Жамбыл және 1916 жылғы көтеріліс

Жамбыл және 1916 жылғы көтеріліс

Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің басталуына патша үкіметінің 1916 жылғы маусым жарлығы түрткі болып қана қойған жоқ. Елдің әбден титығына жеткен патша өкіметінің қорлауы, кемсітуі, отарлық саясаты, шұрайлы жерлерді тартып алып, жергілікті халықты қайыршылыққа ұшыратуы да көтеріліс отын үрлейді. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Торғайдан Амангелді Имановтың, Жетісудан Бекболат Әшекеевтің ел бастап шыққан ерліктері сол күннің өзінде халық арасында жыр болып, аңызға айналды.

 

1916 жылғы көтерілістің ішкі-сыртқы сипатын, қазақ ауылында болған тартыс­тардың көріністерін, күрестердің шиеленіскен кезеңдерін Жамбыл жырларынан айқын көруге болады. Ақын өз шығармаларында 1916 жыл қарсаңындағы қазақ халқының ауыр жағдайын, сол кездегі тарихи шындықты көрсете білген. Ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатысты, патша жарлы­ғына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді, өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. 

Қазақ жастарын окоп жұмысына алады деген хабарды естігенде ел басына төнген қатерді Жамбыл:

Верныйдан жандаралдар бұйрық қылды,

Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.

«Отыз бір – он тоғызды алад» деген,

Суық хабар халықты бұлқындырды, – деп жырлайды. 

Жамбыл бұрыннан екіжақты қанауда болған еңбекшілерге бұл жарлық халықтың басына түскен жасындай, жығылғанға жұды­рық деген пікірді айтады, ел халін одан әрі нашарлатып, олардың азаматтық құқықтарын, ар-намысын табанға таптап, жанышқан патша үкіметінің зұлымдығын, жексұрын кескінін өткір өлеңмен әшкерелейді. Ол бұқара халық­тың осындай ауыр жағдайға ұшырау себеп­терінің түп тамырын ашып, елді патшаға бас имеуге, бағынбауға, оның озбырлығына қарсы күресуге шақырады.

Жыр алыбы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің туу себептерін, халықтың билеуші топтарға деген қарсылығын жырларында айқын сипаттайды. Мәселен, «Зілді бұйрық» деген өлеңінде:

Пристав келіп қалды бала сұрап,

Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап.

...«Қырсаң да баламызды бермейміз», – деп,

Тайсалмай әке-шеше жатыр сұлап.

Ол осы көтеріліске қатысқан, тарихи оқиғаның куәсі болған. Сондықтан халық басындағы ауыр халге күйініп, қолына домбы­расын қару етіп, елді рухтандырып, патша үкіметінің қанауына қарсы көтеріліске шақыр­ған. Жамбылдың шығармалары біз үшін қымбат қазына. Өйткені ол 1916 жыл оқиға­сына арналған жырларында тарихи шын­дықты нақты түрде баяндап бере алған.

Жетісудың губернаторы кейбір жергілікті би, төрелердің дем беруімен Верныйға ақын­дарды жинап алып, ел ортасында үгіт жүргіз, ақ патшаны мақта деген сыңайдағы бұйрық береді. Сол күннің өзінде патшаны, соғысты мадақтамадың деп қарт Жамбылды абақтыға да жабады. Жамбыл мұны өзінің «Менің өмірім» деген жырында төмендегідей етіп еске алады:

Ақыны, әнші, күйші қыруар жан,

Аймағын Жетісудың жинап алған.

Сабаннан төсек, ерден жастық істеп,

Жатарға жай салғызды ат қорадан.

Сорпасы капустаның «ыстығына»

Сөткесіне кісіге бір қара нан!

«Үгіт айт, патшаны мақта» дейді,

«Болып жатқан соғысты жақта» дейді.

