Құрақ көрпе құпиясы

Құрақ көрпе құпиясы

Қазіргі уақытта ұлт өнерін ұлықтап жүрген қазақ әйелдері саусақпен санарлық. Бәлкім, оның себебі «тауына қарай түлкісі, заманына қарай адамы» дегендей, нәзік жандылардың ер-азаматтармен бірдей іс атқарып, өнерге емес, қызметке жақын болуынан шығар?! Не десек те ұлттық өнер ешқашанда қызметтің көлеңкесінде қалмауы керек. Көркем кәсіпті жандандырып келе жатқан кешегінің аналарынан бүгінгі жастар үлгі алса дейміз.

Айнабұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Майра Көпбаева – ұлттық өнерге жан бітіріп жүрген асыл жанның бірі. Атакәсіппен айналысқанына, міне, 25 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде қазақтың дәстүрлі өнеріне ден қойып, қолөнер туындыларын қайта жаңғыртып қоймай, келер ұрпаққа да үйретіп, аманат етіп қалдыруды парызы санайды.
Майра Сағатбекқызының жасаған көрпе-жастықтары ерекше әдемі. Таңдалған маталары, өз қолымен өрнектеп ойған ою-өрнегі, ішкі салма материалдары табиғилығымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Майра апаның айтуынша, құрақ көрпе құратуға ауыл жұрты ғана емес, сырттан да тапсырыс беретіндер қатары көбейген. Айына 10 шақты көрпе жасайтынын зор мақтанышпен айтты. Тек көрпе тігумен шектеліп қалмаған асыл ана тақия, қоржын, көйлек тігуде де алдына жан салмайды. Ана сүтімен дарыған өнерді кәсіп етіп жүргеніне өз басы дән риза. 
– Қазіргі кезде қыздың жасауы үшін арнайы тапсырыс беретіндер көп. Қолдың көрпесі мен дүкенде сатылып тұрған көрпелердің айырмашылығы жер мен көктей. Атап айтар болсам, қол шеберлері кез келген құрақ көрпенің ең бірінші қандай мақсатқа арналғанына назар аударады. Мысалы, қыз жасауы болса ондағы ою-өрнек қыздың өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, туған ұясы туралы мәлімет беруі керек. Әрбір ана осы көрпелердегі ою-өрнек арқылы өзінің сүйікті қызына жүрегінің бір бөлшегін бөліп бергендей еңбектенеді. Сонымен қатар, қолдың көрпесі дүкен көрпесінен жылылығымен, ішіне салған салмасының жылжымай қапсырылып тігілуімен, ұзақ уақытқа жарамдылығымен бағаланады. Сондықтан да, қазір қолөнер туындыларының қыз бала жасауында алар орны зор. Әрине, көрпе құрау оңай емес. Бастапқыда бәрі бірден ойдағыдай шыға қоймады. Десе де, құрақ құрау үшін де есеп керек. Осы істі бастағанда өз-өзіме мықты талап қойдым. Шеберлік деңгейімді шыңдап, өніміме деген сұранысты да арттырдым. Қалай десек те ұлттық құндылықты құлдыратып алмау өзімізге байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Мәселен, қай ел біздің халық секілді қошқар мүйізіне барынша көңіл бөліп жүр? Мұндай халық жер бетінде жоқ. Тек қазақ халқы ғана ата-баба аманатына қиянат жасамайды, – дейді ісмер апа.
«Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол». Дәл осы нақыл сөзді өмірлік ұстанымы еткен қолөнерші атакәсіпке қолдау жасайтын жомарт жандар табылса, шеберхана ашсам деген арманымен де бөлісті. Жылына орта есеппен 120 көрпе жасайтын шебер қаншама бойжеткеннің жасауына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әр шаңыраққа шаттық сыйлап жүрген қолөнер иесінің ісіне береке тілейміз.   

Айгүл АЙМАНБЕКОВА
Көксу ауданы

Оқи отырыңыз