Қызға қырық үйден тыйым

Қызға қырық үйден тыйым

Қартын қазынаға, баласын баға жетпес байлығына балаған текті ұлттың ұрпағымыз. Бүлдіршінін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіре білген халықпыз. Басына күн туып, заманның зұлмат қиындығына мойымай бүгінгі бейбіт күнге жеттік. Алайда отбасы құндылығы ақсап, үйленіп үй болғандардың көбісі ажырасуға бейім бола бастады. Тастанды сәбилер артып, тірі жетімдер  көбеюде. Қарттар, балалар, Аналар үйі пайда болып, қоғамның көлеңкелі тұсын айшықтап тұрғандай.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, әуелі мұның жауапкершілігі ата-ана, балабақша мен мектепке жүктеледі. Қызын қырық үйден тыйған нәзік жандар тәрбиесінің маңызы жоғары. Осы тұрғыда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалында қыздарға арналған «Сырласу» клубы жұмыс істейді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы денсаулық сақтау және дін істері басқармаларымен бірлесе қыздармен кездесулер өткізіп, көкейкесті сауалдарына жауап беріп келеді. Осы жолы жоғары және арнаулы білім беру мекемелерінде оқып жатқан қыздар Жастарға қызмет көрсету орталығындағы «Берік отбасы – мемлекет тірегі» атты «дөңгелек үстелге» жиналды. Қыздарға арналған басқосуға  «Айналайын» балалар үйі директорының орынбасары Несіпжамал Баймадиева, «Ана үйі» акционерлік қоғамының үйлестірушісі Бақытгүл Жексембаева және облыстық дін істері басқармасының теолог маманы Ерлан Матаев қатысты. Күн тәртібінде ұлттық патриоттық тәрбие мен отбасылық институттарды дамыту, ана мен бала қарым-қатынасына көңіл бөлу сынды мәселелер қаралды. Алдымен тақырыпқа сай бейнеролик көрсетіліп, шаңырақтағы құндылықтар әспеттелді. Алғашқы сөздің тізгінін Несіпжамал Қасымбекқызы алып, өзінің өмірден түйгені туралы баяндады. 
– Алла Тағала әйел адамды жарату үшін көп уақыт жұмсапты. Әйел табиғатынан өте мейірімді, қайырымды, ұрпақ жалғастырушы, құшағына бірнеше баланы сыйдырып, барлық қиыншылықты көтере алатын жан. Сондықтан оның қоғамдағы орны айырықша маңызға ие. Алайда кез келген адам қателеседі. Біз де жас болғанбыз, сендерді түсінеміз. Өзіміз жіберген қателікті сендер жібермесе екен деп ақыл-кеңес береміз. Менің балалар үйінде жұмыс жасап жүргеніме 22 жыл болды. Ата-анасы тірі бола тұрып, тірі жетім атанып жүргендерді көрсең жүрегің сыздайды. Олар сағынады, ойлайды. Біреуі: «Әкем қайтыс болды», – деп, бірі: «Менің әкем тірі жүр», – деп жылайды. Қыз баланы кішкентайынан жөнге салмаса, қайта тәрбиелеу өте қиын, – деген Несіпжамал Баймадиева қоғамда орын алып жатқан трагедиалық жайттарға көз жүгіртті. «Әйел еркектерге қарағанда қатігезденіп бара жатқан секілді. Жатырынан шыққан, сәбиді тастай салу не деген сұмдық?! Миы аз тауық та балапанына біреу тиіссе, қалай қорғайды? Жап-жас келіншектер бала көтере алмай жүр. Нәрестеге біреу қолы жетпей жыласа, ал біреу Алла Тағала берген баласын тірідей лақтырып, жатыр. Еркектердің де жауапкершілігін көтеруі керек. Қыздар кейде алданып қалып жатады. Сүйіп, сеніп, бала көтеріп қалады. Жаратқан жатырға берген соң, оны өмірге алып келу керек. Адам өмірі ойыншық емес», – деп қыздарға аналық ақылын арнады. Әрмен қарай Бақытгүл Жексембаева «Ана үйінің» қызметі жайлы сөз қозғаса, теолог Ерлан Матаев діни тұрғыда әңгіме өрбітті. Психолог маман отбасындағы құндылықтар жайлы ойын айтса, қыздар өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауап алды. 
     – «Отан отбасынан басталады» демекші, біздің мемлекетіміздің тірегі ол – тату-тәтті шаңырақ. Сондықтан, үйде тыныштық орнауы керек. Сыйластық бар жерде жанжал да болмайды. Осындай тағылымға толы кездесулер бізге көп нәрсе береді. Әсіресе, тұрмысқа шықпаған қыздардың түйері мол, – деді Талдықорған сервис және технология колледжінің білімгері Анеля Ерланова.
Айта кетейік, қыздарға арналған «Сырласу» клубы тек облыс орталығымен шектеліп қалмай, өңіріміздің аудан, қалаларына да сапар шегіп, әртүрлі іс-шаралар өткізеді.


Статистикалық мәліметке сүйенсек, биыл облыста үйленгендер саны – 15 374 адам. Соның 5 137-сі ажырасқан. Бұл отбасы құрғандардың 29 пайызын құрайды.

Мәулен Әнербай.

Оқи отырыңыз