«Жыр айтсаң, құдай мен пайғамбарды айт,

Одан басқа жырыңды айтпа» дейді, – деген жырын Жәкең былай аяқтайды:

Ұстаған қанды тырнақ елді қысты,

Кім болмақ ызаланса елден күшті?

Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда,

Николай ұрған доптай тақтан түсті.

...Жабырқаған халықтың көңілі өсті.

Сөйтіп, Жәкең 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің созыла түсіп, 1917 жылғы ақ патшаны тақтан құлатқан Ақпан төңкерісіне ұласқанын айқын көрсетеді. Бұдан отаршыл­дық пен қанауға ұшыраған халықтың ашу-ызаға булыққан шақта қандай күшке ие болатындығын байқаймыз. Ондаған жылдар бойы ұйқыда жатқан қазақ халқы ел басына күн туып, жау алқымнан алып, жан қысылған кезде өз күш-құдіретін көрсете білді.

Жамбыл Жетісуда болған көтеріліс кезінде жай бақылаушы ғана емес, дүрліккен елмен бірге боп, оның жаршысы, жыршысына айналады. Ақын «Зілді бұйрық» жырында ел көтерілісін болған оқиғалар негізінде көрсе­теді. 1916 жыл жөнінде жазылған бай фоль­клор материалының арасынан бұл жырды тапқан профессор Есмағамбет Ысмайылов екен. Өлеңді 1939 жылы Жамбылдың өзіне оқып көрсеткенде менің жырым мұнан мол еді, бұл оннан бір бөлігі ғана депті. Өлеңнің бірде-бір сөзі өзгерместен 1940 жылы басылған Жамбыл шығармаларының бір томдығына енгізілген. Кейінгі 1946 жылы шыққан толық шығармалар жинағына содан алынады.

 Верныйдан 19 бен 31-ді аламыз деп келген пристав отрядына жастар топталып, Қарғалы өзенінің бойында қарсылық көрсетеді. Ұстал­ған жастарды түрмеден босатып, бай, болыс­тарды өлтіреді. Ақын өз жырында жер, кісі аттарына дейін дәл етіп, оқиғаны болған күйінде айтуға тырысады. Онда аталған Бекболат, Саттар, Қалиғұл, Байбосын – Жетісуда көтерілісті бастаған, ақын өз көзімен көрген белгілі батырлар. Ақын бұл жырында тек батырлық дәстүр ғана емес, жалпы халықтық қозғалысты суреттейді.

Верный уезіндегі Қарғалы шұға фабри­касы жұмысшыларымен Үшқоңыр жайла­уындағы Қарамолда деген елдің біріккен ереуілі болады. Ереуілді Бекболат Әшекеев және сарбаздары Байбосын Тамабаев, Қалы­ғұл Сапабаев басқарады. Ереуілді Верныйдан шыққан жазалаушы отряд қанға бояп басады. Бекболат пен Байбосынды патша жендеттері ұстап алып, халықты қорқыту үшін Алматының солтүстік іргесіндегі Боралдай деген жерде 1916 жылы 9 қыркүйекте дарға асып өлтіреді. Азаттық аңсаған ерін дарға асу арқылы патша әкімдері қазақтың сағын сындырдық деп ойлайды. Міне, Жәкең осы оқиғаның ақиқатын ашып отыр.

Жамбыл «Зілді бұйрық» жырында Жетісуда, соның ішінде сол кездегі Верный уезінде болған Қарғалы, Самсы, Қастек көтерілістеріне кеңінен тоқталады. Мысалы, жырда Қарғалы көтерілісі туралы былай делінеді:

...Суында Қарғалының ауыз ашты,

Бір бәлекет халыққа душарласты.

Басшылары кеткен соң тағат алмай,

Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.

Келді де  алып кетті жақсыны айдап,

Барады боздақтардың көзі жайнап.

Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,

Жөнелді абақтыға соры қайнап.

Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,

Қамалды абақтыға қырғыз-қазақ.

Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,

Қамалғандар тірідей тартып азап.

