ҚЫЗ СЫНЫНА ҚАТЫСҚАН ЖІГІТ

ҚЫЗ СЫНЫНА ҚАТЫСҚАН ЖІГІТ

Күні кеше ғана Илай Дягилев атты алматылық жігіт сұлулық сайысына қыз боп киініп келіп, көпшілікті таңқалдырды. Аталмыш сайысқа Арина есімімен қатысқан соң ешкім де күдіктенбеген. Тек финалға өтуге құжат сұраған кезде ғана қулығы әшкере болған. Бір қызығы әлгі еркекке шымкенттік жігіттер «үйленуге»ұсыныс жасаған көрінеді.

Әлгі жігіт өз ісіне еш өкінбейтін сыңайлы. Себебі, сұлулық байқауының былығын әшкере қылдым деп отыр. Бойжеткендердің сұлулығын ысырып қойып, бетіне бес қабат бояу жағып жүруі жігіттің әбден жанына батқан екен. «КТК» арнасына берген сұхбатында: «Қазіргі біздің қыздар дүкенге шыққанда да боянады. Олар бояусыз ешқайда шықпайды. Біз олардың табиғи сұлулығын ұмыта бастадық. Менің пікірімше, олар өз сұлулығын көрсету керек», – деді.

Иә, бұл жігіт сұлулық байқауын ұйымдастырушыларды да, қыздарды да біраз қынжылтты. Оның жасаған әрекетіне талдықорғандық қыздардың пікірі мынадай:

- Илай Дягилев өзіне қара пияр жасап жүр. Қыздардың бояу жағып бет-әлпетін өзгертіп алатыны рас. Оны сынға алуы орынды. Алайда дәл бұлай "жігіт" атына кір келтіріп, қыз кейпінде халык алдына шыққанына оң баға бере алмаймын. Қатты айтылған болса да, Жайдарман ойындарына да жігіттердің әйел боп  киініп, майысып өнер көрсетуіне қарсымын. Ер ер болып қалуы керек және соған сай ғана мінез көрсетсін. Біреуге сабақ болсын деп бұлай істегені Илайдың қыздарды мазақ еткені деп түсінемін. Бірақ есесіне сұлулық байқауының шын кейпін көрдік. Бір суретке бола "Шымкенттің аруы" атағын бергендеріне таңым бар. Менің ойымша, сұлулык байқауларында қыздардың табиғи сұлулығына қарап бағалау керек. Ал білікті әрлеуші кез келген қызды суретшідей бір қылқаламмен қас сұлуға айналдырып жібере алады, тіпті, ер адамды, – дейді Әсем. Ал Аймарал:

- Қазақ қыздарының барлығы да әдемі. Бірақ соны қыздар қауымы түсінбей жүрген болар. Оған себеп те жоқ емес. Қазіргі жастар арасында «бетің жылтыр болмаса, ішкі жан дүниеңе ешкім бас сұқпайды» деп ойлайтындар көп. Кез келген ер адам бірінші әдемі қыздарды көзі байқайды. Ал қыздар олардың көзіне түсу үшін бес батпан бояу жағатыны бар. Илайға келер болсақ, ол да қазір сұлулықтың жоғарғы рөлде екенін көрсетті. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қазақ қыздары мен жігіттер бетперде киюден аулақ болғай, – деп өз пікірін білдірді.

«Атың шықпаса жер өрте», қазақ соңғы жылдары не көрмей жатыр?! Жынысын ауыстырған бейбақтарға да ләм-мим деместен сабырлы көзқараста болдық. Бұл есерсоқ жігіттің ісіне де қолды бір сілтедік. Біз осындайларды тайраңдата берсек береке таппасымыз анық.

Думан КЕҢШІЛІК

Оқи отырыңыз