Боркемік ұл, кесір келін, тәтті немере...

Боркемік ұл, кесір келін, тәтті немере...

Түннің түндігі түріліп, тіршілік атаулы тіріле бастағанына біршама уақыт өткен. Сәске түскенше ұйықтаймын деген ойдан арыла алмаған Санат бұл жолы ерте тұрды. Үйдің жалғызы болғаннан кейін бе, ата-анасы оған аса шектеу қоймайтын. Қашан тұрамын, қашан жатамын дегеннен мүлдем бейхабар үй кенжесі ерке болғанымен, өте зерек, алғыр бала еді. «Ақпа- құлаққа айтсаң ағып кетеді» деген тәмсіл бұған қаратып айтылмаса керек. Атасының айтқан әңгімелері мен өнегелерін аузына кіріп кетердей тыңдап өскен балақайдан боркемік біреудің шығуы мүмкін емес-ті.

Сол зеректің бүгінгі тірлігі: бау-бақшаның арам шө- бін отап, үйге су тасу. Қатарластары еріккеннің ермегіне мініп алып, асыр салып жүргенде Санаттың дала жаққа қарауға құштары да болмайтын. Өйткені, оның бар ойы ата-анасының айтқанын мүлтіксіз, тиянақты орындау еді. Шұрқ тесік қолғапты алып тұрып, мынадан пайда бола қоймас деп жалаң қолмен жұмыс істейтін. Шаршы алаңда бітіспес жауымен оңаша қалған жауынгердей өрекпіп, алдынан шыққан арамзалардың көзін жоюға асықты. Кейбіріне, тіпті, адуын батырып, қарсылас шыдатпайтын балуандай арлы-берлі лақтырды. Жалаң қолдың жандайшаптығына шыдамаған арамшөп атаулы қарыс сүйем қарсылық көрсете алмай, шарасыз халде қала берді. Қолдан келер дәрмен жоқ. Бірі шашынан, бірі басынан айырылған бейбақтардай тамырымен бірге қопарылып, жер жастанып жатты. Сырттан қараған адамға бұл жер құдды бір қызған майдандай көрініс беруі мүмкін. Жараланған жанға Жаратқанның өзі жәрдем болады деуші еді ғой. Ал бұл жердегі әңгіме мүлдем бөлек.
Бір сәт өзін жер атаулының жан алушысына жатқызған Санат атасының келіп қалғанын аңдамай қалады. Қадір шалдың қарғасына де- ген ілтипаты алып дала төсіндей кең. Немересі шаршаған шығар деген оймен қолына бір құты айраны мен қазанжаппасын қыстыра келген ақсақал жаннан тәтті жүгермектің асты-үстіне түсіп, бә-йек болуда. Туған перзентінен осы немересі жанына медеу, көңіліне қуаныш. Іштегі запыранды құсып, шер тарқатар кемпірдің келмеске кеткені қашан?! Күпті болған көңілге кінәрат түскелі біраз жыл. Келіннің қас-қабағынан шыға алмайтын ұлдан үмітін үзсе де, «шықпа, жаным, шықпа» деп аузынан бір дыбыс шығармайды. Отырса – опақ, тұрса – сопақтың күйін кешкен қарттың жан дүниесі құлазып, кейде үйдегілерден тығылып жылап алады. Туралықтың тізгінін, әділдіктің шылбырын ұстай алмас шірік ұлдың әйелі тұрғанда ләм-мим демеуі көнбіс шалдың жүрегін күйзелтеді. Адам баласына арам ойы жоқ ақкөңіл қарттың алабөтен тартуы бекер емес еді. Көзі тар, көңілі мешеу келіннің шыж-быждығына шыдамай, саф самалдың лебінен бір рахат алуға сыртқа шыққан беті болатын. Үйдегі әңгіменің арқауы сол баяғы: кешке дейін аяғын аспанға шығарып жата береді, тамаққа ортақ болғаннан түк бітірері жоқ, пиғылынан пәлекеті басым, тым болмаса зейнетақысынан со-қыр тиын көрмедік деп азынайды да отырады. Айта-айта жақтың да тынары, сөйлей-сөйлей сөздің де соқпағынан