Шулайды абақтыға қамалған көп,

Сырттағы жүр: «біз енді қайтеміз» деп.

Губернатор, жандарал жауапқа алды:

«Жайлауда ту көтеріп, шапқан кім» деп.

Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,

Өзі айтқан жандаралдың «Бекболат» деп.

Бекболат бола қалса ту көтерген,

Бұйрық қылды: «дарға асып, тарт!» деп.

Қалиғұлды бірге жазды дарасына,

Байбосын қоса кетті арасында.

Абақтыда қалғандар естен танды,

Көзінің қамшы тиіп қарасына.

Әкетті байғұстарды арбаға сап:

«Иманыңды айтатын молдаңды тап,

Үндеріңді шығарма, өңкей надан,

Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!»

Бұл оқиғаның Жамбыл тарапынан нақты, шынайы тұрғыдан сипатталғанын тарихи құжаттар дәлме-дәл дәлелдейді. Мысалы, Отар учаскесінің приставы 1916 жылы 9 шілдеде Верный уезінің начальнигі атына арнайы хаттама түсірген (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА), 44-қор, 1-тізім, 19573-іс, 3-парақ.). Онда 8 шілде күні бір мың адам жиналған «Үлкенсаз» жайлауында пристав қазақтарды патша жарлығымен таныс­тырған кезде Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыстарының бір топ жақсылары мен ақсақал­дары Жарлыққа қарсы шыққаны айтылады. Олар: «Әскерге адам бермейміз, атқа қонамыз. Соғысқа барып өлгенше, осында өлгеніміз артық!» – деседі. Отар приставы түсіндіріп те, қорқытып та байқайды, бірақ одан еш нәтиже шықпайды.

Приставтың жанында осы жиылыста Қарға­лы болысы Сандыбай Шаңбаев, Бидалы болысы Қырбас Ботабаев, Күрті болысы Қасембай Айғожин, Ұзынағаш болысы Есдәулет Асыл­беков, полиция бастығы Федор Брянцев, Ботпай болысының писарі А. Бронников және шабарман Қисым Ақмұрзин болған екен. Пристав осылар­ды болған оқиғаның куәгері ретінде алға тартады. Сөйтіп пристав патша жарлығына қарсы шыққан ел жақсылары мен ақсақалдардың тізімін жасап, оны уезд бастығына жеткізеді. Кейіннен 16 шілде күні сол тізім бойынша Верный түрмесіне жаңағы аталған 4 болыстың 34 адамын әскер жіберіп, айдап әкеліп қамайды. Архив құжаттарына қарағанда олар Қарғалы, Ұзынағаш болысынан шыққан кіл қасқалар.

1916 жылы 17 шілдеде аталған адамдарды 3 айға Верный түрмесіне қамау туралы Жетісу облысы әскери губернаторының арнайы қаулысы шығарылады. Артынан олардың үстіне 6 адам әкеліп, тағы қамайды. Олар Күрті болысынан Қожмамбет Қилыбаев, Асқар Ибрагимов, Изембай Нұрабаев, Иманәлі Байхожин, Ұзын­ағаш болысынан Қоқым Майкин және Омар Саркөбенов (ҚРОМА, 44-қор,1-тізім,19573-іс, 9-парақ.).

Міне, сөйтіп патша жарлығына наразылық білдіргені үшін ғана аймаққа беделі мен атағы күшті 40 адамды қамауға алып, олардың халық­пен байланысын үзеді. Жергілікті патша чинов­никтері олардың халық арасындағы ықпалынан және наразылықтың басқа аймақтарға тара­луынан қаймығады. Бірақ соған қарамастан патшаның әміріне қарсылық үлкен ереуілдерге ұласады.

Кейінірек қамалғандар сұраққа алынып, тергеліп, патша үкіметі 26 адамды 23 шілдеде тұтқыннан босатады. Оған халықтың талап-тілегі, наразылығы себеп болады. Ал қалғандары 3 ай бойы түрмеде ұсталады.

