ҚЫЗ АЛДЫНДА ТІЗЕ БҮГУ: ЕЗДІК ПЕ, ЕРЛІК ПЕ?

ҚЫЗ АЛДЫНДА ТІЗЕ БҮГУ: ЕЗДІК ПЕ, ЕРЛІК ПЕ? Тұрмыс құрып, шаңырақ көтеру жастардың өмірінде ерекше орын алатын жайт. Оған дейін олар айлы түндер мен абат бақтарда сейіл құрып, сайран салады. Ал үйленер шақта бір-бірінің сезімін іштей түсініп, сөзімен емес, көңілімен келіседі. Ал кейбіреуі ата-ананың таңдауымен таласпай, бұйырғанымен отбасы құрады. Қазір қызға сезім білдіріп, үйленуге ұсыныс жасау бөлек бір мереке. Біреуі сыйлық жасап, екіншісі құмырадан шыққан перідей тосыннан сап етіп, қолына гүл мен сақинасын ұстап, улап-шулап сезімін білдіреді.

Бұрын қалай еді? Аталарымыз сезімге берілген бе? Ол кездің де өз рабайы, сыралғы тірліктері болған. Еркектің дәрежесіне созса қолы, қараса көзі жетпейтін әйел атаулының. Өйткені, отбасын сақтаушы ғана емес, мұқым елдің тыныштығына жауапты солар. Ашуланса қаһары арыстанның айбатынан сынық сүйем кем емес-ті. Ал мұндай аптал азаматтардан әлгі айтқан тосын сыйларды күтіп көр. Қазір дүние шыр айналып өз дегенін жасап жатыр. Қит етсе әр нәрсені заманға жауып, өз қатемізді ақтайтын әдетіміз бар емес пе? Сол қисынға салсақ, әйелдердің дәрежесі еркектерден біршама көтерілді. Патриархаттан матриархатқа ауысуға шақ қалдық. Оған феминизм саясатын келтірсек болады. Бұл жүйе бойынша әйел отбасында бала қараушы, үйдің берекесі ғана емес, мемлекеттік істерді шешіп, еркектермен қолтықтаса жүретін қызметкер. Демек, бұрынғыдай отбасын асыраушыларға еркек қана емес, әйел де қосылды. Отағасынан да көп ақша табатын әйелдер жетерлік. Дұрыс-ақ, осынау мазаң дүниеде еңбек етпесең еш қаласың. Жігіттердің қыз алдында тізерлеп тұрып сөз салуының бір себебі осыдан ба деймін. Үйленген соң мені асырашы, менің тірегім бол деген сөз жалынудай көрінеді. Әйтпесе, «менің өмірлік жарым бол», «жабыққанда қолдаушым бол», – деген ақ ниет, махаббаттан туған ой болу керек еді.  Біз болсақ бас салып етегіне жармасып, жығыла кететініміз қынжылтады. Құдды бір солай жасамасақ «иә» деген жауапты ала алмайтындаймыз. Тікесінен тік тұрып сөз салсақ, көңілі қалып салы суға кетердей.

Бұл келіссіз іске тағы бір итермелейтін дүние теледидардағы кинолар. Әр кино махаббатпен ұштасатыны белгілі. Солай десек, қызға сөз салар алдында әлгіндей тізерлей кететіні бар. Бұл көбіне шет елдің киноларындағы көрініс. Адам ақпараттың 90 пайызын көзбен қабылдайтынын ескерсек, фильмдердегі көріністер өсіп келе жатқан балаға бірден әсер етеді. «Маған да солай жасауға болады екен» деген ой туады. Дінімізде де «еркек әйелден бір саты жоғары. Бұдан кейін қалайша жалпақтай кетеміз. Неге өз-өзіміздің дәрежемізді түсіреміз. Ойланайық...

Думан КЕҢШІЛІК

Оқи отырыңыз