адасып, ойлантар ойдың омақасып қалатыны қарияға белгілі еді. Тек көзінің қарашығында ойнаған үміт білтесі бәрін жоққа шығарғысы келеді. Ендігі бар жұбанышы – көзінің қуанышына айналған немересінің тәтті иісін құшырлана иіскеп, соның қылықтарына мәз болып, тоқмейіл көңілдің тәбәрігін талғажау ету ғана. Асылық сөйлемейтін ақсақал немересінің еңбексүйгіштігіне тәнті. Қаршадай болса да, жұмыстан жалтарған емес. «Тегінде адам баласының ең жаманы талапсыз» демекші, Санаттың бойында салғырттық атаулы жоқтың қасы.
Шиқылдаған арбаны екеулеп сүйретіп отырып, көше басындағы су құдығына сүйрелеңдеп жетті. Жол жиегіндегі жүздескен жандармен аман-саулық сұрасу қарияның әдеттегі дағдысы еді. Үй ішінде қадір-қасиеті болмағанмен, елдегі жұрттың алдында қадірін жоғалта қоймаған. Флягаларға су толғаннан кейін, сүйресе дөңгелегі түсер арбаны алдыға алып, екеулеп үй жаққа аяңдап келді. Табалдырықты аттағаннан кейін құлақты ұрған танадай тым-тырыс тыныштық тапжылмай тұра қалды. Құдды бір мазардай көрініс берген-ді. Қабақ шытар өмірдің қысыр да керенау мінезінен қайыр болсын ба? Әжептарқы әлемнің әуре-сарсаңдығынан мезі болды ма, әлде жасайтын жұмыстың жоқтығы ма, келін сол жатқаннан бүк түсіп, мол жатты. Өліара кезеңде сейіл құратын үнсіздік атаулы үйдің ішіне үстемдік орнатқандай. Тек секунд сайын тықылдаған сағат тілі тамып түскен тамшыдай ықылық атып тұр. Тоғышарлана бастаған төңіректің тасасынан шығар ниетте атасына газеттен артық алдарқату керек емес. Ал Санат болса атасынан әрмен қарайғы жерде отыр. Күйеуінің түскі асқа келерін есіне түсірді ме екен, әлде жата-жата жастықтан да ұялды ма екен, әйтеуір оятқыштың дауысынан маужырай есін жиып, келін шырақ оянды-ау. Қызық. Көмейін кенеп, таң ата дабыл қағатын қораздың маужырай басқаны ма дерсіз. Бұл үйде әтеш атауымен жоқ. Тек соның кейпіндегі оятқыш бар-ды. Ибалы жанның инабаты келіссе, таң шапағымен бірге оянып, тыңдырар тірліктің қамын жасаушы еді ғой. Ал бұл үйдегі ошақ иесінің алаңғасарлығы ол емес секілді. Дала жақтан ескен самалмен сейіл құрған құстар үні құлаққа естіліп, мамыражай тартқан уақыт болатын.
Сол керемет сәтті Мараттың мәшинесінің дауысы бұзды. Мидай араласқан мимырт тірліктен сілікпесі шыққандай, іштегі қарынның азынағанын басайын деп, аш қасқырдың сұлбасында үйге кірді. Баласының басынан сипап, жатын бөлмесіне қарай беттеді. Бөлмеге кірсе, сілейіп әйелі әлі жатыр. Күйеуінің кіріп келгенін көріп, бетінен ұны шықты ма екен, жоқ әлде сыпайылықтың ырымын жасайын деді ме екен, әйтеуір әйелі әпербақандыққа салынбай, ас үйге кетті. Кереуетке керіле кеткен күйеуі ойға шомып ол жатты. Содан кейін ас та дайын бо-   лып, келінжан баласы мен кү-йеуін тамаққа шақырып, шай құюда. Атасы болса, бұлардан қағажу қалғандай, аяққы жерде тамағын ішіп отыр. Бір дастарқан басынан барлығы бірдей дәм татуға да болар еді. Бірақ оны келін шырақ қаламайды. Әйелінің айтқанынан арыға бара алмайтын болбыр кеуденің боркеміктігінен бозқырау көңіл қалай ғана жандансын?! Санаттың: «Ата, берменірек келсеңізші, менің қасыма отырыңызшы», – дегеніне анасы жекіп тастады. 