Ақын аталған жырда Самсыдағы Ботпай көтерілісі жөнінде:

Самсыны алған екен Ботпай қамап,

Оларды жігітімен кетті сабап.

Тұтқындарды босатып ала алмады,

Бір пәлеге екінші пәле жамап.

Пристав та Самсыға барған екен,

Жәнібектің мешітін қамап алған екен.

Жәнібек қажы жанына ара тұрды,

Бір болыс ел жиналып барған екен.

Ала алмай күні бойы әлек болды,

Жәнібек приставқа себеп болды.

Ертеңіне құтылып Ұзынағашқа –

Шаңдатып келе жатты қара жолды.

Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,

Бай көпесті өлтірді Ботпай болып.

Қолына одан басқа түк түспеді,

Кезсе де бұл маңайды әбден шолып, – деп жырлайды.

Бұл көтерілістің қысқаша барысы мен мазмұны былай еді. Майдандағы қара жұмысқа адам алу жөніндегі патша жарлығы Верный–Пішпек жолында орналасқан Самсы бекетінің айналасындағы Ботпай болысы халқын да дүрліктіреді. Жер-жерде жиындар, басқосулар өтеді. Көрші болыстарға хабаршылар жібе­ріледі. Бас біріктіріп, өзара көмек көрсетудің шаралары жасалады. Осы кездегі Ботпай болысының басшысы Қалдыбек Алғадаев тыл жұмысына жіберілетін адамдардың тізімін жасауда белсенділік танытпаған екен. Тіпті ешқандай іс-әрекет жасамаған. Сондықтан Пішпек уезі начальнигінің 1916 жылы 26 шілдедегі Жетісу облысы әскери губер­нато­рының атына жазған рапорты бойынша 1916 жылы 3-ші тамызда көтеріліс қарсаңында Жетісу облысы әскери губернаторы Фоль­баумның бұйрығымен Қ. Алғадаев болыстық қызметінен алынып, оның орнына бұрынғы болыстыққа кандидат болып жүрген Қасен Әжібаев тағайындалады Бірақ бұдан іс ілгері баспайды. Қайта халықтың ызасы мен кегі шегіне жетіп, дауылды шақ жақындай түседі.

Жаңа болыстың 5 тамыз күні тыл жұмыс­тарына адам жинау жөніндегі жиналысы өтпей қалды. Себебі дәл сол күні Самсының төменгі жағында жарлыққа қарсы 500 адамнан тұратын топтың жиылысы болып, онда олар бірауыздан әскерге бала бермеу жөнінде шешім қабылдады. Жұрттың көпшілігі осында бас қосып, ал қалғандары осы жиынның хабарын тағатсыз­дана күтті. Осы жиынның, ал кейіннен көтері­лістің басшысы болған адамдар: болыстыққа кандидат Бейсебай Қанапия, бұрынғы болыс болған Ақкүшік Жолдыбаев, би Досым Боқба­саров, ақсақалдар мен байлардан Қасеней Айдарбеков, Қалдыбай Тайторов, Әбдіжаппар Самалтыров, Жақыбай Бекбердин, Кетембай Рысқұлбеков, Әлдеке Бейсембінов, Байтөбей Өтелінов, Үшкемпір Саурықов, Қасым Қара­жанов және т.б. Әбдіжаппар Самалтыров пен Естай Арықбаев Ырғайты болысына барып, бірлесіп көтерілу жөнінде келіссөздер жүргізді. Көтерілісшілер №4 ауылдың биі Қарымсақ Дайдейден қызметтік мөрін тартып алды.

