Ұлттық дәстүр ұмыт қала ма?

Ұлттық дәстүр ұмыт қала ма?

Заман ағымына қарай жаңғырған ұлттық мұралар мен бойымызға сіңіп кеткен кейбір дәстүрлеріміз бүгінде тек қарияларымыздың аузында жүр. Осы орайда ғасыр жасаған Айман Ошақбаева әжемізді әңгімеге тарттық. 13 құрсақ көтеріп, 33 немере, 38 шөбере сүйген кейуана көптеген салт-дәстүріміздің ұмыт бола бастағанын күйінішпен жеткізді. 

Мәселен, ерулік беру, бесікке бөлеу, асар сияқты дәстүрлеріміз бен ғұрыптарымыз бірте-бірте тозығы жеткен дүниедей ысырылып барады. Тіпті, бұрынғы қазақ халқының әдет-ғұрпындағы мақтанышпен айтылатын, басқалардан бізді оқ бойы даралап тұратын қонақжайлылықтың мән-мағынасы өзгеріп, басқаша сипат алуда. Бабаларымыз: «Уа, үйде кім бар? Мен құдайы қонақпын», – деп дауыстап келген мейманды түсіріп, жалғыз атын сойып, жүгенін ұстап қалғанын қара өлеңдерден де кездестіресің. Ал қазіргі заманда үйге келген туған-туысқандарын сыйлап, күтіп жіберуді қонақжайлылық санайды. Танымайтын адамды үй жанына жолатпайды да. Құдайы қонақты күтпек түгілі, бүгінде қала қазақтары үй жанында тұрған көршілерімен сәлемі түзу емес. Бұл үрдіс енді қаладан көшіп, ауылға да жетті. Жаңадан қоныстанған көршілерін асқа шақырып, ерулік беру ғұрпы да ұмытылып барады.
Бұрынғы заманда келінді пердесі үлкен шымылдық құрып кіргізетін де беташарға дейін жүзін ешкімге көрсетпейтін. Мейлі ол болашақ күйеуі болса да. Ал қазірде ақ босағаны аттап, құрсағы өсіп кеткен, бет-жүзін бүкіл ауыл көрген келінге беташар жасап жатады. Бұл – дәстүрді бұзушылық. Баба заңы бойынша, бойжеткен үлкен шаңыраққа аяқ басқан күні бірден беташар жасалуы тиіс. Мұны беташар тойы дейді. Бұған алыстағы ағайындар ат сабылтып келіп, көрші-қолаң жиналады. Кішігірім тойдың өзіндік қызығы осы.
Әжеміздің айтуынша, өткен ғасырда қыз баласы 7-ге толғанда болашақ енесі басына үкі тағып кететін көрінеді. Қызығы, өзі бала күнінде өзінен 15 жас үлкен жігітпен атастырылған екен. Кейін ақыл тоқтатқан шағында ұзатылып, ақ босаға аттаған. «Осыдан жаман болған жоқпын» – дейді апамыз.
Қыз ұзатарда айтылатын сыңсуда да көңілге қонбайтын дүниелер өте көп. Тәлім-тәрбиесі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келген осы дәстүр қазір қайта қолға алына бастады. Мұның түп мазмұны – ұзатылып бара жатқан қыздың ел-жұрты мен өскен ортасы, әке-шешесімен қоштасуы. Үкі тағып бұлаңдап өскен ару енді бір әулеттің келіні атанып, жат ұяға қанат қағуы өлең-жырмен әспеттеледі. Мұны қазақ «сыңсу» деп атаған. Бүгінгі қоғамда ұзатылған қыз айтатын сыңсуды саудалап, ақша табу үшін белгілі өнер адамдары орындап жүр. Бұл – дәстүрге жасалған қиянат. Оны заман ағымына бейімдеу үшін ұзатылатын қыз күні бұрын сыңсуды арнайы ақындарға сөзін жаздырып, өзі не болмаса дауыс ырғағым келмейді десе, құрбы-құрдастары топталып орындаса анағұрлым айшықты болар еді. Әлгіндей театрландырылған қойылымның жасандылығы көзге ұрып тұрады. Ұзатылатын қыздың бұл алғашқы тойы. Оны қалыңдықтың ата-анасы жасаған. Қызды күмістен күптелген ер-тоқымға отырғызып, жасауды түйеге артып жібереді. Міне, сол ғажап дәстүрдің тоны теріс айналып бара жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында ұзатылған қыздың жасауын бір жерлерде түйеге артып апарса, енді біреулері ат арбамен әкелуде. Бұл сөкеттік емес шығар. Бірақ көнекөз әженің айтуынша, қыздың туғандары қоржын апармаған. Ал қазір: «Сенен кем соқсам, мені жер соқсын», – деп қыз берген жақ та, келін алған жақ та бір-біріне киіт кигізіп дәстүрді бұзып жүр. Оның аяғы қызылкеңірдек болып ұрыс-жанжалға ұласуда. 
Әжеміз жас кезінде бүрмелі көйлек пен маржан тастармен көмкерліп, көздің жауын алатын камзол кигенін айтады. Сол ұлттық киім бой жеткенге дейін үстінен түспеген. Бұрымын өріп, тақиясына үкі тағып жүрген. Ал ер адамдар, ұлттық өрнек пен зерленген бешпет, саптама етік киіп, күміс белдік таққан. Өкінішке қарай, бұл ұлттық киімдер кешегі кеңестік дәуірден бастап санаттан шығып қалды. Тек қана өнер адамдары сахнаға кигенде я болмаса Наурыз мерекесі қарсаңында қараша қауымның жаңбырдан кейін қаулаған қызғалдақтай түрленгенін көріп жүрміз. Керісінше, көрші өзбек, тәжік, түркімендер жыл он екі ай үстілерінен ұлттық киімдерін шешпейді.
Баба ғұрпының өшпес мұрасы болып қалған киіз басып, кесте тоқуды, текемет, сырмақ жасауды қала тұрмақ, ауыл тұрғындары ұмыта бастады. Бұл қолөнер кәсібі Қызылорда, Шымкент, Батыс өңірлерінде әлі бар. Ал Жетісу өңірінде кілем тоқып, ши өріп, киіз басып кәсіп жасапты деген жылы жаңалықты құлағымыз шалмады. Мүмкін, ауыл түкпірлерінде бірлі-жарым адамдар бар болуы мүмкін. Бірақ, ұлттық құндылықтармен қазіргі қыз-келіншектер айналысып жатқан жоқ. Бұл дегеніңіз дәстүрдің дәурені өтіп бара жатқанынан хабар беретіндей. Сондықтан бізге көпті көрген, көнекөз Айман әжеміз секілді салттың саясына бойлай білетін адамдардың ақылы аса қажет. Сонда ғана болмысымыз баянды, ғұрпымыз ғұмырлық болмақ.

Қабыл ИСА

Оқи отырыңыз