– Сол шалдың асты-үстіне түсуден қалдық қой. Тиме. Сол отырған орнында отыра берсін, – деді келін. Сөз бұйдаға салынбай, тігісін жатқызып сөйлеудің түр-түрі бар ғой. Сы-   пайылықтың қамытын кимегеннен кейін неғайбыл. Келіннің күңкіл сөзі кеудені қанжарша тілгілеп, сұңғыла ойы найзадай батты. Тіпті, сол ішіп отырған асы өңешінен өтпей, кеңірдекті кеней қорғасын боп қатып қалған сияқтанады. Күйініштің кермек дәмін татып жатқандай әсерде еді Қадір шал. Жанардан ыршып түскен ыстық жас тамаққа тамшылап түсіп жатты. Көңіл күпті. Тұман пердесінің ар жағынан боркемік баланын бұғаулы бетпердесі қылаң берді. Әттең, өкінішті-ақ.
Санамыздың самарқаулығынан опық жейтін осалдығымыз бар екені жасырын емес. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Тек осы жағдаяттардың бар екені бәрімізге аян. Бордай тозған боркемік ұлдың, кесір келіннің көрінісін мысал қылып, алға тартатын әңгімеге арқау болсын деген ой ғана. Хақ дінімізде адам өзінің ата-анасының көңілін таба алмаса, онда жаннатқа кіру мүмкіншіліктері азая түседі делінген. Ал күйеуінің жаннатқа кіруін қалаған әйел оның ата-ана ақысын өтеуіне түсіністікпен қарап, көмектескені абзал. Бұл оның күйеуіне жасаған ең үлкен жақсылығы болмақ. Күйеуі отбасының басшысы болғандықтан, әйелі оның әміріне құлақ асуы тиіс. Яғни, күйеуі ата-анасын қарайлауды бұйырса, әйелі бұл тапсырманы орындауы қажет. Ал әйелдің мұнысы рақымшылығы мол Алла алдында ескерілмей қалмайтыны анық.
Үлкеннің аты – үлкен. Кейде ақыл айтып, кейде ұрсып қоюы да мүмкін. Мұндайда келін өзінің кісілігін танытып, алдын кесіп өтпеуі тиіс. Үлкенді сыйлау – мұсылмандықтың мызғымас дәстүрі. Дінімізде сыйластықтың озық үлгісін көрсетер мысалдар аз емес. Соның бірі: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», – деген нақыл сөз. Бұл туралы соңғы пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла тағала қарттарға құрмет көрсеткен жастарға қартайған шағында да құрмет көрсететін бала-шаға нәсіп етеді», «Әкелеріңізге жақсылық жасасаңыздар, балаларың да сендерге жақсылық жасайды», – деген. 
Еркек деген ер атына ла- йық болуы міндетті. Бозөкпе болып, не баласына, не әйеліне сөзі өтпесе, қадір-қасиетінің жоғалғаны. Онда құр сүлдеріңнің болғанынан не пайда? Сол сияқты келіннің де инабатты болуы шарт. Қазақта: «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап», – деген мақал бар. Сол нақылды ой таразысынан өткізген жанның өресі мол деген ойдамын. Әйтпесе, босбелбеу ұлдан, бейәдеп қыздан қандай ұрпақ тумақ? Айтылған әңгімеге сүлесоқ қарағанымыз нағыз надандық болар. Осының бә-рін ақылгөйсіп, я болмаса ділмарсудан емес, тек көрген суреттен көз қарыққан соң қолда қалам қозғатып отырмын. Әркім ортақ ойқазаннан өзіне керектігін алады. Дана қазақтың саналы ұрпағы болғаннан кейін тектілік атаулыны танымымыздың тасасына емес, түкпіріне жасырсақ игі еді.

Темірлан АЙТБАЕВ

Оқи отырыңыз