Көтеріліс басшылары қатарында сонымен қатар Қалдыбай Байғазы, Құтпанқұл Сәтбаев, Әбдіхалық Абаданов, Байғұл Шыңғысов, Бердібай Майемгенов, Омар Қалқаманов, Битен Жақыпов, Қарынбай Қашқымбаев, Жасыбай Ахменбетов, Сүлеймен Баятов, Толқымбай Рыспаев, Қалығұл Жолдыбаев болған. Бұлардың барлығы Ботпай болысының өзінен еді. Олармен бірге көрші болыстардан қатысып, басшылықта болғандар қатарында батыс Қастектен Шерік­бай, бұрынғы халық соты Шалғымбай, бұрынғы билер Қашаған, Аршабек, Тайторы болысынан бұрынғы халық соты Темірбек аталады (ҚРО­МА, 797-қор, 1-тізбе, 36-іс, 60-61-парақтар).

Тамыздың 6-сы күні кешке қарай әскерге жігіт жинауға келген Отар учаскесінің приставы мен оның жендеттеріне қарсы халық нара­зылығы басталады. Самсыны Ботпай болы­сының және көрші болыстардан көмекке келген 5 мың адам қоршап алады. 1916 жылы 7 тамызда Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А. Куропаткиннің атына жіберілген жедел теле­грам­мада Жетісу облысы әскери губернаторы  М. Фоль­баум Самсыдағы қазақтардың көтерілісі туралы былай деп хабарлайды: «Сегодня вечером скопища киргизов Ботпаевской, Вос­точно и Западно-Кастекских, Ргайтинской и Тайторинской волостей Верненского уезда в районе ст. Самсы оказали явное неповиновение отарскому участковому приставу и проявили враждебность, испортив телеграф и нарушив правиль­ность почтового движения. ... Для наказания бунтовщиков и охраны русских селений высланы войска».

Міне, сол шақта атағы осы аймаққа белгілі, елге беделді Жәнібек қажы Майлыбайұлы көтерілген қарусыз халықтың келешегін ойлап, олардың өмірін сақтап қалу, патша жанда­ралдары сөзсіз қаулатып жіберетін әскерінің қатал жазалау шараларын жұмсартып, тіпті, мүмкін болса, бетін қайтару үшін пристав пен жиналған елдің арасына жан дәрмендеп арашаға түседі. 7 тамыз күні таңертең приставы, пошта ұстаушысы бар топ шағын әскери отрядпен Ұзынағаш, Верныйға қарай қашып шығады. Кейіннен, қыркүйек айында Отар учаскесінің приставы мен Самсы пошта стансысының пошта ұстаушысы Никитин біраз жасағымен бірге 7 тамызда таңертеңгі сағат 6-да 3-4 пәуескемен Казано-Богородское селосына (Ұзынағашқа) қашып шыққандығын мойын­дауға мәжбүр болады. Көтерілісшілер пошта бекетін, телеграф бағаналарын талқандаған. Бірнеше орыс мұжықтарын, көпестерді қолға түсіріп, тұтқындайды.

Самсы көтерілісінің дабыры патша жанда­ралдарының бір-біріне жіберген жедел те­леграм­малары мен хаттары арқылы Верный, Ташкент, Петроградқа дейін жетеді. Жедел түрде әскери отрядтар жасақталып, көтерілісті басып-жаншуға жөнелтіледі. Алғашында Самсыға Есауыл Бакуревичтің жазалаушы отряды жіберілген екен. Тең емес шайқастарда екі жақтан да шығын болып, біраз қазақтар қолға түседі. Жендеттер бейбіт халықты та­лайды. Пошта жолын қалпына келтіру үшін хорунжий Александров басқарған тағы бір жүздік әскер жіберіледі. Есауыл Бакуревичтің отряды Тоқмақтағы көтерілісті басуға жіберіл­гендіктен Самсыға енді Верный дружинасынан прапорщик Махонин бастаған рота әкелінеді. Сөйтіп, Қастек, Тарғап, Отар, Самсы көте­рілістері тамыздың ортасына қарай көрші Пішпек уезінің жеріне, Тоқмақ аймағына ауысады.

