Әнші кім? Журналист кім?

Әнші кім? Журналист кім?

Қазіргі таңда журналистика саласына орта жолда қосылғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Ал университет тамамдап, қолдарына диплом алған нағыз журналистер айлап, тіптен, жылдап БАҚ-та тегін қызмет атқаруға мәжбүр. Бос орын күтіп қауқары кеткен  әріптестеріміз осыдан кейін мысы құрып, амалсыздан басқа салаға бет бұрады немесе жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Оның себебі неде?

Сондай жас журналистердің жанайқайын тыңдадық. Азамат (есімі өзгертілген) бірнеше жылдай жұмыс таппай  сандалғанын есіне алып, мұңын айтты. «Білікті маман екенімді мойындап тұрса да, бос орын жоқтан жұмысқа тұра алмадым. Кішігірім кәсіппен айналысып, отбасымды асырап, жан бағуға тура келді. Шығармашылық адамы үшін ол өте қиын», – дейді. Басқа мемлекеттер бұл мәселеге жіті назар аударады. Айта кетсек, газет, телеарналарда жас журналистердің тәжірибе өтілі уақытында оларға аз көлемде жалақы бөлінеді. Бұл да жас мамандарды талаптандыруда ойлап табылған тәсіл. Германия Журналистер ұйымының мүшесі Хендрик Цёрнер:

- Тәжірибе көрсеткендей, бүгінгі күні журналистің жоғары білімі болмаса,  мықты маман болуы өте қиын. Біліктілік жасқа да тікелей байланысты. Жас журналистің кәсіби біліктілігі де жоғары, – дейді. Яғни, олар басты назарды білімге аударып, дипломсыз мамандарды қабылдамайды. Себебі, бүгінде журналистерге қойылатын талап жоғары. Білімсіз журналист соғыста қарусыз жүрген жауынгермен тең.  Әр саланың өз қыр-сыры бар. Қазірде қаламы жүрдек журналистерге деген құрмет, сенім жоғалып келеді. Басқа салада жүріп, журналистикаға бет бұрғандар түптеп келгенде қарапайым этиканы білмейтін сауатсыз екенін мойындауымыз қажет. Олар журналист атауының мәртебесіне кір келтіріп қана қоймай,  ертең ел мен билік арасына, түптеп келгенде, ел мен елдің арасына іріткі салмасына кім кепіл?!  

Мәселен, қазіргі таңда отандық телеарналардың 70 пайызын журналистикаға мүлде қатысы жоқ  әншілер басып алды. Мақсаты – рейтинг жинау және бағдарламалардың көрсеткішін көтеру. Алайда келбетімен қызықтырып, атақ-даңқы жер жарғандар бағдарламаның тізгінін алып, айтар жөнді сөзі болмай, тілі күрмеліп, елдің мазағына қалып жатады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Мадина Садуақасова елімізде өткен Қысқы Азияданың ашылуында комментатор болды. Әдетте мұндай үлкен шараны кәсіби журналистің қолына ұстаудың орнына ұйымдастырушылар еліміздің ең сұлу әншісінің қолына тізгінді бере салды. Ол жерде әншінің түр-тұрпаты емес, сөйлеу шеберлігі  басты рөл ойнайтынын ұмытса керек.  Шара барысында екі сөздің басын зорға қосып, түк түсінбей сөйлеген әнші бір минутта биіктен құлдырап, ел алдындағы беделінен айырылған-ды. Сонымен қатар, көп елде бала бойынан шығармашылық қабілетті анықтау мақсатында мектепте арнайы газет шығып, онымен қоймай, өз радиолары жұмыс істейді. Бұл да болашақ журналистерді анықтау мақсатында тамаша ойлап табылған. Біздің елде неге сөйтпеске?!

Меніңше, университеттердегі журналистика факультетінде нағыз маман дәріс беруі керек. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Бұл салада тәжірибесі жоқ мұғалім білімгерлерге нені үйретпек? Плутарх: «Шәкірт – өртелуі керек алау, тек өзі жанып тұрған адам ғана алауды жаға алады», – дейді. Осы тұрғыда ұстаздың да рөліне үлкен көңіл бөлу қажет екенін ескерсек. Әлгінде ғана осы орайда Арман Шораев  ҚазҰУ-ден басқа университеттерде журналистика факультеттерін жабу керек деген мәселені көтерді. Жоқ, жаппау керек. Керісінше, әлі де мектептер ашып, оларды заманауи техникалармен толық жабдықтаса, журналистің кәсіби деңгейде мамандануына мүмкіндіктер көбейер ме еді?! Осы мәселелер тасада қалмаса дейміз. Нағыз болашағынан үміт күтер, тың жобаларға бай, қазақ журналистикасын дамытар қаламы қарымды тілшілер басқа салада бас сауғаламай, кірпіш дүниенің кетігін тапса дейміз.

Әмина Құдайбергенова

Оқи отырыңыз