз сөзі тыйым болатын. Олар тентектікті тежеу, жүгенсіздікті тыю үшін «жаман болады» десе, сол сәтте-ақ қара аспан айналып жерге түсетіндей күйде қалып, айылымызды жия қоюшы едік-ау.

Даналықтың дәнегін жалқы сөзбен ұқтырған кеудесі кеніш солардың тағы бір айтары – әр нәрсенің кепиеті мен киесі. Оны ұғына алмаған жанның ұлт, отбасы тұрмақ, қара басына жасар жақсылығы шамалы, – деп налыған кейіп танытқан қаламгер аға өртенген кітаптың күлін қағып-қағып қойып, жалын шарпымаған бетін ақтарыстыра бастаған...
Бір ауық сәт мүлгіп кеткен құс ұйқылы қарттай үнсіз қалды да:
– Құндылықтар құлдыраған уақыт, ә?! – деп бүгінгі қоғам мен кешегі күнді салыстыра бастады. «Даңғаза музыка қаптаған уақытта өртеңде өмір бастаған өскіндей, отқа оранып кеткен бұл кітаптың қадірін бір білсе, көнекөздер біледі. Болмаса біз секілді қағаз кеміргіштер. Кешегілердің жүрегін толқытқан, ата-анасының тыңдап өскен ғажайып әндерін біздің жастар әсерленіп қабылдамайды-ау. Оларға эстраданың ел танымай жатып ескіріп, құлаққа түрпідей тиетін, мәтіні мен мазмұны бір халықтың жай-күйінен хабар беріп, сезім қылын шерте алмайтын ырғағы жеңіл, ұлттық бояуы жоқ әндер керек. Сондықтан да кешегі салдар мен серілердің, музыка майталмандарының әні «кәріқұлақтардың» ортасында ғана құнды...»
Күйініші болса да көпті жөнсіз күстаналаудан жат қаламгер қазақтың ғажайып әндерінің мәтіні жинақталған кітапқа қарап, оқыс:
– «Әлдилеп, аялап, өсірген жемісін, самал жел, сая бақ...» – деп оқи жөнелді.  «Құшағың мен үшін» деген жолдар күл болып желге ұшқан.
– Тү-у, қайран Шәмші! Ғаламат жырлар тудырған Ғафудың осы бір туындысын ғажайып әнге айналдырған неткен құдырет десеңші, – деп шығыршықты шыр айналған ақ тиіндей тиянақ таппаған ойын сан-саққа жіберіп, татымды сөз сабақтай алмай тұрып қалды. Сосын барып толғамалы найзаға түйрелгендей сұсты кейпін қара жерге беріп, ауырсынған күйде әдеткі әдебиет тақырыбына ойысты.
– Жасымыздан оқып өскен орыс классиктердің кейбірі шығармасын отқа тастап жіберген. Ол ерлік! Шала туған шарананың алдынан мешел тағдыр күтіп тұр-ау деп күйінгендей Достаевский, Ахматовалар әдебиет тазалығын ойлады. Ең қызығы сол өртеп жіберген туындалары оларды шығармашылықтың биік шыңына алып шықты ғой? – деп сауал мен сүйініштің қайсысына телуге болатынын пайымдай алмайтын екіұшті сөз қатты. Мұны неге айтып келеді деген сауалды санада көктете бастағанда, сезімталдықпен бір қарап қойып, «не айтпағымды ұқпадың, ә», – деген сыңаймен үзік әңгімені жалғай жөнелді.
– Олар үшін орыс халқы қарыздар. Кешегі Мұқағали да қазақ әдебиеті үшін жанын шүберекке түйіп: «Әдебиеттен арам шөптерді тазарту керек», – деп үн қатты. Ал оны іс жүзінде жүзеге асырған; тозақы адам осындай деген хадисті естігенде «Мен шығармын» деп күйінген саңлақ сахабалардай Ахматовалар да шығармаларын «әдеби халтура» деп біліп өртеген. Бірақ әлем әдебиетінің ең ғажайып шығармалары еді олар... Жә, мына кітап ше? Мұнда жүздеген ақын мен жүз шақты сазгердің маңдай тері жатыр. Мұнда қазақтың әнмен бірге әуелеген көңілі, саз болып тербелген тірлігі, ұлттық болмысы жатыр емес пе?! Кеше нота меңгеріп, бүгін кітап жинақтаған композитор сымақтардың жинағы болса бір сәрі! Құдай-ау, мұнда Ақтамберді, Нартай, Кенен, Шашубайлардың, Шәмші мен Нұрғисалардың қолтаңбасы жатыр ғой! – деп қабағы салыңқы қаламгер тағы да үнсіз қалды. 
Түс әлетінде үйінен дәм татуға шақырған жазушының аса бір күйінген кезін көрмеген едік, бұл жолы шынымен де жазғаны мен ойы бір жерден шығатын, іші мен тысы бірдей ақ жүрек жан екенін аңғардық. Пәтерінен 15 минуттық жердегі жұмысқа жеткенше болған оқиға, көрген көрініс осыншама ойға салса, күйіндірсе, бұл жөнінде қалам сілтесе ғажайып әңгіме туатыны анық еді. Бірақ, ол да «құндылықтар құлдыраған» уақытта ойшыл оқырманды ғана толғандырар,  өзге үшін қажетсіз мына бір өртенген кітаптай, автор кітабының ішінде жатар әңгіме болып қала берері де жасырын емес-ау.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.

Оқи отырыңыз