Патшаның зілді бұйрығы шілде айының басында Верный уезі Батыс Қастек болысы жұртына да келіп жетеді. Жарлықпен таныс­тыру үшін болыс басшылары Шығыс Қастек, Батыс Қастек, Шиен болыстарының адамдарын жинап, жалпы жиналыс өткізеді. Онда осы аймаққа беделі мен ықпалы бар Сарымсақ Шынтеміров, Ахмет Қожамқұлов, Сейдалы Садыбеков, Нақысбек Қанаев, Досқожа Қаша­ғанов, Нүке Сатыбеков, Қашаған Рысқұлбеков, Тайжан Шынтеміров, Бейсебай Қасқарауов, Әбдікерім Сәмбетов, Рахмат Андосов, Керімбай Қожамбердиев, Алакүшік Ұлтанов, Сандыбай Жаманқұлов сияқты азаматтар сөз сөйлеп, әскерге адам бермейтін­діктерін, патша жендет­теріне қарсы шығудың керектігін ашық айтады.

Бұл кезде болыстар әскерге алына­тындар­дың тізімін жасап та қойған еді. 200-ден астам тізімге іліккен адамның аты-жөні осы жина­лыста оқылады. Олардың көпшілігі кедей, жарлы-жақыбай­лардың балалары еді. Жалпы жиналыс таяу арада көтеріліс жасау керек деп шешеді. Көршілес жатқан болыстарға адамдар жіберіледі. Нұрғожа Түргенбаев, Көкбай Қасқоров, Рысжан Елекенов сияқты ұсталар найза, қылыш, айбалта, шоқпар жасауға кіріседі. Ұрыс жоспары жасалып, патша солдаттары бекінген Шиен, Бұрған бекеттеріне шабуыл жасап, басып алу белгіленеді. Жұрт осы көтерілістің басшылары, қолбасшылары етіп Сатай Қарашевті және осы өңірге белгілі аңшы-мерген Нүке Сатыбековті сайлайды. Көтерілісшілерде отты қару жоқтың қасы еді. Тек Нүке Сатыбеков бастаған бірнеше адамда ғана мылтық болған.

Үкімет жансыздары арқылы дайындалып жатқан көтеріліс туралы біліп алып, оның алдын алу шараларын ұйымдастырады. 1916 жылы 6 тамызда Қастекке Верныйдан қару­ланған 250 адамдық жазалаушы отряд шыға­рылады. Келесі күні ұзынқұлақтан хабар алған жергілікті ел-жұрттың қару ұстауға жарарлық азаматтары Шиен маңындағы Қаратөбеге жиналады. Жиналған мыңнан аса сарбаз үш топқа бөлініп, патша отрядына жан-жақтан шабуылға шығады. Сатай Көбегенұлы 200 жігітпен сақадай сай қаруланған жауға қарсы шабады. Ер Сатайға оқ тиіп, ат үстінен ауда­рылып түседі. Көтерілісшілер қаптал тұстан да лап береді. Бірақ жазалаушы топ көтері­лісшілерді жаңбырдай жауған оқпен қарсы алады. Осы ұрыста ер Сатай бастаған оннан астам азамат ерлікпен қаза табады. Солдаттар да шығынға ұшырайды. Ұрыс барысында Нүке Сатыбеков бастаған мерген аңшы жігіттер Шиен мұжығы Москаленконы, жазалаушы отряд басшысы Пешковты атып өлтіреді (Восстание 1916 года в Казахстане. Документы и материалы. – Алматы, 1947. 122-123-бб.). Батыс Қастек, Шиен болыстарындағы көтері­лістер осылайша аяқталады. Қарусыз халық амалсыздан тау-тасқа шегінуге мәжбүр болады.

Патша әскерлері кейіннен Суықтөбеге қарай шегініп, қырғыз аспақ болған топты қуып жетіп, атқылап, қанды қырғын салады. Көтері­ліс басылған соң оның ұйымдастырушылары болған бір топ азаматты патша әскерлері тұтқынға алып, тергеп, сотқа тартады. Көпші­лігін дарға асу арқылы өлім жазасына кеседі. Тек, 1917 жылғы патша өкіметін құлатқан Ақпан революциясынан кейін уақытша үкімет бұл шешімді өзгертеді. Түрмедегі Қастек көтерілісінің жетекшілері босатылады.

