«NINETY ONE» мен «НҰР ОТАН»

«NINETY ONE» мен «НҰР ОТАН»

Төбемнен зу еткен суық сезім табанымнан бір-ақ шықты. Елдің зығырданын қайнататын, еркек тұрпаты жоқ «иглз» атаулыларды естігенде елең еткен қу жүрек май ішкендей жиіркенеді. 18 қаңтардан бастап «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар Қанаты орталық кеңесі мүшелерінің онлайн сайлауын жариялаған болатын. Осы сайлауда еліміздің түпкір-түпкірінен іріктелген 16 үміткер 4 жылға тағайындалады. Елдің ертеңін ойлайтындардың санатында еркек деп айтуға ернің бармайтындардың көрінуі абырой әкелмейді.

Эстрада сахнасында ерекше стильмен (өздері солай айтады) шығып, елді  елең еткізген «еркек кіндікті» «Ninety One» тобының Дулат Мұхаметқали атты мүшесі сайлауға түсетінін мәлімдеген болатын. «Айтпаса  сөздің атасы өледі» демей ме ? Осындайда саңырау қоғамның салғырттығы байқалады. Шындық шымбайыңа батқанда жоныңнан таспа тілсе де шыдайсың ғой. Шыдап та жүрміз. Ал, енді сол шикі өкпелердің сайлауға түседі дегені тым өрескел жасалған қателік екені айдан анық. Мінберлерде Отан-ананы емес, міңгірлеп опа-далабын сөз етпесіне кім кепіл?! Сайып келгенде, сайлауға өз ісінің мамандары қатысқаны құба-құп.

Сайлау демекші, үміткерлер  #JasOtanSailau хэштегімен «Instagram» парақшаларында жариялаған бейнежолдауына 5000 лайк жинауы керек. Содан кейін «Telegram» платформасында онлайн дауыс беру өтпек. Ал қорытындысы 17 ақпан күні белгілі болмақ. «Жас Отан» Жастар Қанатының орталық кеңесіне 16 адам мүшелікке қабылданбақ.

Әркім өз үйінің төбесіндегі тудың тұғырлы болғанын қалайды. Таяз түсінікті, саяз ойлы, шоқырақ адамдардың саясаттан ауылын алыс салса игі еді. «Жыланның үш кессе де кесірткелік халі бар». «От өшсе орнында күлі қалар». Әр істің болсын артында қалар кесепаты болады. Сол кесепатты тіптен қолдан жасасақ, қызған табаққа түскен балықтай шарасыз күйге түсеріміз хақ. 18 миллион халқы бар Қазақстаннан елдің ертеңі үшін етігімен су кешер ұрпақ жоқ дегенге сеніңкіремейді екенсің. Әйел мінезді еркектерден қауіптенемін.

Темірлан АЙТБАЕВ,

І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың студенті

Оқи отырыңыз