Міне, осы Батыс Қастек, Шиен болы­сындағы 1916 жылдың тамыз айында болған ұлт-азаттық көтерілістің жайын ұлы ақын Жамбыл Жабаев өзінің «Зілді бұйрық» деген өлеңінде былай баяндайды:

Шиенде де әскерлермен ұрыс болды,

Сол ұрыста топ басы Саттар өлді. (Сатай болуы керек).

«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар,

Ел-елдерге жайылды оң мен солды.

Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,

Не боларын соңынан кім біледі?

Тауға қашып өрмелеп, тасқа бұғып,

Елдің бәрі жанынан түңілді енді.

Ертеңінде ел-елге әскер барды,

Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.

«Қашқындарды атады» дегеннен соң,

Таудағылар кірер жер таба алмады.

... Аттандық ұлығының қонысына,

Елді сорған борсықтай болысына.

Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,

Көксеген азаттықтың соғысында.

Жамбылдың «Патша әмірі тарылды» деген жырында да маусым жарлығының шы­ғуы, еңбекші халықты екі жақты қанаудың бұрын­ғыдан да күшейгені айтылады. Езілген елдің ұлдарын қара жұмысқа алумен қоймай, халық­ты атақонысынан, жер-судан айырды, өрісін тарылтты дейді. Жергілікті ұлықтардың патша жарлығын орындау үшін елдің дүниесін, үйлерін тінтіп, елді тонауға кіріскені көрсе­тіледі. Ақын көтеріліс алдындағы осындай ауыр, аласапыран жағдайдағы бұқара халықтың ыза-кек намысын, ой-пікірін:

Бүйтіп көрген күн құрсын,

Жапырақтай қалтырап.

Таусылғандай тынысың,

Күнде жүрек қансырап, – деп білдіреді.

Жалпы Жамбыл жырларында көтерілістің тууы, өрбуі, халықтың сана-сезімі оянуы жан-жақты жырланады. Жарлық жарияланған соң оған қарсы күрес жасауға бел байлаған қарулы көтеріліс Жетісу өлкесінде кең өріс алады. Жая, Қасқасу, Үшқоңыр, Құмбел, Үлкенсаз, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларында жалғас отырған елдер хабарласып, патша үкіметіне қарсы соғысуға бәтуа жасаған.

«Патша әмірі тарылды» өлеңі сол оқиға ізімен шыққан. Ел Жәкеңнің өлеңдерін жаттап әкеткен. Кейін көтеріліс саябырласа да Жам­былдың өлеңдері ел аузында сақталып қала берген. Ғали Орманов жазып алған «Патша әмірі тарылды» өлеңі 1946 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылған толық шығармалар жинағында алғаш рет жарияланды.

Жамбыл жырларының ерекшелігі – тарихи оқиғаның айқын­дығында, мазмұн жағынан салмақтылығында, терең мағына­лығында. Ең бастысы, ақын жеке ерлікті ғана дәріптемей, батырлардың іс-әрекетін жалпы халықтық күрес ретінде көрсетіп, олардың рухын жаңа бір сатыға көтереді.

1916 жылғы көтеріліс және оны ұйым­дастырушылар мен оған қатысушылар туралы халық ақынының бірнеше жыры бар. Өйткені шын ақын өз айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбы­лыстардан тыс қала алмай­ды. Әсіресе, өз халқының тағдыры шешіліп жатқанда ақын шамасы келгенше тарихи шындықты дәл беруге тырысқан. Сондықтан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Жамбыл ақын шығармашылығындағы ең негізгі тақы­рып­тардың бірі.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің оқытушысы, тарихшы.

Оқи отырыңыз